Бүркіт
04.12.2012 12:11
6151
БҮРКІТ (Aquіla chry»aeto») – сұңқартәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Латынша аты «алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Түркі халықтарының көпшілігі «бүркіт» (жемтігін бүріп ұстау тәсіліне сәйкес) деп атайды. Қазақстанда 6 түр тармағы Маңғыстау, Үстірт, Мұғалжар, Сыр бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Сарыарқа, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай өңірлеріндегі жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Б. – қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Саусақтары салалы, ірі әрі бедерлі (мүйіз қабыршақты). Қауырсындары бір түсті қара қоңыр. Желкесі мен мойнының сырты сарғыш жирен түсті. Жас Б-тің құйрығы ақ, оның ұшында жалпақ қара жолағы, қанатының астында ірі ақ қауырсындары болады. Б-тің қанатының шеткі қауырсындарын шалғысы деп, ал құйрығының ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын көбесі, қалғандарын жебесі деп атайды. Ұябасарының бір қанатының ұз. (топшысынан шалғысының ұшына дейінгі аралығы) 65 – 74 см, шәулісінікі – 59 – 66 см. Ұябасарының салм. 3,8 – 6,3 кг, шәулісінікі 2,8 – 4,1 кг. Б-тің құйрық қанатының ұз. 33 – 36 см. Тұмсығының үстіңгі жағы төмен қарай иіліп келген, ұшы үшкір болады. Жұптасып тіршілік етеді. Б. суыр, қоян, түлкі, борсықты, кейде тышқан мен сарышұнақты, тасбақаны, тұяқты жануарлардың (ақ бөкен, елік, қарақұйрық) төлдерін жейді. Б. аңды тырнағымен емес, табанындағы бүртіктері – бездерімен буындырып өлтіреді. Үлкен ұясын (диам. 1,5 – 2 м) қурап қалған ағаш бұтақтарынан құздың, жартастың басына бірнеше жыл қатарынан салады. Наурыз – сәуірде 1 – 3-тен жұмыртқалайды, оны әдетте ұябасары 40 – 45 күн шайқайды. Балапандарын алғашқы күндері шәулісі асырайды. Олар 2,5 айлығында ұядан ұшады, бірақ ұябасары мен шәулісі ұзақ уақыт бойы баулып, қарауылдап жүреді. Табиғи жағдайда Б. 100 жылдай тіршілік етеді. Қазақ құсбегілері Б-ті жасына қарай ажыратып, атай білген. Халық ұғымында Б. – текті әрі киелі құс. Мыс., балалардың бас киіміне, бесікке Б-тің бармағын тағып қойған. Акад. Ә.Марғұланның зерттеулерінен қазақ тілінде тікелей Б-ке қатысты 1,5 мыңдай деректерді кездестіруге болады. Қыран Б. мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстан Республикасының Туындағы Б. бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Б-ті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану – қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу – төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті керек етеді. Б-тің балапанын ұядан алу үшін де үлкен тапқырлық керек. Амал-айласы жетпесе, адам балапанды өлтіріп алуы мүмкін. Қазіргі кезде бүркітшілік өнерге ерекше көңіл бөлініп, Қарағанды, Алматы облыстарында арнайы салбурын ұйымдастырылған. Б. Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Үстірт қорықтарында қорғалады. Олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Каротаж
Келесі жаңалық
Алматыда жаңа көпір бойынша қозғалыс ашылды