Жаңалықтар

Абай юбилейi туралы

Абай юбилейi туралы
29.10.2014 06:55 5123

Абай юбилейi туралы

Семей облысының жұртшылығы биыл Абайдың 95 жылдығын еске алуды мақсат етіпті. "С.Қ."- ның 4 январьда шыққан санында облыс істейтін бірнеше күрделі жақсы істер аталыпты.

Абай юбилейi туралы

Бұл 95 жылдық юбилей, 1945 жылы болатын, шыны зор 100 жылдық юбилейдің алдындағы бір жақсы әзірлік ретінде өтсе аса бағалы болар еді.

1945 жылы болатын жүз жылдық юбилейді тегінде барлық союз болып атқарады. Мәскеудегі Жазушылар союзы мен баспасөз орындары, Абайдың жүз жылдығын биылдан-ақ ауызға алып отыр. Осы алдымыздағы күзге Қазақстанның жиырма жылдығы қарсаңында, Абай жинағын орыс тіліне жақсы қып аударып, бастырып шығаруды гослитиздат өз міндетіне алды. Онымен қатар мына 95 жылдық туралы да, біздегі жазушылар жұртшылығы мен ғылым орындары боп қолға алатын бірнеше міндеттер бар. Облыс белгілеп отырған істермен қатар, осы биыл істейтін тағы бірнеше қосымша жұмыстар тұр. Бұл мақалада осы жөндегі ұсыныстарды айтайық. Ең әуелі Абайдың жүрген жер, туған жайларын еске алғанда, Семей қаласындағы екі үйді ғана айтып қою керек емес. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі деген медресенің үйі де қазірде Семейде бар. Онда да Абайдың бір белгісін қою керек. Және Абайдың көп өмірі қырда өтсе, сол қырдағы жайларын да бұрынғы қалпына келтіріп, сақтау керек. Бүгін Абайдың зияраты тұрған "Жидебайда" Абайдың қыстауы бар. Соның төбесін қайта жаптырып, ішін бұрынғы қалпынша жабдықтап қойса қолдан келмейтін іс емес. Абайдың туған, тұрған жеріндегі бағалы бір музей соның өзі де бола алады. Онан соң Семейден 120 шақырымдай жерде, Ақшоқыда Абайдың 1895 жылға шейін тұрған қыстауы бар. Оны да түзеттіріп сақтау қажет.

Ал Абайдың зияратын айтқанда мрамор тас қою жақсы.

Бірақ сонымен қатар қабырының үстіне бюст (кескінін) жасатып қою, зияраттың айналасын темір шарбақпен қоршату да қажет.

Осы шаралармен қатар, Абайдың өмірін, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені — Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві Абай жәйінен көп мағлұматтар беруге тиіс еді. Әлі күнге дұрыстап тексерілмей келеді. Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері — Омбы қаласының архивін де зерттеу керек.

Бертіндегі Абайдың болысы "Шыңғыс" болса, 1880 жылдарда "Қоңыркөкше", одан арыда "Тобықты" болысы боп аталып жүрген. Абайдың жасырақ шағында Тобықты Қарқаралы округіне қарап, одан беріде Аягөз округі жасалған соң, сонымен араласып жүргені де бар. Архивтағы Абай жәйін жалғыз Құнанбаев деген фамилиямен іздеу керек емес. Кейде Өскембаев болып жазылып жүргені де болу керек. Оны да ескере отыру керек.

Және Абайға жанасы бар мағлұмат жалғыз Ыбыраһым Құнанбаев жайындағы іс емес, өзге жақын ағайын ісінен, немесе араз дұспан ісінен көруге болады. Осы ретте Абайдың аға-інілері - Тәңірберді, Ысқақ, Оспан сияқтылар қатысқан істерді де зерттеу керек. Абаймен бірде дос, бірде жау болып өткен Оразбай Аққұлы баласының, Жиренше Шоқа баласының, тағы сондай бірталай адамдардың ісін де қадағалап қарау керек.

Архивте бұл айтқандардан бөлек, бір алуан мағлұматты Абайдың достары Михаэлис, Гросс, Долгополов жайларынан да іздеу керек. Осы адамдармен Абай сияқты кісілер туралы полиция бастықтарының оязға, ояздың жандаралға, жандаралдың корпуске жазған баяндама-мәлімдемелері болу керек. Оны да айрықша ескеру қажет.

Және Семейдің облыстық, қалалық неше алуан "справочник", "ведомость", "вестник" деген аттармен шыққан басқа кітапшалары болған. Солардан да Абай атының кездесуі мүмкін. Бұндайларды да жия жүру қажет.

Осы айтылғандар сияқты тағы бірнеше жазба белгілерден басқа, Семей қаласының өзінде де, қырда да Абайды көзі көрген кәрілер бар. Солардың Абай жайында айтқан үлкенді-кішілі ертегісінің бәрін де өзі айтқан қалыптарынша жазып, жинай беру қажет.

Міне, Семей облысы бастап отырған істерге осы айтылған қосымша жұмыстар ілесе жүрсе, біз 95 жылдық юбилейден көп табыс тапқан болар едік. Әрине, бұл аталған істерді жалғыз облыс емес, біздің жазушылар союзы мен ғылым академиясының филиалы қоса атқарысу қажет.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға