Жаңалықтар

Қайың

Ақ қайың, қотыр қайың, сүйелді қайың  (Betula Pendula, Betula alba) – қайың тұқымдасына жататын ағаш.
24.11.2014 04:19 96586

Ақ қайың, қотыр қайың, сүйелді қайың  (Betula Pendula, Betula alba) – қайың тұқымдасына жататын ағаш.

Қазақстанның Тобыл – Есіл, Ертіс бойында, Ақмола, Ақтөбе облыстарында, Жем, Зайсан алабында, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында өсетін 15 түрі бар.  Ең көп тараған түрі – сүйелді Қайың (B. pendula). Оның биікт. 20 (кейде 30) м-дей, діңінің диам. 60 – 80 см-ге дейін, қабығы ақ түсті. Жапырағы сағақты, жиегі ара тісті, тілімденген, кезектесіп орналасады. Аталық гүл шоғы сырға тәрізді, бұтағының ұшында жетіледі. Аналық гүл шоғының жасыл түсті сырғалары, аталық сырғасына қарағанда едәуір қысқа болады, олар көктемде ағаш бүрінен дамиды. Қайың ағашы бір мезгілде жапырақ жарып, гүлдейді. Жемісі – ұсақ жаңғақша (оның ұз. 1,5 – 4 мм). Тұқымы тамыз – қыркүйекте піседі. Сүйелді Қайыңды егіс қорғайтын орман алқабы үшін және елді мекендерді көгалдандыру, әсемдік үшін саябақтарда көшеттерінен немесе тұқымынан қолдан өсіреді. Сүрегі құрылыста және жиһаз жасау үшін, жас жапырағы мен бүрі және оның діңінде өсетін қайың қара саңырауқұлағы (чага) медицинада және парфюмерияда пайдаланылады. Қайың қабығын тіліп, одан ағатын шырынды ішуге болады. Қайың шырынында 20%-дай қант, кальций оксиді және хош иісті заттар бар. Оны несеп жүргізетін, ішек құртын түсіретін, қан тазартатын дәрі ретінде пайдаланады. Қазақстанда өсетін жуансырға Қайың (B. crassіjulіs), қызыл Қайың (B. kіrghіsorum), талас Қайыңы (B. talassіca) және Ярмоленко Қайңы (B. jarmolenkoana) – эндемиктер, соңғы 3 түрі өте сирек кездесетін болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Ағаш туралы
Қайың – ақ түсті қабығымен ерекшеленетін әдемі ағаш. Өмір сүру ұзақтығы - 100-150 жыл. Ол көктемде ерте бүршік жарып, кеш жапырақ түсіретіндігімен ерекшеленеді. Табиғатта қайыңның 140 түрі бар. Елімізде оның көптеген түрлері кездеседі. Ең кең таралған түрі - кәдімгі қайың немесе аққайың. Баянауыл және Көкшетау қорықтарында қарағай, көктерекпен бірге қайыңның “үлпек қайың” деп аталатын түрі өседі. Қайың ағашының бұтағы мен діңі берік, әрі шымыр. Жапырағы жұмыртқа пішіндес, жиектері ара тісті. Қайың сәуір, мамыр айларында гүлдейді. Гүлдері сырға секілді. Күзде ерекше сары түске боялатын қайың жапырақтары саябақтарға көрік беріп тұрады. Қайыңның барлық түрі өте тез өседі және оңай жерсінеді. Гүлпаздар қайыңды «Саябақ ағашы» деп атайды. Әдемілігіне бола жолдың екі жағалауына, тіпті бақ ішіне қатар-қатар бірнеше түбін бірден егеді. Қайың өзгеше сұлулығына бола ақындардың өлең-жырларына жиі арқау болған ағаштың бірі. Ажарлы да көрікті бойжеткендерді аққайыңға теңеп жатады.
Қолданылуы
Қайыңның бүршігі мен жапырағында, гүлі мен діңінің қабығында және ағашы мен шырынында емдік қасиеттер бар. Оның бүршіктері мен жапырақтарының құрамында эфир майы, қара май, флавоноидтар, сапониндер мен С дәрумені бар. Шырынын сусын ретінде пайдаланады. Қайыңнан жоғары сапалы шаңғы мен шере жасалынады. Тез шіріп кететіндіктен құрылыста аз қолданылады. Жанғыштық қасиеті жоғары болғандықтан, отын ретінде пайдаланады.
Күтімі
Көп күтімді қажет етпейді. Жас көшетін алғашқы жылдары түзулеп өсірсе, діңі тік әрі әдемі болып өседі.
Көбейтілуі
Қалемшелеу арқылы оңай көбейтіледі.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға