Жаңалықтар

Жантәсілім

Ентелей басып келiп, сыртқы есiктiң темiр тұтқасын жұлқылай тартып қалды: 
03.03.2015 10:22 5443

Ентелей басып келiп, сыртқы есiктiң темiр тұтқасын жұлқылай тартып қалды: 
— Шеше... шеше...- дедi ауызғы бөлменiң табалдырығынан аттай бере барылдақ дауысымен айғай салып,- Шеше деймiн... қайдасың? 
— Не боп қалды, құдай-ау!- Елең ете қалып, үрпие қараған Зекен апаның қолындағы сыпыртқысы сусып барып еденге түсiп кеттi.- Не... не боп қалды? Тыныштық па, әйтеуiр... 
— Жә... жә...жәй... Тын...ыш...тық...- дедi тұтыға сөйлеп. 
— Қайда жүрсiң, қарағым-ау! Түнi бойы алаңдап, көз iлмедiм ғой. 
— Мараттың үйiнде бол...дық,- дедi ол қысқа қайырып. 
— Е, әйтеуiр, аман жүршi... 
— Шеше,- дедi күмiлжи тiл қатып,- Ақша керек. Ауырып тұрмын... 
— Қайдағы ақша, қарғам-ау! Көмiп қойған қазынаң бар ма едi. Кеше ғана соңғы екi жүз теңгенi өзiң алып кеттiң емес пе?! 
— Тағы да тыққан - мыққаның бар шығар... 
— Жо... жоқ... Соқыр тиын қалған жоқ. 
— Кеше де осылай бақылдап едiң. Әдетiңе қайта бастың ба!..- Қанталаған қос жанары шарасынан шығардай адырайып кеттi.- Ауырып тұрмын дедім ғой. Дәрi-дәрмек алайын деп едiм... 
— Жо... жо... жоқ... Шын сөзiм...- дедi Зекен апа жалынышты үнмен жаутаң қағып.- Бар болса сенен аяйды дейсiң бе, балам-ау! 
— Сен олай мүсәпiрсiмей- ақ қой. Көп сөздi қайтесiң. Онан да тыққан - мыққаныңды шығар. 
— Сенсең де, сенбесең де сол, көк тиын жоқ. Неге түсiнбейсiң... неменеге соншама өрекпи бересiң. Мен жетiсiп жүрмін бе?! Керек десең, жiбi түзу дамбалым да жоқ... Бiр сен үшiн бәрiн ... 
— Әй, сен... асарыңды асап , жасарыңды жасадың емес пе?! Не керек ендi... Мен болсам қырықтың қырқасына ендi шықтым. Өмiр... өмiрiм... 
— Ақша керек болса... менi сат! 
— Сенi кiм алар дейсiң, бай түгiл, Құдай да ала қоймас мына түрiңмен. 
— Менi алмаған Құдайдың да тамағы тоқ екен!.. 
— Әй, кәрi қақпас... саған дауа бар ма. Жарайды... Қазiр өзiң-ақ бересiң...- Еңгезердей жiгiт шүйкедей қара кемпiрдiң жағасынан шап берiп ұстады да, жұлқып-жұлқып қалды. 
— Ойбай, құдай-ай!..- Жанұшыра айғай салған кемпiр қос қолымен басын бүркей бердi.- Құдайым-ай... Қарғам-ай... Айналайын... Анаңмын ғой!.. 
— Бересiң бе, жоқ па?- Ашу қысқан Айдарбек өктемси сөйледi. 
— Бар болса аяп тұр дейсiң бе, құлыным-ау! Жоқ қой құрғыр, жоқ қой... Сенбейсiң бе маған, үйде нан алатын ақша жоқ. Бетiмнiң арын бес төгiп, жағалай қарыз сұрап күнелтiп жүргенiмiз миыңа кiрiп те шықпайды ғой!.. 
— Өтiрiк соқпа... Сен қақпас, бәрiн әдейi iстейсiң. Мен саған...- Жағасынан қапсыра ұстаған күйi өзiне қарай жұлқи тартып қалып едi, шешесi қалбаң қағып, жалбаң еттi.- Кәне, шыныңды айт, пенсияңды қай жерге тықтың. Әйтпесе... 
— Ақ сүтiмдi берiп өсiрдiм ғой. Анаңмын ғой... Ұрмашы... Шыным сол, түк қалған жоқ. Өзi болмашы пенсияны... 
— Айттым ғой, саған дауа жоқ. Өз обалың өзiңе... кәрi қақпас. Ылғи да өстiп...- Шешесiнiң тамағынан қос қолымен қылқындыра ұстаған күйi қаттырақ қысып- қысып жiбердi.- Мен саған көрсетейiн... Қазiр өзiң-ақ... 
— Ой... о-о...о...- Қылқына қырылдаған күйi арт жағындағы ағаш төсекке шалқалай құлаған кемпiр жандәрменiмен алқымындағы ұлының қолына жармасып, тартқылай бердi. Бiрақ, тастай қатқан қарулы қолды серпiп тастауға күш- қуаты жете қоймады: “Айнал... айын... анаңмын... ғой...” деуге ғана мұршасы келдi. Қаны бетiне шыға қызарып, қырылдады да қалды. Аяқ- қолы ербең- ербең етiп, тыпырлап- ақ бақты. “Қарай гөр өзiн,- дедi тiстенiп алған Айдарбек iштей күбiрлеп,- жаны тәттi... Ақша онан да тәттi... өмiрi осы ғой. Бiр тақыс. Әкесi ақшадан өлгендей, есiл-дертi ақша. Менiң өстiп сормаңдай болып жүргенiм де осының кесiрi емес пе?! Жоқпен бiрге туғандай, жоқтан басқа айтары жоқ... Ең аяғы үйлену тойымда да ақшадан қысып, қалтыратып қойды-ау! Сенi де ана дейдi-ау! Жанар байғұс та сенiң осындай тақыстығың мен нақыстығыңа шыдай алмай кеттi-ау, екi баламды жетелеп... солардың көз жасы жiберер дейсiң бе, сен қақпасты. Қатынды қойшы, өлмес. Бiр тамшы қанымнан жаралған балаларымды ойласам iшiм удай ашиды. Бәрiнен де балаларыңнан тiрiдей айырылған қиын болады екен. Атаңа нәлеттердiң ойымнан қылықтары, көз алдымнан бейнелерi кетпейдi. Жанымды жегiдей жейтiн де сол. Қайда жүр екен өздерi... Бұралқы иттей... менiң жүрiсiм мынау!..” 
Осы кезде шешесiнiң қолы төмен қарай сырғи берiп, сылқ ете түстi. Сонда ғана есi кiргендей, состия қарап, қолын тартып алды. Сол-ақ екен, ағаш төсектiң үстiнде аяғы салбырап сұлқ жатқан кемпiр бар денесiмен жылжи берiп, еденге гүрс етiп құлады. 
— Шеше...- Ышқына айғай салған Айдарбек тiзерлей отыра қалып, анасының екi иығынан қаба ұстаған күйi жұлқылай бастады.- Шеше... шеше... Шеше деймiн... тұршы... 
Жансыз дене былқ- сылқ етiп, олай тартса олай, былай тартса былай аударылып түстi. Ол шешесiнiң әжiмденген жүзiне бажайлай көз тастады. Басы оң жағына қарай қисайып кеткен, қос жанары бақырайып ашық жатыр. Бұған көзiнiң астымен ала қарайтын сияқты. Бiрақ, кiрпiгiн қағар емес. “Шынымен... иә, шынымен... өлiп...- Бар даусымен үйдi басына көтере айғай салып, едендi жұдырығын түйе қойып- қойып қалды,- Не iстедiм мен. Не iстеп қойдым!.. Жоқ... жоқ... мүмкiн...” 
Есiк жақтан тықырлаған дыбыс естiлгендей болды. Елең етiп, артына жалт қарады. Жартылай ашық тұрған есiктен басқа сезiк алар ештеңе көрiнбейдi. Орнынан тез көтерiлiп, ағаш есiктi тартып қалды да, iлгегiн iлiп қойды. Бiр сәт демiн iшiне тарта, қаққан қазықтай қаздиып тұра қалып, тың тыңдады. Тым-тырыс. Құлаққа ұрған танадай өлi тыныштық. Ақырын шегiншектеп, анасының жанына келдi. Тiзерлей отыра қалып, қабыршықтала жарылып кеткен мүйiздей қатты алақанымен бетiнен жайлап сипалады. Құлаған қалпы сiлейiп сұлық жатыр. Жанарына жас, көмейiне өксiк тығылды: 
— Анам... анашым...- дедi иегi кемсеңдеп. Еңкейiп бетiне бетiн төседi. Сұп-суық. Шешесiнiң өлгенiн ендi сезiнгендей, өксiп жылап жiбердi. 
Бiрдеңе тықыр еткендей болды. Жылауын тас тиып, шошына жалт қарады. Көзiне ештеңе түсе қоймады. Қорс- қорс еткен танауын тарта тағы да елеңдей тың тыңдады. Тырс еткен дыбыс жоқ. 
Шешесiн қос қолдай көтерiп алып, төсекке шалқалай жатқызды. Қол-аяғын жазып, былқ- сылқ еткен басын түзедi. Жанары жасаурай өлi жүзiне ұзақ үңiлдi. Iшiне бiр уыс шоқ түсiп кеткендей, күйiп-жанып барады: “Анашым-ай!..- Кеудесiн кере ауыр күрсiндi.- Не көрдiң мына жалған дүниеден. Ешқандай қызық көрмей кеттiң-ау! Ғұмыр бойғы тартқаның азап пен бейнет. Жетiмдiк пен жесiрлiктiң тақсiретiн де аз шеккен жоқсың... Бәрiн түсiнемiн... Жүрегiммен сезiнемiн... Жалғыз ұлың мен үшiн не көрмедiң мына қатыбас тағдырдан. Мен үшiн бәрiн тәрк етiп, қу тiзеңдi құшақтап өтпедiң бе?! Иә... иә... Жиырма бес жасыңда жесiр қалсаң да, әкемнiң жоқтығын бiлдiрген жоқсың?! Көйлегiм көк, тамағым тоқ болды. Не iшем, не кием деген жоқпын. Ерке болдым, шолжаңдап өстiм. Жалғызыңның қолынан қаққан жерiң жоқ. Осылай бұлаңдатып өсiрiп едiң. Не қызық көрсеттiм... Ештеңе де... Қайта көзiң мен көңiлiңе күйiк болдым-ау!..” 
Ол жан қалтасынан темекi алып, тұтатты да, құмарлана сора бастады. 
Қақпа қағылды, артынша айғайлаған дауыс естiлдi. Сасқалақтай ұшып тұрып, терезеден сығалап сыртқа көз тастады. Қақпа алдында бiреу тұрған сияқты: 
— Зекен... Ау, Зекен...- деген дауыс естілді. 
— Көршi кемпiр... бұл мыстан неғыл деп жүр... Әлде...- дедi өзiнен өзi қуыстанып. 
— Зекен... Ой, Зекен... 
— Қара қарғадай қарқылдауын қарашы өзiнiң!..- Маңдайынан суық тер бұрқ ете түстi. Демалысы жиiлеп, не iстеп, не қоярын бiлмей, есi шықты. Жүгiрiп терезе алдына барды, қайтадан жүгiрiп төсектiң жанына келдi... 
Есiне әлдене түскендей, төр жақта тұрған көк сандыққа қарай жүрдi. Жалма-жан аузын ашып, түйiлген түйiншектердi төсектiң астына атып ұрды да, шешесiн көтерiп әкелiп, iшiне жатқызды. Бiреу қуып келе жатқандай асығыс - үсiгiс сандықтың аузын тарс еткiзiп жапты да, құлпын салып, кiлттеп қойды. 
Перденi жайлап ысырып, сығалап сыртқа қарады. Қыбыр еткен жан жоқ. Көршi кемпiрдiң де қарасы өшкен. 
— Уһ...- Терең күрсiндi. Иығынан ауыр жүк түскендей, суық еденге сылқ етiп отыра кеттi. 
Қалтасынан темекi алды. Тұтатты. Құшырлана сора бастады. Түтiнiн iшiне қарай жұтына жұтқанымен, құмарынан шыға қоймады. Құлағының шыңылы да басылар емес. Басы зеңiп, шанышқылай шағып әкетiп барады. 
Жүрегiнiң соғысы жиiледi. Денесi ауырлап, тұла бойын ащы тер қысты. Қабақ- басы түйiлiп кеткен. Ерiндерi жыбыр-жыбыр етедi. 
Сырт жақтан ысқырған дауыс естiлдi. Атып тұрып, терезеден ұрлана көз тастады. Қақпа алдында қалқиып бiреу тұр. Кiм екенiн анық көре алмаса да, жын соққандай ұрғылағанына қарап, ысқырып тұрған Марат досы екенiн iшi сездi. 
Шығар есiкке тақады. Iлгекке қолын соза берiп, қайтадан тартып алды. Жүрегi дүрсiлдей тарс-тарс соғып, аузына тығылды. Арт жағына алақтап, көк сандыққа көз салды. Қозғалақтайтын сияқты. Жүгiрiп келiп, аузын ашып қалды. Шешесi бүктетiлген күйi қатып қалған. Тiршiлiк нышаны байқалмайды. Өлгенiне көзi анық жеткендей, сандықтың аузын тарс еткiзiп жаба салды: “...Кетiп қалмады ма екен!.. Не әкелдi екен...” 
Сыртқа шығып, қақпаны ашты. 
— Ой, тiрiсiңбе-ей!..- дедi Марат досы ыржалақ қағып,- Түсiң қашып кетiптi ғой!.. 
— Қатып ұйықтап қалыппын... 
— Ауырып қалғаннан саумысың. Боп-боз боп бозарып тұрсың ғой, түге... Кешегi еңбегiмiзге тиесiлi ақыны алып келдiм. Мынау саған...- дедi кiшкентай бiр түйiншектi ұсынып жатып,- Қатырдық-ау, деймiн... Хамит сиырын ендi iздеп жүр. Табады... қатқанының басы... Ха...ха... хаа... Әй, сен немене... түк көрмегендей... бедiрейiп тұрсың! Тiлiң байланып қалған ба? 
— Ауырып тұрмын. 
— Е, бәсе, солай десеңшi, сұрың құрғыр... 
— Марат...- дедi күбiр ете түсiп,- Мен демалайын... 
— Түнгi жорыққа шықпайсың ба? 
— Жоқ, денем бiр түрлi ауырлап тұр. 
— Иә, түрiңнен көрiнiп тұр. Жарайды онда... 
— Жақсы...- Айдарбек қақпаны өзiне қаттырақ тартып қалды. 
— Мынаған не көрiнген!- Марат бұрыла берiп, басын шайқады,- Странно! 
“Сезiктенiп қалды-ау!..- дедi iшке кiрiп, жайланған соң,- Жоқ... мүмкiн емес... Қайдан бiлсiн... Иә... иә... Әй, бiрақ, ол жетi қат жердiң астындағыны мұрнымен иiскеп бiлетiн пәле ғой. Әй, бiрақ... қанша иiсшiл болса да... Иә.... бұл жолы... бұл жолы... Көресiң...” 
Түйiншектi еппен ашып, алдына жайды. Қалтасынан “Беламор” темекiсiн алып, махоркасын жайлап төгiп тастады да, оның орнына кiр-кiр шыт орамалдағы ұнтақтарды жаймен сала бастады. Қолының қалтырағанына қарамастан, бiрдеңеден құр қалатындай, тым асығыс қимылдайды. Басқа дүниенi ұмытқан, есiл-дертi жалғыз тал темекiде, быртиған жуан саусақтарымен бас жағын сипалап ширата түседi. Шешесi тiрiлiп кеткендей, қуанышы қойнына сияр емес. Мәз. Көзi күлiмдеп, жымың-жымың етедi. 
Нығыздай салып алған соң, “темекiсiн” аузына қыстырып, тұтатты да, терең тыныстап, демiн iшiне тарта сорды. Көк түтiндi аузына толтырып алып, әдетiнше будақтатып мұрнынан шығарады. Сонысына өзi риза. Төрт құбыласы түгел адамдай, шалқалаған күйi шалқақтап қояды. Ара-арасында қолын шапалақтап, ыңылдап ән айтқан болады. Басын шұлғи ырғалады. Бiресе, көзiне жас алып, кемсеңдейдi, бiресе, қарға сияқты “қарқ-қарқ” етiп, қарқылдап күледi. 
Шоғы сөнген папиросын еденге мыжғылай салды да, басын көтердi. Шалқая берiп, төбедегi қарайған қара ноқатқа көзi түстi. Тым үлкейiп кеткен. Не нәрсе дегендей, ойға шома ұзақ тесiлдi. Көзiнiң ағы төңкерiлiп, қарашығы көрiнбей барады. Аузынан сiлекейi ағып, мешел адамша мелшидi де қалды. 
Қанша уақыт өткенiн өзi де бiлмейдi. Көзiне ұйқы тығылып, қалғып-мүлги бастады. Танауы пыс- пыс етедi. Аузын кере ашып, қайта-қайта есiнеп қояды. Бiр мезет сол жағына қисая берiп, қор ете түстi. 
Түсiнiксiз түс көрiп жатыр екен, шошып оянды. Басын көтерiп, көзiн ашып алды. Үй iшi тастай қараңғы, түк көрiнбейдi. Бiреу ұрып тастағандай, денесi дел - сал. Сипалап жүрiп, қосқышты қосып, жарықты жақты. 
Басы айналып, көзi қарауытты. Өзiне өзi келгенше шеке тамырларын ысқылап бiраз тұрды. Жүрегi лобып, лоқсыды. Бiреулерде есесi кеткендей, кiжiне күбiрлеп қояды. 
— Сен... сен... бар... ғ...ғой!- Тiлi күрмеле бердi. Жан-жағына алақтай қарап, бар даусымен айғай салды да, қызара булыққан күйi еңкiлдеп жылап жiбердi. Лезде сабасына түсiп, өксiгiн тия сандыққа қадала қарап аз-кем тұрды да, ойына әлдене түскендей, сыртқа шығып, бақшаға қарай жүрдi. Төңiректi тұман тұмшалап, қараңғылық бауырына басып алған. Таяқ тастам жерден әрi ештеңе көрiнер емес. Сусылдаған суық жел қойны- қоншына қуалай енiп, бойын тоңазытып, денесiн тiтiркендiрдi. Бақша iшiнде әрлi- берлi ұзақ жүрдi. 
— Таптым!- дедi бiр бұрышқа тақап келiп.- Мiне, осы жерге... Иә... осы тұс ыңғайлы. Елеусiздеу... 
Ол қолындағы күректi оңтайлап алды да, қара топырақты қопарып қаза бастады. Жер жұмсақ, басқан сайын кiрш- кiрш кiредi. Топырақты көсiп алып, бүрке тастайды... 
Түн түнегi қоюлана түскендей. Аздан соң қараңғылыққа көзi үйрендi. Тұман да сейiле бастағандай. Жан-жағына жалтақтап қарап қояды. Бiр уақытта қора жақтан бiрдеңе қараң еткендей болды. Селк ете түсiп, қаздиып тұра қалды. Түсi қашып, бет-аузы жыбырлап кеттi. Құлағын тоса тың тыңдады. Көзiн де сол тұстан айырар емес. Қанша қадала қарағанымен, ештеңе көрiне қоймады. Күрегiн қыса ұстаған күйi шұңқырды қырлап кеңейте бастады. Кенет, арт жағынан әлдекiм тапырлатып келiп қалғандай болды да, тұла бойы дiр ете түстi. Үрейлене жалт бұрылды. Жүрек тұсы шаншып өттi. Бұтақтары тербеле билеп, сарғыш тартқан жапырақтары сыбдыр қаға желбiреп тұрған алма ағашынан басқа көзiне ештеңе түсе қоймады: 
— Жә, осы да жетер!- дедi бойын қорқыныш билеп алған ол.- Кеңейте бергеннен ештеңе шықпас. Денесi сыйса болды ғой... 
Шұңқырдан секiрiп шығып, тағы да төңiрекке алақтай көз тастады. Жыбыр еткен тiрi пенде жоқ. Тырс еткен дыбыс та естiлмейдi. 
Еппен басып келiп, iшке кiрдi. Ештеңеге қарайлаған жоқ. Бiрден қоңыр шкафтың жанына келiп, жоғарғы тартпасынан ақ бұл алып, еденге төседi де, сандықтың iшiнде бүктетiлiп жатқан шешесiн қос қолымен көтерiп әкелiп, үстiне жатқызды. Анасының өлi жүзiне тесiле қарап бiраз тұрды да, киiмдерiн шешуге де құлқы болмай, жанталаса орай бастады. Бүгiлiп қалған аяқтары жазылар емес, қатып қалғанға ұқсайды. Әр жерiнен бiр шандып байлап тастады да, иығына салбырата салып алып, сыртқа қарай беттедi. 
Алдыға басқан аяғы керi кететiндей. Қорқынышы күшейе түскен. Жүрегi дүрсiлдей соғып, судағы балықтай шоршиды. Ырс-ырс етiп, алқына дем алады. 
Түн қабағын қарс жауып, түнере түскен. Қуалай ескен өкпек жел жай ғана гуiлдеп, iшегiн соза уiлдейдi. Бақшаға келiп, еппен сырғып шұңқырға түстi. Шешесiнiң мүрдесiн шалқалай жатқызып, бас-аяғын көзiмен бiр шолып өттi. Жанарынан сырғыған ыстық жасты көйлегiнiң жеңiмен сүрте салып, шұңқырдың жан-жағына жағалай үйiлген май топырақты шетiнен көсiп алып, iшiне тастай бастады. 
Аузы- басы кемсеңдеп, iштей күбiрлеп қояды. Көңiлi бұзылып, көмейiне өксiк тығылды. Бетiн айғыз-айғыз қылып, жас жуып кеттi. Iшi-бауыры күйiп-жанып, өртенiп бара жатқандай аласұрды. Анасының асыл тәнiн суық жердiң қойнында қалдыруға қимайтын сияқты. Бiрақ, iркiлер түрi жоқ. Күрегiн батыра салып, қара топырақты үстi-үстiне құлаштай лақтырады. 
Бiр кезде ойнақтай соққан салқын жел аяқ астынан басыла қалды да, жаңбыр себезгiледi. Ол шұңқырдың топырағын толтырып, аяғымен нығыздай таптап, бетiн тегiстеп жапты да, үйiне қарай емпеңдей жөнелдi. Бiреу қуып келе жақандай, арт жағына жалтақ-жалтақ етедi. 
Iшке кiрiп, су киiмдерiн шешiп, үстi- басын сүртiндi. Басқа киiм киiп, шашын тарады. Суық бойын жайлап алған сияқты, тоңғаны ендi бiлiне бастағандай. Жота-жауырыны құрысып, желке тұсы сiресе қалды. Бiр мойын болып қалғандай, бұрыла алар емес... 
Сүйретiле басып келiп, төсекке құлай кеттi. Қатты қалжырағаны сезiлдi. Екi иығынан төмен қарай зар қақсап, денесi тызылдап барады. Көк шыбынның ызыңдағанындай, шеке тұсы зың-зың етiп, шыңылдайды. Бiз сұққандай шанышқылап, шаншиды. Көзiн тарс жұмып, әрi дөңбекшiдi, берi дөңбекшiдi. 
Ұйқысы келер емес. Шаршағаны да басыла қалғандай. Шақшадай басын шарадай етiп, суық ойлардың бiрi кiрiп, бiрi шығады. Неше түрлi қорқынышты елестер елес берiп, жанын жай таптырар емес. Құлағына тақыр-тұқыр еткен дыбыстар келiп, тұлабойын түршiктiрiп жiбердi. Жатқан орнынан атып тұрды. Жарықты жағып, үйдiң iшiн көзiмен барлай бiр шолып шықты. Бәрi бәз-баяғы орнында тұрған сияқты. Алабөтен ештеңе көрiнбейдi. Кенет, тозығы жеткен қоңыр шкафтың төбесiнде тұрған әкесiнiң үлкен портретiне көзi түстi. Қас- қабағы қатулы. Сұсты. Жонарқасы шымырлап өттi. Жанарын тез тайдырып әкеттi. Қайтiп қарай алмады. Жарықты өшiрдi де, тас бүркенiп жатып қалды. 
Аяқ - қолын бауырына тартып, бүктүсе қалған. Жамылғысын басынан асыра жауып, қымтана түссе де, көз алдынан әкесiнiң суық жүзi кетпей қойды. Күбiрлей сөйлеген даусы келедi құлағына. Бiрге жүрген күндерi есiне түстi... Жанарына жас үйiрiлдi. Мұрнын қорс - қорс еткiзiп, дауысын шығармай жылап та алды. Сәлден соң тоңазыған денесiн жылу жайлап, маужырай бастады. Көзiне ұйқы тығылды. Есiнеп жатып көзi iлiнiп кеттi. 
Пыс - пыс ете балбырап, тәттi ұйқының құшағында жатқан. Тарсылдаған дыбыстан шошып оянды. Оқ жыландай басын қақшитып алып, жан-жағына үрейлене қарады.
Шатырлаған дыбыстар жамырай шықты. Бiрдеңе жарқ-жұрқ етiп, үйдiң iшiне болмашы сәуле түсiрiп өткендей болды. Не болғанын түсiне алмай, терезе жаққа көз тастап едi, ар жағынан тесiле үңiлiп тұрған шешесiн көрдi. Тап бiр тiрi кезiндегiдей, ашулы кейiппен ызғар шаша қарайды. Қос қолын кезек ербеңдетiп, терезенiң шынысын ақырын тықылдатады... 
Айдарбектiң көзi шарасынан шыға бадырайып кеттi: 
— А... а... ааа... а...- Шошына айғай салды. Сол сәт жүрек тұсы шанышқылап өткендей болды да, жұлқына тулап, солқ ете қалды. Шалқалай берiп, шүйдесiмен төсектiң басын ұра құлады. Езуiнен қара қан бiлiндi. Оң жағына қарай қылжия түсiп, үн шығармастан қимылсыз қалды... 
Түн түңлiгi түрiлiп келедi. Терезенi тарс-тұрс ұрғылап, бұршақ аралас жаңбыр жауып тұр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға