Жаңалықтар

Ауыз

Ол әуелі әйелдер босанатын үй деген мекеменің журналына тіркеледі де, «Жаңа туған» дейтін атақ алады. Қаз-қатар қағылған жан-жағы тор-тор қорапшалардан «күтуші» деп аталатын өңкей ақ киген әйелдер оларды білегіне жазылған цифрларға қарап жүріп тауып алатын да, қолдарына көтеріп, ұзын-ұзын коридорларды бойлап, бірнеше әйел терезеге асылып, сыртқа үңіліп тұратын айлапат бөлмеге апаратын. Есіктен олар кіргенде терезеге қарап тұрған әйелдердің біреуі жалт бұрылып, бұған қарай жүгіретін. Оны «күтуші» деп аталатын әйел «ана» дейтін. ― Анасы, мына бөбегіңізді емізе қойыңыз. Ол әйелдер босанатын үй деген мекемеден «бөбек» деген атақ алып шықты. Есік алдында оларға қолына бір шоқ гүл ұстаған еркек жолықты. Ол еркектің «әке» деп аталатынын кейін білді. «Анасы» әлденеге қолы тимей асып-сасып жүргенде, бұл жатқан арбаны әлгі «әкесі» тербететін. бұл көңілінің хошы келгенде тек «анасына» ғана емес «әкесіне» қарап та ыржаңдайтынды шығарды. Оған анау мәз-мейрам болатын. Бұл былдырлап сөйлей бастағанда анасы оған: ― Бар, көкеңе бара қойшы, ― дейтін болды. Сөйтіп бұл «әкесін» енді «көке» дей бастады. Көкесі енді оны күнде таңертен «балалар бақшасы» дейтін мекемеге апарып, кешқұрым үйге алып қайтып жүрді. Сөйтіп ол мектепке баратын жасқа да жетті. Қара тақтаның алдында талай кептің басын шалып қақылдап тұратын әйелдер мен еркектер бұған енді «оқушы» деген атақ тақты. Ол мектептен «оқушы» дегеннен басқа да талай-талай сөз үйренді. Ол мектепте жүргенде сөзді өте көп білуші еді. Қазір көбін ұмытып қалыпты. Өйткені, ол мектепте жүргенде өте көп сөйлейтін. Өзі тектес екі аяқтыны көрсе болды, қайдағы жоқты сапырып, қауқылдаса жөнелетін. Мектепті бітіріп фабрикаға жұмысқа келгенде естіген ең алғашқы сөзі: ― Жә, сөйлеме, көзіңе қара! ― болды. Қасындағы серіктеріне бірдеңе айтайын десе, ала көздерімен қарап, әлгідей дейді. Оқта-текте бір соғып кететін бастықтарына бірдеңе дейін деп, ернін қимылдата беруі-ақ мұң, олар да төрт сөзді айтып зекіп тастайды. Бұл бірте-бірте сөйлеу дейтін шаруаға әбден зауқы соқпайтын болып алды. Шынында да сөйлеудің не қажеті бар? Алдыңдағы станокты көріп тұрсың. Онымен не істеу керек екенін біліп тұрсың. Бар жұмысты тындыратын екі қолың бар. Бастықтардың не бұйырып, не тапсырғанын естіп алатын екі құлағың бар. Ол аз десең, таңертең жұмысқа алып келетің кешке жұмыстан үйге алып қайттын екі аяғың бар. Бір басыңа бұдан артық тағы не қажет! Ол жұмыс түгілі үйде де тырыс етіп үндемейтінді шығарды. Үйде де үндейтіндей не қалып тұр. Тарелкадағы көже мен қасыңдағы қасықты көріп отырсың. Ал, анда-санда әйеліңнің пейілі түсіп дастарқанға рюмка мен бөтелке қойып жатса, оны қайтып кадеге асыру қажет екенін айтпай-ақ біліп отырсың. Әйел деген жұрт та бастықтар секілді дымыңның ішіңде болғанын жақсы көреді. Олар да қит етсең: «басымды ауыртпашы», ― дейді, тіпті «Жә, үніңді өшір!» ― деп аузыңа да ұрады. Сол үннің өшсе өше қойғаны-ақ дұрыс. Ондайда кірпідей жиырылып жүретін әйеліңе аяқ астынан мейірім біте қап, арқаңнан қағып, о жер бұ жеріңді түрткілей бастайды. Үндемесең үйдей пәледен құтылып қана қоймай, үйдей олжа табатынына да көзі әбден жетіп жүр. Бұның қасындағы балпылдақ қара фабрикаға келгеніне бір жыл болмай жатып «мылжың» атанып жұмыстан қуылып кетті. Ал, бұл екі жыл істеген соң аяқ астынан тасы өрге домалап, кеңсеге ауысты. Бастық: — Бізге өзің секілді ісін білетін, босқа мылжыңдап, уақытын текке сарп етпейтін кісілер керек, ― деді. Содан бері бұл кеңседе. Содан бері бұл бұрынғы көз таныстарын көре қалса: «Сәлем!» деп қалпағын көтеретін әдетін де тастап, тек бас изейтін болды. Оның он саусағы алдындағы пианино клавиштарындай көп кнопканы ұршықтай үйіреді. Оның бір кездегі күсінен айырылып, қайтадан сүйрік тартқан салалы саусақтары тиіп кетсе болды, көмір жұтып, алтын тезектеп тұрған алып кәсіпорынның қай цехы, қай бөлімі де аяғынан тік тұрып, дедек қағып қоя береді. Ол енді сол кнопкаларды бес саусағындай жетік біліп алды. Ол енді өзі отыратын айдала бөлменің есігіндегі үш цифр мен бес әріпті бес саусағындай жақсы біліп алды. Сол бес әріптің нені білдіретініне, қандай мағынасы бар екендігіне назар аударып жатқан бұл жоқ. Ол бес әріп мұның паспортына да, осы кәсіпорынға кіретін куәлігіне де жазылған. Ол бес әріпті ауызбен айтып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Қақпа алдындағы күзетшілерге сол бес әріпті қанша рет қақсап айтсаң да, қашан сол бес әріп жазылған қағазды көрсетпейінше, сені бәрібір босағадан аттатпайды. Ол бес әріп не қалтаңдағы қаусырма қағаздын ішінде, не мынадай қызмет істейтін бөлмеңнің маңдайшасында жазулы тұрғанда ғана мағынаға ие болады. Әйтпесе, ішіңдегі барлық тынысты алқымыңа жиып, бар даусыңмен қанша бақырсаң да, бәрібір бос ызың, бос айқай. Ол бес әріптің бұған осылай көзіңе шоқтай басылып жазулы тұрғанда ғана тікелей қатысы бар, әйтпесе, ауыз-екі айтылғанда итке «кә, кә!» дегендей, құлағыңа ызыңы келген жаққа жалт еткізіп бір қаратуға ғана құдіреті жетеді. Сонымен осы бір бес әріптін осы бір есікке қарап басылғанына да төрт-бес жылдың жүзі болып барады. Күнде тәңертең жұмысқа келгенде оған бір қарап қояды. Өйткені, осы бес әріп дәл осы тұрған ретімен жазылып орнында тұрғанда ғана, оның мына табалдырықтан аттап өтуге қақысы бар. Ал, кенеттен мынау бес әріптің орнына басқа бір алты әріп, не жеті әріп, әлде осы әріптің өзі орындарын алмастырып, басқа бір ретпен жазулы тұрса, онда бұған: «бар, далаға ойна, жөніңді тап!» ― деп тұрғаны. Осы бес әріп қалтасындағы куәлікте, есігіндегі шыны тақтада және жалақысын салып әкелетін пакеттің сыртында жазулы тұрғанда ол аузына, ешқандай салмақ салып көрген емес. Тіпті ондай дене мүшесі бар екендігі естен шығып та кетіп еді, бәрін бүлдірген үш жасар баласы болды. Ол баласынан ылғи қашқақтап жүретін. Қасына жолап кетсең қайдағы-жайдағыны сұрап басын қатыратын. Оған жуымайтын болғалы бері ол сөйлеу дегенді атымен ұмытып та еді. Бір күні әйелі машинасымен кір жуып жатып, қасына жүгіріп барған баласына: ― Бар, әкеңнен сұрап ал! ― дегені. Бұл баласының сұрағын естімеген боп, үндемей отыра беріп еді, әйелі айқайлады. ― Бишара баланы сонша қиналтпай жауап берсеңші! Бұл амалсыз баласы көрсеткен суретке үңілді. Баласы уда-дуда көп сызықты көрсетті: ― Шаш, ― деді бұл. Баласы есік алдында тұратын домалақ түкіргіш құтыдай бірдеңені көрсетті. ― Бас, ― деді бұл. Баласы сол дөңгелектің бетіндегі бірінен бірін аударып алғысыз екі үлкен ноқатты көрсетті. ― Көз, ― деді бұл. Баласы оның астындағы әлгіден гөрі кішкенелеу екі ноқатты көрсетті. ― Мұрын, ― деді бұл. Ал, баласы оның астындағы әбден піскен помдиродың жарылып кеткен жыртығындай ырсиған бірдеңені көрсеткенде, бұл көмейіне ыссы қоламта құйылып кеткендей үнсіз қалды. Шақшадай басын шарадай қылып қанша ойланса да, есіне түспеді. Баласы құрғыр «бол, болдың» астына алып, әбігерлеп тұр. Жадынан күдер үзген соң жалма-жан кітап шкафында көптен шаң басып тұрған түсіндірме сөздікті алып қарады. «Дене мүшелері» деген тарауға көз жүгіртіп еді, көптен ойына келіп көрмеген «ауыз» деген сөзді байқап қалды. ―Ауыз, ― деді бұл. ― Ол неге қажет? ― деп қитықтанды бала. Ол түсіндірме сөздіктегі құмырсқаның илеуіндей быжынап жатқан көп әріптер тіркесінің мағынасына ой жүгіртіп көрді. Сөйтсе, ауыз барша жан-жануарларға қоректенуге қажет екен, ол сол сияқты қосалқы тыныс жолы болып та есептеледі екен, тіпті, ондағы өткір тістер керек жерінде қорғаныс құралының қызметін де атқара алады екен. Ол мұның бәріне жақсы түсінді. Ал, түсіндірме сөздіктегі «ауыз жан-жануарлардың ең жетілген түрі адамдар үшін бір-біріне ойын, пікірін жеткізетін қатынас құралы болып табылады» деген ең соңғы түсініктеме миына еш кірмей қойды. Алдымен адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты. Қаланың жануарлар паркіндегі темір тақтайшаларындағы жазуларды ойына тусіріп көріп еді, олардың арасынан мұндай жазуды көрмеген тәрізді. Шамасы, ол көк мұхиттың тереңінде жүретін бұл білмейтін көп мақлұқтардың бірі болса керек. Әйтпесе, аз ғана ғұмырыңда ұшырасып жүрген екі аяқты, төрт аяқты жан иелерінің арасынан ондай пәлені ешқашан көрген де, естіген де емес. Әлде, осы мына өзі тектес екі аяқ, екі қолды тік жүретіндердің белгілі бір түріне берілетін атау ма екен? Мына алдында қылқылдап тұрған боқмұрынның «бала» деген балшыққа батқыр екенін біледі, анау ванна бөлмесінде қазір кір жуып жатқанда төрт аяқтап тұрғанмен, енді сәлден кейін екі аяғына мініп, мықынына таянып, зіркілдеп жетіп келетін қызылкөз пәленің сыпайылығында «әйел», ал, шын мәнінде, «қатын» екенін біледі; ал бұл үйдің сыртында кеше бойында сенделіп жүргендердің «жұрт» екенін біледі, қызмет бабында өзінен жоғары тұрғандардың «мырзалар мен тақсырлар», ал езінен төмен түрғандардың еңшең «қырт» екенін біледі. Ал, өзіне келетін болсақ, «бөбек», «бала», «оқушы», «жүмысшы», «күйеу», «ақымақ», «маман» дегендерді ес-туі бар, бір рет «азамат» деген тосын сөзді де қүлағы шалған. Онда да қараңғыда езіне жабылған бүзақылар-мен төбелесем деп жүріп, түрмеге түсіп қала жаздағанда тергеушінің аузынан естіген. Ал, адам деген сөз әлі құлағына тиген емес. Шамасы, қолданылса да, баяғыдағы динозавр, ихтинозавр тұстарындағы мұз дәуірі екі аяқтыларына болмаса, бұл заманның екі аяқтыларына байланысты ешқандай қолданылмайтын архаизм болса керек. Ендеше, мұндай кұманды түсініктемені әлі ақыл-есін түгел жинап болмаған жас балаға несіне үйретем, ауыздың тамақ жеуге, тыныс алуға, екі қолыңнан қайран кетіп бара жатқанда, басынған дұшпанның мұрны, құлағы сияқты бөлек-салақ тұрған жерлері болса, қыршып алуға қажеті барын білсе біле берсін, ал осы жасқа жеткенде өзі де түсінбеген, тіпті қашан «кісі жерлейтін бюро» дейтін мекеменің журналына тіркеліп, қабірінің номері жазылған темір талон мен «марқұм» деген атақ алатын мынау жер үстіндегі ақтық күніне дейін еш түсінгісі де келмейтін «адам», «ой», «пікір» деген пәлелерді бейшара бала білмесе білмей-ақ қойсын деп ойлады. 3.1.1976 ж. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 09:29 4463

Ол әуелі әйелдер босанатын үй деген мекеменің журналына тіркеледі де, «Жаңа туған» дейтін атақ алады. Қаз-қатар қағылған жан-жағы тор-тор қорапшалардан «күтуші» деп аталатын өңкей ақ киген әйелдер оларды білегіне жазылған цифрларға қарап жүріп тауып алатын да, қолдарына көтеріп, ұзын-ұзын коридорларды бойлап, бірнеше әйел терезеге асылып, сыртқа үңіліп тұратын айлапат бөлмеге апаратын. Есіктен олар кіргенде терезеге қарап тұрған әйелдердің біреуі жалт бұрылып, бұған қарай жүгіретін. Оны «күтуші» деп аталатын әйел «ана» дейтін.

― Анасы, мына бөбегіңізді емізе қойыңыз.

Ол әйелдер босанатын үй деген мекемеден «бөбек» деген атақ алып шықты. Есік алдында оларға қолына бір шоқ гүл ұстаған еркек жолықты. Ол еркектің «әке» деп аталатынын кейін білді. «Анасы» әлденеге қолы тимей асып-сасып жүргенде, бұл жатқан арбаны әлгі «әкесі» тербететін. бұл көңілінің хошы келгенде тек «анасына» ғана емес «әкесіне» қарап та ыржаңдайтынды шығарды. Оған анау мәз-мейрам болатын.

Бұл былдырлап сөйлей бастағанда анасы оған:

― Бар, көкеңе бара қойшы, ― дейтін болды.

Сөйтіп бұл «әкесін» енді «көке» дей бастады. Көкесі енді оны күнде таңертен «балалар бақшасы» дейтін мекемеге апарып, кешқұрым үйге алып қайтып жүрді. Сөйтіп ол мектепке баратын жасқа да жетті. Қара тақтаның алдында талай кептің басын шалып қақылдап тұратын әйелдер мен еркектер бұған енді «оқушы» деген атақ тақты. Ол мектептен «оқушы» дегеннен басқа да талай-талай сөз үйренді. Ол мектепте жүргенде сөзді өте көп білуші еді. Қазір көбін ұмытып қалыпты. Өйткені, ол мектепте жүргенде өте көп сөйлейтін. Өзі тектес екі аяқтыны көрсе болды, қайдағы жоқты сапырып, қауқылдаса жөнелетін.

Мектепті бітіріп фабрикаға жұмысқа келгенде естіген ең алғашқы сөзі:

― Жә, сөйлеме, көзіңе қара! ― болды.

Қасындағы серіктеріне бірдеңе айтайын десе, ала көздерімен қарап, әлгідей дейді. Оқта-текте бір соғып кететін бастықтарына бірдеңе дейін деп, ернін қимылдата беруі-ақ мұң, олар да төрт сөзді айтып зекіп тастайды. Бұл бірте-бірте сөйлеу дейтін шаруаға әбден зауқы соқпайтын болып алды. Шынында да сөйлеудің не қажеті бар? Алдыңдағы станокты көріп тұрсың. Онымен не істеу керек екенін біліп тұрсың. Бар жұмысты тындыратын екі қолың бар. Бастықтардың не бұйырып, не тапсырғанын естіп алатын екі құлағың бар. Ол аз десең, таңертең жұмысқа алып келетің кешке жұмыстан үйге алып қайттын екі аяғың бар. Бір басыңа бұдан артық тағы не қажет!

Ол жұмыс түгілі үйде де тырыс етіп үндемейтінді шығарды. Үйде де үндейтіндей не қалып тұр. Тарелкадағы көже мен қасыңдағы қасықты көріп отырсың. Ал, анда-санда әйеліңнің пейілі түсіп дастарқанға рюмка мен бөтелке қойып жатса, оны қайтып кадеге асыру қажет екенін айтпай-ақ біліп отырсың. Әйел деген жұрт та бастықтар секілді дымыңның ішіңде болғанын жақсы көреді. Олар да қит етсең: «басымды ауыртпашы», ― дейді, тіпті «Жә, үніңді өшір!» ― деп аузыңа да ұрады.

Сол үннің өшсе өше қойғаны-ақ дұрыс. Ондайда кірпідей жиырылып жүретін әйеліңе аяқ астынан мейірім біте қап, арқаңнан қағып, о жер бұ жеріңді түрткілей бастайды.

Үндемесең үйдей пәледен құтылып қана қоймай, үйдей олжа табатынына да көзі әбден жетіп жүр. Бұның қасындағы балпылдақ қара фабрикаға келгеніне бір жыл болмай жатып «мылжың» атанып жұмыстан қуылып кетті. Ал, бұл екі жыл істеген соң аяқ астынан тасы өрге домалап, кеңсеге ауысты.

Бастық:

— Бізге өзің секілді ісін білетін, босқа мылжыңдап, уақытын текке сарп етпейтін кісілер керек, ― деді.

Содан бері бұл кеңседе. Содан бері бұл бұрынғы көз таныстарын көре қалса: «Сәлем!» деп қалпағын көтеретін әдетін де тастап, тек бас изейтін болды. Оның он саусағы алдындағы пианино клавиштарындай көп кнопканы ұршықтай үйіреді. Оның бір кездегі күсінен айырылып, қайтадан сүйрік тартқан салалы саусақтары тиіп кетсе болды, көмір жұтып, алтын тезектеп тұрған алып кәсіпорынның қай цехы, қай бөлімі де аяғынан тік тұрып, дедек қағып қоя береді. Ол енді сол кнопкаларды бес саусағындай жетік біліп алды. Ол енді өзі отыратын айдала бөлменің есігіндегі үш цифр мен бес әріпті бес саусағындай жақсы біліп алды. Сол бес әріптің нені білдіретініне, қандай мағынасы бар екендігіне назар аударып жатқан бұл жоқ. Ол бес әріп мұның паспортына да, осы кәсіпорынға кіретін куәлігіне де жазылған. Ол бес әріпті ауызбен айтып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Қақпа алдындағы күзетшілерге сол бес әріпті қанша рет қақсап айтсаң да, қашан сол бес әріп жазылған қағазды көрсетпейінше, сені бәрібір босағадан аттатпайды. Ол бес әріп не қалтаңдағы қаусырма қағаздын ішінде, не мынадай қызмет істейтін бөлмеңнің маңдайшасында жазулы тұрғанда ғана мағынаға ие болады. Әйтпесе, ішіңдегі барлық тынысты алқымыңа жиып, бар даусыңмен қанша бақырсаң да, бәрібір бос ызың, бос айқай. Ол бес әріптің бұған осылай көзіңе шоқтай басылып жазулы тұрғанда ғана тікелей қатысы бар, әйтпесе, ауыз-екі айтылғанда итке «кә, кә!» дегендей, құлағыңа ызыңы келген жаққа жалт еткізіп бір қаратуға ғана құдіреті жетеді.

Сонымен осы бір бес әріптін осы бір есікке қарап басылғанына да төрт-бес жылдың жүзі болып барады. Күнде тәңертең жұмысқа келгенде оған бір қарап қояды. Өйткені, осы бес әріп дәл осы тұрған ретімен жазылып орнында тұрғанда ғана, оның мына табалдырықтан аттап өтуге қақысы бар. Ал, кенеттен мынау бес әріптің орнына басқа бір алты әріп, не жеті әріп, әлде осы әріптің өзі орындарын алмастырып, басқа бір ретпен жазулы тұрса, онда бұған: «бар, далаға ойна, жөніңді тап!» ― деп тұрғаны.

Осы бес әріп қалтасындағы куәлікте, есігіндегі шыны тақтада және жалақысын салып әкелетін пакеттің сыртында жазулы тұрғанда ол аузына, ешқандай салмақ салып көрген емес. Тіпті ондай дене мүшесі бар екендігі естен шығып та кетіп еді, бәрін бүлдірген үш жасар баласы болды. Ол баласынан ылғи қашқақтап жүретін. Қасына жолап кетсең қайдағы-жайдағыны сұрап басын қатыратын. Оған жуымайтын болғалы бері ол сөйлеу дегенді атымен ұмытып та еді. Бір күні әйелі машинасымен кір жуып жатып, қасына жүгіріп барған баласына:

― Бар, әкеңнен сұрап ал! ― дегені.

Бұл баласының сұрағын естімеген боп, үндемей отыра беріп еді, әйелі айқайлады.

― Бишара баланы сонша қиналтпай жауап берсеңші! Бұл амалсыз баласы көрсеткен суретке үңілді. Баласы уда-дуда көп сызықты көрсетті:

― Шаш, ― деді бұл.

Баласы есік алдында тұратын домалақ түкіргіш құтыдай бірдеңені көрсетті.

― Бас, ― деді бұл.

Баласы сол дөңгелектің бетіндегі бірінен бірін аударып алғысыз екі үлкен ноқатты көрсетті.

― Көз, ― деді бұл.

Баласы оның астындағы әлгіден гөрі кішкенелеу екі ноқатты көрсетті.

― Мұрын, ― деді бұл.

Ал, баласы оның астындағы әбден піскен помдиродың жарылып кеткен жыртығындай ырсиған бірдеңені көрсеткенде, бұл көмейіне ыссы қоламта құйылып кеткендей үнсіз қалды. Шақшадай басын шарадай қылып қанша ойланса да, есіне түспеді. Баласы құрғыр «бол, болдың» астына алып, әбігерлеп тұр. Жадынан күдер үзген соң жалма-жан кітап шкафында көптен шаң басып тұрған түсіндірме сөздікті алып қарады. «Дене мүшелері» деген тарауға көз жүгіртіп еді, көптен ойына келіп көрмеген «ауыз» деген сөзді байқап қалды.

―Ауыз, ― деді бұл.

― Ол неге қажет? ― деп қитықтанды бала.

Ол түсіндірме сөздіктегі құмырсқаның илеуіндей быжынап жатқан көп әріптер тіркесінің мағынасына ой жүгіртіп көрді. Сөйтсе, ауыз барша жан-жануарларға қоректенуге қажет екен, ол сол сияқты қосалқы тыныс жолы болып та есептеледі екен, тіпті, ондағы өткір тістер керек жерінде қорғаныс құралының қызметін де атқара алады екен. Ол мұның бәріне жақсы түсінді. Ал, түсіндірме сөздіктегі «ауыз жан-жануарлардың ең жетілген түрі адамдар үшін бір-біріне ойын, пікірін жеткізетін қатынас құралы болып табылады» деген ең соңғы түсініктеме миына еш кірмей қойды. Алдымен адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты. Қаланың жануарлар паркіндегі темір тақтайшаларындағы жазуларды ойына тусіріп көріп еді, олардың арасынан мұндай жазуды көрмеген тәрізді. Шамасы, ол көк мұхиттың тереңінде жүретін бұл білмейтін көп мақлұқтардың бірі болса керек. Әйтпесе, аз ғана ғұмырыңда ұшырасып жүрген екі аяқты, төрт аяқты жан иелерінің арасынан ондай пәлені ешқашан көрген де, естіген де емес. Әлде, осы мына өзі тектес екі аяқ, екі қолды тік жүретіндердің белгілі бір түріне берілетін атау ма екен? Мына алдында қылқылдап тұрған боқмұрынның «бала» деген балшыққа батқыр екенін біледі, анау ванна бөлмесінде қазір кір жуып жатқанда төрт аяқтап тұрғанмен, енді сәлден кейін екі аяғына мініп, мықынына таянып, зіркілдеп жетіп келетін қызылкөз пәленің сыпайылығында «әйел», ал, шын мәнінде, «қатын» екенін біледі; ал бұл үйдің сыртында кеше бойында сенделіп жүргендердің «жұрт» екенін біледі, қызмет бабында өзінен жоғары тұрғандардың «мырзалар мен тақсырлар», ал езінен төмен түрғандардың еңшең «қырт» екенін біледі.

Ал, өзіне келетін болсақ, «бөбек», «бала», «оқушы», «жүмысшы», «күйеу», «ақымақ», «маман» дегендерді ес-туі бар, бір рет «азамат» деген тосын сөзді де қүлағы шалған. Онда да қараңғыда езіне жабылған бүзақылар-мен төбелесем деп жүріп, түрмеге түсіп қала жаздағанда тергеушінің аузынан естіген. Ал, адам деген сөз әлі құлағына тиген емес. Шамасы, қолданылса да, баяғыдағы динозавр, ихтинозавр тұстарындағы мұз дәуірі екі аяқтыларына болмаса, бұл заманның екі аяқтыларына байланысты ешқандай қолданылмайтын архаизм болса керек.

Ендеше, мұндай кұманды түсініктемені әлі ақыл-есін түгел жинап болмаған жас балаға несіне үйретем, ауыздың тамақ жеуге, тыныс алуға, екі қолыңнан қайран кетіп бара жатқанда, басынған дұшпанның мұрны, құлағы сияқты бөлек-салақ тұрған жерлері болса, қыршып алуға қажеті барын білсе біле берсін, ал осы жасқа жеткенде өзі де түсінбеген, тіпті қашан «кісі жерлейтін бюро» дейтін мекеменің журналына тіркеліп, қабірінің номері жазылған темір талон мен «марқұм» деген атақ алатын мынау жер үстіндегі ақтық күніне дейін еш түсінгісі де келмейтін «адам», «ой», «пікір» деген пәлелерді бейшара бала білмесе білмей-ақ қойсын деп ойлады.

3.1.1976 ж.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға