Жаңалықтар

Ақжан атаның Алтайдағы күндері

1976 жылғы маусым айының орта тұсы. Ол кезде Катонқарағай аудандық радио редакциясының жауапты редакторы болып істеп жүргем. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 2-курсында сырттай оқимын. Бір күні аудандық атқару комитетінің төрағасы Ермак Абушаев өзіне шақыртты. Бардым. – Облыстық атқару комитетіндегі басшылар телефон соқты. Жақында біздің ауданға Алматыдан қадірлі бір ақсақал келіп қайтпақшы екен. Маралшылармен, шопандармен жүздесіп, әңгімелеспекші көрінеді. Бірер күн болатын шығар. Журналист ретінде осы шаруаны өзіңе тапсырғалы отырмын. Қайда апарасың, кімдермен жүздестіресің? Жоспарыңды жасап, дайындала бер, ол кісі келген соң шақыртамын, – деді Ермак Құсайынұлы. – Аты-жөні кім екен? – деп сұрадым. – Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. Естуің бар ма еді? – деді Ермак Құ­сайын­ұлы. – Жасы жетпістерде. Өте беделді адам сияқты. Облыстағылар ерекше тапсырып отыр. – Сырттай есіміне қанықпын. Көр­меген адамым, – дедім. Есіме түсе қалды. Ақжан Ма­ша­нов­тың есімі маған «Білім және еңбек» журналында шығып тұра­тын мақалалары мен қиял-ғажайып әңгімелерінен және соңғы жылдарда республикалық баспасөз беттерінен үзбей көрініп жүрген Әл-Фараби туралы шығармаларынан таныс болатын. Төрағадан шыққан соң кітапханаға арнайы барып, Ақжан Машанов туралы деректерді қарастырдым. Ол – қазақ­тың кен-металлургия институтын алғашқы бітірушілердің бірі, соның қабырғасында жарты ғасыр бойы ұстаз­дық еткен, көптеген білікті инженерлер тәрбиелеген. Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының іргетасын қаласып, тұң­ғыш мүшелері қатарында болып, бірнеше жаңа кен орындарын ашып, әдебиетімізде ғылыми-қиялдық жанрға жол салған, ұлы бабамыз Әл-Фарабиді туған топырағына қайтарған, Әл-Фараби мен Абай арасындағы тағылымдық байланысты тапқан ғалым, профессор екенін оқып білдім. Бірнеше күннен кейін аудандық атқару комитеті төрағасының каби­нетінде Ақжан атамен жүзбе-жүз кез­дестік. Шашын тақыр қылып алдырған, басында кепеші бар, салиқалы, иман жүзді адам екен. Жанында бір жас жігіт бар, Ақаңның сумкасын көтеріп жүр. «Аспирантым», деді. Аты есімде қалмапты. Таныстық-білістіктен соң: – Ақжан Жақсыбекұлы, Шы­ғыс­тағы екінші Швейцария атанған Катонқарағай жеріне қош келдіңіз! Бұйымтайыңызды айта отырыңыз? Сіздің келетініңізді облыстық атқару комитетіндегі басшылар ескерткен, – деп Ермак Құсайынұлы ауданның жай-күйі туралы айта келіп, сапарлас болатындармен таныстырды. – Ауданның қай шаруашылығына барамын десеңіз де еркіңіз. Сізді мына отырған екі жігіт алып жүреді. Біріншісі, – деді мені көрсетіп,  – журналист Қайырды Назырбаев. Ол болған жерлеріңізде адамдармен жолықтырады, еңбеккерлермен кез­де­сулеріңізді ұйым­дас­тырады. Жол­басшыңыз болады. Екіншісі, аудандық аурухананың бас дәрігері Шәкірт Дүсіпов деген азамат. Ол жуықта ғана алған су жаңа «УАЗ» автомашинасымен таулы-тасты, қиын жолдармен алып жүріп, денсаулығыңызға қарайды, – деді төраға. – Осы Катонқарағайдың өзінде болмасам да, іргелес жатқан Лениногор-Риддерде қырқыншы жылдары инженер-маркшейдер болып қызмет істегем. Сіздерде Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ бұғы-марал деген аса қасиетті жануарлар өсіріледі. Олардың мүйізінен адамды жасартатын өте күшті дәрі-дәрмек жасалады екен. Мүмкіндік болса мен содан аздап алсам деп келіп едім. Алматыдағы орталық дәріханаларда өте білікті фармацевт достарым бар. Соларға дәрі жасатпақ ойым бар еді. Жас болса жетпістен асып барады, көмектеспесе, зияны жоқ шығар, – деді Ақжан ата. Ермак Құсайынұлы маған қарады. Мен: Ақжан ата, дұрыс айтасыз. Бұл күндері ауданның үш марал совхозында да бұғы мүйізі кесіліп жатыр. Мен олардағы жағдайды сұрастырып білдім. Алайда, жаздың ыстық кү­нінде жаңадан кесілген мүйізді қанын сорғалатып Алматыға жеткізе алмайсыз ғой. Бүлініп кетеді. Кесілген мүйізді алдын-ала әлденеше рет белгілі бір температурада қайнаған ыстық суда ұстап, консервілеген соң ғана дәрі жасауға болады. Оның өзіндік технологиясы бар. Сондықтан, қазір оны алып жүру мүмкін емес, тек қана мүйіз кесу процесін көрем десеңіз, барайық, дедім. – Мүйізді қазір алып жүруге болмаса, тау басындағы марал совхозына бармай-ақ қояйық. Онда бір-ақ қонамыз да қайтамыз. Қайда апарсаңдар да еріктерің білсін, – деді Ақжан ата. – Мына Қайырды Алматыдағы КазГУ-де сырттай оқиды. Күзде сес­сияға барғанда ала барады, қанша бол­сын беріп жібереміз, – деді Ермак Құсайынұлы. Осыған келістік те, жолға шықтық. Қонағымызды өзімнің туған жерім, Өрел совхозының Еңбек бөлімшесіндегі Тарбағатай жайлауындағы жылқы­шы­лар мен шопандарға апаруды ұйғардым. Бір күн бұрын келісіп қойдым. Ау­дан орталығы Катонқарағайдан 45 ша­қы­рым жердегі Еңбек бөлімшесіне келіп, жолбасшылыққа бөлімше есепшісі Зей­нол­да Төлегеновті қосып алдық. Зекең жасы елулерге таяп қал­ған, ақ көңіл, әңгі­мешіл, ақжарқын кісі еді. Жайлау мы­на тұрған таудың арғы жағында. Оған дейін бірталай жер. Оншақты шақырымнан соң машина жолы солға бұрылып, тікесінен тауға қарай тартты да, бұрылыс-бұры­лыстағы тау бұлағынан өтіп, текше-текшелерден бұрылып, өрлеп отырып ирек жолға түстік. Сәлден соң кіші текшедегі алаңқайға тоқтап, көк шалғынға дастарқан жайып, қымыз іштік. Жан-жағымыз сабалақ-сабалақ самсаған қарағай, долантопшы, қалың жыныс тайга басталған. Таудың біз беттеген солтүстік беті тұтас орман, құз-жартас. Қарақат, барбарис дегенің жол шетінде иіліп, басын көтере алмай құлап жатыр. Мынау тауды өрлеп шығып келе жатқан жолымыз «Ирек» деп аталады. 1914-1915 жылдары бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен австрия-венгер тұтқындары қайламен қазып салған. Осы жолмен Марқакөлге дейін баруға болады. Ертеректе салт атты солдаттар әрілі-берілі шекара шебін күзетіп жүріп тұратын. Марқакөлден әрі қарай Қытай жері жатыр, деп жер жағдайымен таныс­тырып жатырмыз. Ең соңғы он үшінші ирекке келгенде тоқтап, бәріміз машинадан түстік. – Бұл жерді жергілікті тұрғындар «Солдат құлаған» деп атайды. Бағанағы айтқан Марқакөл мен Өрелдегі комендатура арасында қысы-жазы осы жолмен жүріп тұратын солдаттардың біреуі қыстыкүні осы жардан терең құзға ат-матымен құлап кетіп, қаза болыпты деседі. Содан бері осы ара «Солдат құлаған» деп аталады, – деп естіген жайды айтып жатырмыз. Сәлден соң «Оба» деп аталатын осы Тарбағатай жотасының ең биігіндегі жолға тоқтадық. Солтүстік жақта төменде созыла аққан Бұқтырма өзені, шұбатылған машина жолы, әр тұста топтана орналасқан ауылдар, алыста Шабанбай жайлауы, тура тұсымызда Оралханның Шыңғыстай ауылы жатыр. Ертеректе қуғын-сүргін кезінде ел-жұрттан амалсыз айырылып, Қытайға қашқан есіл ерлеріміз туған жерін сағынып: «Қаратайдай ел қайда, Шабанбайдай жер қайда?!» деп аһ ұрған екен ғой. 1907 жылдары осы Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыстың салдырған мектебін көреміз деп алыс-жақыннан ат сабылтып келгендар аз болмаса керек. Біздер оңтүстікке қарай сай-сайды қуалап отырып, еңістегі Тарбағатай жазығына түсіп, солға қарай тарттық. Оң жағымызда қалың жыныс қарағайлы тау етегін жағалай «Қара қаба» өзені ағып жатыр. Сол жағымызда «Асусай», «Құрсай», «Бүркіт ұясы», «Қоңқай», «Талдыбұлақ», «Қос жүрек» секілді біздің елдің жазғы жайлаулары қалып барады. Күн кіші бесінге қарай еңкейгенде біз «Шұбартөсте» отырған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, атақты жылқышы Кеңесбек Мерғазиннің киіз үйінің қасына кеп тізгін тарттық. Дәл бие сауымының үстіне келіппіз. Кеңесбек зайыбы Нүрсия екеуі желі басында құлындарды кезек-кезек ұстап, бие сауғызып жүр екен. – Жол болсын! Төрлетіңіздер! Киіз үйге кіріңіздер, – деп жылқышылар бәйек болып жатыр, қонақ келсе бір жасап қалатын қонақжай әдеттерімен. – Ауданның бас дәрігерін де көретін күн болады екен-ау, деп Нүрсия жеңгеміз терапевт-дәрігер Шәкіртке қалжыңдап жатыр. Өзімнің туып-өскен ауылымның адамдары болғандықтан маған бәрі де етене таныс, сөздері де, қалжыңдары да жарасымды, сыйлас, сырлас жандар еді бұлар. Дастарқан басында келісіміздің мәнісін айтып, Ақжан атамен таныстырып жатырмыз. Одан әрі әңгіме тиегі ағытылды. – Мен өзі геологпын ғой. Институтта кен инженерлерін дайындаймыз. Мен Ақбастау-Құсмұрын кенін алғаш ашқан адаммын. Ол – Семейден 300, Баршатастан 60 шақырым жерде. Ақ­бастау – Жосалы – Көкпекті – Құсмұрын желісі жүлгелес жатқан алтынды аймақ. Ол жерден жылына бір центнерден алтын алынып отырған, дүние жүзіндегі үлкен кен орындарының бірі. Елуінші жылдардан бастап Әл-Фараби мұрасын жинауға кірістім. Жасым келіп қалған кезде араб тілін үйреніп, «Екінші Аристотельдің» екі томдық еңбегін, ол туралы жазылған бірнеше кітаптарды қолға түсіріп, оны түбегейлі зерттеуге кірістім. Менің бұл талабымды Қаныш Сәтбаев қатты қолдап, еңбектерімнің Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан басылып шығуына қол ұшын берді. Мысырдағы Шам шаһарында жатқан Әл-Фарабидің сүйегін тауып, оның қазақтың ғұламасы екендігі туралы «Әл-Фараби және Абай» атты кітабымда толық баяндадым. Мұны дүние жүзінің ғалымдары мойындап, 1973 жылы Алматыда өткен халықаралық конференцияда баяндама жасау құқығына ие болдым, – деп Ақжан ата өзі жайлы кеңірек айтып берді. Шай ішіліп, қымыздан ауыз тиіп болған соң сыртқа шығып, сарқырап ағып жатқан мөлдір тау бұлағының жағасына сырмақ жайып тастап, әңгіме тиегін ағыттық. Қарсы бетте «Қара қаба» өзенінің арғы жағындағы қалың қарағай өскен беттің арғы бетінде ша­руа­шылықтың «Татан», «Мұзбел», «Ал­тықыз», «Таңатар», «Алатай», «Қарасаз», «Астауша», «Мәметек» атты жайлаулары жатқанын, жаз уақытында онда бірнеше отар қой, бойлақ жылқылар жайлайтынын білгенімізше айтып жатырмыз. Жаңа ғана өзіміз басып өткен «Қоңқай» деген таудың тұмсығында, «Қара қабаның» оң жағында ертедегі сақтардың көптеген зерттелмеген обалары жатқанын, таудағы «таздың» үстінде де қорғандар барын жылқышылар айтып берді. Кешке қарай маңайдағы малшылар түгелге жуық жиналып, Ақжан атаның әңгімесін тыңдады. Ол кезде малшылар кітапты көп оқитын, «Жұлдыз» журналы екінің бірінің қонышында жүретін кез. Түн ортасы ауып бара жатса да сұрақтар қойылып, әңгіме айтылып жатыр. Бір уақытта ойдағы ауылдың шығыс жағындағы «Сарноқай» асуымен тура асып салт атты екі жылқышы жігіт Әлмұхан Қанапин мен Сайран Сахариев келді. Олардың «Мұзбелдегі» бойлақ жылқы бағып жатқан жігіттерді ауыстыруға кетіп бара жатқан беті екен. Осы жылқылы ауылға бір қонып алып, ертең әрі қарай кетпек. Екеуінің де аздап ұрттағандары бар, ауылдан қызу шықса керек. Өздері кітапты көп оқитын, көздері ашық жігіттер еді. Оның үстіне Әл-Фараби туралы оқығандары да аз емес екен. Ақжан атамызға сұрақты үсті-үстіне қойып жатыр. Әңгіменің қызығына түскендер үркер төбеден ауып, таңғы сағат үш болғанда әрең тарқасты. Жайлаудағы жұлдызды түн, Ақжан атаның қызықты әңгімесі, оның қоңыр дауысы есімізде қалды. Таңертең ерте тұрып жылқышылар желіге құлындарын байлаған соң, шайға отырдық. Түндегі ауылдан келген жыл­қы­шы жігіттер ертерек аттанып кеткен екен, көрінбеді. Түндегі екі қара философ жігіт қайда, деп сұрады Ақжан ата. Олар тау асып кеткенін айттық. Дегенмен, өздері білімді жігіттер екен. Кітапты көп оқитындары көрініп тұр, деді ризалық білдіріп. Нүрсия жеңгемізге Ақжан ата тұмар жазып берді. Дастарқандарың берекелі, ықыластарың мол, ниеттерің таза жандар екенсіңдер. Еңбектеріңнің жемі­сін көріп, ел-жұрттарыңның игілігіне бө­леніңдер, деп батасын берді. Бір қызығы, Ақжан ата өзі отырған дастарқан басына арақ-шарап жолатпайды екен. – Алтайдың бал татыған сары қы­мы­зын дәм деп Алматыға ала кетіңіз, – деп Кеңесбек қымыз құйылған жиырма литрлік канистрді жүрерімізде машинаға әкеп салып берді. Біз жайлаудан түскен соң жолшыбай Зейнолланы Еңбектегі үйіне апарып тастап, аудан орталығына бет түзедік. Ол кезде облыс орталығы Өскемен мен Катонқарағай арасында күніне екі-үш рет «АН-2» самолеті ұшып тұратын. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мақұлбек Әлхамов екінші рейспен келген самолетті ұшырмай, күтіп отыр екен. Біз тура аэропортқа келдік те қадірлі қонағымызды самолетке отырғызып, разы-қош айтып аттандырып салдық. …Қыркүйек айында күзгі сессияға Алматыға барғанда Ақжан атаға телефон шалып едім, сенбі күні үйге кел, деп мекен-жайын берді. Келісілген уақытта курс­тас досым Сәдібек Түгеловті ертіп, жетіп бардым. Атамыз төрт бөлмелі кең үйінде құшақ жая қарсы алды. Жасы отыздардан асқан етжеңді, қараторы жеңешеміз Жамал дастарқан жайып, қатты күтті. Жаздағы келісім бойынша бұғының кептірілген мүйізінен апарып бердім. Оған риза болып, рақметін айтты. Үй толы кітап екен. Шетінен көрсетіп, таныстырып жатыр. Үйдегі жеңешеміз екеуі қосалқы автор болып шығарған бір кітабын да көрсетті. Ол «Ғажайып от құшағында» деп аталады екен. Біз әңгіме-дүкен құрып бірталай отырып қайттық. – Үй осы, келіп тұрыңдар, деді Ақжан атамыз кетерде. Түркі тілдес халықтардың ғылыми-мәдени тамырластығын қазған, ислам дінінің ғылыми мәнін пайымдаған терең зерттеулер жазған, екі жүз елуден астам ғылыми еңбек жариялаған, геология саласында «жер механикасы» деп аталатын соны соқпақ тартқан ғұлама, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани жасы тоқсаннан асқанда дүние салды. Ғибратты ғұмыр иесі Ақжан атамен болған осы бір кездесуді әне-міне жазармын деп жүріп ұзатып алған сияқтымын. Соның сәті енді түскендей. Қайырды НАЗЫРБАЕВ
14.11.2013 06:36 4437

1976 жылғы маусым айының орта тұсы. Ол кезде Катонқарағай аудандық радио редакциясының жауапты редакторы болып істеп жүргем. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 2-курсында сырттай оқимын. Бір күні аудандық атқару комитетінің төрағасы Ермак Абушаев өзіне шақыртты. Бардым.

– Облыстық атқару комитетіндегі басшылар телефон соқты. Жақында біздің ауданға Алматыдан қадірлі бір ақсақал келіп қайтпақшы екен. Маралшылармен, шопандармен жүздесіп, әңгімелеспекші көрінеді. Бірер күн болатын шығар. Журналист ретінде осы шаруаны өзіңе тапсырғалы отырмын. Қайда апарасың, кімдермен жүздестіресің? Жоспарыңды жасап, дайындала бер, ол кісі келген соң шақыртамын, – деді Ермак Құсайынұлы.

– Аты-жөні кім екен? – деп сұрадым.

– Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. Естуің бар ма еді? – деді Ермак Құ­сайын­ұлы. – Жасы жетпістерде. Өте беделді адам сияқты. Облыстағылар ерекше тапсырып отыр.

– Сырттай есіміне қанықпын. Көр­меген адамым, – дедім.

Есіме түсе қалды. Ақжан Ма­ша­нов­тың есімі маған «Білім және еңбек» журналында шығып тұра­тын мақалалары мен қиял-ғажайып әңгімелерінен және соңғы жылдарда республикалық баспасөз беттерінен үзбей көрініп жүрген Әл-Фараби туралы шығармаларынан таныс болатын.

Төрағадан шыққан соң кітапханаға арнайы барып, Ақжан Машанов туралы деректерді қарастырдым. Ол – қазақ­тың кен-металлургия институтын алғашқы бітірушілердің бірі, соның қабырғасында жарты ғасыр бойы ұстаз­дық еткен, көптеген білікті инженерлер тәрбиелеген. Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының іргетасын қаласып, тұң­ғыш мүшелері қатарында болып, бірнеше жаңа кен орындарын ашып, әдебиетімізде ғылыми-қиялдық жанрға жол салған, ұлы бабамыз Әл-Фарабиді туған топырағына қайтарған, Әл-Фараби мен Абай арасындағы тағылымдық байланысты тапқан ғалым, профессор екенін оқып білдім.

Бірнеше күннен кейін аудандық атқару комитеті төрағасының каби­нетінде Ақжан атамен жүзбе-жүз кез­дестік. Шашын тақыр қылып алдырған, басында кепеші бар, салиқалы, иман жүзді адам екен. Жанында бір жас жігіт бар, Ақаңның сумкасын көтеріп жүр. «Аспирантым», деді. Аты есімде қалмапты.

Таныстық-білістіктен соң:

– Ақжан Жақсыбекұлы, Шы­ғыс­тағы екінші Швейцария атанған Катонқарағай жеріне қош келдіңіз! Бұйымтайыңызды айта отырыңыз? Сіздің келетініңізді облыстық атқару комитетіндегі басшылар ескерткен, – деп Ермак Құсайынұлы ауданның жай-күйі туралы айта келіп, сапарлас болатындармен таныстырды.

– Ауданның қай шаруашылығына барамын десеңіз де еркіңіз. Сізді мына отырған екі жігіт алып жүреді. Біріншісі, – деді мені көрсетіп,  – журналист Қайырды Назырбаев. Ол болған жерлеріңізде адамдармен жолықтырады, еңбеккерлермен кез­де­сулеріңізді ұйым­дас­тырады. Жол­басшыңыз болады. Екіншісі, аудандық аурухананың бас дәрігері Шәкірт Дүсіпов деген азамат. Ол жуықта ғана алған су жаңа «УАЗ» автомашинасымен таулы-тасты, қиын жолдармен алып жүріп, денсаулығыңызға қарайды, – деді төраға.

– Осы Катонқарағайдың өзінде болмасам да, іргелес жатқан Лениногор-Риддерде қырқыншы жылдары инженер-маркшейдер болып қызмет істегем. Сіздерде Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ бұғы-марал деген аса қасиетті жануарлар өсіріледі. Олардың мүйізінен адамды жасартатын өте күшті дәрі-дәрмек жасалады екен. Мүмкіндік болса мен содан аздап алсам деп келіп едім. Алматыдағы орталық дәріханаларда өте білікті фармацевт достарым бар. Соларға дәрі жасатпақ ойым бар еді. Жас болса жетпістен асып барады, көмектеспесе, зияны жоқ шығар, – деді Ақжан ата.

Ермак Құсайынұлы маған қарады. Мен: Ақжан ата, дұрыс айтасыз. Бұл күндері ауданның үш марал совхозында да бұғы мүйізі кесіліп жатыр. Мен олардағы жағдайды сұрастырып білдім. Алайда, жаздың ыстық кү­нінде жаңадан кесілген мүйізді қанын сорғалатып Алматыға жеткізе алмайсыз ғой. Бүлініп кетеді. Кесілген мүйізді алдын-ала әлденеше рет белгілі бір температурада қайнаған ыстық суда ұстап, консервілеген соң ғана дәрі жасауға болады. Оның өзіндік технологиясы бар. Сондықтан, қазір оны алып жүру мүмкін емес, тек қана мүйіз кесу процесін көрем десеңіз, барайық, дедім.

– Мүйізді қазір алып жүруге болмаса, тау басындағы марал совхозына бармай-ақ қояйық. Онда бір-ақ қонамыз да қайтамыз. Қайда апарсаңдар да еріктерің білсін, – деді Ақжан ата.

– Мына Қайырды Алматыдағы КазГУ-де сырттай оқиды. Күзде сес­сияға барғанда ала барады, қанша бол­сын беріп жібереміз, – деді Ермак Құсайынұлы.

Осыған келістік те, жолға шықтық. Қонағымызды өзімнің туған жерім, Өрел совхозының Еңбек бөлімшесіндегі Тарбағатай жайлауындағы жылқы­шы­лар мен шопандарға апаруды ұйғардым.

Бір күн бұрын келісіп қойдым. Ау­дан орталығы Катонқарағайдан 45 ша­қы­рым жердегі Еңбек бөлімшесіне келіп, жолбасшылыққа бөлімше есепшісі Зей­нол­да Төлегеновті қосып алдық. Зекең жасы елулерге таяп қал­ған, ақ көңіл, әңгі­мешіл, ақжарқын кісі еді. Жайлау мы­на тұрған таудың арғы жағында. Оған дейін бірталай жер.

Оншақты шақырымнан соң машина жолы солға бұрылып, тікесінен тауға қарай тартты да, бұрылыс-бұры­лыстағы тау бұлағынан өтіп, текше-текшелерден бұрылып, өрлеп отырып ирек жолға түстік. Сәлден соң кіші текшедегі алаңқайға тоқтап, көк шалғынға дастарқан жайып, қымыз іштік. Жан-жағымыз сабалақ-сабалақ самсаған қарағай, долантопшы, қалың жыныс тайга басталған. Таудың біз беттеген солтүстік беті тұтас орман, құз-жартас. Қарақат, барбарис дегенің жол шетінде иіліп, басын көтере алмай құлап жатыр. Мынау тауды өрлеп шығып келе жатқан жолымыз «Ирек» деп аталады. 1914-1915 жылдары бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен австрия-венгер тұтқындары қайламен қазып салған. Осы жолмен Марқакөлге дейін баруға болады. Ертеректе салт атты солдаттар әрілі-берілі шекара шебін күзетіп жүріп тұратын. Марқакөлден әрі қарай Қытай жері жатыр, деп жер жағдайымен таныс­тырып жатырмыз.

Ең соңғы он үшінші ирекке келгенде тоқтап, бәріміз машинадан түстік. – Бұл жерді жергілікті тұрғындар «Солдат құлаған» деп атайды. Бағанағы айтқан Марқакөл мен Өрелдегі комендатура арасында қысы-жазы осы жолмен жүріп тұратын солдаттардың біреуі қыстыкүні осы жардан терең құзға ат-матымен құлап кетіп, қаза болыпты деседі. Содан бері осы ара «Солдат құлаған» деп аталады, – деп естіген жайды айтып жатырмыз.

Сәлден соң «Оба» деп аталатын осы Тарбағатай жотасының ең биігіндегі жолға тоқтадық. Солтүстік жақта төменде созыла аққан Бұқтырма өзені, шұбатылған машина жолы, әр тұста топтана орналасқан ауылдар, алыста Шабанбай жайлауы, тура тұсымызда Оралханның Шыңғыстай ауылы жатыр. Ертеректе қуғын-сүргін кезінде ел-жұрттан амалсыз айырылып, Қытайға қашқан есіл ерлеріміз туған жерін сағынып: «Қаратайдай ел қайда, Шабанбайдай жер қайда?!» деп аһ ұрған екен ғой. 1907 жылдары осы Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыстың салдырған мектебін көреміз деп алыс-жақыннан ат сабылтып келгендар аз болмаса керек.

Біздер оңтүстікке қарай сай-сайды қуалап отырып, еңістегі Тарбағатай жазығына түсіп, солға қарай тарттық. Оң жағымызда қалың жыныс қарағайлы тау етегін жағалай «Қара қаба» өзені ағып жатыр. Сол жағымызда «Асусай», «Құрсай», «Бүркіт ұясы», «Қоңқай», «Талдыбұлақ», «Қос жүрек» секілді біздің елдің жазғы жайлаулары қалып барады.

Күн кіші бесінге қарай еңкейгенде біз «Шұбартөсте» отырған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, атақты жылқышы Кеңесбек Мерғазиннің киіз үйінің қасына кеп тізгін тарттық. Дәл бие сауымының үстіне келіппіз. Кеңесбек зайыбы Нүрсия екеуі желі басында құлындарды кезек-кезек ұстап, бие сауғызып жүр екен.

– Жол болсын! Төрлетіңіздер! Киіз үйге кіріңіздер, – деп жылқышылар бәйек болып жатыр, қонақ келсе бір жасап қалатын қонақжай әдеттерімен.

– Ауданның бас дәрігерін де көретін күн болады екен-ау, деп Нүрсия жеңгеміз терапевт-дәрігер Шәкіртке қалжыңдап жатыр. Өзімнің туып-өскен ауылымның адамдары болғандықтан маған бәрі де етене таныс, сөздері де, қалжыңдары да жарасымды, сыйлас, сырлас жандар еді бұлар. Дастарқан басында келісіміздің мәнісін айтып, Ақжан атамен таныстырып жатырмыз. Одан әрі әңгіме тиегі ағытылды.

– Мен өзі геологпын ғой. Институтта кен инженерлерін дайындаймыз. Мен Ақбастау-Құсмұрын кенін алғаш ашқан адаммын. Ол – Семейден 300, Баршатастан 60 шақырым жерде. Ақ­бастау – Жосалы – Көкпекті – Құсмұрын желісі жүлгелес жатқан алтынды аймақ. Ол жерден жылына бір центнерден алтын алынып отырған, дүние жүзіндегі үлкен кен орындарының бірі.

Елуінші жылдардан бастап Әл-Фараби мұрасын жинауға кірістім. Жасым келіп қалған кезде араб тілін үйреніп, «Екінші Аристотельдің» екі томдық еңбегін, ол туралы жазылған бірнеше кітаптарды қолға түсіріп, оны түбегейлі зерттеуге кірістім. Менің бұл талабымды Қаныш Сәтбаев қатты қолдап, еңбектерімнің Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан басылып шығуына қол ұшын берді. Мысырдағы Шам шаһарында жатқан Әл-Фарабидің сүйегін тауып, оның қазақтың ғұламасы екендігі туралы «Әл-Фараби және Абай» атты кітабымда толық баяндадым. Мұны дүние жүзінің ғалымдары мойындап, 1973 жылы Алматыда өткен халықаралық конференцияда баяндама жасау құқығына ие болдым, – деп Ақжан ата өзі жайлы кеңірек айтып берді.

Шай ішіліп, қымыздан ауыз тиіп болған соң сыртқа шығып, сарқырап ағып жатқан мөлдір тау бұлағының жағасына сырмақ жайып тастап, әңгіме тиегін ағыттық. Қарсы бетте «Қара қаба» өзенінің арғы жағындағы қалың қарағай өскен беттің арғы бетінде ша­руа­шылықтың «Татан», «Мұзбел», «Ал­тықыз», «Таңатар», «Алатай», «Қарасаз», «Астауша», «Мәметек» атты жайлаулары жатқанын, жаз уақытында онда бірнеше отар қой, бойлақ жылқылар жайлайтынын білгенімізше айтып жатырмыз. Жаңа ғана өзіміз басып өткен «Қоңқай» деген таудың тұмсығында, «Қара қабаның» оң жағында ертедегі сақтардың көптеген зерттелмеген обалары жатқанын, таудағы «таздың» үстінде де қорғандар барын жылқышылар айтып берді.

Кешке қарай маңайдағы малшылар түгелге жуық жиналып, Ақжан атаның әңгімесін тыңдады. Ол кезде малшылар кітапты көп оқитын, «Жұлдыз» журналы екінің бірінің қонышында жүретін кез. Түн ортасы ауып бара жатса да сұрақтар қойылып, әңгіме айтылып жатыр. Бір уақытта ойдағы ауылдың шығыс жағындағы «Сарноқай» асуымен тура асып салт атты екі жылқышы жігіт Әлмұхан Қанапин мен Сайран Сахариев келді. Олардың «Мұзбелдегі» бойлақ жылқы бағып жатқан жігіттерді ауыстыруға кетіп бара жатқан беті екен. Осы жылқылы ауылға бір қонып алып, ертең әрі қарай кетпек. Екеуінің де аздап ұрттағандары бар, ауылдан қызу шықса керек. Өздері кітапты көп оқитын, көздері ашық жігіттер еді. Оның үстіне Әл-Фараби туралы оқығандары да аз емес екен. Ақжан атамызға сұрақты үсті-үстіне қойып жатыр. Әңгіменің қызығына түскендер үркер төбеден ауып, таңғы сағат үш болғанда әрең тарқасты. Жайлаудағы жұлдызды түн, Ақжан атаның қызықты әңгімесі, оның қоңыр дауысы есімізде қалды.

Таңертең ерте тұрып жылқышылар желіге құлындарын байлаған соң, шайға отырдық. Түндегі ауылдан келген жыл­қы­шы жігіттер ертерек аттанып кеткен екен, көрінбеді. Түндегі екі қара философ жігіт қайда, деп сұрады Ақжан ата. Олар тау асып кеткенін айттық. Дегенмен, өздері білімді жігіттер екен. Кітапты көп оқитындары көрініп тұр, деді ризалық білдіріп.

Нүрсия жеңгемізге Ақжан ата тұмар жазып берді. Дастарқандарың берекелі, ықыластарың мол, ниеттерің таза жандар екенсіңдер. Еңбектеріңнің жемі­сін көріп, ел-жұрттарыңның игілігіне бө­леніңдер, деп батасын берді. Бір қызығы, Ақжан ата өзі отырған дастарқан басына арақ-шарап жолатпайды екен.

– Алтайдың бал татыған сары қы­мы­зын дәм деп Алматыға ала кетіңіз, – деп Кеңесбек қымыз құйылған жиырма литрлік канистрді жүрерімізде машинаға әкеп салып берді.

Біз жайлаудан түскен соң жолшыбай Зейнолланы Еңбектегі үйіне апарып тастап, аудан орталығына бет түзедік. Ол кезде облыс орталығы Өскемен мен Катонқарағай арасында күніне екі-үш рет «АН-2» самолеті ұшып тұратын. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мақұлбек Әлхамов екінші рейспен келген самолетті ұшырмай, күтіп отыр екен. Біз тура аэропортқа келдік те қадірлі қонағымызды самолетке отырғызып, разы-қош айтып аттандырып салдық.

…Қыркүйек айында күзгі сессияға Алматыға барғанда Ақжан атаға телефон шалып едім, сенбі күні үйге кел, деп мекен-жайын берді. Келісілген уақытта курс­тас досым Сәдібек Түгеловті ертіп, жетіп бардым. Атамыз төрт бөлмелі кең үйінде құшақ жая қарсы алды. Жасы отыздардан асқан етжеңді, қараторы жеңешеміз Жамал дастарқан жайып, қатты күтті.

Жаздағы келісім бойынша бұғының кептірілген мүйізінен апарып бердім. Оған риза болып, рақметін айтты. Үй толы кітап екен. Шетінен көрсетіп, таныстырып жатыр. Үйдегі жеңешеміз екеуі қосалқы автор болып шығарған бір кітабын да көрсетті. Ол «Ғажайып от құшағында» деп аталады екен. Біз әңгіме-дүкен құрып бірталай отырып қайттық. – Үй осы, келіп тұрыңдар, деді Ақжан атамыз кетерде.

Түркі тілдес халықтардың ғылыми-мәдени тамырластығын қазған, ислам дінінің ғылыми мәнін пайымдаған терең зерттеулер жазған, екі жүз елуден астам ғылыми еңбек жариялаған, геология саласында «жер механикасы» деп аталатын соны соқпақ тартқан ғұлама, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани жасы тоқсаннан асқанда дүние салды.

Ғибратты ғұмыр иесі Ақжан атамен болған осы бір кездесуді әне-міне жазармын деп жүріп ұзатып алған сияқтымын. Соның сәті енді түскендей.

Қайырды НАЗЫРБАЕВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға