Жаңалықтар

Сәкеңнің достыққа, сырға беріктігіне мысалдар көп

Сәкеңнің достыққа, сырға беріктігіне мысалдар көп. Оны Сәкеңмен, Сәкеңнің аяулы ұлы, кенжесі Санжармен қоштасуға арналған Жазушылар одағындағы қаралы жиында қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкеңнің жан досы Темірхан Медетбек «Менің қара сейфім еді» деген бейнелі теңеумен жеткізді. Адамға деген кіршіксіз сеніміне және бір мысал келтірейін. Астанада Мұрат Ерғалиев деген курстас досы тұрады. Келген сайын сол досына соқпай кетпейді. Екеумізді таныстырып, табыстырып жүретін. Оны маған мақтап, өзі филологияның орыс бөлімін бітірсе де, қанша дегенмен тәрбие көрген, атақты ақынның баласы ғой, ұлтына бүйрегі бұрып тұрады дейтін. Ал кейін Мүкеңнен естуім бойынша Сәкең оңашада досына менің мақтауымды жеткізіп, маған қалай сенсең, Орынбекке де солай сен дейді екен. Өзім деген адамдарын бір-біріне жақындатып, бір-біріне табыстырып жүретін қайран Сәкеңнің сонау жас кезіндегі мінезі еш өзгеріссіз қалғанын сонда білдім.     Көрнекті әдебиетші, біртуар азамат Асқар Сүлейменов Сәкеңнің туған нағашысы. Кезінде Сәкеңнің арқасында ол кісімен бірер рет тілдескенім де бар. Тіпті маған суретін сыйлап, сурет сыртына мынадай деп жазып та берген: «Естай деген адам емес көккөз подлецтің адам інісіне». Естай көкем Асқардың туған жездесі ғой. Сондықтан өзіне ғана тән усойқы тілмен қазақы қалжың көңілін білдіріп отыр. Сәкеңнің нашар әдебиетші болуға хақының жоқтығы нағашысынан жұғысты болды ма екен деген ой келеді. Қалай болғанда да Сәкеңнің қазақ әдеби сынында өзіндік өрнек қалдырғаны анық. Менде Сәкеңнің өзі қолтаңба қойып, сыйға тартқан барлық кітаптары сақтаулы. Тіпті 2001 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Сын әуені», 2003 жылы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы» деген кітаптарын шығаруға тікелей атсалысып, басы-қасында жүрдім. Сәкеңнің кітаптарын парақтасам, оның әдебиеттің сын жанрындағы жарқылын анық аңғарғандай боламын. Мық шегедей мығым сөз саптауларын былай қойғанда «Сын пернесі», «Сын әуені», «Сын симфониясы» тағы басқа жинақтарындағы әрбір туындысына қойған тақырыптарының өзі тосын дүниедей тереңіне тартып ала жөнелерін қайтерсің. Олардың бір парасы мынадай болып келеді: «Эллиндік тұлғаның ғажайып галактикасы», «Титан талант – тұрлаулы өнер», «Алатау мен Айсберг феномені», «Лазер сәулелі, секвойя ғұмырлы жырлар», «Көтеріліс және көркемдік танымдар генетикасы», «Қазақ күлкісінің Олимпі», «Адам сұлулығы – суреткер протоплазмасы», «Сиқыр сезімдер симфониясы» тағысын тағылар. Міне бұл нағыз парасат иесінің, әдебиетті өнер деп түсініп, соның көркемдік әлеміне көкбалықтай терең сүңгіп, жауһарларын іліп алып, жарқырата көрсете білген хас таланттың сөз саптауы. Сәкеңнің әдеби зертханасын зерделеп, оның тұщымды ойларына талдау жасалар кез алда деген ойдамын. Сәкеңді соңғы рет қайтыс боларынан екі апта бұрын көрдім. Бір шаруаларымен Астанаға келген екен. Әдеттегідей біздің үйге соқты. Мені қасына ертіп алып, сәлем беруге нағашысының үйіне барды. Нағашысы Рақым Мұсаев осыдан ондаған жылдар бұрын институт бітіріп, жолдамамен Целиноградқа келіп, осында тұрақтап қалған көрінеді. Бүгінде зейнет жасындағы үбірлі-шүбірлі нағашысы қатты қуанды. Сәкең нағашысына сөмке ұсынып, сәлем бере келгенін, түсіне кіріп жүргенін айтты. Нағашысы Сәкеңмен ананы-мынаны әңгімелеп, ұзақ дидарласты, екеуі қимай қоштасты. Ертеңіне Сәкеңді пойызға шығарып салдым. Сәкең жуырда «Өнер» баспасынан Қалтай Мұхамеджанов жөнінде жазған кітабының жарық көретінін, оның бір данасын маған міндетті түрде сыйға тартатынын жеткізді. Екеуміз құшақтасып тарқадық. Енді ойласам, бұл жаны жаннатта болғыр қайран Сәкеңнің ақырғы сапарға аттанарда біздермен қоштасып жүрген сәті екен ғой. Дүниенің адам болжап біле алмайтын, бір Аллаға ғана аян ғайыптығы осы емес пе?! Орынбек Жолдыбай
23.07.2013 04:25 4017

Сәкеңнің достыққа, сырға беріктігіне мысалдар көп. Оны Сәкеңмен, Сәкеңнің аяулы ұлы, кенжесі Санжармен қоштасуға арналған Жазушылар одағындағы қаралы жиында қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкеңнің жан досы Темірхан Медетбек «Менің қара сейфім еді» деген бейнелі теңеумен жеткізді.

Адамға деген кіршіксіз сеніміне және бір мысал келтірейін. Астанада Мұрат Ерғалиев деген курстас досы тұрады. Келген сайын сол досына соқпай кетпейді. Екеумізді таныстырып, табыстырып жүретін. Оны маған мақтап, өзі филологияның орыс бөлімін бітірсе де, қанша дегенмен тәрбие көрген, атақты ақынның баласы ғой, ұлтына бүйрегі бұрып тұрады дейтін. Ал кейін Мүкеңнен естуім бойынша Сәкең оңашада досына менің мақтауымды жеткізіп, маған қалай сенсең, Орынбекке де солай сен дейді екен. Өзім деген адамдарын бір-біріне жақындатып, бір-біріне табыстырып жүретін қайран Сәкеңнің сонау жас кезіндегі мінезі еш өзгеріссіз қалғанын сонда білдім.    

Көрнекті әдебиетші, біртуар азамат Асқар Сүлейменов Сәкеңнің туған нағашысы. Кезінде Сәкеңнің арқасында ол кісімен бірер рет тілдескенім де бар. Тіпті маған суретін сыйлап, сурет сыртына мынадай деп жазып та берген: «Естай деген адам емес көккөз подлецтің адам інісіне». Естай көкем Асқардың туған жездесі ғой. Сондықтан өзіне ғана тән усойқы тілмен қазақы қалжың көңілін білдіріп отыр.

Сәкеңнің нашар әдебиетші болуға хақының жоқтығы нағашысынан жұғысты болды ма екен деген ой келеді. Қалай болғанда да Сәкеңнің қазақ әдеби сынында өзіндік өрнек қалдырғаны анық.

Менде Сәкеңнің өзі қолтаңба қойып, сыйға тартқан барлық кітаптары сақтаулы. Тіпті 2001 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Сын әуені», 2003 жылы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы» деген кітаптарын шығаруға тікелей атсалысып, басы-қасында жүрдім.

Сәкеңнің кітаптарын парақтасам, оның әдебиеттің сын жанрындағы жарқылын анық аңғарғандай боламын. Мық шегедей мығым сөз саптауларын былай қойғанда «Сын пернесі», «Сын әуені», «Сын симфониясы» тағы басқа жинақтарындағы әрбір туындысына қойған тақырыптарының өзі тосын дүниедей тереңіне тартып ала жөнелерін қайтерсің. Олардың бір парасы мынадай болып келеді: «Эллиндік тұлғаның ғажайып галактикасы», «Титан талант – тұрлаулы өнер», «Алатау мен Айсберг феномені», «Лазер сәулелі, секвойя ғұмырлы жырлар», «Көтеріліс және көркемдік танымдар генетикасы», «Қазақ күлкісінің Олимпі», «Адам сұлулығы – суреткер протоплазмасы», «Сиқыр сезімдер симфониясы» тағысын тағылар. Міне бұл нағыз парасат иесінің, әдебиетті өнер деп түсініп, соның көркемдік әлеміне көкбалықтай терең сүңгіп, жауһарларын іліп алып, жарқырата көрсете білген хас таланттың сөз саптауы. Сәкеңнің әдеби зертханасын зерделеп, оның тұщымды ойларына талдау жасалар кез алда деген ойдамын.

Сәкеңді соңғы рет қайтыс боларынан екі апта бұрын көрдім. Бір шаруаларымен Астанаға келген екен. Әдеттегідей біздің үйге соқты. Мені қасына ертіп алып, сәлем беруге нағашысының үйіне барды. Нағашысы Рақым Мұсаев осыдан ондаған жылдар бұрын институт бітіріп, жолдамамен Целиноградқа келіп, осында тұрақтап қалған көрінеді. Бүгінде зейнет жасындағы үбірлі-шүбірлі нағашысы қатты қуанды. Сәкең нағашысына сөмке ұсынып, сәлем бере келгенін, түсіне кіріп жүргенін айтты. Нағашысы Сәкеңмен ананы-мынаны әңгімелеп, ұзақ дидарласты, екеуі қимай қоштасты.

Ертеңіне Сәкеңді пойызға шығарып салдым. Сәкең жуырда «Өнер» баспасынан Қалтай Мұхамеджанов жөнінде жазған кітабының жарық көретінін, оның бір данасын маған міндетті түрде сыйға тартатынын жеткізді. Екеуміз құшақтасып тарқадық.

Енді ойласам, бұл жаны жаннатта болғыр қайран Сәкеңнің ақырғы сапарға аттанарда біздермен қоштасып жүрген сәті екен ғой. Дүниенің адам болжап біле алмайтын, бір Аллаға ғана аян ғайыптығы осы емес пе?!

Орынбек Жолдыбай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға