Жаңалықтар

Сәкеңнің сырт болмысы бірде арсың-гүрсің, бірде адуынды, бірде жайдары, кейде түнеріңкі көрінгенімен

Сәкеңнің сырт болмысы бірде арсың-гүрсің, бірде адуынды, бірде жайдары, кейде түнеріңкі көрінгенімен, жаны нәзік еді. Бірақ оны ешуақытта сездірмейтін. Қайта керісінше, қаталдау, сұстылау адам екенін дәлелдегісі келетіндей кейіп танытып жүретін. Адамға сүзіле, шаншыла қарап, қыңырлау сөйлеп отыратын кездері болатын. Оны дәл сол болмысында көріп, дәл сол күйінде қабылдағандар, бәлкім, Сәкеңнің мінезі жайсыздау деп те ойлап қалатын шығар. Ал шын мәнінде Сәкеңнің жан-жүрегі нәзік болатын. Бұл әдебиетшілердің көпшілігіне тән қасиет. Сәкең жанының нәзіктігіне өз басымнан бір мысал келтірейін. Жас кезімде өлең жаздым. Мектепте оқып жүрген жылдары қалалық, облыстық газеттерде, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде өлеңдерім жарияланды. Осыларды малданып, қалың бір дәптер өлеңімді Сәкеңе көрсетпеймін бе. Сәкең өлеңдерімді қарап шығып, өлең жазғаннан кейін Қадыр Мырзалиев құсап жазу керек, әйтпесе тоқтату керек деп бір-ақ кесті. Сәкеңнің осы сөзі себеп болды ма, жоқ әлде кейіннен оларды «Лениншіл жас» газетінің редакциясына апарып тапсырып, соңынан сол қалың дәптер ұшты-күйді жоғалып кеткен соң көңілім қалды ма, мен өлең жазуды қойып кеттім. Арада жылдар өткенде біздің үйдегі оңаша дастархан басында Сәкеңнің сол айтқан сөздерін есіне алып, сенің обалыңа қалдым деп өкінбесі бар ма. Жоқ Сәке, өлеңді өзім қойып кеттім деп әрең жұбаттым. Міне бұл Сәкең жаны нәзіктігінің айқын мысалы. Жоғарыда Сәкеңнің бауырмашылдығын айттым. Сәкеңнің бауырмашылдығы туысқандықпен шектелмейтін. Ол Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидамен өмір сүрді. Жолдастарының бәрін бауырындай көретін. Мені қасына ертіп алып Темірхан, Әділбек, Нұрлан, Әшірбек, Махамбет, Аманжол тағы басқа жолдастарын аралап, бірінің туған күнімен, бірінің газетке шыққан әңгімесімен, өлеңдерімен құттықтап, біріне көңіл айтып, енді біріне жай бас сұғып мұрнына су жетпей жүретін. Қазіргі қала әкімшілігінің желке тұсындағы қуықтай-қуықтай екі бөлмелі жер үйіне достары жиі жиналатын. Көбіне әдебиетшілер бас қосып, әдебиет мәселесі қозғалатын. Өзім талай рет куә болған осындай жиындарда ауыздары да, қолдары да сөз сапырудан босамайтын үй толы қауымды ас-сумен қамтамасыз етуді жалғыз өзі жымын білдірмей, қыңқ етпей атқарып жүрген жеңгеміздің сол бір жылдардағы қажыр-қайраты мен төзім-шыдамына қазір таң қалып, бас шайқаймын.
23.07.2013 04:22 3008

Сәкеңнің сырт болмысы бірде арсың-гүрсің, бірде адуынды, бірде жайдары, кейде түнеріңкі көрінгенімен, жаны нәзік еді. Бірақ оны ешуақытта сездірмейтін. Қайта керісінше, қаталдау, сұстылау адам екенін дәлелдегісі келетіндей кейіп танытып жүретін. Адамға сүзіле, шаншыла қарап, қыңырлау сөйлеп отыратын кездері болатын. Оны дәл сол болмысында көріп, дәл сол күйінде қабылдағандар, бәлкім, Сәкеңнің мінезі жайсыздау деп те ойлап қалатын шығар. Ал шын мәнінде Сәкеңнің жан-жүрегі нәзік болатын. Бұл әдебиетшілердің көпшілігіне тән қасиет.

Сәкең жанының нәзіктігіне өз басымнан бір мысал келтірейін. Жас кезімде өлең жаздым. Мектепте оқып жүрген жылдары қалалық, облыстық газеттерде, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде өлеңдерім жарияланды. Осыларды малданып, қалың бір дәптер өлеңімді Сәкеңе көрсетпеймін бе. Сәкең өлеңдерімді қарап шығып, өлең жазғаннан кейін Қадыр Мырзалиев құсап жазу керек, әйтпесе тоқтату керек деп бір-ақ кесті. Сәкеңнің осы сөзі себеп болды ма, жоқ әлде кейіннен оларды «Лениншіл жас» газетінің редакциясына апарып тапсырып, соңынан сол қалың дәптер ұшты-күйді жоғалып кеткен соң көңілім қалды ма, мен өлең жазуды қойып кеттім. Арада жылдар өткенде біздің үйдегі оңаша дастархан басында Сәкеңнің сол айтқан сөздерін есіне алып, сенің обалыңа қалдым деп өкінбесі бар ма. Жоқ Сәке, өлеңді өзім қойып кеттім деп әрең жұбаттым. Міне бұл Сәкең жаны нәзіктігінің айқын мысалы.

Жоғарыда Сәкеңнің бауырмашылдығын айттым. Сәкеңнің бауырмашылдығы туысқандықпен шектелмейтін. Ол Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидамен өмір сүрді. Жолдастарының бәрін бауырындай көретін. Мені қасына ертіп алып Темірхан, Әділбек, Нұрлан, Әшірбек, Махамбет, Аманжол тағы басқа жолдастарын аралап, бірінің туған күнімен, бірінің газетке шыққан әңгімесімен, өлеңдерімен құттықтап, біріне көңіл айтып, енді біріне жай бас сұғып мұрнына су жетпей жүретін. Қазіргі қала әкімшілігінің желке тұсындағы қуықтай-қуықтай екі бөлмелі жер үйіне достары жиі жиналатын. Көбіне әдебиетшілер бас қосып, әдебиет мәселесі қозғалатын. Өзім талай рет куә болған осындай жиындарда ауыздары да, қолдары да сөз сапырудан босамайтын үй толы қауымды ас-сумен қамтамасыз етуді жалғыз өзі жымын білдірмей, қыңқ етпей атқарып жүрген жеңгеміздің сол бір жылдардағы қажыр-қайраты мен төзім-шыдамына қазір таң қалып, бас шайқаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға