Жаңалықтар

Фариза мен Маржанның жыр-айтысы

Назарларыңызға қазақтың ақын қыздары Фариза Оңғарсынова мен Маржан Ершудің жыр-айтысын ұсынамыз. Бұл жыр- айтысты қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңаша бір форма десе де болады. Оқырманға салары ойы көп, көңілге түйгенге берері мол бұл жыр-айтысты өзара сыйластық пен құрметтің үлгісі деуге әбден болады. ФАРИЗА: Ей, өнер қуған жарқыным! Өлең қуған жарқыным! Жатқаның мынау тұнжыр түндерде, Ұйқыға батып балбырап. Осындай дәурен туғанда саған Хакың жоқ сенің қалғымақ. ...Ұйқыңды аш , кәне, Сөзіме менің сал құлақ. Ақ найза алмас жырымды менің Қалғандай бүгін тот басып, Тұратын еді-ау от шашып...   МАРЖАН: Апа-ау, енді не дейін?! Аузыңды ашсаң – Көрінеді –ау көмейің. Сауыт киген сіз Махамбет болсаңыз Атыңды ерттеп, Садағыңды берейін. Қолтығыңнан демейін. Қиқу салып шаба бер Құйыныңа ерейін...   ФАРИЗА: Өрім жас албырт ұрпағым, Өмірдің құштың нұр таңын. Азаттық, еркін заманда, Еркелей қарап ғаламға Өрлерге талмай шырқадың. Қатыгез-қабақ тірліктің Көрмедің боран-бұрқағын. Бақытыңа мынау мас болып Ұмытпағайсың жыр –қамын...   МАРЖАН: Жалғанын сездім жалғанның, Жанына жақын барып ем. Қаңғырып қайда қалған мұң Жерініп кетті бәрінен. Сүйгені оның биік-ті, Биікте күні күйіп тұр. Арқасын ысып ызғырық Қанаты сүйем сыныпты. Күндікшіл-тілек арымай, Қос өкпеден қысты ма? Қауызға сыймас тарыдай Желпініп желге ұшты ма? Жоғалды, бәлкім , сүрінді, Көз байлап көздер бұрымды. Жағыңды жұтып жырынды Сенімі кімге бұйырды? Төзімді үрлеп , ұр қамшы, Қасарып қайта қарғы үміт! Сырғыған сырын бір тамшы Сия-сауытта қалдырып...   ФАРИЗА: Балауса балғын лапылдап тұрған шағың бұл, Айналаң тұнған сағым-нұр. Қара халықтың қамы үшін жауға Жалын жастығын ұрлатып, Егеулі найза қолға жортқан түн қатып Бабаңды бүгін, ұрпағым болсаң табындыр!   МАРЖАН: Қара түн! Қабағыма қара мұң ілген, Көзімнен сырғып барасың. Тарғыл тастар-ай! Табаным күйген Тар мекеніңде қаласың. Жұлдыз сырғанайды. Қансырай жаңбыр, Жүректің тырнап жарасын. Жанардан аққан тамшыдай-тағдыр Қып-қызыл оттай жанасың. Қарашық қаңғып қаңтарылған ой, Қақсыған қара қазандай. Көк кезіп, жерде аңтарылдым ғой Арманды жырды жаза алмай. Қызынды тәнім, өртенді жаным, Дүрсілдей соқты қу жүрек. Зарлы көңілді запырандарым Удай ашытып күйдіред! Қара түн! Маған қанжарыңды бер! Өз ішімді өзім жарайын. Ағыстай аққан арманымды көм Өз қанымды ішіп қанайын. Қамсыз қара түн! Кірпігіңді қақпа! Құсамды саған ақтарам. Арғымақ-ойлар жүгеніңді сақта Алысқа мен де аттанам. Таң қалармысың таңдайды қағып, Жанары жасыл тағыдай әлем!  Қызыл тілімнің қаймағын жағып Қанымнан өндірем, Өлең!   ФАРИЗА: Ей, өлең қуған жарқыным! Өнер қуған жарқыным! Өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын. Бұл жұмыр жерде ұлымын дейтін халық көп. Көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын. Сенің қамыңмен рахаттан безген бабалар Тым болмағанда көрінде тыныш Жатсын-ау десең шалқығын...   МАРЖАН: Құртамын деп көзімнің қарашығын, Қайғы деген қаптады қара шыбын. Қалтыраған кезімде қайрат қосқан Қазақтың қара өлеңі жанашырым. Қап, қап-ай! Қай заманда үйеледің, Қарғып тұрып өзіңе сүйенемін. Қаратаудың басынан ауған кезде Қаусап қалған екен-ау түйелерің. Көзін жасын бекерге ағызбадық, Бар сендерге беретін қарыздарым. Атандардың белінде ажал тапқан Аталарым ақ басты абыздарым! Аялап жүруші едік бір үмітті, Аталар да, атан да тіріліпті. Салт-дәстүрім сарбаздай сапқа тұрып Жасап жатыр жасампаз ірілікті. Тарихымды таптаған тау бұзылды, Санап шығу мүмкін бе сан тізімді. Бабасының тымағын баса киіп Науша жігіт бастап жүр Наурызымды. Бірегей ғып өткіз деп бір күніңді, Тағдыр маған сыйлаған тірлігімді. Қаратауға өкшемді қадатқызып Қара өлеңге байлатты кіндігімді. Боз дала анасы ғой –жаны жақсы, Бота-көңіл боздасын жамыратшы. Қайта туған қазақтың қара өлеңін Қалқам-ай, қорқасың ба, аңыратшы... ФАРИЗА: Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек, Найзағай-сынды жыр керек Сол болсын сенің халқыңа деген тартуың...   МАРЖАН: Кеудемде-от, Көзім-жалын. Сезінбеймін жел ызғарын Өзегімді өртей өтіп Тепкілеші теңіз-дарын. Табиғатпен егіз жаным, Өзір аман! Сезім! Халім! Асқартаулар ұғыңдаршы Айтылмаған сөзім барын. Үмітіме үкі тағып, Келем таңды күтіп алып. Пейілімді ағартады Ай бетінің сүті тамып. Аямасын бағын Құдай, Жоғалмаспын қағынғыдай. Ақша бұлтқа оранамын Анам берген жамылғыдай. Түн мінезін құбылтады, Түс көріппін бүгін тағы. Қыдыр Атам аян беріп Құс жолымен қыдыртады. Ұнатамын сұрапылды, Табам содан мұратымды. Көсегемді көгерте гөр  Жасаған-ай! Рахымды! Қара жерде-қалы кілем, Тозаңданса қағып ілем, Өлеңімді көкке жазам Жұлдыздардың жарығымен!..  
16.07.2013 04:37 4417

Назарларыңызға қазақтың ақын қыздары Фариза Оңғарсынова мен Маржан Ершудің жыр-айтысын ұсынамыз. Бұл жыр- айтысты қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңаша бір форма десе де болады. Оқырманға салары ойы көп, көңілге түйгенге берері мол бұл жыр-айтысты өзара сыйластық пен құрметтің үлгісі деуге әбден болады.

ФАРИЗА:

Ей, өнер қуған жарқыным!
Өлең қуған жарқыным!
Жатқаның мынау тұнжыр түндерде,
Ұйқыға батып балбырап.
Осындай дәурен туғанда саған
Хакың жоқ сенің қалғымақ.
...Ұйқыңды аш , кәне,
Сөзіме менің сал құлақ.
Ақ найза алмас жырымды менің
Қалғандай бүгін тот басып,
Тұратын еді-ау от шашып...

 

МАРЖАН:

Апа-ау, енді не дейін?!
Аузыңды ашсаң –
Көрінеді –ау көмейің.
Сауыт киген сіз Махамбет болсаңыз
Атыңды ерттеп,
Садағыңды берейін.
Қолтығыңнан демейін.
Қиқу салып шаба бер
Құйыныңа ерейін...

 

ФАРИЗА:

Өрім жас албырт ұрпағым,
Өмірдің құштың нұр таңын.
Азаттық, еркін заманда,
Еркелей қарап ғаламға
Өрлерге талмай шырқадың.
Қатыгез-қабақ тірліктің
Көрмедің боран-бұрқағын.
Бақытыңа мынау мас болып
Ұмытпағайсың жыр –қамын...

 

МАРЖАН:
Жалғанын сездім жалғанның,
Жанына жақын барып ем.
Қаңғырып қайда қалған мұң
Жерініп кетті бәрінен.
Сүйгені оның биік-ті,
Биікте күні күйіп тұр.
Арқасын ысып ызғырық
Қанаты сүйем сыныпты.
Күндікшіл-тілек арымай,
Қос өкпеден қысты ма?
Қауызға сыймас тарыдай
Желпініп желге ұшты ма?
Жоғалды, бәлкім , сүрінді,
Көз байлап көздер бұрымды.
Жағыңды жұтып жырынды
Сенімі кімге бұйырды?
Төзімді үрлеп , ұр қамшы,
Қасарып қайта қарғы үміт!
Сырғыған сырын бір тамшы
Сия-сауытта қалдырып...

 

ФАРИЗА:

Балауса балғын лапылдап тұрған шағың бұл,
Айналаң тұнған сағым-нұр.
Қара халықтың қамы үшін жауға
Жалын жастығын ұрлатып,
Егеулі найза қолға жортқан түн қатып
Бабаңды бүгін, ұрпағым болсаң табындыр!

 

МАРЖАН:

Қара түн!
Қабағыма қара мұң ілген,
Көзімнен сырғып барасың.
Тарғыл тастар-ай! Табаным күйген
Тар мекеніңде қаласың.
Жұлдыз сырғанайды. Қансырай жаңбыр,
Жүректің тырнап жарасын.
Жанардан аққан тамшыдай-тағдыр
Қып-қызыл оттай жанасың.
Қарашық қаңғып қаңтарылған ой,
Қақсыған қара қазандай.
Көк кезіп, жерде аңтарылдым ғой
Арманды жырды жаза алмай.
Қызынды тәнім, өртенді жаным,
Дүрсілдей соқты қу жүрек.
Зарлы көңілді запырандарым
Удай ашытып күйдіред!
Қара түн! Маған қанжарыңды бер!
Өз ішімді өзім жарайын.
Ағыстай аққан арманымды көм
Өз қанымды ішіп қанайын.
Қамсыз қара түн! Кірпігіңді қақпа!
Құсамды саған ақтарам.
Арғымақ-ойлар жүгеніңді сақта
Алысқа мен де аттанам.
Таң қалармысың таңдайды қағып,
Жанары жасыл тағыдай әлем! 
Қызыл тілімнің қаймағын жағып
Қанымнан өндірем, Өлең!

 

ФАРИЗА:

Ей, өлең қуған жарқыным!
Өнер қуған жарқыным!
Өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын.
Бұл жұмыр жерде ұлымын дейтін халық көп.
Көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын.
Сенің қамыңмен рахаттан безген бабалар
Тым болмағанда көрінде тыныш
Жатсын-ау десең шалқығын...

 

МАРЖАН:

Құртамын деп көзімнің қарашығын,
Қайғы деген қаптады қара шыбын.
Қалтыраған кезімде қайрат қосқан
Қазақтың қара өлеңі жанашырым.
Қап, қап-ай! Қай заманда үйеледің,
Қарғып тұрып өзіңе сүйенемін.
Қаратаудың басынан ауған кезде
Қаусап қалған екен-ау түйелерің.
Көзін жасын бекерге ағызбадық,
Бар сендерге беретін қарыздарым.
Атандардың белінде ажал тапқан
Аталарым ақ басты абыздарым!
Аялап жүруші едік бір үмітті,
Аталар да, атан да тіріліпті.
Салт-дәстүрім сарбаздай сапқа тұрып
Жасап жатыр жасампаз ірілікті.
Тарихымды таптаған тау бұзылды,
Санап шығу мүмкін бе сан тізімді.
Бабасының тымағын баса киіп
Науша жігіт бастап жүр Наурызымды.
Бірегей ғып өткіз деп бір күніңді,
Тағдыр маған сыйлаған тірлігімді.
Қаратауға өкшемді қадатқызып
Қара өлеңге байлатты кіндігімді.
Боз дала анасы ғой –жаны жақсы,
Бота-көңіл боздасын жамыратшы.
Қайта туған қазақтың қара өлеңін
Қалқам-ай, қорқасың ба, аңыратшы...


ФАРИЗА:
Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек,
Найзағай-сынды жыр керек
Сол болсын сенің халқыңа деген тартуың...

 

МАРЖАН:
Кеудемде-от,
Көзім-жалын.
Сезінбеймін жел ызғарын
Өзегімді өртей өтіп
Тепкілеші теңіз-дарын.
Табиғатпен егіз жаным,
Өзір аман! Сезім! Халім!
Асқартаулар ұғыңдаршы
Айтылмаған сөзім барын.
Үмітіме үкі тағып,
Келем таңды күтіп алып.
Пейілімді ағартады
Ай бетінің сүті тамып.
Аямасын бағын Құдай,
Жоғалмаспын қағынғыдай.
Ақша бұлтқа оранамын
Анам берген жамылғыдай.
Түн мінезін құбылтады,
Түс көріппін бүгін тағы.
Қыдыр Атам аян беріп
Құс жолымен қыдыртады.
Ұнатамын сұрапылды,
Табам содан мұратымды.
Көсегемді көгерте гөр 
Жасаған-ай! Рахымды!
Қара жерде-қалы кілем,
Тозаңданса қағып ілем,
Өлеңімді көкке жазам
Жұлдыздардың жарығымен!..

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға