Жаңалықтар

Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы

Биографиясы
28.01.2016 10:25 6659

Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының көшбасшысы. Ол 1870 жылы сол шақтағы бөлініске сәйкес, Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылда дүниеге келген (қазір Қарағанды обл. Ақтоғай ауд.). Тегі – төре.

Әлихан молда сабағын, бастауыш үш жылдық школды, қалалық үш жылдық училищені Қарқаралыда оқиды. 1886 жылы Омбы техникалық училищесіне оқуға қабылданып, оны 1890 жылы бітіреді. Осы жылы Ресей астанасы Санкт-Петербор Императорлық Орман институтына түсіп, 1894 жылы оны орман экономисі мамандығы бойынша тәмамдайды. Студент күнінен саяси қозғалыстарға араласа бастайды. Петебордағы оқуын бітірген соң Омбыда қызмет жасайды. Қазақ жерін зерттеген 1903-1905 жылдары Ф.А.Щербина экспедициясына қатынасады. Сөйтіп зерттеуші ретінде таныла бастайды. Сонымен бірге ол Мәскеу Ауылшаруашылық қоғамының Омбы бөлімшесінің, Орыс Императорлық Жағрафия қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің мүшесі болды. Алғашқы көлемді зерттеуі 1903 жылы “Ресей. Отанымыздың географиялық толық сипаттамасы” атты ұжымдық монографияның 18-томына кірді.

1905 жылы Мәскеуде өткен қалалық және жергілікті жер қайраткерлерінің съезіне қатынасып, саяси өмірге бірыңғай бет бұрды. 1906 жылы Ресейдің І Мемлекеттік Думасына мүше болды. Ол алғаш Ресейдің кадет (конституциялық-демократиялық) партиясына кіреді. Кейін бұдан халқына пайда болмаған соң шығады. Ғасыр басында Омбыда орысша бірнеше газетке редактор болады. Ал 1913 жылы Ахмет, Міржақыптармен әйгілі “Қазақ” газетін ұйымдастырып, 1918 жылы басылым жабылғанға дейін белсенді авторы болды. 1908 жылы Петербор масон ложасына кіреді. Ал 1917 жылдан бастап Алаш партиясын ұйымдастырады. Ол 1917-1919 жылдары елдің қалаулы басшысы болды. 1917 жылы желтоқсанда көпшілік дауыспен қазақтың Ұлттық Кеңесі – Алаш Орда өкіметінің төрағасы болып сайланды. Большевизм жылдары ол Мәскеуде жүріп қазақ мұғалімдеріне керек танымдық дүниелер жазды. Сонымен бірге керекті аудармалар жасап, Батыс Қазақстанды мекендеген қазақтар туралы антропологиялық зерттеулер жариялады. “Күншығыс” баспасында, Ғылым Академиясында жұмыс істеді.

Ұлттың бақыты үшін аянбай күрескен ерді Кеңестік Жоғары Соттың Әскери Алқасы 1937 жылы 27 қыркүйекте жалған айыппен ату жазасына кесті. Үкім сол күні орындалды.

Әдебиеттер:

1. Бөкейхан Ә. Таңдамалы (даярлаған С.Аққұлыұлы). Алматы, 1995.

2. Бөкейхан Ә. Шығармалар (даярлаған М.Қойгелдиев). Алматы, 1994.

3. Қамзабекұлы Д. Дәуірдің кесек куәсі // Ана тілі, 1991, 5 желтоқсан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға