Жаңалықтар

Тарихи жырлар

Соңғы редакциялау: 25 қазан 2012 жыл Тарихи жырлар – белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туындаған эпикалық шығармалар. Т. ж-да оқиғаның деректі дәлдігі сақтала бермейді, әр кезеңнің тарихи-әлеум., қоғамдық-саяси бет-бедері көркемдік тұрғыдан бейнеленеді, жалпыхалықтық мүдделер басты сипат алады. Батырлар жырында кездесетін ғайыптан дүниеге келу, жар іздеп жолға шығу, құда түсу, батырдан туған ізбасар сияқты оқиғалар, сондай-ақ гиперболалық көркемдік тәсілдер Т. ж-да сақтала бермейді. Бұл жырлардың бәрі де нақты тарихи оқиғаларға негізделген, басты кейіпкерлері тарихта болған адамдар. Жыр авторлары көбіне сол оқиғаларды көзімен көрген тұстас замандастар болып келеді. Автор өзі бастан кешкен немесе куәсі болған оқиғаларды уақытына қарай рет-ретімен баяндайды. Т. ж-дың шығу, пайда болу мерзімдері әр халықтың фольклорында әр түрлі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Т. ж. туындау мерзіміне байланысты 4 кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңдегі Т. ж-да Алтын Орда, Ноғайлы, Астрахан, Қырым хандықтары кезіндегі соғыстар (14 – 17 ғ-лар) суреттелген (“Едіге”, “Нұрадин”, “Қарасай – Қази”, “Мұсахан”, “Телағыс”, т.б.). Жоңғар, қалмақ шапқыншылығына қарсы жорықтарды қамтыған екінші дәуірде (18 ғ.) Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Өтеген, Жәнібек батырлар туралы жырлар туындады. Үшінші кезеңге ұлт-азаттық пен бостандық жолындағы күресті (19 ғ.) сипаттайтын жырлар жатады: “Исатай – Махамбет”, “Досай батыр”, “Жанқожа батыр”, т.б. Төртінші кезең 20 ғ-дың басындағы төңкеріс пен 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы халық көтерілісі жайындағы жырлармен сипатталады. (“Туар ма екен бізге күн?”, “Еріксіз келдім елімнен”, “Зарлы заман кезінде”, “Құлақасқа”, “Бекболат”, “Ұзақ батыр”, “Амангелді”, т.б.). Қазақ әдебиетіндегі Т. ж-ды Үмбетей, Мұрат, Тілеміс, Нысанбай, Жанкісі, Шернияз, Жамбыл, Нұрпейіс, Мұрын сияқты ақын-жыраулар шығарған не болмаса толықтырып, өңдеп қайта жырлаған. Т. ж. жөнінде алғаш пікір айтқан Ш.Уәлиханов болды. Ол “Абылай”, “Орақ батыр” жырларын жазып алып, ғыл. тұрғыдан зерттеген. 19 ғ-да В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, И.Н. Березин, И.В. Аничков, 20 ғ-дың басында М.Ж. Көпеев, Ә.Диваев, т.б. көрнекті фольклортанушылар Т. ж-ды жинауға ерекше еңбек сіңірді. А.Байтұрсынов “Әдебиет танытқышында” былай дейді: “Тарихи жыр деп тарихта бар, мағлұм уақиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздер айтылады. Мәселен, “Орақ – Мамай”, “Абылай”, “Кенесары – Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” өлеңдері тарихи жырлар болады. 1879 – 80 ж. болған “Қоян қыстың жұты” турасында шығарылған өлеңде қыстың қалай болғанын, елдің жұтағанын, қандай аштық азап тартқанын айтушы еді. Сол өлең осы күнге дейін сақталған болса, о да тарихи жыр болады. Жанкісі бидің зекетшілер турасында айтқан өлеңі қазақтың Қоқанға қараған шақтағы тарихына қатысы бар сөз болғандықтан, бұл да тарихи жыр тобына жатады”. М.Әуезов “Тарихи жырдың батырлық эпостан жанрлық айырмашылығы бар. Тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субъективтік баға басады” дейді. Кеңес дәуірінде Т. ж-ды зерттеуге С.Сейфуллин, Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Н.С. Смирнова, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Б.Уахатов, Н.Төреқұлов, К.Сейдеханов, т.б. ғалымдар үлес қосты. Көптеген Т. ж. хрестоматияларға, жинақтарға енді, жеке кітап болып басылды. Қазір Орт. ғыл. кітапхананың қолжазба қорында 400-дей Т. ж. бар. А. Қсмақова Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том
09.11.2012 04:40 21242

Соңғы редакциялау:

25 қазан 2012 жыл

Тарихи жырлар – белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туындаған эпикалық шығармалар. Т. ж-да оқиғаның деректі дәлдігі сақтала бермейді, әр кезеңнің тарихи-әлеум., қоғамдық-саяси бет-бедері көркемдік тұрғыдан бейнеленеді, жалпыхалықтық мүдделер басты сипат алады. Батырлар жырында кездесетін ғайыптан дүниеге келу, жар іздеп жолға шығу, құда түсу, батырдан туған ізбасар сияқты оқиғалар, сондай-ақ гиперболалық көркемдік тәсілдер Т. ж-да сақтала бермейді. Бұл жырлардың бәрі де нақты тарихи оқиғаларға негізделген, басты кейіпкерлері тарихта болған адамдар. Жыр авторлары көбіне сол оқиғаларды көзімен көрген тұстас замандастар болып келеді. Автор өзі бастан кешкен немесе куәсі болған оқиғаларды уақытына қарай рет-ретімен баяндайды. Т. ж-дың шығу, пайда болу мерзімдері әр халықтың фольклорында әр түрлі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Т. ж. туындау мерзіміне байланысты 4 кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңдегі Т. ж-да Алтын Орда, Ноғайлы, Астрахан, Қырым хандықтары кезіндегі соғыстар (14 – 17 ғ-лар) суреттелген (“Едіге”, “Нұрадин”, “Қарасай – Қази”, “Мұсахан”, “Телағыс”, т.б.). Жоңғар, қалмақ шапқыншылығына қарсы жорықтарды қамтыған екінші дәуірде (18 ғ.) Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Өтеген, Жәнібек батырлар туралы жырлар туындады. Үшінші кезеңге ұлт-азаттық пен бостандық жолындағы күресті (19 ғ.) сипаттайтын жырлар жатады: “Исатай – Махамбет”, “Досай батыр”, “Жанқожа батыр”, т.б. Төртінші кезең 20 ғ-дың басындағы төңкеріс пен 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы халық көтерілісі жайындағы жырлармен сипатталады. (“Туар ма екен бізге күн?”, “Еріксіз келдім елімнен”, “Зарлы заман кезінде”, “Құлақасқа”, “Бекболат”, “Ұзақ батыр”, “Амангелді”, т.б.). Қазақ әдебиетіндегі Т. ж-ды Үмбетей, Мұрат, Тілеміс, Нысанбай, Жанкісі, Шернияз, Жамбыл, Нұрпейіс, Мұрын сияқты ақын-жыраулар шығарған не болмаса толықтырып, өңдеп қайта жырлаған. Т. ж. жөнінде алғаш пікір айтқан Ш.Уәлиханов болды. Ол “Абылай”, “Орақ батыр” жырларын жазып алып, ғыл. тұрғыдан зерттеген. 19 ғ-да В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, И.Н. Березин, И.В. Аничков, 20 ғ-дың басында М.Ж. Көпеев, Ә.Диваев, т.б. көрнекті фольклортанушылар Т. ж-ды жинауға ерекше еңбек сіңірді. А.Байтұрсынов “Әдебиет танытқышында” былай дейді: “Тарихи жыр деп тарихта бар, мағлұм уақиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздер айтылады. Мәселен, “Орақ – Мамай”, “Абылай”, “Кенесары – Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” өлеңдері тарихи жырлар болады. 1879 – 80 ж. болған “Қоян қыстың жұты” турасында шығарылған өлеңде қыстың қалай болғанын, елдің жұтағанын, қандай аштық азап тартқанын айтушы еді. Сол өлең осы күнге дейін сақталған болса, о да тарихи жыр болады. Жанкісі бидің зекетшілер турасында айтқан өлеңі қазақтың Қоқанға қараған шақтағы тарихына қатысы бар сөз болғандықтан, бұл да тарихи жыр тобына жатады”. М.Әуезов “Тарихи жырдың батырлық эпостан жанрлық айырмашылығы бар. Тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субъективтік баға басады” дейді. Кеңес дәуірінде Т. ж-ды зерттеуге С.Сейфуллин, Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Н.С. Смирнова, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Б.Уахатов, Н.Төреқұлов, К.Сейдеханов, т.б. ғалымдар үлес қосты. Көптеген Т. ж. хрестоматияларға, жинақтарға енді, жеке кітап болып басылды. Қазір Орт. ғыл. кітапхананың қолжазба қорында 400-дей Т. ж. бар.

А. Қсмақова

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға