Жаңалықтар

Екінші дүниежүзілік соғыс

Соңғы редакциялау 17 қазан 2012   Екінші дүниежүзілік соғыс (1938 — 45) — дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия, Жапония тарапынан басталған соғыс. 1933 ж. фашистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Оны Италия және Жапония үкіметтері қолдады. 1936 ж. Германия мен Жапония “антикоминтерндік пактіге” қол қойды, 1937 ж. оған Италия қосылды. Жапония 1931 ж. Қытайда, Италия 1935 — 36 ж. Эфиопияда, Германия мен Италия 1936 — 39 ж. Испанияда басқыншылық соғыстар жүргізді. 1938 ж. Германия Австрияны, Мюнхен келісіміне (1938 ж. 29 қыркүйекте Мюнхен қ-нда Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия үкімет басшылары кездесіп, Чехословакияның Судет облысын немістерге беруге, Германия көршілерінен басқа жер талап етпеуге келісім жасасты) сәйкес Чехословакияның Судет обл-н, 1939 ж. наурызда Чехословакияны, Литваның Мемель обл-н, сәуір айында Италия Албанияны басып алды. Еуропада өз мүдделерін қорғау үшін Ұлыбритания мен Франция үкіметтері Польша, Румыния, Грекия, Түркия елдерін қорғауға міндеттеме алды, сондай-ақ, КСРО-мен ұжымдық қауіпсіздік жөнінде келіссөз жүргізді. Кеңес үкіметі олардың кейбір талаптарымен келіспей, келіссөзді тоқтатты да, керісінше, Германиямен өзара шабуыл жасаспау пактісіне (1939 ж. 23 тамыз) қол қойды. Осы Молотов — Риббентроп келісімі (В.Молотов КСРО-ның, М.Риббентроп Германияның атынан келісімге қол қойған) бойынша екі мемлекет жасырын түрде Шығыс Еуропадағы өздерінің ықпал ету аймақтарын бөлісіп алды. Финляндия, Латвия, Литва, Эстония, Бессарабия және Польшаның шығыс бөлігі (Нарва, Висла, Сен өзендерінің шығыс жағы) Кеңес Одағына, ал қалған бөліктер түгелімен Германияға тиесілі болды. Соғыстың 1-кезеңі (1939 ж. 1 қыркүйек — 1941 ж. 21 маусым). КСРО-мен келісімге келгеннен кейін 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабуыл жасады, ал 3 қыркүйекте Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс жариялады. Поляк армиясы 8 — 28 қыркүйекте Варшаваны ерлікпен қорғағанымен еріксіз берілді. 17 қыркүйекте Қызыл Армия Молотов — Риббентроп келісімі бойынша, Польшаның шекарасынан өтіп, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны өзіне қосып алды, ал қыркүйек — қазан айларында Эстония, Латвия, Литва үкіметтерімен өзара көмек шарттарын жасасып, әскер кіргізді. Осыдан кейін Кеңес үкіметі Финляндиядан Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қ-ның қауіпсіздігі үшін шекараны ел ішіне қарай жылжытуды талап етті. Осы талапты күшпен орындатқызу мақсатымен 1939 жылдың аяғы мен 1940 жылдың бас кезінде кеңес-финн соғысы болып, шекара солт.-батысқа қарай жылжытылды. Финляндиямен үш айға созылған соғыс кеңес армиясының әлсіз екенін көрсетті және КСРО-ның беделіне үлкен нұқсан келтірді. 1940 ж. 28 маусымда Румыния Бессарабия мен Солт. Буковинаны Кеңес Одағына беруге мәжбүр болды. Ұлыбритания мен Франция үкіметтері Германияға соғыс жариялағандарымен, 9 ай бойы ешқандай ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ. Осыны пайдаланған Германия Ұлыбритания теңіз флотына соққы берді де, Бат. Еуропаны жаулап алуға кірісті. 1940 ж. сәуір — мамыр айларында Норвегия мен Дания жаулап алынып, 10 мамырда Бельгия, Нидерланд, Люксембургке, әрі қарай Францияға басып кірді. Петен бастаған француз үкіметі қарсыласудан бас тартып, 22 маусым күні берілді. Оңт. Францияда Петеннің “қуыршақ үкіметі” құрылып, елдің қалған бөлігінде герман билігі орнады. Ш. де Голль бастаған француз патриоттары Ұлыбританияға кетіп, күресті жалғастырды. Маусым айында (1940) Италия үкіметі де Франция мен Ұлыбританияға соғыс жариялады. Енді гитлершілер ағылшын қалаларын аяусыз бомбалауға кірісті. Бірақ Гитлер Ұлыбританияға басып кіруден бас тартып, Кеңес Одағымен соғысқа мұқият дайындала бастады. Жапониямен және Италиямен одақтастық нығайтылды. Балқан компаниясы (1941) нәтижесінде Грекия жаулап алынып, Югославияда фашистік Сербия, Хорватия “мемлекеттері” құрылды. Румыния, Венгрия, Болгария, Финляндия фашистік одаққа қосылды. Басып алынған жерлерде қырып-жою, еріксіз жұмысқа пайдалану саясаты жүргізіліп, нәтижесінде фашистерге қарсы Қарсыласу қозғалысы дүниеге келді. АҚШ үкіметі бейтараптық саясатынан бас тартып, Ұлыбритания мен басқа да Еуропадағы соғысушы елдерге несиеге немесе жалға соғыс материалдарын (ленд-лиз) беру туралы заң қабылдады. (1941 ж. 11 наурыз). Соғыстың екінші кезеңі (1941 ж. 22 маусым — 1942 ж. 18 қараша). 1941 ж. 22 маусым күні Германия КСРО-ға басып кірді. Германияға Венгрия, Румыния, Финляндия, Италия мемлекеттері қосылды. Соғыс қиян-кескі сипат алып, Германия өзінің Қарулы Күштерінің 77%-ін осы майданда ұстады (қ. Ұлы Отан соғысы). Мәскеу шайқасында (30.09.1941 — 20.04. 1942) және Сталинград шайқасында (1942, шілде — қараша) кеңес армиясы өз отанын қорғап қалды. 1941 ж. шілдеде КСРО үкіметі Ұлыбритания және эмиграциядағы Польша, Чехословакия үкіметтерімен келісімге келді. Қыркүйектің аяғы — қазан айының бас кезінде (1941) Мәскеуде АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері КСРО-ға қару-жарақпен көмек беру жөнінде келісімге қол қойды. Гитлерге қарсы одақтың негізі қаланды. 1941 ж. 7 желтоқсанда Жапония Тынық мұхиттағы АҚШ-тың Перл-Харбор базасына басып кірді. 8 желтоқсанда АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттері Жапонияға соғыс жариялады. 1942 ж. 1 қаңтар күні Вашингтонда 26 мемлекет үндеу қабылдап, фашистік одаққа қарсы күш біріктіруге шешім қабылдады (қ. Гитлерге қарсы одақ). 22.12.1941 ж. — 14.01. 1942 ж. Черчилль мен Рузвельт біріккен ағылшын-американ штабын және Тынық мұхитта ағылшын-америка-голланд-австралия бірыңғай одағын құруға шешім қабылдады. 1942 ж. Жапония АҚШ-тың Тынық мұхиттағы негізгі соғыс базаларына соққы беріп, Тайланд, Сянган (Гонконг), Бирма, Малайя, Филиппин, Индонезияның басты аралдарын басып алды да, Австралияға қауіп төндірді. АҚШ Атлант т-ндегі флотының бір бөлігін Тынық мұхитқа көшірді де, 1942 жылдың 1-жартысында жапон флотына бірнеше соққы беріп, қорғанысқа көшуге мәжбүр етті. Басып алынған жерлерде жапондарға қарсы азаттық қозғалыс күшейді. Америка және ағылшын флоттары Германияның сүңгуір қайықтарына тойтарыс беріп, 1942 ж. жазда оларды Атлант мұхитынан ығыстыра бастады. Соғыстың үшінші кезеңі (1942 ж. 19 қараша — 1943 ж. желтоқсан). Гитлерге қарсы одақ тізгінді өз қолына алып, жаппай шабуылға көшті. Германия Қарулы Күштерінің 71%-і кеңес-герман майданында болды. Қызыл Армияның Сталинград түбінде жеңіске жетуі партизан қозғалысы мен Польша, Югославия, Чехословакия, Грекия, Франция, Бельгия, Нидерланд, Норвегия, т.б. елдерде Қарсыласу қозғалысының күшеюіне алып келді. 1942 ж. 23 қазанда Солт. Африкада ген. Б.Монтгомери басқарған ағылшын армиясы шабуылға шығып, Триполитания, Киренаика, Тобрук, Бенгазиді азат етті. 8 қарашада ағылшын — америкалық экспедициялық корпусы (ген. Д.Эйзенхауэр) франциялық Солт. Африка саяси-әкімш. бірлестігіне (Алжир, Оран, Касабланка, т.б.) келіп түсті. Бірақ шабуылға шыққан неміс армиясы одақтастарды Тунистен ығыстырып, бұрынғы француз иеліктерін толығымен басып алды. Дегенмен одақтастар 1943 ж. мамырда Солт. Африканы толығымен азат етті. 1943 ж. жазда өткен әйгілі Курск шайқасында жеңіске жеткен Қызыл Армия бөлімдері жаппай шабуылға шығып, Украина мен Беларусьті азат етуге кірісті (қ. Курск шайқасы). Германияның негізгі күші шығыс майданда болғанын пайдаланған одақтастар 1943 ж. жазда Сицилияны басып алып, Апеннин түбегіне беттеді. Одақтастардың шабуылы мен антифашистік қозғалыстың күшеюі нәтижесінде шілденің аяғында Италияда Муссолини үкіметі құлап, П.Бадольо бастаған жаңа үкімет 3 қыркүйекте АҚШ-пен, Ұлыбританиямен уақытша бітім жасасты. Алайда гитлершілер қосымша күш жіберіп, Италия армиясын қарусыздандырып, елді толығымен басып алды. 1943 ж. өткен Каир және Тегеран конференцияларында ағылшын — американ үкіметтері 1944 ж. мамыр айында Бат. Еуропада екінші майдан ашуға келісті, ал Кеңес Одағы Германиямен соғыс аяқталғаннан кейін Жапониямен соғысуға міндеттенді. Соғыстың 4-кезеңі (1944 ж. 1 қаңтар — 1945 ж. 8 мамыр). Одақтастар барлық майданда жаппай шабуылға шықты. 1944 ж. қысқы және көктемгі шабуыл нәтижесінде Қызыл Армия Румыния жеріне өтті. Жазғы және күзгі шабуылдардан кейін 19 қыркүйекте Финляндия Мәскеуде уақытша бітім жасасты. Кеңес армиясы Польша және Шығ. Пруссияға келіп кірді. Оларға поляк армиясы көмектесті. АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері 1944 ж. 6 маусымда солт.-батыс Францияда екінші майдан ашты. Одақтастар армиясы француз партизандарының көмегімен герман әскерлерін Франциядан ығыстырып шығарды. 1944 ж. шілде — қараша айларында Қызыл Армия Балтық бойын, Румынияны азат етіп, Болгария шекарасына келіп жетті. Жаңадан құрылған румын және болгар үкіметтері Германияға соғыс жариялады. 20 қыркүйекте чехословак әскери бөлімдері кеңес армиясының көмегімен Чехословакияны азат ете бастады. Қызыл Армия бөлімдері Югославия халық-азаттық армиясының және болгар әскерлерінің көмегімен Югославияны, қазан айынан бастап Венгрияны азат етуге кірісті. 1944 жылдың аяғына дейін одақтастар Францияны, Бельгияны, Нидерландты, Орт. Италия мен Германияның батыс аудандарын азат етті. Бірақ герман әскерлері 1944 ж. желтоқсанда Арденна түбінде шабуылға шығып, америкалықтарға соққы берді. 1945 ж. 12 — 14 қаңтарда Қызыл Армияның Балтықтан Карпатқа дейінгі аралықта жаппай шабуылы немістерді Арденна түбіндегі шабуылды тоқтатуға мәжбүр етті. Висла — Одер операциясы нәтижесінде Қызыл Армия Польшаның солт-і мен Шығ. Пруссияны басып алып, солт-те Венгрияны толық азат етіп, Австрияға басып кірді. Ағылшын, америка, француз әскерлері 24 наурызда Рейннен өтіп, мамырдың бас кезінде Чехословакия мен Бат. Австрияға келіп кірді. 25 сәуір күні кеңес — американ әскерлері Торгау қ. түбінде бір-бірімен алғаш рет кездесті. Кеңес армиясының Берлин операциясы (16 сәуір — 2 мамыр) нәтижесінде Берлин алынды. 8 мамыр күні Берлин түбіндегі Карлсхорстта КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция өкілдері алдында Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойды. 1944 — 45 ж. маусым аралығында одақтастар жапондардан Үндістанды, Бирманы, Индонезияны, Үндіқытай түбегінің бір бөлігін азат етіп, Жапонияға әуе шабуылын күшейтті. Соғыстың 5-кезеңі (1945 ж. 9 мамыр — 2 қыркүйек). Подстам конференциясы (1945 ж. 17 маусым — 2 тамыз) Германияны қарусыздандыру туралы шешім қабылдап, Жапониядан тізе бүгуді талап етті. Жапония үкіметі бұл талапты қабылдамады. 6 және 9 тамызда АҚШ әуе күштері Жапонияның екі қаласы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастады. 9 тамызда Қызыл Армия Моңғолия Қарулы Күштерімен бірге Жапонияға қарсы соғысқа араласты. Кеңес армиясы Солт.-шығыс Қытайды, Солт. Кореяны, Сахалин және Куриль аралдарын азат етті. Оңт.-Шығыс Азияда ұлт-азаттық қозғалысы басталып, 17 тамызда Индонезия Республикасы, 2 қыркүйекте Вьетнам Демократиялық Республикасы құрылды. 1945 ж. 2 қыркүйекте жапон үкіметі тізе бүгетіні жөніндегі актіге қол қойды. Е. д. с. салдары. Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-і қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн. адам әскерге алынды. 50 — 55 млн. адам қазаға ұшырап, 4 триллион долл. көлемінде шығын шықты. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, Бат. Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарды. Х. Алдажұманов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том
09.11.2012 03:50 11964

Соңғы редакциялау

17 қазан 2012

 

Екінші дүниежүзілік соғыс (1938 — 45) — дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия, Жапония тарапынан басталған соғыс. 1933 ж. фашистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Оны Италия және Жапония үкіметтері қолдады. 1936 ж. Германия мен Жапония “антикоминтерндік пактіге” қол қойды, 1937 ж. оған Италия қосылды. Жапония 1931 ж. Қытайда, Италия 1935 — 36 ж. Эфиопияда, Германия мен Италия 1936 — 39 ж. Испанияда басқыншылық соғыстар жүргізді. 1938 ж. Германия Австрияны, Мюнхен келісіміне (1938 ж. 29 қыркүйекте Мюнхен қ-нда Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия үкімет басшылары кездесіп, Чехословакияның Судет облысын немістерге беруге, Германия көршілерінен басқа жер талап етпеуге келісім жасасты) сәйкес Чехословакияның Судет обл-н, 1939 ж. наурызда Чехословакияны, Литваның Мемель обл-н, сәуір айында Италия Албанияны басып алды. Еуропада өз мүдделерін қорғау үшін Ұлыбритания мен Франция үкіметтері Польша, Румыния, Грекия, Түркия елдерін қорғауға міндеттеме алды, сондай-ақ, КСРО-мен ұжымдық қауіпсіздік жөнінде келіссөз жүргізді. Кеңес үкіметі олардың кейбір талаптарымен келіспей, келіссөзді тоқтатты да, керісінше, Германиямен өзара шабуыл жасаспау пактісіне (1939 ж. 23 тамыз) қол қойды. Осы Молотов — Риббентроп келісімі (В.Молотов КСРО-ның, М.Риббентроп Германияның атынан келісімге қол қойған) бойынша екі мемлекет жасырын түрде Шығыс Еуропадағы өздерінің ықпал ету аймақтарын бөлісіп алды. Финляндия, Латвия, Литва, Эстония, Бессарабия және Польшаның шығыс бөлігі (Нарва, Висла, Сен өзендерінің шығыс жағы) Кеңес Одағына, ал қалған бөліктер түгелімен Германияға тиесілі болды. Соғыстың 1-кезеңі (1939 ж. 1 қыркүйек — 1941 ж. 21 маусым). КСРО-мен келісімге келгеннен кейін 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабуыл жасады, ал 3 қыркүйекте Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс жариялады. Поляк армиясы 8 — 28 қыркүйекте Варшаваны ерлікпен қорғағанымен еріксіз берілді. 17 қыркүйекте Қызыл Армия Молотов — Риббентроп келісімі бойынша, Польшаның шекарасынан өтіп, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны өзіне қосып алды, ал қыркүйек — қазан айларында Эстония, Латвия, Литва үкіметтерімен өзара көмек шарттарын жасасып, әскер кіргізді. Осыдан кейін Кеңес үкіметі Финляндиядан Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қ-ның қауіпсіздігі үшін шекараны ел ішіне қарай жылжытуды талап етті. Осы талапты күшпен орындатқызу мақсатымен 1939 жылдың аяғы мен 1940 жылдың бас кезінде кеңес-финн соғысы болып, шекара солт.-батысқа қарай жылжытылды. Финляндиямен үш айға созылған соғыс кеңес армиясының әлсіз екенін көрсетті және КСРО-ның беделіне үлкен нұқсан келтірді. 1940 ж. 28 маусымда Румыния Бессарабия мен Солт. Буковинаны Кеңес Одағына беруге мәжбүр болды. Ұлыбритания мен Франция үкіметтері Германияға соғыс жариялағандарымен, 9 ай бойы ешқандай ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ. Осыны пайдаланған Германия Ұлыбритания теңіз флотына соққы берді де, Бат. Еуропаны жаулап алуға кірісті. 1940 ж. сәуір — мамыр айларында Норвегия мен Дания жаулап алынып, 10 мамырда Бельгия, Нидерланд, Люксембургке, әрі қарай Францияға басып кірді. Петен бастаған француз үкіметі қарсыласудан бас тартып, 22 маусым күні берілді. Оңт. Францияда Петеннің “қуыршақ үкіметі” құрылып, елдің қалған бөлігінде герман билігі орнады. Ш. де Голль бастаған француз патриоттары Ұлыбританияға кетіп, күресті жалғастырды. Маусым айында (1940) Италия үкіметі де Франция мен Ұлыбританияға соғыс жариялады. Енді гитлершілер ағылшын қалаларын аяусыз бомбалауға кірісті. Бірақ Гитлер Ұлыбританияға басып кіруден бас тартып, Кеңес Одағымен соғысқа мұқият дайындала бастады. Жапониямен және Италиямен одақтастық нығайтылды. Балқан компаниясы (1941) нәтижесінде Грекия жаулап алынып, Югославияда фашистік Сербия, Хорватия “мемлекеттері” құрылды. Румыния, Венгрия, Болгария, Финляндия фашистік одаққа қосылды. Басып алынған жерлерде қырып-жою, еріксіз жұмысқа пайдалану саясаты жүргізіліп, нәтижесінде фашистерге қарсы Қарсыласу қозғалысы дүниеге келді. АҚШ үкіметі бейтараптық саясатынан бас тартып, Ұлыбритания мен басқа да Еуропадағы соғысушы елдерге несиеге немесе жалға соғыс материалдарын (ленд-лиз) беру туралы заң қабылдады. (1941 ж. 11 наурыз).

Соғыстың екінші кезеңі (1941 ж. 22 маусым — 1942 ж. 18 қараша). 1941 ж. 22 маусым күні Германия КСРО-ға басып кірді. Германияға Венгрия, Румыния, Финляндия, Италия мемлекеттері қосылды. Соғыс қиян-кескі сипат алып, Германия өзінің Қарулы Күштерінің 77%-ін осы майданда ұстады (қ. Ұлы Отан соғысы). Мәскеу шайқасында (30.09.1941 — 20.04. 1942) және Сталинград шайқасында (1942, шілде — қараша) кеңес армиясы өз отанын қорғап қалды. 1941 ж. шілдеде КСРО үкіметі Ұлыбритания және эмиграциядағы Польша, Чехословакия үкіметтерімен келісімге келді. Қыркүйектің аяғы — қазан айының бас кезінде (1941) Мәскеуде АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері КСРО-ға қару-жарақпен көмек беру жөнінде келісімге қол қойды. Гитлерге қарсы одақтың негізі қаланды. 1941 ж. 7 желтоқсанда Жапония Тынық мұхиттағы АҚШ-тың Перл-Харбор базасына басып кірді. 8 желтоқсанда АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттері Жапонияға соғыс жариялады. 1942 ж. 1 қаңтар күні Вашингтонда 26 мемлекет үндеу қабылдап, фашистік одаққа қарсы күш біріктіруге шешім қабылдады (қ. Гитлерге қарсы одақ). 22.12.1941 ж. — 14.01. 1942 ж. Черчилль мен Рузвельт біріккен ағылшын-американ штабын және Тынық мұхитта ағылшын-америка-голланд-австралия бірыңғай одағын құруға шешім қабылдады. 1942 ж. Жапония АҚШ-тың Тынық мұхиттағы негізгі соғыс базаларына соққы беріп, Тайланд, Сянган (Гонконг), Бирма, Малайя, Филиппин, Индонезияның басты аралдарын басып алды да, Австралияға қауіп төндірді. АҚШ Атлант т-ндегі флотының бір бөлігін Тынық мұхитқа көшірді де, 1942 жылдың 1-жартысында жапон флотына бірнеше соққы беріп, қорғанысқа көшуге мәжбүр етті. Басып алынған жерлерде жапондарға қарсы азаттық қозғалыс күшейді. Америка және ағылшын флоттары Германияның сүңгуір қайықтарына тойтарыс беріп, 1942 ж. жазда оларды Атлант мұхитынан ығыстыра бастады.

Соғыстың үшінші кезеңі (1942 ж. 19 қараша — 1943 ж. желтоқсан). Гитлерге қарсы одақ тізгінді өз қолына алып, жаппай шабуылға көшті. Германия Қарулы Күштерінің 71%-і кеңес-герман майданында болды. Қызыл Армияның Сталинград түбінде жеңіске жетуі партизан қозғалысы мен Польша, Югославия, Чехословакия, Грекия, Франция, Бельгия, Нидерланд, Норвегия, т.б. елдерде Қарсыласу қозғалысының күшеюіне алып келді. 1942 ж. 23 қазанда Солт. Африкада ген. Б.Монтгомери басқарған ағылшын армиясы шабуылға шығып, Триполитания, Киренаика, Тобрук, Бенгазиді азат етті. 8 қарашада ағылшын — америкалық экспедициялық корпусы (ген. Д.Эйзенхауэр) франциялық Солт. Африка саяси-әкімш. бірлестігіне (Алжир, Оран, Касабланка, т.б.) келіп түсті. Бірақ шабуылға шыққан неміс армиясы одақтастарды Тунистен ығыстырып, бұрынғы француз иеліктерін толығымен басып алды. Дегенмен одақтастар 1943 ж. мамырда Солт. Африканы толығымен азат етті. 1943 ж. жазда өткен әйгілі Курск шайқасында жеңіске жеткен Қызыл Армия бөлімдері жаппай шабуылға шығып, Украина мен Беларусьті азат етуге кірісті (қ. Курск шайқасы). Германияның негізгі күші шығыс майданда болғанын пайдаланған одақтастар 1943 ж. жазда Сицилияны басып алып, Апеннин түбегіне беттеді. Одақтастардың шабуылы мен антифашистік қозғалыстың күшеюі нәтижесінде шілденің аяғында Италияда Муссолини үкіметі құлап, П.Бадольо бастаған жаңа үкімет 3 қыркүйекте АҚШ-пен, Ұлыбританиямен уақытша бітім жасасты. Алайда гитлершілер қосымша күш жіберіп, Италия армиясын қарусыздандырып, елді толығымен басып алды. 1943 ж. өткен Каир және Тегеран конференцияларында ағылшын — американ үкіметтері 1944 ж. мамыр айында Бат. Еуропада екінші майдан ашуға келісті, ал Кеңес Одағы Германиямен соғыс аяқталғаннан кейін Жапониямен соғысуға міндеттенді.

Соғыстың 4-кезеңі (1944 ж. 1 қаңтар — 1945 ж. 8 мамыр). Одақтастар барлық майданда жаппай шабуылға шықты. 1944 ж. қысқы және көктемгі шабуыл нәтижесінде Қызыл Армия Румыния жеріне өтті. Жазғы және күзгі шабуылдардан кейін 19 қыркүйекте Финляндия Мәскеуде уақытша бітім жасасты. Кеңес армиясы Польша және Шығ. Пруссияға келіп кірді. Оларға поляк армиясы көмектесті. АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері 1944 ж. 6 маусымда солт.-батыс Францияда екінші майдан ашты. Одақтастар армиясы француз партизандарының көмегімен герман әскерлерін Франциядан ығыстырып шығарды. 1944 ж. шілде — қараша айларында Қызыл Армия Балтық бойын, Румынияны азат етіп, Болгария шекарасына келіп жетті. Жаңадан құрылған румын және болгар үкіметтері Германияға соғыс жариялады. 20 қыркүйекте чехословак әскери бөлімдері кеңес армиясының көмегімен Чехословакияны азат ете бастады. Қызыл Армия бөлімдері Югославия халық-азаттық армиясының және болгар әскерлерінің көмегімен Югославияны, қазан айынан бастап Венгрияны азат етуге кірісті. 1944 жылдың аяғына дейін одақтастар Францияны, Бельгияны, Нидерландты, Орт. Италия мен Германияның батыс аудандарын азат етті. Бірақ герман әскерлері 1944 ж. желтоқсанда Арденна түбінде шабуылға шығып, америкалықтарға соққы берді. 1945 ж. 12 — 14 қаңтарда Қызыл Армияның Балтықтан Карпатқа дейінгі аралықта жаппай шабуылы немістерді Арденна түбіндегі шабуылды тоқтатуға мәжбүр етті. Висла — Одер операциясы нәтижесінде Қызыл Армия Польшаның солт-і мен Шығ. Пруссияны басып алып, солт-те Венгрияны толық азат етіп, Австрияға басып кірді. Ағылшын, америка, француз әскерлері 24 наурызда Рейннен өтіп, мамырдың бас кезінде Чехословакия мен Бат. Австрияға келіп кірді. 25 сәуір күні кеңес — американ әскерлері Торгау қ. түбінде бір-бірімен алғаш рет кездесті. Кеңес армиясының Берлин операциясы (16 сәуір — 2 мамыр) нәтижесінде Берлин алынды. 8 мамыр күні Берлин түбіндегі Карлсхорстта КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция өкілдері алдында Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойды. 1944 — 45 ж. маусым аралығында одақтастар жапондардан Үндістанды, Бирманы, Индонезияны, Үндіқытай түбегінің бір бөлігін азат етіп, Жапонияға әуе шабуылын күшейтті.

Соғыстың 5-кезеңі (1945 ж. 9 мамыр — 2 қыркүйек). Подстам конференциясы (1945 ж. 17 маусым — 2 тамыз) Германияны қарусыздандыру туралы шешім қабылдап, Жапониядан тізе бүгуді талап етті. Жапония үкіметі бұл талапты қабылдамады. 6 және 9 тамызда АҚШ әуе күштері Жапонияның екі қаласы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастады. 9 тамызда Қызыл Армия Моңғолия Қарулы Күштерімен бірге Жапонияға қарсы соғысқа араласты. Кеңес армиясы Солт.-шығыс Қытайды, Солт. Кореяны, Сахалин және Куриль аралдарын азат етті. Оңт.-Шығыс Азияда ұлт-азаттық қозғалысы басталып, 17 тамызда Индонезия Республикасы, 2 қыркүйекте Вьетнам Демократиялық Республикасы құрылды. 1945 ж. 2 қыркүйекте жапон үкіметі тізе бүгетіні жөніндегі актіге қол қойды.

Е. д. с. салдары. Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-і қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн. адам әскерге алынды. 50 — 55 млн. адам қазаға ұшырап, 4 триллион долл. көлемінде шығын шықты. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, Бат. Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарды.

Х. Алдажұманов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға