Ресей тарихшысы
Қалай десе де, Лев Николаевич ең алдымен Ресей тарихшысы. Оның барша еңбегі, сайып келгенде, Ресей тарихымен ұштасып, Ресей тарихын танып-түсінуге қызмет етіп жатады. Оған ғылыми алаң болған Ұлы Даланың тарихы да, түптеп келгенде, Ресей тарихының қилы үрдістерін танып-түсінуге мұрындық болып отырады. Бұл ретте, ол өзінің табиғатына тән батылдықпен, Ресей тарихының ең бір ақтаңдақ кезеңіне із салған ғалым. Ол кезең ХІІІ-ХV ғасырлар аралығы болатын.
Тарих көкжиегінен ХІІІ ғасырға дейін-ақ төбе көрсетіп үлгерген Русь 1250 жылдан бастап, табандатқан 250 жыл бойы тым-тырыс күй кешкен сияқты болатын. Тек, ХV ғасырға қарай Еуропа монархиясы еңсе көтеріп, Ұрымның (Византия) мұрасына талас басталған кезде, түрік лигасына қарсы ұйымдасқан еуропалық мемлекеттер коалициясының сапынан Московия да көрінеді. Оған дейінгі 250 жылдық ақтандақ Ресей тарихында тарихи тежелу кезеңі тұрғысында қарастырылып, оның құныкері ретінде моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда езгісі көлденең тартылатын.
Лев Николаевич бұл мәселені мүлде басқаша қарастырады. Этнос дамуының тарихына диахронды салыстырмалы жүйені қолдана отырып, бұған дейінгі еуроцентристік тұжырымдамалардың кеудемсоқ бопсасын нақтылы айғақ-деректермен әшкерелейді. Бақсақ, осы уақытқа дейін адамзатты Батыс пен Шығысқа бөлу еуроцентристік тарихтың философиясы тудырған жасанды түсінік екен. Мұндай жасанды түсінік роман-герман суперэтносын әлемнің қалған бөлігіне қарсы қою үшін қажет болыпты. Ал Ресей суперэтносы, оқулықтарда жазылғандай, дербес этнос ретінде Киев Русі кезінде қалыптаспапты. Алтын Орданың жағымды ықпалының арқасында ХІІІ-ХІV ғасырда еңсе көтеріпті. Сөйтіп, папалық Еуропаның қанды шеңгелінде кетуден аман қалыпты. Демек, моңғол шапқыншылығынан Еуропаны қорғап, қалқан болған Русь емес екен. Керісінше, Русьті Еуропаның жұтып қоюынан аман алып қалған Моңғол ұлысы екен. Мұндай ақиқатты қазіргі ресейліктер басқаша жорып жүргенімен, сол кездің ахуалын дұрыс түсінген әулие Александр Невский найзасының ұшын Еуропаға қаратып, арқасын хан ордасына сүйепті. Керек десеңіз, Куликово шайқасында Орданың ең таңдаулы сайыпқыран жауынгерлері Дмитрий Донскойға жақтасқаны жөнінде бұлтартпас дерек бар…
Қысқасы, Гумилев ілімі ортағасырлық Ресей тарихына мүлде жаңаша қарауға шақыратын идея екенінде дау жоқ. Әрі-беріден соң, бұл жерде Ресей тарихына қатысты Лев Николаевич көзқарасының жаңалығы немесе тосындығы мәнді болмаса керек. Мәселенің мәні, тарих шіркіннің алдын-ала сайлап қойған прокруст қалыбына сыя бермейтінінде болып отыр. Әрі-беріден соң, мәселе жаңа идеяның ұсынылуында да емес, мәселе бұрыннан қалыптасқан жаңсақ ой-тұжырымдарға күмәнмен қараудың басталуында. Яғни, ғылым кеңістігінің көкжиегін кеңейте түсуге тағы да бір мүмкіндік бар деген сөз.
Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"