Жаңалықтар

Шұбартау көтерілісі

Соңғы редакциялау: 27 қазан 2012 Шұбартау көтерілісі – кеңес үкіметінің әкімшілік саясатына қарсы халық толқуы. 1931 ж. наурыз айында Шығыс Қазақстан обл-ның Шұбартау ауд-нда (қазіргі Аягөз ауд.) болған. Сол жылдары Шұбартау ауд. орт-тағы өнеркәсіпті аймақтарды ет өнімдерімен жабдықтайтын және осы мақсатпен Семей ет комб-на мал өнімдерін өткізетін басты мал ш. аудандарының бірі болды. Оның үстіне 1930 жылдың басынан кең өрістеген ауқатты шаруаларға қарсы кеңес өкіметінің қатал саясаты олардың шаруашылықтарын түгелдей дерлік күйретіп үлгерді. Көтерілістің өрістеуіне көрші Абыралы және Шыңғыстау аудандарында көтерілістің басталғаны туралы хабар, сондай-ақ Қазақстанның көптеген аудандарында Кеңес өкіметінің құлағаны туралы өсек-аяң шешуші ықпал етті. Көтеріліске аудандағы 1-, 4-, 5-, 6-, 7-, 8-, 11-ауылдардың азаматтары белсенді түрде қатысты. Көтерілісті 77 жастағы Қарамұрзин Мырзаш басқарды. 1931 ж. 5 наурызда көтерілісшілер 8-ауылдық кеңес кооперативтерін басып алып, оның мүлкін елге үлестірді. “Бидайық” жайлауында көтерілісшілердің алғашқы жиналысы өтті. Сароба жайлауында да жиналыс өтіп, жиналған 30 шақты адам Молдабаев Қалидің бастауымен Аягөз ст-нан Шұбартауға келе жатқан тауар тиелген жүк арбасын тонады. Онсыз да толқып отырған ауылдар енді үкіметке ет тапсырудан ашық бас тартты. “Кеңжайлау” жайлауындағы жиналыста аудан орт-на шабуыл жасау туралы шешім қабылданып, онда 200-дей көтерілісші жиналды. Олардың алдында қолына ақ жалау ұстап, Қарамұрзин сөз сөйлеген. Көтеріліс басшысы жасының келіп қалғанына байланысты бұл сапарға өзі аттанбай, көтерілісшілер қатарына үш ұлы – Тәуірбайды, Амансарыны және Ұздыбайды қосты. Көтерілісшілерді шабуылға Серғазин Мұқа, Молдабаев Қали, Байғозин Мелдехан, Әбітаев Итжан бастап шығып, олардың соңынан 300-ге тарта адам ерді. Жолшыбай көтерілісшілерге басқа ауылдың жігіттері қосылып, жалпы саны 700-дей адам болды. Негізінен сойылмен қаруланған көтерілісшілер 8 наурызда аудан орт-н қарсылықсыз, қантөгіссіз басып алды. Олар ең алдымен қамауда отырған 41 адамды босатты. Мұнан соң ауд. мекемелерді жаппай талқандап, ондағы құжаттарды өртеп жіберді. Көтеріліс басшылары мекемелерден, астық қоймаларынан алынған заттар мен астықты көтерілісшілерге таратып берді. Осы оқиғаны естіген Шұбартау ауд-ның басқа ауылдары да көтеріліске шығып, жергілікті кооперативтерге басып кіріп, белсенділерді соққыға жықты. Кейбір деректерде Сарыбел және Кеңжайлау жайлауларында өткен жиналыстарда ақсақалдар кеңесінің шешімімен көтерілісшілер Мырзаш Қарамұрзинді хан сайлаған. Аудан көлеміне кең тарап кеткен көтерілісті басу ОГПУ және коммунистік жасақтарға оңайға түсе қоймады. Дегенмен, т. ж. арқылы келген жазалаушы әскер көтерілісті күшпен басты. Ұрыс барысында 9 көтерілісші оққа ұшып, көптеген адам қолға түсті. Көтеріліске қатысушылар қатаң жазаланды. Ерекше үштіктің үкімімен 28 көтеріліс басшысы ату жазасына кесілді, 66 адам 3 жылдан 10 жылға дейін мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтілді. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге 17 адам жер аударылды, шартты түрде 22 адам сотталды. Сонымен қатар ауданның басшы коммунистері де жазадан тыс қалған жоқ. 1931 ж. 25 сәуір – 5 мамыр аралығында Шұбартау ауд-нда орт-тан келген мемл. комиссия жұмыс істеді. Оны Қазақ КСР-і ОАК-нің төрағасы Елтай Ерназаров басқарды. Комиссия шешімімен “сатқындық жасағаны, таптық бағытты бұрмалап, оппортунизмге түсіп, байлармен және бандиттермен достасқаны үшін” ауданның 8 басшысы, т.б. адамдар партиядан шығарылып, сотқа тартылды. Өзінің алдына қойған мақсаты, көтерген ұраны, ұлттық құрамы, қозғаушы күштері тұрғысынан қарағанда Ш. к. қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсылығы болып табылады. Х. Алдажұманов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 9-том  
09.11.2012 02:49 7679

Соңғы редакциялау:

27 қазан 2012

Шұбартау көтерілісі – кеңес үкіметінің әкімшілік саясатына қарсы халық толқуы. 1931 ж. наурыз айында Шығыс Қазақстан обл-ның Шұбартау ауд-нда (қазіргі Аягөз ауд.) болған. Сол жылдары Шұбартау ауд. орт-тағы өнеркәсіпті аймақтарды ет өнімдерімен жабдықтайтын және осы мақсатпен Семей ет комб-на мал өнімдерін өткізетін басты мал ш. аудандарының бірі болды. Оның үстіне 1930 жылдың басынан кең өрістеген ауқатты шаруаларға қарсы кеңес өкіметінің қатал саясаты олардың шаруашылықтарын түгелдей дерлік күйретіп үлгерді. Көтерілістің өрістеуіне көрші Абыралы және Шыңғыстау аудандарында көтерілістің басталғаны туралы хабар, сондай-ақ Қазақстанның көптеген аудандарында Кеңес өкіметінің құлағаны туралы өсек-аяң шешуші ықпал етті. Көтеріліске аудандағы 1-, 4-, 5-, 6-, 7-, 8-, 11-ауылдардың азаматтары белсенді түрде қатысты. Көтерілісті 77 жастағы Қарамұрзин Мырзаш басқарды. 1931 ж. 5 наурызда көтерілісшілер 8-ауылдық кеңес кооперативтерін басып алып, оның мүлкін елге үлестірді. “Бидайық” жайлауында көтерілісшілердің алғашқы жиналысы өтті. Сароба жайлауында да жиналыс өтіп, жиналған 30 шақты адам Молдабаев Қалидің бастауымен Аягөз ст-нан Шұбартауға келе жатқан тауар тиелген жүк арбасын тонады. Онсыз да толқып отырған ауылдар енді үкіметке ет тапсырудан ашық бас тартты. “Кеңжайлау” жайлауындағы жиналыста аудан орт-на шабуыл жасау туралы шешім қабылданып, онда 200-дей көтерілісші жиналды. Олардың алдында қолына ақ жалау ұстап, Қарамұрзин сөз сөйлеген. Көтеріліс басшысы жасының келіп қалғанына байланысты бұл сапарға өзі аттанбай, көтерілісшілер қатарына үш ұлы – Тәуірбайды, Амансарыны және Ұздыбайды қосты. Көтерілісшілерді шабуылға Серғазин Мұқа, Молдабаев Қали, Байғозин Мелдехан, Әбітаев Итжан бастап шығып, олардың соңынан 300-ге тарта адам ерді. Жолшыбай көтерілісшілерге басқа ауылдың жігіттері қосылып, жалпы саны 700-дей адам болды. Негізінен сойылмен қаруланған көтерілісшілер 8 наурызда аудан орт-н қарсылықсыз, қантөгіссіз басып алды. Олар ең алдымен қамауда отырған 41 адамды босатты. Мұнан соң ауд. мекемелерді жаппай талқандап, ондағы құжаттарды өртеп жіберді. Көтеріліс басшылары мекемелерден, астық қоймаларынан алынған заттар мен астықты көтерілісшілерге таратып берді. Осы оқиғаны естіген Шұбартау ауд-ның басқа ауылдары да көтеріліске шығып, жергілікті кооперативтерге басып кіріп, белсенділерді соққыға жықты. Кейбір деректерде Сарыбел және Кеңжайлау жайлауларында өткен жиналыстарда ақсақалдар кеңесінің шешімімен көтерілісшілер Мырзаш Қарамұрзинді хан сайлаған. Аудан көлеміне кең тарап кеткен көтерілісті басу ОГПУ және коммунистік жасақтарға оңайға түсе қоймады. Дегенмен, т. ж. арқылы келген жазалаушы әскер көтерілісті күшпен басты. Ұрыс барысында 9 көтерілісші оққа ұшып, көптеген адам қолға түсті. Көтеріліске қатысушылар қатаң жазаланды. Ерекше үштіктің үкімімен 28 көтеріліс басшысы ату жазасына кесілді, 66 адам 3 жылдан 10 жылға дейін мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтілді. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге 17 адам жер аударылды, шартты түрде 22 адам сотталды. Сонымен қатар ауданның басшы коммунистері де жазадан тыс қалған жоқ. 1931 ж. 25 сәуір – 5 мамыр аралығында Шұбартау ауд-нда орт-тан келген мемл. комиссия жұмыс істеді. Оны Қазақ КСР-і ОАК-нің төрағасы Елтай Ерназаров басқарды. Комиссия шешімімен “сатқындық жасағаны, таптық бағытты бұрмалап, оппортунизмге түсіп, байлармен және бандиттермен достасқаны үшін” ауданның 8 басшысы, т.б. адамдар партиядан шығарылып, сотқа тартылды. Өзінің алдына қойған мақсаты, көтерген ұраны, ұлттық құрамы, қозғаушы күштері тұрғысынан қарағанда Ш. к. қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсылығы болып табылады.

Х. Алдажұманов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 9-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға