Республика игілігі
Солтүстік Қазақстан облысы — аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың, қазақ әдебиетінің саңлақтары Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Иван Шуховтың отаны. Солтүстікқазақстандық жазушылар мен ақындардың шығармалары еліміздің көпұлтты әдебиетінің тамырлас буыны болып табылады.
Осы жерде бүкіл әлемге әйгілі "Тайтұлпар" ертегісінің авторы Петр Ершовтың балалық шағы өткен, осында декабрист-ақын Николай Чижов айдауда болды, Федор Достоевскийдің досы петрашевшіл-ақын Сергей Дуров солдат жұмысының қиямет қиындығын тартты. Осы өлкеде азамат соғысы жылдары сайыпқыран солдат Швейктің өлмейтін бейнесін жасаған чех жазушы-сатиригі Ярослав Гашек интернационалдық жұмыс жүргізді, аса көрнекті кеңес қаламгерлері Всеволод Иванов пен Сергей Марков әдебиеттегі алғашқы қадамдарын жасады, танымал фантаст-жазушы Александр Казанцев тұрмыс кешті. Есіл өңірінде ақын Баймағамбет Ізтөлин туып, қазақ фольклорының інжу-маржаны "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын орыс тіліне алғашқы аударғандардың бірі Георгий Тверитин осы жерде болды. Нақ осы жерден, Солтүстік Қазақстаннан қазақтың аса көрнекті ғалым-ағартушысы Шоқан Уәлиханов Ф.М. Достоевскийге хат жазып тұрды.
Әндері мен күйлерін халық сүйіп, есімдері солтүстік өңірден тысқары жерлерге кеңінен танылған Шал ақын, Әкілі Ыбырай мен Молдахмет Тырбиев бастаған дәстүрді ауызекі жанрдың айтулы шеберлері Қонысбай Әлжанов, Уахит Темірбеков, Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин және басқа суырып салма ақындар жалғастырды.
Көркем әдебиеттің кесек шебері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сафуан Шаймерденов, есімі Қарағанды университетіне берілген көрнекті ғалым және жазушы, академик Евней Бөкетов біздің өлкеміздің түлектері қатарында. Облыс ауылдарының бірінде ұлты неміс, бүгінде қазақ әдебиеті саңлақтарының 150-ден аса шығармаларын орыс тіліне аударған белгілі жазушы Герольд Бельгер ер жетіп, қазақ орта мектебін бітірді.
XX ғасырдың 50-ші жылдары Петропавлда Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің құрылуы әдебиеттің өркендеуіне жағдай жасады. Оны көптеген повестер мен романдар жазған В.Петров басқарды. Сол жылдары өндіре шығармалар жазған жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевты, ақындар Владимир Шестериков пен Георгий Шамовты, "Есіл жағалауында" пьесасының авторы Михаил Аверинді, сықақшы Александр Ветровты атап айтута болады. Альфред Пряниковтың, Август Гусинскийдің, Иван Плетухиннің, Олег Мухиннің, Владимир Адерихиннің, Николай Белозеровтің, Андрей Растихиннің өлеңдері, Сергей Шевченконың әңгімелері, Римма Сергееваның рецензиялары, Борис Дивинскийдің зерттеулері және басқа да әдебиетшілердің шығармалары жарияланды. Тілші Петр Осипов "Қазақстан" баспасынан бірнеше деректі повестерін шығарды. Петропавлда туған Нури Арсланов татар әдебиетінің көрнекті шебері болды. Жерлестері екінші бір татар ақыны Махмут Хусаинды ұмытпайды.
70-90 жылдары Есләм Зікібаев, Бақыт Мұстафин, Хамза Абдуллин, Мүтәллап Қанғожин, Әмина Шалабаева, Андрей Кияница, Леонид Макеев, Асгадулла Хамидуллин, Ерік Асқаров және Солтүстік Қазақстанда туған басқа да жазушылар мен ақындар шығармашылықпен белсенді айналысты. Анатолий Хорольский қызықты очерктері мен әңгімелерін, Валерий Любушин әдеби тақырыптардағы мақалаларын, Михаил Ключеров Есіл ауданы тарихының анықтамалық-энциклопедиясын шығарды. Мерзімдік баспасөзде, жинақтар мен журналдарда Жарасбай Сүлейменовтің, Болат Қожахметовтің, Марат Кенеевтің, Юрий Поляковтың, Владимир Щукиннің, Александр Курленяның, Валентина Суслованың, Зейнолла Әкімжановтың, Тоқтар Зікіриннің шығармалары жарияланып тұрды.