Жаңалықтар

Қазақ хандығы

  Соңғы редакциялау: 15 қазан 2012   Қазақ хандығы – қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы (шамамен 1456 – 1847). Астаналары әр түрлі кезеңдерде Сарайшық, Сығанақ, Түркістан, Созақ, т.б. қалалар болды. 15-ғасырдың 50 – 60-жылдарында Орталық және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ру-тайпалардың (Мұхаммед Хайдар Дулаттың дерегінде 200 мыңдай адам) Батыс Жетісуға қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына тікелей ұйтқы болды. Оларды Ақ Орданың билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар бастап келді. Олар Моғолстан ханы Есенбұғамен одақ құрды. Қазақ хандарының ешкімге тәуелсіз билік құра бастаған кезеңін Мұхаммед Хайдар Дулат 1465 – 66 жылдар деп жазды. 15-ғасырдың аяғы мен 16-ғасырдың басында Бұрындық хан және Қасым хан қазақ ру-тайпалары мекендеген Сарысу, Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігіне үстемдік орнатты. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының саяси, экономикалық жағдайы нығая түсті. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа дейін жетті, оңтүстікте хандыққа Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды. Солтүстікте Ұлытау, оңтүстік-шығыста Қасым ханға қараған халық 1 млн. адамға жетті. Сөйтіп, 15-ғасырдың аяғында Қазақстан аумағының басым бөлігінде өмір сүретін этникалық топтардың тұңғыш рет бір мемлекетке бірігуі басталды. 16-ғасырдың 2-ширегінде болған тақ таласы кезінде Қасымның мұрагері Мамаш хан қаза тапты (1523). Өкімет билігі Қасым ханның немере інісі Таһир (Тахыр) ханның қолына көшті (1523 – 33), бірақ ол өзара тартысты баса алмады. Шайбани әулетіне қарсы соғыстар сәтсіз аяқталып, Таһирдің Ноғай Ордасымен қарым-қатынасы шиеленісті. Халық бұқарасы соғыс ауыртпалығына, ханның қатыгездігіне төзе алмай басқа жаққа жаппай көше бастады. Таһир ханның ықпалы Жетісуда ғана сақталды. Мұнда ол қырғыздармен одақ құрып, моғол ханы Сұлтан Саидтың Жетісуда өз билігін қайта құрмақ әрекетіне тойтарыс берді. 1531 – 32 ж. Таһир хан қырғыздар арасында өліп, орнына інісі Бұйдаш таққа отырды. Ол қырғыздармен жақсы қарым-қатынаста болды және билігі тек Жетісуда ғана жүрді. 16 – 17-ғасырларда жазылған деректер бойынша Бұйдаштан басқа да ұсақ хандар болған. Олардың ішінде аттары мәлімдері Ахмет хан мен Тоғым хан. 1537 – 38 ж. Шағат деген жерде болған соғыста Тоғым хан 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапты. Бұл кезең қазақ халқы үшін қасірет жылдары болды. 16-ғасырдың 2-жартысында Ақназар (Хақназар) хан мен Тәуекел хан тұсында қазақтар қайта күшейді. Ақназар Жайықтың сол жағалауын қосып алып, ноғай ұлыстарының бір бөлігіне билік жүргізді. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген моғол ханы Абд-ар Рашид пен ойраттарға (қалмақтарға) тойтарыс берілді. 1580 жылдан кейінгі деректерде Ақназар туралы ештеңе айтылмайды, оның орнына немере інісі Шығай қазақ ханы деп аталады. Ол өзбек ханы Абдолламен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен соғысты. 1582 ж. (кейбір деректерде 1586) Шығай хан өліп, орнына баласы Тәуекел хан болды. Осы жылы ол Баба сұлтанды өлтіріп, Абдолладан сыйға уәлаят алды. Бірақ бұл одақ тез бұзылып, Тәуекел Сыр бойындағы қалалар үшін күрес бастады. 1598 ж. Тәуекел Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұл кезде Бұхарада тақ таласы басталып, Абдолла қазаға ұшырап, билік баласы Абд әл-Момынның қолына көшкен еді. Алайда, ол бүлікшіл әмірлердің қолынан қазаға ұшырады. Аз уақыт ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Ахсиді, Әндіжанды, Самарқандты алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде қатты жараланып, Ташкентке шегінді. Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мауераннахрға жасаған жорығының нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана қазақ хандығының құрамына қосылды. Шайбани әулеті жойылып, орнына билікке басқа әулет (Аштархан әулеті) келді. Бұл қазақ хандығының экономикалық жағынан күшеюіне және Орта Азиядағы мемлекет шекарасының тұрақтануына аса күшті ықпал етті. Тәуекел хан қаза тапқаннан кейін билік Есім ханның (1598 – 1628(45) қолына көшті, Ташкентте Ақназардың немере інісі Тұрсын Мұхаммед өзін хан жариялады. Билеушілер (Есім хан мен Тұрсын Мұхаммед) арасындағы араздық салдары соғысқа ұласып, 1628 ж. Тұрсын хан мерт болды. Тұрсын ханмен бірге оны қолдаған қатаған тайпасы да қырылды. Есім хан қайтыс болған соң билікке баласы Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) келді. 1643 – 47 ж. қазақ-жоңғар соғысы басталды. Екі жақ арасындағы негізгі шайқас Орбұлақ түбінде болды. Онда Самарқанд билеушісі Жалаңтөс баһадүрдің көмегімен Жәңгір хан 50 мың әскері бар Батыр қоңтайшыны талқандады. 1680 ж. хандық билік Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Ол көреген саясаткер, ақылды дипломат, құдыретті хан болды. “Жеті жарғы” деген  атпен  тұңғыш  рет  құқық нормаларының жинағы құрастырылып, онда билер кеңесі шешуші рөл атқарды. Орта Азия елдерімен берік одақ құрылып, Сырдарияның бойында Тәуке ханның билігі толық орнады. Тәуке Ресей мемлекетіне 1686 – 93 ж. бес елшілік жіберді. Екі ел арасында сауда байланыстары нығайды. Оның есесіне қазақ-жоңғар қатынастары қатты  шиеленісті. 1715 (1718) ж. Тәуке хан қайтыс болып, орнына інісі Қайып хан отырды. Бірақ ол да 1718 жылдың аяғында қайтыс болып, орнына Тәукенің ұлы Болат таққа отырды. 1723 ж. жоңғарлар 70 мың әскермен қазақ жеріне басып кірді. Бүкіл оңтүстік өңірден айырылған қазақтар Бұхараға, Жем мен Жайыққа, Арқаға босып кетті. Бұл оқиға қазақ тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен қалды. Босқан елді Орта Азия хандықтары, Еділ қалмақтары мен башқұрттар да қырғынға ұшыратты. 1726 ж. Ордабасыда өткен құрылтайда қазақ батырлары мен билері бас қосып, елді басқыншылардан азат ету мәселесін талқылады. Мемлекеттің  біріккен  қолын  басқару  бас қолбасшы болып сайланған Әбілқайыр ханға жүктелді. Әбілқайыр ханның басшылығымен 1728 ж. Бұланты шайқасында, 1730 ж. Аңырақай шайқасында жоңғарларға соққы берілді. Бірақ Әбілқайыр хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан иеліктері дербес басқарылды. Сыртқы саяси жағдайдың күрделілігі қазақтарды одан аман шығудың жолын іздеуге мәжбүр етті. Кіші жүз билеушілері Әбілқайыр  ханның  басшылығымен  1726 және 1730 ж. 2 рет Ресейге елшілік аттандырып, патшайымнан өздерін бодандыққа алып, қорғауын өтінді. 1731 ж. 18 ақпанда император әйел Анна Иоановна Кіші жүзді Ресей бодандығына алатындығы жөнінде грамотаға қол қойып, тиісті келісімшарт жасатып алып келуге Сыртқы істер алқасының тілмашы Алексей Тевкелев бастаған елшілікті жіберді. 1731 ж. 10-қазанда Кіші жүз билеушілері Ресейге ант берді. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орта және Ұлы жүз билеушілері де Әбілқайыр хан арқылы орыс патшасына өтініш білдіре бастады. Бірақ жағдай күрделі күйінде қалып, 18-ғасырдың 40-жылдары жоңғар шапқыншылығы күшейе түсті. Осы кезде Абылай сұлтан өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Ол қазақ руларын өз төңірегіне біріктіре бастады. 50-жылдары жоңғар хандығы жойылды. Қазақстанға Цин (Қытай) үкіметі тарапынан тікелей қауіп төнді. Ресей Ертіс өзені бойындағы қамалдарын күшейтіп, 1756 ж. қазақтардың Жайық өзенінен өтуіне тыйым салды. Осындай жағдайда үш Жүздің билері мен батырлары жиылып, Абылайды хан көтерді. Бірақ 1781 ж. Абылай қайтыс болғаннан кейін орнына хан болған Уәли тек Орта жүзге ғана билік жүргізді. Ол Ресей бодандығын толық мойындады. Бірақ, Қытай және Орталық Азия мемлекетімен тығыз байланыс орнатты. Сырым Датұлы бастаған көтерілістен  кейін  Кіші  жүзде  хандық  билік әлсіреп кетті. Осыны пайдаланған Ресей өкіметі 1821 ж. Арынғазы, 1824 ж. Шерғазы хандарды орнынан түсірді. 1824 ж. “Орынбор қырғыздары (қазақтары)” жөніндегі Жарғы бойынша хандық билік Ресейдің әкімшілік жүйесімен алмастырылды. 1815 ж. Орта жүзде Бөкей екінші хан болып тағайындалды. Ал 1817 ж. Бөкей хан, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Ресей ешкімді хан етіп бекітпеді. 1822 ж. “Сібір қазақтары (қырғыздары) жөніндегі” Жарғыға сәйкес Орта жүз бен Ұлы жүздің Ресейге қараған бөлігі “Сібір қазақтары” деп аталып, хандық билік жойылды. Бірақ хандықтың жойылуын жергілікті халық қабылдамады. Сондықтан отаршылдыққа қарсы жиі-жиі бас көтерулер болды. Әсіресе, 1837 – 47 ж. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс бүкіл казақ халқын қамтыды. Көтерілісшілер арасында Кіші, Орта, Ұлы жүз өкілдері болды. Олар 1841 ж. Кенесарыны үш жүздің ханы етіп сайлады. Кенесары бір жағынан солтүстік-шығыс пен батыстағы Ресей бекіністеріне шабуыл жасаса, екінші жағынан оңтүстікте Қоқан хандығымен де соғысты. Бірақ күш тең болмады да, 1847 ж. Кенесары қырғыз жерінде қазаға ұшырады. Кенесары өлімінен кейін, 4 ғасырдай өмір сүрген қазақ хандығы біржолата жойылды. Бірақ 1801 ж. Нұралы ханның баласы Бөкей Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Еділ мен Жайық арасында жатқан ата қоныстарын қайтарып алды да, ол жерде Бөкей Ордасы құрылды. 1823 – 46 ж. Бөкей Ордасының ханы болған Жәңгір біраз реформалар жүргізді (мектеп-медреселер ашу, отырықшылықты насихаттау, т.б.). Бірақ Жәңгір ханның жүргізген саясаты Ресей тарапынан қолдау таппады. Жәңгір хан мен оның мұрагерлері белгісіз жағдайда қазаға ұшырағаннан кейін Бөкей Ордасында да хандық билік жойылды.
09.11.2012 02:34 24004

 

Соңғы редакциялау:
15 қазан 2012

 

Қазақ хандығы – қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы (шамамен 1456 – 1847). Астаналары әр түрлі кезеңдерде Сарайшық, Сығанақ, Түркістан, Созақ, т.б. қалалар болды. 15-ғасырдың 50 – 60-жылдарында Орталық және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ру-тайпалардың (Мұхаммед Хайдар Дулаттың дерегінде 200 мыңдай адам) Батыс Жетісуға қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына тікелей ұйтқы болды. Оларды Ақ Орданың билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар бастап келді. Олар Моғолстан ханы Есенбұғамен одақ құрды. Қазақ хандарының ешкімге тәуелсіз билік құра бастаған кезеңін Мұхаммед Хайдар Дулат 1465 – 66 жылдар деп жазды. 15-ғасырдың аяғы мен 16-ғасырдың басында Бұрындық хан және Қасым хан қазақ ру-тайпалары мекендеген Сарысу, Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігіне үстемдік орнатты. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының саяси, экономикалық жағдайы нығая түсті. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа дейін жетті, оңтүстікте хандыққа Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды. Солтүстікте Ұлытау, оңтүстік-шығыста Қасым ханға қараған халық 1 млн. адамға жетті. Сөйтіп, 15-ғасырдың аяғында Қазақстан аумағының басым бөлігінде өмір сүретін этникалық топтардың тұңғыш рет бір мемлекетке бірігуі басталды. 16-ғасырдың 2-ширегінде болған тақ таласы кезінде Қасымның мұрагері Мамаш хан қаза тапты (1523). Өкімет билігі Қасым ханның немере інісі Таһир (Тахыр) ханның қолына көшті (1523 – 33), бірақ ол өзара тартысты баса алмады. Шайбани әулетіне қарсы соғыстар сәтсіз аяқталып, Таһирдің Ноғай Ордасымен қарым-қатынасы шиеленісті. Халық бұқарасы соғыс ауыртпалығына, ханның қатыгездігіне төзе алмай басқа жаққа жаппай көше бастады. Таһир ханның ықпалы Жетісуда ғана сақталды. Мұнда ол қырғыздармен одақ құрып, моғол ханы Сұлтан Саидтың Жетісуда өз билігін қайта құрмақ әрекетіне тойтарыс берді. 1531 – 32 ж. Таһир хан қырғыздар арасында өліп, орнына інісі Бұйдаш таққа отырды. Ол қырғыздармен жақсы қарым-қатынаста болды және билігі тек Жетісуда ғана жүрді. 16 – 17-ғасырларда жазылған деректер бойынша Бұйдаштан басқа да ұсақ хандар болған. Олардың ішінде аттары мәлімдері Ахмет хан мен Тоғым хан. 1537 – 38 ж. Шағат деген жерде болған соғыста Тоғым хан 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапты. Бұл кезең қазақ халқы үшін қасірет жылдары болды. 16-ғасырдың 2-жартысында Ақназар (Хақназар) хан мен Тәуекел хан тұсында қазақтар қайта күшейді. Ақназар Жайықтың сол жағалауын қосып алып, ноғай ұлыстарының бір бөлігіне билік жүргізді. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген моғол ханы Абд-ар Рашид пен ойраттарға (қалмақтарға) тойтарыс берілді. 1580 жылдан кейінгі деректерде Ақназар туралы ештеңе айтылмайды, оның орнына немере інісі Шығай қазақ ханы деп аталады. Ол өзбек ханы Абдолламен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен соғысты. 1582 ж. (кейбір деректерде 1586) Шығай хан өліп, орнына баласы Тәуекел хан болды. Осы жылы ол Баба сұлтанды өлтіріп, Абдолладан сыйға уәлаят алды. Бірақ бұл одақ тез бұзылып, Тәуекел Сыр бойындағы қалалар үшін күрес бастады. 1598 ж. Тәуекел Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұл кезде Бұхарада тақ таласы басталып, Абдолла қазаға ұшырап, билік баласы Абд әл-Момынның қолына көшкен еді. Алайда, ол бүлікшіл әмірлердің қолынан қазаға ұшырады. Аз уақыт ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Ахсиді, Әндіжанды, Самарқандты алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде қатты жараланып, Ташкентке шегінді. Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мауераннахрға жасаған жорығының нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана қазақ хандығының құрамына қосылды. Шайбани әулеті жойылып, орнына билікке басқа әулет (Аштархан әулеті) келді. Бұл қазақ хандығының экономикалық жағынан күшеюіне және Орта Азиядағы мемлекет шекарасының тұрақтануына аса күшті ықпал етті. Тәуекел хан қаза тапқаннан кейін билік Есім ханның (1598 – 1628(45) қолына көшті, Ташкентте Ақназардың немере інісі Тұрсын Мұхаммед өзін хан жариялады. Билеушілер (Есім хан мен Тұрсын Мұхаммед) арасындағы араздық салдары соғысқа ұласып, 1628 ж. Тұрсын хан мерт болды. Тұрсын ханмен бірге оны қолдаған қатаған тайпасы да қырылды. Есім хан қайтыс болған соң билікке баласы Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) келді. 1643 – 47 ж. қазақ-жоңғар соғысы басталды. Екі жақ арасындағы негізгі шайқас Орбұлақ түбінде болды. Онда Самарқанд билеушісі Жалаңтөс баһадүрдің көмегімен Жәңгір хан 50 мың әскері бар Батыр қоңтайшыны талқандады. 1680 ж. хандық билік Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Ол көреген саясаткер, ақылды дипломат, құдыретті хан болды. “Жеті жарғы” деген  атпен  тұңғыш  рет  құқық нормаларының жинағы құрастырылып, онда билер кеңесі шешуші рөл атқарды. Орта Азия елдерімен берік одақ құрылып, Сырдарияның бойында Тәуке ханның билігі толық орнады. Тәуке Ресей мемлекетіне 1686 – 93 ж. бес елшілік жіберді. Екі ел арасында сауда байланыстары нығайды. Оның есесіне қазақ-жоңғар қатынастары қатты  шиеленісті. 1715 (1718) ж. Тәуке хан қайтыс болып, орнына інісі Қайып хан отырды. Бірақ ол да 1718 жылдың аяғында қайтыс болып, орнына Тәукенің ұлы Болат таққа отырды. 1723 ж. жоңғарлар 70 мың әскермен қазақ жеріне басып кірді. Бүкіл оңтүстік өңірден айырылған қазақтар Бұхараға, Жем мен Жайыққа, Арқаға босып кетті. Бұл оқиға қазақ тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен қалды. Босқан елді Орта Азия хандықтары, Еділ қалмақтары мен башқұрттар да қырғынға ұшыратты. 1726 ж. Ордабасыда өткен құрылтайда қазақ батырлары мен билері бас қосып, елді басқыншылардан азат ету мәселесін талқылады. Мемлекеттің  біріккен  қолын  басқару  бас қолбасшы болып сайланған Әбілқайыр ханға жүктелді. Әбілқайыр ханның басшылығымен 1728 ж. Бұланты шайқасында, 1730 ж. Аңырақай шайқасында жоңғарларға соққы берілді. Бірақ Әбілқайыр хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан иеліктері дербес басқарылды. Сыртқы саяси жағдайдың күрделілігі қазақтарды одан аман шығудың жолын іздеуге мәжбүр етті. Кіші жүз билеушілері Әбілқайыр  ханның  басшылығымен  1726 және 1730 ж. 2 рет Ресейге елшілік аттандырып, патшайымнан өздерін бодандыққа алып, қорғауын өтінді. 1731 ж. 18 ақпанда император әйел Анна Иоановна Кіші жүзді Ресей бодандығына алатындығы жөнінде грамотаға қол қойып, тиісті келісімшарт жасатып алып келуге Сыртқы істер алқасының тілмашы Алексей Тевкелев бастаған елшілікті жіберді. 1731 ж. 10-қазанда Кіші жүз билеушілері Ресейге ант берді. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орта және Ұлы жүз билеушілері де Әбілқайыр хан арқылы орыс патшасына өтініш білдіре бастады. Бірақ жағдай күрделі күйінде қалып, 18-ғасырдың 40-жылдары жоңғар шапқыншылығы күшейе түсті. Осы кезде Абылай сұлтан өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Ол қазақ руларын өз төңірегіне біріктіре бастады. 50-жылдары жоңғар хандығы жойылды. Қазақстанға Цин (Қытай) үкіметі тарапынан тікелей қауіп төнді. Ресей Ертіс өзені бойындағы қамалдарын күшейтіп, 1756 ж. қазақтардың Жайық өзенінен өтуіне тыйым салды. Осындай жағдайда үш Жүздің билері мен батырлары жиылып, Абылайды хан көтерді. Бірақ 1781 ж. Абылай қайтыс болғаннан кейін орнына хан болған Уәли тек Орта жүзге ғана билік жүргізді. Ол Ресей бодандығын толық мойындады. Бірақ, Қытай және Орталық Азия мемлекетімен тығыз байланыс орнатты. Сырым Датұлы бастаған көтерілістен  кейін  Кіші  жүзде  хандық  билік әлсіреп кетті. Осыны пайдаланған Ресей өкіметі 1821 ж. Арынғазы, 1824 ж. Шерғазы хандарды орнынан түсірді. 1824 ж. “Орынбор қырғыздары (қазақтары)” жөніндегі Жарғы бойынша хандық билік Ресейдің әкімшілік жүйесімен алмастырылды. 1815 ж. Орта жүзде Бөкей екінші хан болып тағайындалды. Ал 1817 ж. Бөкей хан, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Ресей ешкімді хан етіп бекітпеді. 1822 ж. “Сібір қазақтары (қырғыздары) жөніндегі” Жарғыға сәйкес Орта жүз бен Ұлы жүздің Ресейге қараған бөлігі “Сібір қазақтары” деп аталып, хандық билік жойылды. Бірақ хандықтың жойылуын жергілікті халық қабылдамады. Сондықтан отаршылдыққа қарсы жиі-жиі бас көтерулер болды. Әсіресе, 1837 – 47 ж. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс бүкіл казақ халқын қамтыды. Көтерілісшілер арасында Кіші, Орта, Ұлы жүз өкілдері болды. Олар 1841 ж. Кенесарыны үш жүздің ханы етіп сайлады. Кенесары бір жағынан солтүстік-шығыс пен батыстағы Ресей бекіністеріне шабуыл жасаса, екінші жағынан оңтүстікте Қоқан хандығымен де соғысты. Бірақ күш тең болмады да, 1847 ж. Кенесары қырғыз жерінде қазаға ұшырады. Кенесары өлімінен кейін, 4 ғасырдай өмір сүрген қазақ хандығы біржолата жойылды. Бірақ 1801 ж. Нұралы ханның баласы Бөкей Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Еділ мен Жайық арасында жатқан ата қоныстарын қайтарып алды да, ол жерде Бөкей Ордасы құрылды. 1823 – 46 ж. Бөкей Ордасының ханы болған Жәңгір біраз реформалар жүргізді (мектеп-медреселер ашу, отырықшылықты насихаттау, т.б.). Бірақ Жәңгір ханның жүргізген саясаты Ресей тарапынан қолдау таппады. Жәңгір хан мен оның мұрагерлері белгісіз жағдайда қазаға ұшырағаннан кейін Бөкей Ордасында да хандық билік жойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға