1908-1917 ж.ж.
1908 жылы орыс деревнясында егістік жерлерінің көлемімен және жұмыс малымен қамтамасыз етілу бойынша кедейлердің үлес салмағы 41, орташалардың 40 және бай шаруалар 19 пайыз болды. Мүнда Ресей-дің еуропалық бөлігіне қарағанда аграрлық мәселе оншалықты өткір болмады, мұның өзі жергілікті шаруалардың төңкерістерге және азаматтық соғысқа қатысуына белсенділігін тудыра қоймады.
Ауылдағы әлеуметтік қатынастар өзіндік ерекшеліктер бойынша өрістеді. Онда билік басындағылар орта есеппен 88 бас малға иелік етсе, кедей шаруашылықтарында 10 бас мал болды. Ғасырлар шебінде ерекше әлеуметтік топ — жатақтар, басқаша айтқанда өзінің руы мен ауылынан бөлінген адамдар пайда болды. Олар қала мен селода жалға тұрып жеке кәсіппен шұғылданды.
Теміржолшылар жұмысшы табын құрады, 1915 жылы олардың саны 1500 адам, консерв және былғары зауыттарының жұмысшылары 1000 адамдай болды.
1905 жылдың күзінде бұқара арасында патша саясатына наразылық күшейді. Қазан айында теміржолшылар көтеріліске шықты, оларға қаланың кедейлері мен ұсақ кеңсе қызметкерлері қосылды. Бой көрсету жалпы көтеріліске ұласты. Бір жұма өткеннен кейін 500-дей адам қатысқан екінші бой көрсету болып, оларға 150-дей қала жұмысшылары қатысты.
1906 жылғы 4 қаңтарда Сенат Солтүстік Қазақстан аумағында әскери жағдай енгізу туралы жарлық шығарды. Соның негізінде социал-демократиялық қозғалыстың ондаған белсенділері тұтқындалды.
Аграрлық қозғалыстарда саяси талаптар нақты қойылмады. Қазақтар жайылымдардың көшіп келіп қоныстанушыларға тартып алып берілуіне және салық төлеуге қарсылық білдірді. Орыс шаруалары несие берілуін талап етті, земстволық билікке бой ұсынуға көнбеді, тұтқындалғандарды өз беттерімен босатып алды, ормандарды отады, қазыналық саяжайларды тартып алды. Жұмысшылар өздерінің материалдық және адами құқықтары үшін күресті. Алайда өлкеде пролетарлық та, шаруашылық та қозғалыс кең ауқымда өрістемеді. Сөйте тұрып, қосалқы шаруашылығы болған, азық-түліктер бағасы арзандаған жағдайда қалалықтардың көпшілігінің тұрмысы жаман болмады.
1914-1917 жылдары еркектерді әскерге шақыру, әскери салықтар, мүліктерді алып қою, тұтыну тауарларының бағасының өсуі қалалықтардың материалдық жағдайын күрт нашарлатты. Алайда уезде экономикалық дағдарыс болған жоқ. Керісінше осы кезде егістік алқаптардың көлемі ұлғайып, астықтан мол өнім алынды және мал басы өсті. Бұған көшіп-қонудың жаңа негізге қойылуы, жалға берілетін және жеке шаруашылықтардың жеделдете дамуы, сондай-ақ уезде Австро-Венгрия армиясының әскери тұтқындарының орналастырылып, олардың арзан еңбегінің шаруашылықтарда кеңінен пайдаланылуы арқылы қол жеткізілді.