Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының тарихы (1-бөлім)

Соңғы редакциялау: 19 қазан 2012   Тарихы. Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Оны Қаратау, Маңғыстау өңірлерінен табылған тұрақтардан алынған материалдар дәлелдейді. Қазақстан жеріндегі ерте палеолиттік (эоплейстоценнен бастап б.з.б. 150 – 130 мыңжылдықтарға дейін) ескерткіштер Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертіс алабынан табылған. Орта палеолитке (мустье) жататын (б.з.б. 150 – 130 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 – 30 мыңжылдықтарға дейін) ескерткіштер де бұл өңірлерде көп. Кейінгі палеолит (б.з.б. 30 – 35 мыңжылдықтардан б.з.б. 12 – 10 мыңжылдықтарға дейін) дәуірінде адамзат жеріміздің барша аймақтарына тараған. Республика аумағындағы тас дәуірі әртүрлі ендіктердегі әлемдік дамудың (олдувей мәдениеті, ашель мәдениеті, мустье мәдениеті, т.б.) барлық заңдылықтарын сақтаған. Ежелгі тас құралдары Қаратау қыратының оңт.-батысындағы Арыстанды өз. алқабының төм. төрттік дәуіріне қатысты ең биік сөресін құрайтын, тұтасып қатып қалған конгломераттар қабатынан табылған. Қаратау сілемдеріндегі ашель кезеңінің тұрақтары көп. Ең көрнектілері Бөріқазған мен Тәңірқазғаннан табылған бұйымдар төрт топқа: бір жақты, екі жақты шапқыш құралдар; зіл мен сындырғыштар; домалақ ірі бұжыр тастар топтарына жатады. Мұндай шапқыш құралдар Оңт.-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель кезеңіндегі бұйымдарға өте ұқсас. Түркістан қ. маңындағы Қошқорған, Шоқтас ескерткіштерінен табылған тас құралдардың жас мөлш. б.з.б. 500 мыңжылдықтан әрі асады. Ашель кезеңінің ескерткіштері Орт. Қазақстаннан (Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысан, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Қозыбай), Маңғыстаудан (Шақпақата, т.б.), Мұғалжар тауларынан (Жалпақ, Мұғалжар, т.б.) да табылған. Екі жақты шапқыш (бифас) құрал, әсіресе, соңғы аталған өңірдегі бірнеше орындардан зерттелді. Мустье кезеңіне жататын тұрақтардың ең маңыздылары Қаратаудан (Уәлиханов атындағы тұрақ, Шақпақ, т.б.), одан соң Бат. Қазақстаннан (Шақпақата, Құмақапа, Аққыр, т.б.), Сарыарқадан (Бұрма, Семізбұғы 2-10, Аққошқар, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Бөдене-1, т.б.), Жетісудан (Ақтоғай, т.б.) табылған. Кейінгі палеолит жұрттарында бұрынғысынша, ұсақ малта тастардан жасалған шапқыш құралдар, салмақты қырғыштар, үш бұрышты қалақшалар көп, олар дөңгелек тұрпатты өзектастардан омырылып алынған. Омыру техникасы жетілдірілген, көп қырлы призма пішіндес өзектастар да табыла бастады. Соғып түзету техникасы кең қолданылған, ол жүзі жұқа құралдар – найза, сүңгі ұштарын жасауға мүмкіндік берген. Бұл кезеңде палеогеогр. жағдай қолайсыздау болғанымен, Қаратау жотасынан (Уәлиханов атынд. тұрақтың жоғ. мәдени қабаттары, Ащысай, Ұшықтас, т.б.), Шығ. Қазақстандағы Ертіс өз-нен (Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбі, т.б.), Сарысу өз. өңірі мен Солт. Балқаш өңірінен (Семізбұғы, Тораңғы, Баршын, Батпақ, т.б.) табылған тас бұйымдар осы кезең туралы мейлінше толық мағлұмат береді. Палеолиттен мезолитке (б.з.б. 12 – 10 – 5 мыңжылдықтар) өткен кезеңдерде қазіргі кездегіге жуық табиғи келбет орнықты. Садақ пен жебенің ойлап табылуы аңшылық кәсіпке үлкен мүмкіндіктер туғызды. Бұл дәуір ескерткіштері Қазақстанда аз зерттелген. Оңт. Қазақстанда (Маятас, Жаңашілік-1-3, т.б.), Орт. Қазақстанда (Қарағанды-15, Әкімбек, т.б.), Солт. Қазақстанда (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Атбасар, т.б.), Торғай ойпаты аудандарында (Дүзбай-6, т.б.), Қостанай қ. маңында (Дачная, Евгеньевка, т.б.) орналасқан тұрақтар адамдардың шаруашылығынан, дүниетанымынан мол мағлұмат береді. Неолит (б.з.б. 5 – 3 мыңжылдықтар) дәуірінде адамдар өнім өндіруге бет бұра бастады. Микролиттік (жебе ұштары, саптамалы құрал жүздері) және макролиттік мәдениет (тас балта, қашау, кетпен, дән уатқыш, келі, пышақ, қырғыш, т.б.) дами түсті. Тас өңдеу (тегістеу, аралау, бұрғылау), сүйектен, мүйізден, ағаштан бұйым жасау жетілді. Қыш ыдыстар жасала бастады. Мекендеріне байланысты неолит, энеолит қоныстарының бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп топталатын 600 орны анықталды. Қоныс орындары Қаратау алқабынан (Қараүңгір, Арыс, Дермене, Тасқотан, т.б.), Арал маңынан (Жалпақ, Ақеспе, т.б.), Сарыарқадан (Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды кешендері, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Соцчигиз, т.б.) табылды. Ақмола обл. Атбасар ауд-ндағы Атбасар мәдениеті (б.з.б. 7 мыңжылдықтың соңы – 6 мыңжылдық басы) жергілікті мезолит тайпаларының материалдық негізінде қалыптасқан. Мұнда 200-ге тарта тұрақ табылған. Торғай ойпатында неолит дәуіріне жататын Маханжар мәдениетінің тұрақтары ашылған. Сондай-ақ, бұл заман ескерткіштері Ертіс алабында (Усть-Нарым, Пеньки, Железинка моласы) да көп. Неолит дәуірінде дәстүрлі аңшылық, балық аулау, терімшілік сақталды. Өндіруші шаруашылық негізі – қарапайым егіншілік пен мал ш. пайда болды. Бұл энеолиттік (б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар) тұрақтардан айқын көрінеді. Көкшетаудағы Ботай бекеті жанындағы Ботай мәдениеті, Торғайдағы Терсек мәдениеті солт. өңірлердегі далалық энеолитті сипаттайды. Осы мәдениеттердің көптеген материалдық деректері байырғы адамдардың діни нанымынан, шаруашылық жайынан хабар береді. Күнделікті өмірде бірқатар заттар мыстан жасала бастаған. Қола дәуірінде (б.з.б. 2 – 1 мыңжылдықтар) мыс пен қола металлургиясы дамыды (қ. Ежелгі кен қазбалары). Тайпалар мал және егін ш-тарымен кешенді түрде айналыса бастады. Еңбек өнімділігі артты. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті. Қола – еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат көзіне айналды. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі жағынан және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді; бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны 1914 ж. Сібірдегі Ачинск қ-ның маңынан табылған Андрон деревнясы атымен аталатын Андрон мәдениетін қалдырған тайпалар ескерткіштерінен көруге болады. Андрон мәдени-қауымдастығы таралған аймағына және өзіндік белгілеріне қарай үш тарихи кезеңге бөлінеді: ерте кезеңі – б.з.б. 18 – 16 ғ-лардағы Петров мәдениеті; орта кезеңі – б.з.б. 15 – 12 ғ-лардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттері; соңғы кезеңі – б.з.б. 11 – 9(8) ғ-лардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері. Ғылымда Андрон мәдени-тарихи қауымдастығы тарихи кезеңдеріне қатысты түрлі пікірлер бар. Дегенмен, ғалымдардың көбі бұл кезеңдер бірін-бірі алмастырып отырды деген пікірге тоқтаған. Қола дәуіріндегі әрбір мәдениет жерлеу құрылыстарымен, қабірге қойылған заттарымен ерекшеленеді. Бұл кезеңде түрлі металдардың қорытпаларынан еңбек құралдарын (пышақ, орақ, шалғы, балта), қару-жарақ (қанжар, найза, жебе ұштықтары), әшекейлік бұйымдар (тоға, білезік, моншақ, тарақ) жасау жетілдірілді. Ертедегі шеберлер металл құю, соғу, бедерлеу, өрнек салу, тегістеу, әрлеу тәсілдерін жақсы меңгере бастады. Тас құралдары да (дән уатқыш, келі-келсап) бұрынғысынша пайдаланыла берді. Мүйіз, сүйек, шақпақ, тас, қыш, тері, жүн, ағаштардан бұйымдар жасау ісі жетіле түсті. Мал ш. мен кен байыту ісі қоғамдағы ер адамдар рөлін күшейтті. Бұл өз кезегінде аналық тек үстемдігін аталық тек билігінің алмастыруына алып келді. Діни ұғымда отқа, ата-баба аруағына табыну түрлері кең тарала бастады. Қола дәуірінің өзіндік мәдени кезеңдері Қазақстанның барлық аймақтарынан байқалады. Қазақстанның қола дәуіріндегі тайпалар бірлестігінің негізінде ертедегі көшпелілер мәдениеті қалыптаса бастады (қ. Көшпелілік). Б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында Қазақстан далалары мен шөлейт, таулы аудандарында негізгі кәсіп көшпелі мал ш. болды. Темір дәуірінде (б.з.б. 7 ғ-дың басы) адам еңбегі анағұрлым өнімді бола түсті. Темір өндіру қосымша өнім мөлшерінің артуына жағдай туғызды. Көлік ретінде жылқы кеңінен пайдаланылды. Табиғи орта мен климат жағдайларына байланысты мал ш-ның негізгі үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық дами түсті. Темірден ер-тұрман әбзелдері (ауыздық, т.б.), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлері жасалды. Көшпелі тұрмыста киіз үй, арба, күйме кеңінен қолданылды. Малға және жерге отбасылық меншік нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшін қақтығыстар жиілей түсті. Ерте темір ғасыры дәуірінде (б.з.б. 1 – мыңжылдық ортасы) Қазақстандағы тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңт., шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына (қ. Сақтар), ал батыс, солт. аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Археол. деректер бұл бірлестіктерде мемл. нышандардың болғандығын аңғартады. Сақтардың оңт. өңірлердегі Бесшатыр, Есік обасы, Түгіскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткіштері олардың мәдениеті мен өнер жетістіктерінің бірегей туындылары болып табылады. Шығ. Қазақстандағы тайпалар материалдық мәдениеті майәмір (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар), берел (б.з.б. 5 – 4 ғ-лар), құлажорға (б.з.б. 3 – 1 ғ-лар) кезеңдеріне бөлінеді. Майәмір кезеңіндегі Шілікті обасы, Берел кезеңіндегі осы аттас обалардан алынған мағлұматтардан сақтардың әлеум. жағдайын, тұрмысқа қажетті заттардан олардың шаруашылығы мен дүниетанымын аңғаруға болады. Орт. Қазақстан тайпалары Тасмола мәдениетін қалдырды (жазба деректері бойынша бұлар массагет тайпалары не исседондар). Мұны тастардың тізбектеле, мұртқа ұқсай орналасуына байланысты “мұртты обалар” деп те атайды. “Мұртты” обалардың архит. кешені қола дәуірі тайпаларының табынушылық құрылыс өнерінің дәстүрлерін айқын бейнелейді. Савромат-сармат ескерткіштері, әсіресе, Елек өз. бойында көп шоғырланған. Мұндағы Бесоба қорымы, Целинный қорымы, Сынтас қорымы, т.б. ескерткіштердің құрылысы мен олардан табылған заттар бұл тайпаларда қолданбалы өнердің жоғары болғандығын көрсетеді. Ертедегі көшпелілердің діни нанымында отқа, күнге, от басы, ошақ қасы, ата-баба аруағына табыну орын алды, пұтқа, керемет күшке сенушілік сақталды. Қолданбалы өнерде скифтік-сібірлік аң кескінін бейнелеу нақышы кең тарады. Бат. және Солт. Қазақстандағы савромат мәдениеті тайпалары – аландардың арғы тегі, Шығ. Қазақстанды аримаспылар, Жетісу мен Оңт. Қазақстанды тиграхауда сақтары, Арал маңын массагеттер қоныстанды. Темір дәуіріндегі ежелгі тайпалар бірлестігі жөніндегі жазба деректемелерді екі топқа бөлуге болады: 1) көне деректермелер (Геродот, Ксенофонт, Птолемей, т.б.); 2) ахамен әулеті (ежелгі парсы) сына жазбалары. Соңғы деректемелерде сақтардың үш тобы: хаумаварга сақтар, тиграхауда сақтар, тиай-парадрайа сақтар аталады; (қ. Қазақстанның ежелгі тайпалары). Жазбаша деректемелер археол. зерттеулермен ұштастырылып қазіргі таңда б.з.б. 8 – 1 ғ-лардағы тайпалар, тайпалық одақтар жөнінде көп мәліметтер алынып отыр. Б.з.б. 3 ғ-да Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түскенін де жазба және археол. деректемелерден көруге болады. Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, этн. жақындық Қазақстан аумағында мемлекеттердің құрылуының негізгі себептері болды. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Оның атау тегі әр түрлі тайпаларды біріктірген және Тынық мұхит пен Солт. Қытайдан Алтай мен Жетісуға дейінгі аумақты, ал кейіннен одан әрі батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысы бар. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Модэ басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Модэ шаньюй б.з.б. 206 ж. Қытайға, б.з.б. 201 ж. Алтай тайпаларына сәтті жорықтар жасады. Ғұндар бірлестігіне шыққан тегі әр түрлі тайпалар немесе этн. саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық өміріне бір орт-қа бағынғысы келмейтін қуатты күштер, кең байтақ жердің әр түкпіріндегі аудандар арасында берік саяси және экон. байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Ғұн қоғамында бірлік Фратрияаралық бауырластық ұйымның ерекше түрі болуы арқылы орнаған. Б.з.б. 1 ғ-дың ортасында сюнну қоғамы өз вассалдық иеліктерінен айырылып, Хуханье шаньюй бастаған оңт. және Чжичжи басшылық еткен солт. топтарға бөлінді. Оңт. сюннулер Ордос аумағында қалды да, солт. сюннулер өз тайпаластарының қысымымен солт. пен батысқа қоныс аударды. Б.з.б. 49 ж. Чжичжи ғұн конфедерациясын қайта біріктіруге деген талпынысы нәтиже бермеді. Ол қаңлылармен одақтасып, үйсіндермен соғысты. Хань империясының бодандығындағы оңт. ғұндар 304 ж. Лю-хан атты өз мемлекетін құрды. Солт. ғұндардың Еділ – Жайықтағы үлкен бөлігі 4 ғ-дың 2-жартысында Қара т. жағалауын, Днестрге дейінгі өлкені бағындырды. Жалпы, ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Ол Қазақстанды мекен еткен тайпалардың этн.-саяси тарихына елеулі өзгерістер енгізді. Жетісуда ежелгі тиграхауда сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) Орт. азиялық тайпалар еді. Олар б.з.б. 160 ж. шамасында өз мемлекетін құрған. Негізгі жері Іле алқабында болды, бат. шекарасы Шу мен Талас өзендері арқылы өтіп, Қаңлы мемлекетімен шектесті. Шығысында ғұндармен, оңт-тегі иелігі Ферғанамен ұштасып жатты. Қытай жазба деректері үйсіндер иелігінде 630 мың адам болғанын және бір уақытта 188 мың жауынгерге дейін шығара алатынын мәлімдейді. Үйсіндердің археол. ескерткіштері – қорымдар (Қапшағай, Өтеген, Тайғақ, Қарлақ, Ақтас, т.б.) мен қоныс орындарынан (Ақтас, Кеген, т.б.) табылған заттар олардың мал ш-мен, егін егумен айналысқанын көрсетеді. Үйсін байларының 500-ге тарта жылқысы болғандығы жазба деректерден де белгілі. Үйсін қоғамындағы әлеум. айырмашылықтар археол. материалдардан да айқын байқалады. Қаңлы (кангюй, канцзюй) мемлекеті жазба деректемелерде б.з.б. 2 ғ-да айтыла бастайды. Кейбір деректерде қаңлы халқы 120 мың отбасынан, 600 мың жаннан құралатыны және саптағы әскері 120 мың адам екені айтылады. Қаңлылар б.з.б. 46 – 36 ж. Чжичжи бастаған ғұндарды қолдады, кейін үйсін және қытайлармен бірігіп, оларға қарсы шыққан. 85 ж. қаңлылар Қашғардағы қытай уәлиі Бань Чаоға қарсы көтерілген ферғаналықтарды жақтаған. Қаңлылар Жібек жолының Сырдария бойымен өтетін Ферғанадан Арал өңіріне дейінгі бөлігін өз бақылауында ұстап тұру үшін күрес жүргізді. Қаңлылардың қала жұрттары мен обаларынан шетелдік бұйымдар көп шыққан. Олардың археол. ескерткіштері ғыл. ортада жетіасар мәдениеті, қауыншы мәдениеті және отырар-қаратау мәдениеті деген атаулармен белгілі. Қаңлы мемлекетінің халқы егіншілікпен, мал ш-мен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқан. Ғыл. әдебиеттерде қаңлы, үйсін халықтарының этн. сипаты жөніндегі мәселе күрделі де қиын. Олардың қай тілде сөйлегені жөнінде де бірыңғай пікір жоқ. Зерттеушілердің біразы оларды шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екінші біреулері олар түркілердің арғы аталары, олар түркіше сөйлеген деп есептейді. Қалай болғанда да, қазақтың ең ірі тайпалары үйсін, қаңлы деп аталады. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экон. және мәдени байланыс орнатқан. Ертедегі ортағасырлық мемлекеттер. Қазақстан жері 6 ғ-да билеушілері ашин руынан шыққан Түрік қағандығының билігінде болды. Түркі этносы 3 – 4 ғ-ларда қалыптасқан. “Түркі” этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 ж. аталады. Қытайлар түркілерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Шежірелерде Вэй князьдігінің солт. өңірлеріне солт.-батыс жақтан келген түркілердің (туцзюе) жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететіні хабарланады. 546 ж. тирек (теле, телі) тайпалары қазіргі Моңғолияның оңт. және орт. бөліктерін мекендеген және мұнда үстемдік еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасады. Түрік қағаны Бумын күтпеген жерден тирек әскеріне шабуыл жасап, кескілескен шайқастан кейін оны жеңеді де, тиректердің 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құқығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынғандарды өзіне қосып алған түркілер күшейіп, 552 ж. көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді. Сөйтіп, Бумын (553 ж. өлген) Түрік қағандығының негізін салды. Оның мұрагері Мұқан қаған (553 – 572) билік құрған жылдарда қағандық Орт. Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей аймағындағы қырғыздарды бағындырды. Солт. Қытай мемлекеті алым-салық төлеп тұрды. 561 – 563 ж. түркілер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрды. 587 ж. Бұхара түбінде түркілер эфталиттердің негізгі күшін талқандады. 588 ж. Герат қ. түбінде Иран түркілерді жеңді. 571 – 576 ж. Истеми (Істемі) мен Түріксанф қағандар басып алған Терістік Кавказ бен Қырым жерлеріне жорық жасаған болатын. Қағандықтағы өзара қырқыс кезінде (582 – 593) мұндағы ықпалынан айрылды. Түркі қағандығындағы әлеум. қайшылықтар, ашаршылық, жұт, Суй әулетінің (Қытай) шекаралардағы шабуылдары (581 – 618) бұл мемлекеттің 603 ж. Батыс және Шығыс болып екіге бөлінуіне алып келді. Батыс түрік қағандығы “ежелгі усун жерлеріне” ірге тепті. Оның аумағы Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағандықтың негізгі этн.-саяси ұйытқысы “он тайпа” (он оқ будун) болды. Шу өз-нің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендеді. Астанасы Суяб (Қырғызиядағы Тоқмақ қ-ның маңы), ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қ. жанында) еді. Қағандықтың күш-қуаты Жегуй-қаған (610 – 618) мен Түн-жабғы (618 – 630) тұсында күшейе түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солт.-батысына дейін кеңейтті. Соғды мен Бұхарада қаған өкілдері отырды. Халық (түркілер, соғдылықтар) сауда-саттықпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысты. Батыс түрік қағандығында әлеум.-экон. және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен тәуелділіктің алуан түрлі болуына қарамастан, таптардың құрылу және ертедегі феод. қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісі жүріп жатты. Ішкі тартыстар мен Жетісудағы Тан империясы саясатына қарсы күресте Үшлік (Үш-Елік, Учжиле) бастаған түргештерді күшейтіп, ақыры 704 ж. Жетісуда Түргеш қағандығы (704 – 756) орнады. Үшлік қаған (699 – 706) Жетісудан Бөрі-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Тұрфан (Сичжоу) мен Бесбалыққа (Тинчжоу) дейінгі жерлерге өз билігін орнатты. Ол астанасын Суябқа орналастырды. Іле өз. бойындағы Күнгітті екінші орда етті. Үшлік қаған елді 7 мың әскері бар 20 түтіктікке (еншілік) бөліп басқарды. Сақал қағанның (706 – 711) тұсында Түргеш қағандығы батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы күрес жүргізді, оңт-те бұларға Тан әулеті зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыста Орт. Азия түркілері қыспаққа алды. Сұлық (Сулық, Сулу) қаған (715 – 738) ел басқарған кезде қағандық біршама күшейді. Орда Таласқа (Тараз) көшірілді. Сұлық қағанға екі майданда күрес жүргізуге тура келді: батыстан арабтар, шығыстан Тан сарайы қауіп төндірді. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сұлық шығыстан келетін қауіптің алдын алып, батыста белсенді әскери әрекет жүргізді. 723 ж. Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосқан түргештер арабтарды ойсырата жеңді. Бірақ 732 ж. араб уәлиі түргештерді талқандап, Бұхараға кірді. 737 ж. Сұлық арабтарға қарсы жорыққа шығып, тағы да жеңіліс тапты. Оны өз қолбасшыларының бірі Баға-Тархан өлтіргеннен кейін сары түргештер мен қара түргештер арасында тартыс басталды. 746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстана бастады. Өзара тартыстан әлсіреген түргештер оларға жөнді қарсылық көрсете алмады. 748 ж. Қытай империясының әскері Суябты ойрандап, Шашты бағындырды. 751 ж. Атлах қ-нда (Тараз маңы) арабтар мен қытай әскерлері арасында бес күнге созылған соғыс болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскері толық күйретілді. Осыдан кейін қытайлар да, арабтар да мұнда табан тірей алмай, кері шегінді. 756 ж. қарлұқ тайпалары саяси үстемдікке қол жеткізді. Батыс түрік қағандығының орнына төрт бірдей мемлекет орнады. Хазар қағандығын қоспағанда, Төм. Еділ өңірі мен Солт. Кавказда, Қазақстан жерінде үш этн.-әлеум. бірлестік пайда болды: Сырдарияның төм. және орт. бөлігін, Арал өңірі даласын Оғыз мемлекеті жайлады, ал Қазақстанның Солт. Шығ. және Орт. аймақтарында Қимақ мемлекеті орнады. Батыс түрік қағандығының өзегі болған Жетісуда Қарлұқ мемлекеті (766 – 940) құрылды. Қарлұқтар туралы алғашқы деректер 6 ғ-ға жатады. 6 – 7 ғ-ларда қарлұқтар Түрік, Батыс түрік және Шығыс түрік қағандықтары ықпалының аясына кірді. 7 ғ-дың ортасында қарлұқ бірлестігінің құрамында бұлақ, шігіл (себек) мен ташлық тайпалары болған. Оларды көсемдері елтабар (елтебер) басқарған. 742 ж. Моңғолия даласында қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың саяси одағы ықпалын жүргізді. 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен әскері талқандап, Орт. Азияда Ұйғыр қағандығы (744 – 840) құрылды. Ұйғыр көсемі – қаған, қарлұқтар басшысы – жабғұ атағын алды. Дербестікке ұмтылған қарлұқтар кейінірек олардан бөлініп кетті. Олар түргеш мұрасын иемдену үшін оғыздармен күрес жүргізіп, оғыздарды Сыр өңіріне ығыстырды. 766 ж. түргеш қағандарының қос ордасы (Тараз, Суяб), бүкіл Жетісу жері қарлұқ жабғысының қол астына өтті. 766 – 775 ж. олардың бір бөлігі Қашғарияны басып алса, бір тобы 8 ғ-дың аяғында Ферғанаға ықпалын жүргізе бастады. 8 – 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі, Ыстық көл мен Балқаш арасындағы жерлерді қоныс еткен. 810 ж. қарлұқтарға арабтар жорық жасап, Құлан қ-на дейін жеткен. 812 ж. арабтар Отырарға шапқыншылық жасағанда, қарлұқ жабғысы қимақ еліне қашып кетті. 840 ж. Енисей қырғыздары Ұйғыр қағандығын құлатты. Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырхан осыны пайдаланып, өзін қаған деп жариялады. Осы жылы қаған қарлұқтарға “қасиетті соғыс” жариялаған самани әулетімен соғыс жүргізді. 893 ж. саманилер Тараз қ-н басып алды да қала халқы ислам дінін қабылдады. Оңт. Қазақстан жерінің біраз бөлігінде араб билігі орнады. 10 ғ-дың алғашқы жартысында қарлұқтар жеріндегі бытыраңқылықты пайдаланған Қашғардың түрік билеушілері 940 ж. Баласағұн қ-н басып алып, Қарлұқ мемлекетін құлатты. Мемлекеттегі тайпалық еншілік жүйе орт. билікті әрдайым әлсіретумен болды. Дербестікке ұмтылған тайпа басшылары арасындағы өзара күрес, ішкі қырқыс, қоныс-өріске байланысты талас-тартыс оны әбден әлсіреткен. Халқы этн. жағынан біртектес болмады, мұнда соғдылықтар да тұрды. Дегенмен қарлұқтар тұсында қала мәдениеті дамып, көркейді. Мұнда 25 қала мен қоныс болған. 8 ғ-дың 2-жартысы – 9 ғ-дың басындағы тарихи оқиғалар оғыз тайпаларында мемл. ұйым бөліктерінің дамуына түрткі салды. Оған печенег-кангар конфедерациясымен соғыс едәуір дәрежеде себепші болды. 9 ғ-дың басында оғыз жабғылары қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, печенег-кангар бірлестігін жеңді де Сырдарияның төм. ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекетін (9 – 11 ғ-дың басы) құрды. 9 ғ-дың соңында олар хазарлармен одақтасып, печенегтерді жеңіп, Орал мен Еділ арасын қол астына қаратты. Бастапқы кезде оғыздар 24 тайпадан құралып, екі фратрияға: бұзұқтар мен ұшықтарға бөлінді. 10 ғ-да астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) болды. Мемлекет басшысы – жабғы (ябгу, ябғұ), оның кеңесшілері – “күл-еркін”, мұрагерлері – “инал” деп аталды. Оғыз мемлекеті саяси және әлеум. табиғаты жағынан ертедегі феод. мемлекет болатын. Онда әскери-демокр. құрылыстың қойнауынан өсіп шыққан ел билеу ин-ттары сақталды, ал жабғы билігін ірі әскери-тайпалық ақсүйектер кеңесі шектеп отырды. Оғыздар қоғамында жеке меншік қалыптасып, дами бастады. Негізгі шаруашылығы мал өсіру еді. Жартылай отырықшы және отырықшылар егіншілікпен, қолөнерімен айналысты. Құл саудасы кең қанат жайды. Оғыздар мәжусилік нанымды ұстап, бақсы-балгерлерге табынған. Бірте-бірте ислам діні ене бастады. Оғыз мемлекеті Киев князі Святослав І-мен одақтасып, 965 ж. хазарларды, 985 ж. Новгород князі Владимир І-мен бірге Еділ Бұлғариясын ойрандады. 10 – 11 ғ-ларда алым-салықтың күшеюіне қарсы Оғыз мемлекетінде көтерілістер болып өтті. Салжұқтармен жүргізілген соғыстар мен ішкі қайшылықтар нәтижесінде әлсіреген Оғыз мемлекетін қыпшақ тайпалары біржолата құлатты. Оғыздардың бір бөлігі Шығ. Еуропа мен Кіші Азияға өтіп кетсе, екінші тобы Мауераннахрдағы қарахан әулеті мен Хорасан салжұқтарының қол астына қарап, тағы бір бөлігі Дешті қыпшақ тайпаларының құрамына сіңісіп кетті. Оғыздармен бір кезеңде Солт., Шығ. және Орт. Қазақстан жерінде Қимақ (кимек) қағандығы (9 – 11 ғ-дың басы) үстемдік етті. Қимақтар тарихының ерте кезеңі яньмо тайпасымен тікелей байланысты. 7 ғ-да яньмо солт.-батыс Моңғолияны мекендеген. 7 ғ-дың ортасында имектер (кимектер, қимақтар) Алтай тауының теріскей аудандары мен Ертіс өңіріне қоныс аударды. Олардың басшылары “шад-тұтық” деп аталған. 840 ж. Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін құрамында жеті тайпа ұйытқы болған қимақ федерациясы қалыптаса бастады. Енді қимақ тайпаларының басшысы байғұ (ябғұ) атағымен атала бастады. Бұл атақ лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болатын. 9 ғ-дың ақыры мен 10 ғ-дың бас кезінде Қимақ қағандығы құрылғаннан бастап, олардың басшысы түркінің ең жоғ. лауазымы – қаған атын алды. Бұл кезде қимақ мемлекетінің өзегін 12 тайпа құраған. Үкімет билігін мұраға қалдыру ин-ты қағанның отбасы мен хан әулеті ішінде ғана емес, тайпалар ақсүйектері арасында да қалыптасты. Мыс., қағанның 11 басқарушысының еншісі олардың балаларына мұра ретінде берілген. Әрбір еншілік иелері қағанға бағынды. Қимақтар мал өсірді. Олардың арасында тәңірге, ата-баба аруағына табыну ғұрпы қалыптасқан. Жекелеген топтары отқа, күнге, жұлдыздарға, өзенге, тауға табынған. Шаман діні кең тараған. Кейбір топтары христиан тектес дін – манихейлікті ұстанған. Жазба және археол. деректер шонжарлар арасында ислам діні де таралғанын байқатады. 11 ғ-дың басында бұл қағандық күйреді. Оғыздар жерін басып алған қыпшақ хандары едәуір күшейіп алды да, қимақтарды саяси үстемдігінен айырды. Дамыған ортағасырлық мемлекеттер. 10 ғ-дың орта шенінде Жетісу аумағында және Шығ. Түркістанның бір бөлігінде әлеум. құрылымы біршама дамыған, өзінен бұрынғы мемл. құрылымдардың көптеген әлеум. ин-ттарын табиғи түрде бойына жинақтаған Қарахан мемлекеті (942 – 1210/12) пайда болды. Оның құрылуына және ерте кездегі тарихында қарлұқ конфедерациясының тайпалары (қарлұқтар, жікіл (шігіл), яғма, т.б.) зор рөл атқарды. Қарахан әулетінің негізін салған – Сатұқ Боғра-хан (915 – 955). Ол исламды қабылдаған. 11 ғ-дың 40-жылдары Ибраһим ибн Насыр тұсында мемлекет екіге бөлінеді: біріншісінің орталығы Бұхарада (кей деректерде Үзкент) болған, қарауында Ходжентке дейінгі Мауераннахрды қосып алған Батыс қағандық, екіншісі Тараз, Испиджаб, Шаш, Ферғана, Жетісу мен Қашғар жерлері кіретін Шығыс қағандық (астанасы – Баласағұн). 1141 ж. Қарахан салжұқ әскерлерін талқандағаннан кейін екі хандық билігі де қарақытайлар қолына көшті. 1212 ж. Хорезм шах Мұхаммед батыс қағандықтың соңғы қағаны Османды өлтіргеннен кейін Қарахан мемлекеті түпкілікті жойылды. Қарахан мемлекетінде аса маңызды әлеум.-саяси ин-т – әскери-мұралық жүйе болған. Билеушілер туыстары мен жақындарына белгілі бір аудан, облыс, қаланың халқынан салық жинау құқын берді. Мұны иқта деп атады, ал оны берушіні мұқта немесе иқтадар деген. Халықтың басты кәсібі көшпелі және жартылай көшпелі мал ш. болды. Сонымен қатар 11 – 12 ғ-ларда мұндағы түркі тайпаларының едәуір бөлігі егіншілікпен айналысып, қала мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосты; қ. Қазақстанның ежелгі қалалары. Қазақстанмен шектесіп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да найман, керейіт, жалайырлар ұлыстарының отан тарихында алар орны ерекше. Бұл ұлыстар ежелгі Қазақстанның мемлекеттілік бастауларына айтарлықтай үлес қосты. Найман тайпалар одағы 8 ғ-дың орта кезінде Жоғ. Ертіс пен Орхон өз. аралығында сегіз-оғыз (“сегіз тайпа одағы”) деген атаумен пайда болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді алып жатты. 10 – 12 ғ-дың басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелділікте еді. 12 ғ-да керейіттер (керейлер) мен меркіттер қосылған наймандар конфедерациясы Орт. Азиядағы ірі мемл. құрылымға айналды. Наймандар өздерін қоршаған көшпелі және отырықшы-егінші этностармен, әсіресе қаңлылармен өте тығыз этн.-саяси және мәдени байланыс орнатты. 1125 ж. Қидан мемлекеті күйрегеннен кейін, оның орнынан бірнеше мемл. бірлестіктер құрылды (қ. Қидандар). Олардың арасынан жетекшілік рөлі керейіт хандарының қолына көшті. Керейіттер туралы алғашқы мәліметтер 10 ғ-дың бас кезіне жатады. Олар Орхон өз-нің орта ағысы мен Онгын, Тола өзендерінің аңғарларын мекен еткен. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейіттер қазіргі бүкіл Моңғолия мен Алтай аумағына үстемдік еткен. Жалайырлар Шыңғыс хан империясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендерінің бойын, дәлірек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген. Наймандар, керейіттер, жалайырлар негізінен мал ш-мен айналысқан. Доңғалақты арбаны пайдаланған. Олар құрған “ұлыстар” – алғашқы феод. мемл. құрылымдар болып табылады. Ұлыс ру да, тайпа да емес, ол рулық-тайпалық ин-ттардан жоғары тұрды. “Ұлыс” ұғымы ол кезде “халық” дегенді білдірген. Ұлыс құрамында қандас туысқан адамдардың болуы міндетті емес еді. Әрбір ұлыс белгілі бір аумақты иеленді. 1185 ж. Шыңғыс хан (қ. Шыңғыс хан билігі) меркіт ұлысын талқандаған соң жалайыр, барлас, т.б. тайпаларды қосып алды. 1203 ж. керейіттерді бағындырды. 1190 – 1206 ж. Орт. Азиядағы соғыстар нәтижесінде Қазақстан жеріне найман, керейіт, меркіттердің бір бөлігі көшіп келді. Моңғолдар талқандағаннан кейін найман мен керейіт топтары, жалайырлар түркі халықтарының құрамына, атап айтқанда болашақ қазақ халқының құрамына біртіндеп сіңісе берді. Наймандар Сырдарияға дейін жетіп, кейінірек қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысқан. Керейіттердің бір бөлігі Еділге дейін барды, кейін осы атаумен өзбек, қырғыз құрамына, ал шағын тобы қазақтар құрамына кірді. Керейіттердің басқа бір бөлігі Солт. Қазақстанда қалды да, бұрынғы этнонимдегі “-іт” жалғауын жоғалтып, керей (ашамайлы керей, абақ керей) деген атпен Орта жүз қазақтарына қосылды. Жалайыр, керейіт және наймандар әлеум.-саяси дамудың бір деңгейінде тұрды. Бұл мемлекеттерде іс жүргізу кең таралған. Құжаттар мөр басу арқылы бекітілген. Алым-салық жинау, адамдарды қызметке тағайындау құжаттарына мөр басылған. Ұлыстарда хан қосынының (ордасының) басқару органдары, әскері және жасауылы бар басқару аппараты жұмыс істеген. Жетісудағы Қарақытайлар мемлекетінің (1128 – 1213) құрылуы Орт. Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (циднь, хита, кита) б.з. 4 ғ-ындағы жазба деректерінде моңғол тілді тайпалар ретінде аталады. Олар Қытайдың солт. жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесін мекендеген. 924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейінгі аумақ Қидан мемл-нің (Ляо империясы) қол астына қарады. 1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатты да, қидандардың бір бөлігі чжурчжендерге бағынып, қалғандары Енисей қырғыздарының жерін басып өтіп, Еміл өз. бойына тұрақтаған. Сол жерден қала салған. Олардың қол астына Жетісудың бір бөлігі қарап, жергілікті түркі тілдес халықтармен араласып, келе-келе қарақытай аталып кетеді. 1128 ж. Қарахандар әулетінен шыққан Баласағұн билеушісі оларды өздеріне қысым жасап, тыныштық бермей отырған қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануға шақырады. Қарақытайлар басшысы Елу (Елюй) Даши Баласағұнды жаулап алды да, оның билеушісін тағынан тайдырып, Жетісуда өз мемлекетін орнатты. Содан кейін ол бірқатар сәтті жорықтар жүргізіп, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейін кеңейтті. Қарақытайлар қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратқан жоқ. Тек әр үйден бір динардан ғана салық алды. Сондықтан да қарақытайлардың Орта Азиядағы жаулап алу соғыстары көбіне бейбіт жолмен жүрді. Жетісу, Оңт. Қазақстан, Шығ. Түркістан осы мемлекеттің құрамына енді. Қарақытайда мемлекет басшысын “гурхан” деп атаған. Мемлекет орт. Баласағұн қ. болды. Әскерде қатал тәртіп жүргізілді. 12 ғ-дың ортасынан бастап қарақытайлар салық саясатын өзгертіп, халықты ашық тонауға көшті. 1198 ж. Ауғанстан жерінен шыққан гурид билеушілері қарақытайларға соққы берді. Іле-шала гурхан қол астынан құтылуға тырысқан Хорезм де қарақытайларға қарсы күреске шығып, Бұхараны басып алды. 1205 ж. қарақытайлар Термезден кетті. Мауераннахрдың едәуір бөлігі Хорезмге қарады. Гурханға Қойлық пен Алмалықтағы қарлұқ билеушілері (вассалдары) де қарсы шыға бастады. Осы кезеңде астана Қашғарға көшірілді. 1208 ж. Моңғолиядан Шыңғыс хан ығыстырған Күшлік хан бастаған наймандар қарақытайларға қашып келіп, кейін үкімет билігін басып алды. Бұрынғы қимақ, қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік 11 ғ-дың басында Қыпшақ хандығына (11 ғ-дың басы – 1219) көшті. “Қыпшақ” атауы алғаш 760 ж. ежелгі түркілердің руникалық ескерткіштерінде аталады. 9 – 10 ғ-ларда қыпшақтар тарихы қимақтармен қоса өрбіді. Қыпшақтар қимақтар құрған конфедерацияға, кейін Қимақ қағандығы құрамына кірді. 11 ғ-дың басында Қимақ қағандығы ыдырағаннан кейін, әскери-саяси жетекшілікке ие болған қыпшақтар белсенді қимыл жүргізу барысында өз мемлекетінің шекарасын кеңейтті. Олар Шығ. Еуропа мемлекетімен де саяси байланыстар орнатқан. 11 ғ-дың 2-ширегінде қыпшақ ақсүйектері оғыздарды Сырдарияның орта және төм. бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларынан тықсырып шығарды. Аймақтағы этн.-саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, 11 ғ-дың 2-ширегінің бас кезінде бұрын аталып келген “Оғыздар даласының” (Мафазат әл-гуз) орнынан Дешті Қыпшақ атауы пайда болды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақ тайпалары Еділден өтіп, еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады. Қыпшақ этн. қауымының қазақ аумағында құрылуы күрделі де ұзақ процесс болды. Оның даму жолынан үш кезең айқын көрінеді. Бірінші кезең қимақ (кимек) тайпалық бірлестігі өзегінің құрылуымен тікелей байланысты, онда 7 ғ-дың 2-жартысынан бастап, 8 ғ-дың аяқ кезіне дейін қыпшақтар елеулі рөл атқарды. Екінші кезең 8 ғ-дың аяғынан 11 ғ-дың басына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қыпшақтар мекен еткен аумақ шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батыста Оңт. Орал таулары мен Еділ өңіріне дейін жетеді. Қыпшақтармен бірге Бат. Қазақстанды, орталығы Мұғалжар тауларында болған кумандар жайлаған. Негізгі үш этн.-саяси бірлестік – қимақ, қыпшақ және кумандардың өзара бірігуінде қимақ тайпалары үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ, қыпшақ этносының ішкі этн. даму жолы сол араның байырғы тұрғындарын өз арасына сіңдіріп, қыпшақтандыруға бағытталды. Қыпшақ этносы қандас туыстық байланыстар емес, аумақтық-шаруашылық қарым-қатынастар негізінде қалыптасқан-ды. 11 ғ-дың басынан 13 ғ-дың басына дейін қыпшақтардың этн. қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшінші кезеңіне өтеді. Бұл уақытта қыпшақ хандарының құдіреті артты, ел-бөрілі руының әулеттік билігі заңдастырылды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батысында Еділ мен Оңт. Оралға дейін, оңт-нде Балқаш к-нен солт-тегі оңт.-батыс Сібірдің орманды далаларына дейінгі ұлан ғайыр өлкеге тарады. 11 ғ-дың 2-жартысында Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне орнықты. Қыпшақ хандары мұрагерлік жолмен билік құрған “орда” деп аталған хан қосынында ханның дүние-мүлкі сақталып, әскер ісін жүргізетін басқару аппараты жұмыс істеген. Хандық оң және сол қанаттарға бөлінді. Оң қанат қосынымен Жайық өз. бойында, Сарайшық қ-ның орнында, сол қанат қосынымен Сырдария аумағындағы Сығанақ қ-нда тұрған. Қыпшақ қоғамы әлеум. жағынан әркелкі болды. 11 ғ-дың аяғы мен 12 ғ-дың бас кезінде Жент, Янгикент, төм. Сырдарияның басқа да қалалары қыпшақ көсемдеріне бағынды. Бұл қалалар үшін 12 ғ-дың 1-жартысында Орта Азияның мұсылман әулеттері де күрес жүргізді. Ислам дінін таратуды ту ғып ұстаған олар Дешті Қыпшаққа ішкерілей енеді: 1133 ж. Хорезм шахы Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңді. Хорезм шахы Текеш (1172 – 1200) қыпшақтармен жақындасып, көшпенді тайпалардың басшыларын қызметке тартты. 13 ғ-дың бас кезінде Сығанақ қ. аймағы Хорезм шахы Мұхаммед (1200 – 20) мемлекет құрамына кірген. Моңғол басқыншылығы қыпшақ мемлекетін құлатқанымен, оның даму үрдісін біржолата күйрете алған жоқ, тек уақытша тұншықтырды. Олар 15 ғ-да қазақ халқы мен мемлекетінің қалыптасу кезеңінде қайта өрледі. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
08.11.2012 12:31 18099

Соңғы редакциялау:

19 қазан 2012

 

Тарихы. Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Оны Қаратау, Маңғыстау өңірлерінен табылған тұрақтардан алынған материалдар дәлелдейді. Қазақстан жеріндегі ерте палеолиттік (эоплейстоценнен бастап б.з.б. 150 – 130 мыңжылдықтарға дейін) ескерткіштер Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертіс алабынан табылған. Орта палеолитке (мустье) жататын (б.з.б. 150 – 130 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 – 30 мыңжылдықтарға дейін) ескерткіштер де бұл өңірлерде көп. Кейінгі палеолит (б.з.б. 30 – 35 мыңжылдықтардан б.з.б. 12 – 10 мыңжылдықтарға дейін) дәуірінде адамзат жеріміздің барша аймақтарына тараған. Республика аумағындағы тас дәуірі әртүрлі ендіктердегі әлемдік дамудың (олдувей мәдениеті, ашель мәдениеті, мустье мәдениеті, т.б.) барлық заңдылықтарын сақтаған. Ежелгі тас құралдары Қаратау қыратының оңт.-батысындағы Арыстанды өз. алқабының төм. төрттік дәуіріне қатысты ең биік сөресін құрайтын, тұтасып қатып қалған конгломераттар қабатынан табылған. Қаратау сілемдеріндегі ашель кезеңінің тұрақтары көп. Ең көрнектілері Бөріқазған мен Тәңірқазғаннан табылған бұйымдар төрт топқа: бір жақты, екі жақты шапқыш құралдар; зіл мен сындырғыштар; домалақ ірі бұжыр тастар топтарына жатады. Мұндай шапқыш құралдар Оңт.-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель кезеңіндегі бұйымдарға өте ұқсас. Түркістан қ. маңындағы Қошқорған, Шоқтас ескерткіштерінен табылған тас құралдардың жас мөлш. б.з.б. 500 мыңжылдықтан әрі асады. Ашель кезеңінің ескерткіштері Орт. Қазақстаннан (Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысан, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Қозыбай), Маңғыстаудан (Шақпақата, т.б.), Мұғалжар тауларынан (Жалпақ, Мұғалжар, т.б.) да табылған. Екі жақты шапқыш (бифас) құрал, әсіресе, соңғы аталған өңірдегі бірнеше орындардан зерттелді.

Мустье кезеңіне жататын тұрақтардың ең маңыздылары Қаратаудан (Уәлиханов атындағы тұрақ, Шақпақ, т.б.), одан соң Бат. Қазақстаннан (Шақпақата, Құмақапа, Аққыр, т.б.), Сарыарқадан (Бұрма, Семізбұғы 2-10, Аққошқар, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Бөдене-1, т.б.), Жетісудан (Ақтоғай, т.б.) табылған. Кейінгі палеолит жұрттарында бұрынғысынша, ұсақ малта тастардан жасалған шапқыш құралдар, салмақты қырғыштар, үш бұрышты қалақшалар көп, олар дөңгелек тұрпатты өзектастардан омырылып алынған. Омыру техникасы жетілдірілген, көп қырлы призма пішіндес өзектастар да табыла бастады. Соғып түзету техникасы кең қолданылған, ол жүзі жұқа құралдар – найза, сүңгі ұштарын жасауға мүмкіндік берген. Бұл кезеңде палеогеогр. жағдай қолайсыздау болғанымен, Қаратау жотасынан (Уәлиханов атынд. тұрақтың жоғ. мәдени қабаттары, Ащысай, Ұшықтас, т.б.), Шығ. Қазақстандағы Ертіс өз-нен (Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбі, т.б.), Сарысу өз. өңірі мен Солт. Балқаш өңірінен (Семізбұғы, Тораңғы, Баршын, Батпақ, т.б.) табылған тас бұйымдар осы кезең туралы мейлінше толық мағлұмат береді. Палеолиттен мезолитке (б.з.б. 12 – 10 – 5 мыңжылдықтар) өткен кезеңдерде қазіргі кездегіге жуық табиғи келбет орнықты. Садақ пен жебенің ойлап табылуы аңшылық кәсіпке үлкен мүмкіндіктер туғызды. Бұл дәуір ескерткіштері Қазақстанда аз зерттелген. Оңт. Қазақстанда (Маятас, Жаңашілік-1-3, т.б.), Орт. Қазақстанда (Қарағанды-15, Әкімбек, т.б.), Солт. Қазақстанда (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Атбасар, т.б.), Торғай ойпаты аудандарында (Дүзбай-6, т.б.), Қостанай қ. маңында (Дачная, Евгеньевка, т.б.) орналасқан тұрақтар адамдардың шаруашылығынан, дүниетанымынан мол мағлұмат береді. Неолит (б.з.б. 5 – 3 мыңжылдықтар) дәуірінде адамдар өнім өндіруге бет бұра бастады. Микролиттік (жебе ұштары, саптамалы құрал жүздері) және макролиттік мәдениет (тас балта, қашау, кетпен, дән уатқыш, келі, пышақ, қырғыш, т.б.) дами түсті. Тас өңдеу (тегістеу, аралау, бұрғылау), сүйектен, мүйізден, ағаштан бұйым жасау жетілді. Қыш ыдыстар жасала бастады. Мекендеріне байланысты неолит, энеолит қоныстарының бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп топталатын 600 орны анықталды. Қоныс орындары Қаратау алқабынан (Қараүңгір, Арыс, Дермене, Тасқотан, т.б.), Арал маңынан (Жалпақ, Ақеспе, т.б.), Сарыарқадан (Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды кешендері, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Соцчигиз, т.б.) табылды. Ақмола обл. Атбасар ауд-ндағы Атбасар мәдениеті (б.з.б. 7 мыңжылдықтың соңы – 6 мыңжылдық басы) жергілікті мезолит тайпаларының материалдық негізінде қалыптасқан. Мұнда 200-ге тарта тұрақ табылған. Торғай ойпатында неолит дәуіріне жататын Маханжар мәдениетінің тұрақтары ашылған. Сондай-ақ, бұл заман ескерткіштері Ертіс алабында (Усть-Нарым, Пеньки, Железинка моласы) да көп. Неолит дәуірінде дәстүрлі аңшылық, балық аулау, терімшілік сақталды. Өндіруші шаруашылық негізі – қарапайым егіншілік пен мал ш. пайда болды. Бұл энеолиттік (б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар) тұрақтардан айқын көрінеді. Көкшетаудағы Ботай бекеті жанындағы Ботай мәдениеті, Торғайдағы Терсек мәдениеті солт. өңірлердегі далалық энеолитті сипаттайды. Осы мәдениеттердің көптеген материалдық деректері байырғы адамдардың діни нанымынан, шаруашылық жайынан хабар береді. Күнделікті өмірде бірқатар заттар мыстан жасала бастаған. Қола дәуірінде (б.з.б. 2 – 1 мыңжылдықтар) мыс пен қола металлургиясы дамыды (қ. Ежелгі кен қазбалары). Тайпалар мал және егін ш-тарымен кешенді түрде айналыса бастады. Еңбек өнімділігі артты. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті. Қола – еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат көзіне айналды. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі жағынан және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді; бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны 1914 ж. Сібірдегі Ачинск қ-ның маңынан табылған Андрон деревнясы атымен аталатын Андрон мәдениетін қалдырған тайпалар ескерткіштерінен көруге болады. Андрон мәдени-қауымдастығы таралған аймағына және өзіндік белгілеріне қарай үш тарихи кезеңге бөлінеді: ерте кезеңі – б.з.б. 18 – 16 ғ-лардағы Петров мәдениеті; орта кезеңі – б.з.б. 15 – 12 ғ-лардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттері; соңғы кезеңі – б.з.б. 11 – 9(8) ғ-лардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері. Ғылымда Андрон мәдени-тарихи қауымдастығы тарихи кезеңдеріне қатысты түрлі пікірлер бар. Дегенмен, ғалымдардың көбі бұл кезеңдер бірін-бірі алмастырып отырды деген пікірге тоқтаған. Қола дәуіріндегі әрбір мәдениет жерлеу құрылыстарымен, қабірге қойылған заттарымен ерекшеленеді. Бұл кезеңде түрлі металдардың қорытпаларынан еңбек құралдарын (пышақ, орақ, шалғы, балта), қару-жарақ (қанжар, найза, жебе ұштықтары), әшекейлік бұйымдар (тоға, білезік, моншақ, тарақ) жасау жетілдірілді. Ертедегі шеберлер металл құю, соғу, бедерлеу, өрнек салу, тегістеу, әрлеу тәсілдерін жақсы меңгере бастады. Тас құралдары да (дән уатқыш, келі-келсап) бұрынғысынша пайдаланыла берді. Мүйіз, сүйек, шақпақ, тас, қыш, тері, жүн, ағаштардан бұйымдар жасау ісі жетіле түсті. Мал ш. мен кен байыту ісі қоғамдағы ер адамдар рөлін күшейтті. Бұл өз кезегінде аналық тек үстемдігін аталық тек билігінің алмастыруына алып келді. Діни ұғымда отқа, ата-баба аруағына табыну түрлері кең тарала бастады. Қола дәуірінің өзіндік мәдени кезеңдері Қазақстанның барлық аймақтарынан байқалады.

Қазақстанның қола дәуіріндегі тайпалар бірлестігінің негізінде ертедегі көшпелілер мәдениеті қалыптаса бастады (қ. Көшпелілік). Б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында Қазақстан далалары мен шөлейт, таулы аудандарында негізгі кәсіп көшпелі мал ш. болды. Темір дәуірінде (б.з.б. 7 ғ-дың басы) адам еңбегі анағұрлым өнімді бола түсті. Темір өндіру қосымша өнім мөлшерінің артуына жағдай туғызды. Көлік ретінде жылқы кеңінен пайдаланылды. Табиғи орта мен климат жағдайларына байланысты мал ш-ның негізгі үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық дами түсті. Темірден ер-тұрман әбзелдері (ауыздық, т.б.), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлері жасалды. Көшпелі тұрмыста киіз үй, арба, күйме кеңінен қолданылды. Малға және жерге отбасылық меншік нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшін қақтығыстар жиілей түсті. Ерте темір ғасыры дәуірінде (б.з.б. 1 – мыңжылдық ортасы) Қазақстандағы тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңт., шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына (қ. Сақтар), ал батыс, солт. аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Археол. деректер бұл бірлестіктерде мемл. нышандардың болғандығын аңғартады. Сақтардың оңт. өңірлердегі Бесшатыр, Есік обасы, Түгіскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткіштері олардың мәдениеті мен өнер жетістіктерінің бірегей туындылары болып табылады. Шығ. Қазақстандағы тайпалар материалдық мәдениеті майәмір (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар), берел (б.з.б. 5 – 4 ғ-лар), құлажорға (б.з.б. 3 – 1 ғ-лар) кезеңдеріне бөлінеді. Майәмір кезеңіндегі Шілікті обасы, Берел кезеңіндегі осы аттас обалардан алынған мағлұматтардан сақтардың әлеум. жағдайын, тұрмысқа қажетті заттардан олардың шаруашылығы мен дүниетанымын аңғаруға болады. Орт. Қазақстан тайпалары Тасмола мәдениетін қалдырды (жазба деректері бойынша бұлар массагет тайпалары не исседондар). Мұны тастардың тізбектеле, мұртқа ұқсай орналасуына байланысты “мұртты обалар” деп те атайды. “Мұртты” обалардың архит. кешені қола дәуірі тайпаларының табынушылық құрылыс өнерінің дәстүрлерін айқын бейнелейді. Савромат-сармат ескерткіштері, әсіресе, Елек өз. бойында көп шоғырланған. Мұндағы Бесоба қорымы, Целинный қорымы, Сынтас қорымы, т.б. ескерткіштердің құрылысы мен олардан табылған заттар бұл тайпаларда қолданбалы өнердің жоғары болғандығын көрсетеді. Ертедегі көшпелілердің діни нанымында отқа, күнге, от басы, ошақ қасы, ата-баба аруағына табыну орын алды, пұтқа, керемет күшке сенушілік сақталды. Қолданбалы өнерде скифтік-сібірлік аң кескінін бейнелеу нақышы кең тарады. Бат. және Солт. Қазақстандағы савромат мәдениеті тайпалары – аландардың арғы тегі, Шығ. Қазақстанды аримаспылар, Жетісу мен Оңт. Қазақстанды тиграхауда сақтары, Арал маңын массагеттер қоныстанды. Темір дәуіріндегі ежелгі тайпалар бірлестігі жөніндегі жазба деректемелерді екі топқа бөлуге болады: 1) көне деректермелер (Геродот, Ксенофонт, Птолемей, т.б.); 2) ахамен әулеті (ежелгі парсы) сына жазбалары. Соңғы деректемелерде сақтардың үш тобы: хаумаварга сақтар, тиграхауда сақтар, тиай-парадрайа сақтар аталады; (қ. Қазақстанның ежелгі тайпалары).

Жазбаша деректемелер археол. зерттеулермен ұштастырылып қазіргі таңда б.з.б. 8 – 1 ғ-лардағы тайпалар, тайпалық одақтар жөнінде көп мәліметтер алынып отыр. Б.з.б. 3 ғ-да Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түскенін де жазба және археол. деректемелерден көруге болады. Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, этн. жақындық Қазақстан аумағында мемлекеттердің құрылуының негізгі себептері болды. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Оның атау тегі әр түрлі тайпаларды біріктірген және Тынық мұхит пен Солт. Қытайдан Алтай мен Жетісуға дейінгі аумақты, ал кейіннен одан әрі батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысы бар. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Модэ басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Модэ шаньюй б.з.б. 206 ж. Қытайға, б.з.б. 201 ж. Алтай тайпаларына сәтті жорықтар жасады. Ғұндар бірлестігіне шыққан тегі әр түрлі тайпалар немесе этн. саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық өміріне бір орт-қа бағынғысы келмейтін қуатты күштер, кең байтақ жердің әр түкпіріндегі аудандар арасында берік саяси және экон. байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Ғұн қоғамында бірлік Фратрияаралық бауырластық ұйымның ерекше түрі болуы арқылы орнаған. Б.з.б. 1 ғ-дың ортасында сюнну қоғамы өз вассалдық иеліктерінен айырылып, Хуханье шаньюй бастаған оңт. және Чжичжи басшылық еткен солт. топтарға бөлінді. Оңт. сюннулер Ордос аумағында қалды да, солт. сюннулер өз тайпаластарының қысымымен солт. пен батысқа қоныс аударды. Б.з.б. 49 ж. Чжичжи ғұн конфедерациясын қайта біріктіруге деген талпынысы нәтиже бермеді. Ол қаңлылармен одақтасып, үйсіндермен соғысты. Хань империясының бодандығындағы оңт. ғұндар 304 ж. Лю-хан атты өз мемлекетін құрды. Солт. ғұндардың Еділ – Жайықтағы үлкен бөлігі 4 ғ-дың 2-жартысында Қара т. жағалауын, Днестрге дейінгі өлкені бағындырды. Жалпы, ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Ол Қазақстанды мекен еткен тайпалардың этн.-саяси тарихына елеулі өзгерістер енгізді. Жетісуда ежелгі тиграхауда сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) Орт. азиялық тайпалар еді. Олар б.з.б. 160 ж. шамасында өз мемлекетін құрған. Негізгі жері Іле алқабында болды, бат. шекарасы Шу мен Талас өзендері арқылы өтіп, Қаңлы мемлекетімен шектесті. Шығысында ғұндармен, оңт-тегі иелігі Ферғанамен ұштасып жатты. Қытай жазба деректері үйсіндер иелігінде 630 мың адам болғанын және бір уақытта 188 мың жауынгерге дейін шығара алатынын мәлімдейді. Үйсіндердің археол. ескерткіштері – қорымдар (Қапшағай, Өтеген, Тайғақ, Қарлақ, Ақтас, т.б.) мен қоныс орындарынан (Ақтас, Кеген, т.б.) табылған заттар олардың мал ш-мен, егін егумен айналысқанын көрсетеді. Үйсін байларының 500-ге тарта жылқысы болғандығы жазба деректерден де белгілі. Үйсін қоғамындағы әлеум. айырмашылықтар археол. материалдардан да айқын байқалады. Қаңлы (кангюй, канцзюй) мемлекеті жазба деректемелерде б.з.б. 2 ғ-да айтыла бастайды. Кейбір деректерде қаңлы халқы 120 мың отбасынан, 600 мың жаннан құралатыны және саптағы әскері 120 мың адам екені айтылады. Қаңлылар б.з.б. 46 – 36 ж. Чжичжи бастаған ғұндарды қолдады, кейін үйсін және қытайлармен бірігіп, оларға қарсы шыққан. 85 ж. қаңлылар Қашғардағы қытай уәлиі Бань Чаоға қарсы көтерілген ферғаналықтарды жақтаған. Қаңлылар Жібек жолының Сырдария бойымен өтетін Ферғанадан Арал өңіріне дейінгі бөлігін өз бақылауында ұстап тұру үшін күрес жүргізді. Қаңлылардың қала жұрттары мен обаларынан шетелдік бұйымдар көп шыққан. Олардың археол. ескерткіштері ғыл. ортада жетіасар мәдениеті, қауыншы мәдениеті және отырар-қаратау мәдениеті деген атаулармен белгілі. Қаңлы мемлекетінің халқы егіншілікпен, мал ш-мен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқан. Ғыл. әдебиеттерде қаңлы, үйсін халықтарының этн. сипаты жөніндегі мәселе күрделі де қиын. Олардың қай тілде сөйлегені жөнінде де бірыңғай пікір жоқ. Зерттеушілердің біразы оларды шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екінші біреулері олар түркілердің арғы аталары, олар түркіше сөйлеген деп есептейді. Қалай болғанда да, қазақтың ең ірі тайпалары үйсін, қаңлы деп аталады. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экон. және мәдени байланыс орнатқан.

Ертедегі ортағасырлық мемлекеттер. Қазақстан жері 6 ғ-да билеушілері ашин руынан шыққан Түрік қағандығының билігінде болды. Түркі этносы 3 – 4 ғ-ларда қалыптасқан. “Түркі” этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 ж. аталады. Қытайлар түркілерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Шежірелерде Вэй князьдігінің солт. өңірлеріне солт.-батыс жақтан келген түркілердің (туцзюе) жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететіні хабарланады. 546 ж. тирек (теле, телі) тайпалары қазіргі Моңғолияның оңт. және орт. бөліктерін мекендеген және мұнда үстемдік еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасады. Түрік қағаны Бумын күтпеген жерден тирек әскеріне шабуыл жасап, кескілескен шайқастан кейін оны жеңеді де, тиректердің 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құқығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынғандарды өзіне қосып алған түркілер күшейіп, 552 ж. көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді. Сөйтіп, Бумын (553 ж. өлген) Түрік қағандығының негізін салды. Оның мұрагері Мұқан қаған (553 – 572) билік құрған жылдарда қағандық Орт. Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей аймағындағы қырғыздарды бағындырды. Солт. Қытай мемлекеті алым-салық төлеп тұрды. 561 – 563 ж. түркілер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрды. 587 ж. Бұхара түбінде түркілер эфталиттердің негізгі күшін талқандады. 588 ж. Герат қ. түбінде Иран түркілерді жеңді. 571 – 576 ж. Истеми (Істемі) мен Түріксанф қағандар басып алған Терістік Кавказ бен Қырым жерлеріне жорық жасаған болатын. Қағандықтағы өзара қырқыс кезінде (582 – 593) мұндағы ықпалынан айрылды. Түркі қағандығындағы әлеум. қайшылықтар, ашаршылық, жұт, Суй әулетінің (Қытай) шекаралардағы шабуылдары (581 – 618) бұл мемлекеттің 603 ж. Батыс және Шығыс болып екіге бөлінуіне алып келді. Батыс түрік қағандығы “ежелгі усун жерлеріне” ірге тепті. Оның аумағы Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағандықтың негізгі этн.-саяси ұйытқысы “он тайпа” (он оқ будун) болды. Шу өз-нің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендеді. Астанасы Суяб (Қырғызиядағы Тоқмақ қ-ның маңы), ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қ. жанында) еді. Қағандықтың күш-қуаты Жегуй-қаған (610 – 618) мен Түн-жабғы (618 – 630) тұсында күшейе түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солт.-батысына дейін кеңейтті. Соғды мен Бұхарада қаған өкілдері отырды. Халық (түркілер, соғдылықтар) сауда-саттықпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысты. Батыс түрік қағандығында әлеум.-экон. және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен тәуелділіктің алуан түрлі болуына қарамастан, таптардың құрылу және ертедегі феод. қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісі жүріп жатты. Ішкі тартыстар мен Жетісудағы Тан империясы саясатына қарсы күресте Үшлік (Үш-Елік, Учжиле) бастаған түргештерді күшейтіп, ақыры 704 ж. Жетісуда Түргеш қағандығы (704 – 756) орнады. Үшлік қаған (699 – 706) Жетісудан Бөрі-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Тұрфан (Сичжоу) мен Бесбалыққа (Тинчжоу) дейінгі жерлерге өз билігін орнатты. Ол астанасын Суябқа орналастырды. Іле өз. бойындағы Күнгітті екінші орда етті. Үшлік қаған елді 7 мың әскері бар 20 түтіктікке (еншілік) бөліп басқарды. Сақал қағанның (706 – 711) тұсында Түргеш қағандығы батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы күрес жүргізді, оңт-те бұларға Тан әулеті зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыста Орт. Азия түркілері қыспаққа алды. Сұлық (Сулық, Сулу) қаған (715 – 738) ел басқарған кезде қағандық біршама күшейді. Орда Таласқа (Тараз) көшірілді. Сұлық қағанға екі майданда күрес жүргізуге тура келді: батыстан арабтар, шығыстан Тан сарайы қауіп төндірді. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сұлық шығыстан келетін қауіптің алдын алып, батыста белсенді әскери әрекет жүргізді. 723 ж. Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосқан түргештер арабтарды ойсырата жеңді. Бірақ 732 ж. араб уәлиі түргештерді талқандап, Бұхараға кірді. 737 ж. Сұлық арабтарға қарсы жорыққа шығып, тағы да жеңіліс тапты. Оны өз қолбасшыларының бірі Баға-Тархан өлтіргеннен кейін сары түргештер мен қара түргештер арасында тартыс басталды. 746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстана бастады. Өзара тартыстан әлсіреген түргештер оларға жөнді қарсылық көрсете алмады. 748 ж. Қытай империясының әскері Суябты ойрандап, Шашты бағындырды. 751 ж. Атлах қ-нда (Тараз маңы) арабтар мен қытай әскерлері арасында бес күнге созылған соғыс болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскері толық күйретілді. Осыдан кейін қытайлар да, арабтар да мұнда табан тірей алмай, кері шегінді. 756 ж. қарлұқ тайпалары саяси үстемдікке қол жеткізді. Батыс түрік қағандығының орнына төрт бірдей мемлекет орнады. Хазар қағандығын қоспағанда, Төм. Еділ өңірі мен Солт. Кавказда, Қазақстан жерінде үш этн.-әлеум. бірлестік пайда болды: Сырдарияның төм. және орт. бөлігін, Арал өңірі даласын Оғыз мемлекеті жайлады, ал Қазақстанның Солт. Шығ. және Орт. аймақтарында Қимақ мемлекеті орнады. Батыс түрік қағандығының өзегі болған Жетісуда Қарлұқ мемлекеті (766 – 940) құрылды.

Қарлұқтар туралы алғашқы деректер 6 ғ-ға жатады. 6 – 7 ғ-ларда қарлұқтар Түрік, Батыс түрік және Шығыс түрік қағандықтары ықпалының аясына кірді. 7 ғ-дың ортасында қарлұқ бірлестігінің құрамында бұлақ, шігіл (себек) мен ташлық тайпалары болған. Оларды көсемдері елтабар (елтебер) басқарған. 742 ж. Моңғолия даласында қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың саяси одағы ықпалын жүргізді. 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен әскері талқандап, Орт. Азияда Ұйғыр қағандығы (744 – 840) құрылды. Ұйғыр көсемі – қаған, қарлұқтар басшысы – жабғұ атағын алды. Дербестікке ұмтылған қарлұқтар кейінірек олардан бөлініп кетті. Олар түргеш мұрасын иемдену үшін оғыздармен күрес жүргізіп, оғыздарды Сыр өңіріне ығыстырды. 766 ж. түргеш қағандарының қос ордасы (Тараз, Суяб), бүкіл Жетісу жері қарлұқ жабғысының қол астына өтті. 766 – 775 ж. олардың бір бөлігі Қашғарияны басып алса, бір тобы 8 ғ-дың аяғында Ферғанаға ықпалын жүргізе бастады. 8 – 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі, Ыстық көл мен Балқаш арасындағы жерлерді қоныс еткен. 810 ж. қарлұқтарға арабтар жорық жасап, Құлан қ-на дейін жеткен. 812 ж. арабтар Отырарға шапқыншылық жасағанда, қарлұқ жабғысы қимақ еліне қашып кетті. 840 ж. Енисей қырғыздары Ұйғыр қағандығын құлатты. Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырхан осыны пайдаланып, өзін қаған деп жариялады. Осы жылы қаған қарлұқтарға “қасиетті соғыс” жариялаған самани әулетімен соғыс жүргізді. 893 ж. саманилер Тараз қ-н басып алды да қала халқы ислам дінін қабылдады. Оңт. Қазақстан жерінің біраз бөлігінде араб билігі орнады. 10 ғ-дың алғашқы жартысында қарлұқтар жеріндегі бытыраңқылықты пайдаланған Қашғардың түрік билеушілері 940 ж. Баласағұн қ-н басып алып, Қарлұқ мемлекетін құлатты. Мемлекеттегі тайпалық еншілік жүйе орт. билікті әрдайым әлсіретумен болды. Дербестікке ұмтылған тайпа басшылары арасындағы өзара күрес, ішкі қырқыс, қоныс-өріске байланысты талас-тартыс оны әбден әлсіреткен. Халқы этн. жағынан біртектес болмады, мұнда соғдылықтар да тұрды. Дегенмен қарлұқтар тұсында қала мәдениеті дамып, көркейді. Мұнда 25 қала мен қоныс болған.

8 ғ-дың 2-жартысы – 9 ғ-дың басындағы тарихи оқиғалар оғыз тайпаларында мемл. ұйым бөліктерінің дамуына түрткі салды. Оған печенег-кангар конфедерациясымен соғыс едәуір дәрежеде себепші болды. 9 ғ-дың басында оғыз жабғылары қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, печенег-кангар бірлестігін жеңді де Сырдарияның төм. ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекетін (9 – 11 ғ-дың басы) құрды. 9 ғ-дың соңында олар хазарлармен одақтасып, печенегтерді жеңіп, Орал мен Еділ арасын қол астына қаратты. Бастапқы кезде оғыздар 24 тайпадан құралып, екі фратрияға: бұзұқтар мен ұшықтарға бөлінді. 10 ғ-да астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) болды. Мемлекет басшысы – жабғы (ябгу, ябғұ), оның кеңесшілері – “күл-еркін”, мұрагерлері – “инал” деп аталды. Оғыз мемлекеті саяси және әлеум. табиғаты жағынан ертедегі феод. мемлекет болатын. Онда әскери-демокр. құрылыстың қойнауынан өсіп шыққан ел билеу ин-ттары сақталды, ал жабғы билігін ірі әскери-тайпалық ақсүйектер кеңесі шектеп отырды. Оғыздар қоғамында жеке меншік қалыптасып, дами бастады. Негізгі шаруашылығы мал өсіру еді. Жартылай отырықшы және отырықшылар егіншілікпен, қолөнерімен айналысты. Құл саудасы кең қанат жайды. Оғыздар мәжусилік нанымды ұстап, бақсы-балгерлерге табынған. Бірте-бірте ислам діні ене бастады. Оғыз мемлекеті Киев князі Святослав І-мен одақтасып, 965 ж. хазарларды, 985 ж. Новгород князі Владимир І-мен бірге Еділ Бұлғариясын ойрандады. 10 – 11 ғ-ларда алым-салықтың күшеюіне қарсы Оғыз мемлекетінде көтерілістер болып өтті. Салжұқтармен жүргізілген соғыстар мен ішкі қайшылықтар нәтижесінде әлсіреген Оғыз мемлекетін қыпшақ тайпалары біржолата құлатты. Оғыздардың бір бөлігі Шығ. Еуропа мен Кіші Азияға өтіп кетсе, екінші тобы Мауераннахрдағы қарахан әулеті мен Хорасан салжұқтарының қол астына қарап, тағы бір бөлігі Дешті қыпшақ тайпаларының құрамына сіңісіп кетті.

Оғыздармен бір кезеңде Солт., Шығ. және Орт. Қазақстан жерінде Қимақ (кимек) қағандығы (9 – 11 ғ-дың басы) үстемдік етті. Қимақтар тарихының ерте кезеңі яньмо тайпасымен тікелей байланысты. 7 ғ-да яньмо солт.-батыс Моңғолияны мекендеген. 7 ғ-дың ортасында имектер (кимектер, қимақтар) Алтай тауының теріскей аудандары мен Ертіс өңіріне қоныс аударды. Олардың басшылары “шад-тұтық” деп аталған. 840 ж. Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін құрамында жеті тайпа ұйытқы болған қимақ федерациясы қалыптаса бастады. Енді қимақ тайпаларының басшысы байғұ (ябғұ) атағымен атала бастады. Бұл атақ лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болатын. 9 ғ-дың ақыры мен 10 ғ-дың бас кезінде Қимақ қағандығы құрылғаннан бастап, олардың басшысы түркінің ең жоғ. лауазымы – қаған атын алды. Бұл кезде қимақ мемлекетінің өзегін 12 тайпа құраған. Үкімет билігін мұраға қалдыру ин-ты қағанның отбасы мен хан әулеті ішінде ғана емес, тайпалар ақсүйектері арасында да қалыптасты. Мыс., қағанның 11 басқарушысының еншісі олардың балаларына мұра ретінде берілген. Әрбір еншілік иелері қағанға бағынды. Қимақтар мал өсірді. Олардың арасында тәңірге, ата-баба аруағына табыну ғұрпы қалыптасқан. Жекелеген топтары отқа, күнге, жұлдыздарға, өзенге, тауға табынған. Шаман діні кең тараған. Кейбір топтары христиан тектес дін – манихейлікті ұстанған. Жазба және археол. деректер шонжарлар арасында ислам діні де таралғанын байқатады. 11 ғ-дың басында бұл қағандық күйреді. Оғыздар жерін басып алған қыпшақ хандары едәуір күшейіп алды да, қимақтарды саяси үстемдігінен айырды.

Дамыған ортағасырлық мемлекеттер. 10 ғ-дың орта шенінде Жетісу аумағында және Шығ. Түркістанның бір бөлігінде әлеум. құрылымы біршама дамыған, өзінен бұрынғы мемл. құрылымдардың көптеген әлеум. ин-ттарын табиғи түрде бойына жинақтаған Қарахан мемлекеті (942 – 1210/12) пайда болды. Оның құрылуына және ерте кездегі тарихында қарлұқ конфедерациясының тайпалары (қарлұқтар, жікіл (шігіл), яғма, т.б.) зор рөл атқарды. Қарахан әулетінің негізін салған – Сатұқ Боғра-хан (915 – 955). Ол исламды қабылдаған. 11 ғ-дың 40-жылдары Ибраһим ибн Насыр тұсында мемлекет екіге бөлінеді: біріншісінің орталығы Бұхарада (кей деректерде Үзкент) болған, қарауында Ходжентке дейінгі Мауераннахрды қосып алған Батыс қағандық, екіншісі Тараз, Испиджаб, Шаш, Ферғана, Жетісу мен Қашғар жерлері кіретін Шығыс қағандық (астанасы – Баласағұн). 1141 ж. Қарахан салжұқ әскерлерін талқандағаннан кейін екі хандық билігі де қарақытайлар қолына көшті. 1212 ж. Хорезм шах Мұхаммед батыс қағандықтың соңғы қағаны Османды өлтіргеннен кейін Қарахан мемлекеті түпкілікті жойылды. Қарахан мемлекетінде аса маңызды әлеум.-саяси ин-т – әскери-мұралық жүйе болған. Билеушілер туыстары мен жақындарына белгілі бір аудан, облыс, қаланың халқынан салық жинау құқын берді. Мұны иқта деп атады, ал оны берушіні мұқта немесе иқтадар деген. Халықтың басты кәсібі көшпелі және жартылай көшпелі мал ш. болды. Сонымен қатар 11 – 12 ғ-ларда мұндағы түркі тайпаларының едәуір бөлігі егіншілікпен айналысып, қала мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосты; қ. Қазақстанның ежелгі қалалары.

Қазақстанмен шектесіп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да найман, керейіт, жалайырлар ұлыстарының отан тарихында алар орны ерекше. Бұл ұлыстар ежелгі Қазақстанның мемлекеттілік бастауларына айтарлықтай үлес қосты. Найман тайпалар одағы 8 ғ-дың орта кезінде Жоғ. Ертіс пен Орхон өз. аралығында сегіз-оғыз (“сегіз тайпа одағы”) деген атаумен пайда болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді алып жатты. 10 – 12 ғ-дың басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелділікте еді. 12 ғ-да керейіттер (керейлер) мен меркіттер қосылған наймандар конфедерациясы Орт. Азиядағы ірі мемл. құрылымға айналды. Наймандар өздерін қоршаған көшпелі және отырықшы-егінші этностармен, әсіресе қаңлылармен өте тығыз этн.-саяси және мәдени байланыс орнатты. 1125 ж. Қидан мемлекеті күйрегеннен кейін, оның орнынан бірнеше мемл. бірлестіктер құрылды (қ. Қидандар). Олардың арасынан жетекшілік рөлі керейіт хандарының қолына көшті. Керейіттер туралы алғашқы мәліметтер 10 ғ-дың бас кезіне жатады. Олар Орхон өз-нің орта ағысы мен Онгын, Тола өзендерінің аңғарларын мекен еткен. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейіттер қазіргі бүкіл Моңғолия мен Алтай аумағына үстемдік еткен. Жалайырлар Шыңғыс хан империясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендерінің бойын, дәлірек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген. Наймандар, керейіттер, жалайырлар негізінен мал ш-мен айналысқан. Доңғалақты арбаны пайдаланған. Олар құрған “ұлыстар” – алғашқы феод. мемл. құрылымдар болып табылады. Ұлыс ру да, тайпа да емес, ол рулық-тайпалық ин-ттардан жоғары тұрды. “Ұлыс” ұғымы ол кезде “халық” дегенді білдірген. Ұлыс құрамында қандас туысқан адамдардың болуы міндетті емес еді. Әрбір ұлыс белгілі бір аумақты иеленді. 1185 ж. Шыңғыс хан (қ. Шыңғыс хан билігі) меркіт ұлысын талқандаған соң жалайыр, барлас, т.б. тайпаларды қосып алды. 1203 ж. керейіттерді бағындырды. 1190 – 1206 ж. Орт. Азиядағы соғыстар нәтижесінде Қазақстан жеріне найман, керейіт, меркіттердің бір бөлігі көшіп келді. Моңғолдар талқандағаннан кейін найман мен керейіт топтары, жалайырлар түркі халықтарының құрамына, атап айтқанда болашақ қазақ халқының құрамына біртіндеп сіңісе берді. Наймандар Сырдарияға дейін жетіп, кейінірек қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысқан. Керейіттердің бір бөлігі Еділге дейін барды, кейін осы атаумен өзбек, қырғыз құрамына, ал шағын тобы қазақтар құрамына кірді. Керейіттердің басқа бір бөлігі Солт. Қазақстанда қалды да, бұрынғы этнонимдегі “-іт” жалғауын жоғалтып, керей (ашамайлы керей, абақ керей) деген атпен Орта жүз қазақтарына қосылды. Жалайыр, керейіт және наймандар әлеум.-саяси дамудың бір деңгейінде тұрды. Бұл мемлекеттерде іс жүргізу кең таралған. Құжаттар мөр басу арқылы бекітілген. Алым-салық жинау, адамдарды қызметке тағайындау құжаттарына мөр басылған. Ұлыстарда хан қосынының (ордасының) басқару органдары, әскері және жасауылы бар басқару аппараты жұмыс істеген.

Жетісудағы Қарақытайлар мемлекетінің (1128 – 1213) құрылуы Орт. Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (циднь, хита, кита) б.з. 4 ғ-ындағы жазба деректерінде моңғол тілді тайпалар ретінде аталады. Олар Қытайдың солт. жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесін мекендеген. 924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейінгі аумақ Қидан мемл-нің (Ляо империясы) қол астына қарады. 1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатты да, қидандардың бір бөлігі чжурчжендерге бағынып, қалғандары Енисей қырғыздарының жерін басып өтіп, Еміл өз. бойына тұрақтаған. Сол жерден қала салған. Олардың қол астына Жетісудың бір бөлігі қарап, жергілікті түркі тілдес халықтармен араласып, келе-келе қарақытай аталып кетеді. 1128 ж. Қарахандар әулетінен шыққан Баласағұн билеушісі оларды өздеріне қысым жасап, тыныштық бермей отырған қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануға шақырады. Қарақытайлар басшысы Елу (Елюй) Даши Баласағұнды жаулап алды да, оның билеушісін тағынан тайдырып, Жетісуда өз мемлекетін орнатты. Содан кейін ол бірқатар сәтті жорықтар жүргізіп, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейін кеңейтті. Қарақытайлар қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратқан жоқ. Тек әр үйден бір динардан ғана салық алды. Сондықтан да қарақытайлардың Орта Азиядағы жаулап алу соғыстары көбіне бейбіт жолмен жүрді. Жетісу, Оңт. Қазақстан, Шығ. Түркістан осы мемлекеттің құрамына енді. Қарақытайда мемлекет басшысын “гурхан” деп атаған. Мемлекет орт. Баласағұн қ. болды. Әскерде қатал тәртіп жүргізілді. 12 ғ-дың ортасынан бастап қарақытайлар салық саясатын өзгертіп, халықты ашық тонауға көшті. 1198 ж. Ауғанстан жерінен шыққан гурид билеушілері қарақытайларға соққы берді. Іле-шала гурхан қол астынан құтылуға тырысқан Хорезм де қарақытайларға қарсы күреске шығып, Бұхараны басып алды. 1205 ж. қарақытайлар Термезден кетті. Мауераннахрдың едәуір бөлігі Хорезмге қарады. Гурханға Қойлық пен Алмалықтағы қарлұқ билеушілері (вассалдары) де қарсы шыға бастады. Осы кезеңде астана Қашғарға көшірілді. 1208 ж. Моңғолиядан Шыңғыс хан ығыстырған Күшлік хан бастаған наймандар қарақытайларға қашып келіп, кейін үкімет билігін басып алды.

Бұрынғы қимақ, қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік 11 ғ-дың басында Қыпшақ хандығына (11 ғ-дың басы – 1219) көшті. “Қыпшақ” атауы алғаш 760 ж. ежелгі түркілердің руникалық ескерткіштерінде аталады. 9 – 10 ғ-ларда қыпшақтар тарихы қимақтармен қоса өрбіді. Қыпшақтар қимақтар құрған конфедерацияға, кейін Қимақ қағандығы құрамына кірді. 11 ғ-дың басында Қимақ қағандығы ыдырағаннан кейін, әскери-саяси жетекшілікке ие болған қыпшақтар белсенді қимыл жүргізу барысында өз мемлекетінің шекарасын кеңейтті. Олар Шығ. Еуропа мемлекетімен де саяси байланыстар орнатқан. 11 ғ-дың 2-ширегінде қыпшақ ақсүйектері оғыздарды Сырдарияның орта және төм. бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларынан тықсырып шығарды. Аймақтағы этн.-саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, 11 ғ-дың 2-ширегінің бас кезінде бұрын аталып келген “Оғыздар даласының” (Мафазат әл-гуз) орнынан Дешті Қыпшақ атауы пайда болды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақ тайпалары Еділден өтіп, еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады. Қыпшақ этн. қауымының қазақ аумағында құрылуы күрделі де ұзақ процесс болды. Оның даму жолынан үш кезең айқын көрінеді. Бірінші кезең қимақ (кимек) тайпалық бірлестігі өзегінің құрылуымен тікелей байланысты, онда 7 ғ-дың 2-жартысынан бастап, 8 ғ-дың аяқ кезіне дейін қыпшақтар елеулі рөл атқарды. Екінші кезең 8 ғ-дың аяғынан 11 ғ-дың басына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қыпшақтар мекен еткен аумақ шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батыста Оңт. Орал таулары мен Еділ өңіріне дейін жетеді. Қыпшақтармен бірге Бат. Қазақстанды, орталығы Мұғалжар тауларында болған кумандар жайлаған. Негізгі үш этн.-саяси бірлестік – қимақ, қыпшақ және кумандардың өзара бірігуінде қимақ тайпалары үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ, қыпшақ этносының ішкі этн. даму жолы сол араның байырғы тұрғындарын өз арасына сіңдіріп, қыпшақтандыруға бағытталды. Қыпшақ этносы қандас туыстық байланыстар емес, аумақтық-шаруашылық қарым-қатынастар негізінде қалыптасқан-ды. 11 ғ-дың басынан 13 ғ-дың басына дейін қыпшақтардың этн. қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшінші кезеңіне өтеді. Бұл уақытта қыпшақ хандарының құдіреті артты, ел-бөрілі руының әулеттік билігі заңдастырылды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батысында Еділ мен Оңт. Оралға дейін, оңт-нде Балқаш к-нен солт-тегі оңт.-батыс Сібірдің орманды далаларына дейінгі ұлан ғайыр өлкеге тарады. 11 ғ-дың 2-жартысында Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне орнықты. Қыпшақ хандары мұрагерлік жолмен билік құрған “орда” деп аталған хан қосынында ханның дүние-мүлкі сақталып, әскер ісін жүргізетін басқару аппараты жұмыс істеген. Хандық оң және сол қанаттарға бөлінді. Оң қанат қосынымен Жайық өз. бойында, Сарайшық қ-ның орнында, сол қанат қосынымен Сырдария аумағындағы Сығанақ қ-нда тұрған. Қыпшақ қоғамы әлеум. жағынан әркелкі болды. 11 ғ-дың аяғы мен 12 ғ-дың бас кезінде Жент, Янгикент, төм. Сырдарияның басқа да қалалары қыпшақ көсемдеріне бағынды. Бұл қалалар үшін 12 ғ-дың 1-жартысында Орта Азияның мұсылман әулеттері де күрес жүргізді. Ислам дінін таратуды ту ғып ұстаған олар Дешті Қыпшаққа ішкерілей енеді: 1133 ж. Хорезм шахы Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңді. Хорезм шахы Текеш (1172 – 1200) қыпшақтармен жақындасып, көшпенді тайпалардың басшыларын қызметке тартты. 13 ғ-дың бас кезінде Сығанақ қ. аймағы Хорезм шахы Мұхаммед (1200 – 20) мемлекет құрамына кірген. Моңғол басқыншылығы қыпшақ мемлекетін құлатқанымен, оның даму үрдісін біржолата күйрете алған жоқ, тек уақытша тұншықтырды. Олар 15 ғ-да қазақ халқы мен мемлекетінің қалыптасу кезеңінде қайта өрледі.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға