Жаңалықтар

Жеті жарғы

Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 ЖЕТІ ЖАРҒЫ – Тәуке хан (1678—1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. 17 ғ-дағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ж. ж-ға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі  қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Ж. ж-дан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Ж. ж-ның өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20 ғ-дың басына дейін қолданылып келді. (Мыс., бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Ж. ж. қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолына” негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Ж. ж-ның толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Ж. ж-ның аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Мыс.: 1)“Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін”. Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп; 2) “Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін”. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыдан жетілдіре түскен. Мыс.: 3)“Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады”. 4) “Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады”. 5) “Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек”. 6) “Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі”. 7) “өры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді”. Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету  мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Ж. ж-да көрініс тапты. Н. Өсерұлы Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том
08.11.2012 11:42 24561

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

ЖЕТІ ЖАРҒЫ – Тәуке хан (1678—1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. 17 ғ-дағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ж. ж-ға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі  қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Ж. ж-дан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Ж. ж-ның өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20 ғ-дың басына дейін қолданылып келді. (Мыс., бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Ж. ж. қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолына” негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Ж. ж-ның толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Ж. ж-ның аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Мыс.: 1)“Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін”. Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп; 2) “Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін”. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыдан жетілдіре түскен. Мыс.: 3)“Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады”. 4) “Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады”. 5) “Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек”. 6) “Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі”. 7) “өры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді”. Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету  мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Ж. ж-да көрініс тапты.

Н. Өсерұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға