Жаңалықтар

Жамбыл мен Досмағанбет айтысы

Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАНБЕТ АЙТЫСЫ — ақындар айтысының үздік үлгілерінің бірі. Айтыс 1907 ж. Досмағанбеттің нағашысы Көбісбай үйінде өтеді. Айтысты Жамбыл бастайды. Досмағанбет те өлеңмен ұстаса кетеді. Сөзді бірінші болып бастаған Жамбыл өлеңді борандатып, құйындатып, екпіндетіп шарықтайды. Жамбыл қыран құс секілді биіктеп көтеріледі де тік шаншылып, аспаннан жасыл түскендей сөздің отын жарқ-жұрқ еткізеді, бірден шабуылға шығады. Жамбыл өзінің ақындық күшін жақсы сезінеді, сондықтан да Досмағанбетті елеусіз көреді, оны қырғи, қаршығадан қорғалақтап, бұта-бұтаның арасында, өзінен-өзі дірілдеп отыратын шымшық торғайға теңейді. Өзінің ақындық құдіретін жер мен көктің арасын жалғастыратын ертегілік пыраққа теңестіреді. Дін мен ақындық өнерді қатар ұстамақ, екеуін бір жерге жалғастырмақ, жақындастырмақ болған Досмағанбетті ақындықтың киелі қақпасын кездейсоқ қаққан бейсауыт жолаушыға балайды. Досмағанбет те осал ақын емес. Ол Жамбылдың сөздерінен сескенбей, сыр бермей сабырмен, салмақ сақтайды. Екінші кезек Досмағанбетке келгенде, бұл да өзін ерекше, айрықша, артықша адам ғып көрсетуге құлшынады. Досмағанбет Жамбылды сөзбен жасытып тастау үшін өзінің жастығын, оның жалынды шақтарын көтере сөйлейді. Жамбылдың кедейлігін бетіне басады. Адамның кедей болуы жаратушының жақсы қарамауынан, немесе адамның жаман жаратылған өз жаратылысынан болған бақытсыздық деп санайды. Досмағанбет Жамбылды қайткенде де жеңу үшін ауыр сөздер тауып айтуға тырысады. Оның мақсаты Жамбылды қайткенде ашуландыру. Кімде-кім айтыс үстінде қызарақтап, қатты ашуланса, онда жеңілуге бет алғаны. Мұндай сын сәттерде Жамбыл ешкімге сыр бермеген, сасқанын, абыржығанын ешуақытта аңғартпаған, өзін тас түйін қорғасындай ұстаған. Досмағанбет айтыс үстінде жеке бастың кемшілігін қазбалап айтып кетсе, Жамбыл терең ой, өткір сөзді әдеп сақтай отырып айтатын ақылман ақын ретінде көрінеді. Айтыстан 20 ғ-дың басындағы әлеум. оқиғалар ықпалы Досмағанбеттің ұғымы бойынша: қаланың дамуы сан ғасырлық көшпелі өмірмен байланысты болған дәстүрлердің іргесін бұзады, діни нанымдардан бездіреді, үлкен мен кішінің арасындағы сыйлаушылық жойылады, дүниені ақша билейді, ел арасында қастандық күшейеді, арақ-шарап ішуден халық рухани азғындыққа ұшырайды. Ал Жамбыл Досмағанбетке өлеңмен қайтарған жауабында, Жетісу жеріндегі бір қолдан екінші қолға өткен хандық, аға сұлтандық және патшалық тәртіпті сынайды. Жамбыл қоғамның даму заңдылықтарын жақсы біледі, халықтың мұң-мүддесін қорғайды, болашаққа сеніммен қарайды. Айтыс 7 — 8 буынды жыр және 11 буынды қара өлең үлгісімен жырланған. Алғаш рет 1940 ж. Жамбылдың бір томдық жинағында басылған. Айтысты халық ақындары Үмбетәлі Кәрібаев, Қалқа Жапсарбаев, Саяділ Керімбековтерден 1939 ж. жазып алған Жамбылдың әдеби хатшысы Т.Жароков пен проф. Е.Ысмайылов. Айтыс кейіннен бірнеше рет Жамбыл жинақтарында, “Айтыс” атты кітаптарда басылды. С. Садырбаев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том
08.11.2012 11:22 29252

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАНБЕТ АЙТЫСЫ — ақындар айтысының үздік үлгілерінің бірі. Айтыс 1907 ж. Досмағанбеттің нағашысы Көбісбай үйінде өтеді. Айтысты Жамбыл бастайды. Досмағанбет те өлеңмен ұстаса кетеді. Сөзді бірінші болып бастаған Жамбыл өлеңді борандатып, құйындатып, екпіндетіп шарықтайды. Жамбыл қыран құс секілді биіктеп көтеріледі де тік шаншылып, аспаннан жасыл түскендей сөздің отын жарқ-жұрқ еткізеді, бірден шабуылға шығады. Жамбыл өзінің ақындық күшін жақсы сезінеді, сондықтан да Досмағанбетті елеусіз көреді, оны қырғи, қаршығадан қорғалақтап, бұта-бұтаның арасында, өзінен-өзі дірілдеп отыратын шымшық торғайға теңейді. Өзінің ақындық құдіретін жер мен көктің арасын жалғастыратын ертегілік пыраққа теңестіреді. Дін мен ақындық өнерді қатар ұстамақ, екеуін бір жерге жалғастырмақ, жақындастырмақ болған Досмағанбетті ақындықтың киелі қақпасын кездейсоқ қаққан бейсауыт жолаушыға балайды. Досмағанбет те осал ақын емес. Ол Жамбылдың сөздерінен сескенбей, сыр бермей сабырмен, салмақ сақтайды. Екінші кезек Досмағанбетке келгенде, бұл да өзін ерекше, айрықша, артықша адам ғып көрсетуге құлшынады. Досмағанбет Жамбылды сөзбен жасытып тастау үшін өзінің жастығын, оның жалынды шақтарын көтере сөйлейді. Жамбылдың кедейлігін бетіне басады. Адамның кедей болуы жаратушының жақсы қарамауынан, немесе адамның жаман жаратылған өз жаратылысынан болған бақытсыздық деп санайды. Досмағанбет Жамбылды қайткенде де жеңу үшін ауыр сөздер тауып айтуға тырысады. Оның мақсаты Жамбылды қайткенде ашуландыру. Кімде-кім айтыс үстінде қызарақтап, қатты ашуланса, онда жеңілуге бет алғаны. Мұндай сын сәттерде Жамбыл ешкімге сыр бермеген, сасқанын, абыржығанын ешуақытта аңғартпаған, өзін тас түйін қорғасындай ұстаған. Досмағанбет айтыс үстінде жеке бастың кемшілігін қазбалап айтып кетсе, Жамбыл терең ой, өткір сөзді әдеп сақтай отырып айтатын ақылман ақын ретінде көрінеді. Айтыстан 20 ғ-дың басындағы әлеум. оқиғалар ықпалы Досмағанбеттің ұғымы бойынша: қаланың дамуы сан ғасырлық көшпелі өмірмен байланысты болған дәстүрлердің іргесін бұзады, діни нанымдардан бездіреді, үлкен мен кішінің арасындағы сыйлаушылық жойылады, дүниені ақша билейді, ел арасында қастандық күшейеді, арақ-шарап ішуден халық рухани азғындыққа ұшырайды. Ал Жамбыл Досмағанбетке өлеңмен қайтарған жауабында, Жетісу жеріндегі бір қолдан екінші қолға өткен хандық, аға сұлтандық және патшалық тәртіпті сынайды. Жамбыл қоғамның даму заңдылықтарын жақсы біледі, халықтың мұң-мүддесін қорғайды, болашаққа сеніммен қарайды. Айтыс 7 — 8 буынды жыр және 11 буынды қара өлең үлгісімен жырланған. Алғаш рет 1940 ж. Жамбылдың бір томдық жинағында басылған. Айтысты халық ақындары Үмбетәлі Кәрібаев, Қалқа Жапсарбаев, Саяділ Керімбековтерден 1939 ж. жазып алған Жамбылдың әдеби хатшысы Т.Жароков пен проф. Е.Ысмайылов. Айтыс кейіннен бірнеше рет Жамбыл жинақтарында, “Айтыс” атты кітаптарда басылды.

С. Садырбаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға