Жаңалықтар

Бүгін – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл

Бүгін – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл
Фото: коллаж El.kz 22.10.2024 12:00 651

Бүгін – қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, қазақ прозасының классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой қазақ әдебиетінің тарихында ғана емес, жалпы қазақ мәдениетінде ерекше орын алады. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі қазақ халқының рухани болмысын терең зерттеп, ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалды. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақтың болмысын шет елдерге танытады.

Туған жері және отбасы

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның халық жазушысы, ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қоғам қайраткері ретінде танымал. Оның ата-тегі Арал маңын ежелден қоныстанған Жақайым руынан басталады. Жетінші атасы Тайқожа батыр, Қалдан, Арғынбай би, одан өз заманында байлығымен танылған Сыланбай, ал Сыланбайдан Нұрпейіс болыс тарайды. Әбдіжәмілдің әкесі Кәрім, Нәжім, Қали үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірақ соғыстан аман оралғаны тек Әбдіжәміл ғана болды.

Әкесінің өмірі де жазушы үшін ерекше мәнге ие. Кәрім ауылнай қызметін атқарған адам болған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеп жүріп, 1944 жылдың 21 сәуірінде Тернополь түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Жазушы өзінің туған күні туралы сұрағанда, әкесі нақты күнді айтпай, «қараша болуы мүмкін» деп жауап бергені есінде қалған.

Білім жолы

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің балалық шағы қиындықтарға толы болды. Ашаршылықты көріп өскен ол алғашқы білімін ауылдағы қарапайым мектептерде алды. Жазушы мектептегі оқудан қол үзіп қалып, 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда аяқтады. 5-сыныптан бастап сабақты дұрыс оқып, 10-сыныпты оқып жүргенде әдебиетке құштарлығы оянып, повесть жазуға бел буды. Бірақ әскерге кеткеннен кейін оның жазғандары жоғалып кеткен.

Әскери қызметі

1942 жылы орта мектепті тәмамдай сала Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Қысқа мерзімді курстарды бітірген соң ол Оңтүстік және Прибалтика майданында миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін жазушы әскери қызметін 1946 жылы желтоқсанда аяқтап, елге оралды.

Әскерден оралған соң ол өзіне соғыстан қалған естеліктерін қағаз бетіне түсіруге кірісті. Соның нәтижесінде «Курляндия» романы дүниеге келді. Бұл туындысы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иемденді.

Әдебиеттегі алғашқы қадамы

Соғыстан кейінгі кезеңде 1946 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, бір жыл оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Әдебиет саласындағы алғашқы қадамы «Курляндия» романы болса, бұл кітап кейінірек «Қан мен тер» трилогиясына негіз болды. Жазушы ретінде оның шығармаларына соғыс пен адам тағдыры, ел мен жердің күресі секілді терең тақырыптар арқау болды.

Проза жанрында үнемі үздіксіз еңбектенуімен қатар, жазушы өткір сындары және публицистикалық мақалалары арқылы да танылды. Ол сыншы ретінде де үлкен беделге ие болды.

Әдебиеттегі жетістіктері

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның ең танымал шығармаларының бірі – «Қан мен тер» трилогиясы. Бұл трилогия адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер және ұлттың болашағы секілді күрделі мәселелерді қозғайды. Жазушының тағы бір көрнекті еңбегі – «Соңғы парыз» дилогиясы. Бұл шығармалары қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінде де жоғары бағаланды. Оның шығармалары отыздан астам шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетін халықаралық аренада танытты.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде танымал болды. Француз жазушысы Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, испандық Август Видаль, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов. қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді әдебиетшілер оны жоғары бағалады.

Қоғамдық қызметі

Әдебиет саласындағы қызметімен қатар, Әбдіжәміл Нұрпейісов қоғам қайраткері ретінде де белсенді болды. Ол 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Нарық заманы басталғанда жазушы халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенті болды. 2000 жылдан бастап, ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» әдеби-көпшілік журналын шығара бастады.

Марапаттары және қоғамдағы орны

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке қосқан үлесі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстанның «Отан» орденімен марапатталған. Жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанда бұл сыйлықты тек үш қаламгер – Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Жұбан Молдағалиев қана алған.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылы 5 ақпанда 97 жасында дүниеден озды. Оның әдеби мұрасы қазақ әдебиетінде мәңгілік орын алды. Жазушының шығармалары мен естеліктері қазақ халқының рухани байлығына қосылған қомақты үлес болып қала береді.

Мерейтой қалай атап өтілуде?

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай республика көлемінде және халықаралық деңгейде түрлі мәдени және әдеби іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар жазушының қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін насихаттап, оның шығармашылығын жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді.

Алғашқы маңызды іс-шаралардың бірі – Зайсан қаласындағы Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция.

Бұл шара облыстық мәдениет басқармасы мен лингвистика орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Конференцияға филолог ғалымдар, тіл дамыту орталықтарының мамандары, әдебиет зерттеушілері қатысты.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетін әлемге танытқан жазушылардың бірі. Оның «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сынды туындылары Арал теңізінің мәселелерін және экологиялық проблемаларды халықаралық оқырман қауымына жеткізген. Конференцияда профессор Айымгүл Қамзақызы жазушының шығармаларында экология, адалдық және адамгершілік тақырыптарының терең көрініс тапқанын, олардың бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын тілге тиек етті.

Ғылыми жиында филологтар мен әдебиет мамандары жазушының шығармаларын терең талдап, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мұрасын зерттеу және оны келер ұрпаққа насихаттау маңызды міндет екенін айтты.

Конференция барысында аудандық «Поэзия» жастар театрының өнерпаздары жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады. Театр жетекшісі Алмагүл Төлегенқызы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары халық өмірімен тығыз байланысты екенін және оның шынайы өмірдің күрделі мәселелерін көркем тілмен жеткізгенін ерекше атап өтті.

Жазушының шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылған, оның ішінде неміс, француз, испан тілдері бар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған шаралар жалғасып, оның есімі мен еңбегін ұлықтауға бағытталған басқа да іс-шаралар жоспарланды.

Сонымен қатар Майндағы Франкфуртта Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай ғылыми-әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл шараны Қазақстанның Бас консулдығы өткізіп, оған жазушылар, ғалымдар, баспа ісінің мамандары, «Отандастар қоры» өкілдері мен шетелдегі қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

Кеш барысында қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы мен оның әлемдік әдебиетке қосқан үлесі жайлы сөз қозғалды. Оған қоса қазақ мәдениетін шетелде дәріптеу, ұлттық дәстүрлер мен тілдің сақталуы мәселелері талқыланды. Қатысушылар қазақ әдебиетінің шетелдегі қандастарға рухани қолдау көрсетіп, олардың ұлттық болмысын сақтауға ықпал ететінін атап өтті.

«Отандас» ұйымының жетекшісі Әсет Бейсенов бұл шараның шетелде тұратын қазақтар үшін маңызы зор екенін айтып, қазақ әдебиетінің әрбір туындысы ұлттық тәрбие мен рухани азық көзі екеніне ерекше тоқталды. «Отандастар қоры» делегациясы жергілікті қазақтармен кездесіп, ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жаңа бастамаларды талқылады.

Кездесу барысында шетелдегі қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау туралы ұсыныстар жасалып, «Отандастар қоры» бұл бағытта қолдау көрсететінін білдірді. Сонымен қатар Қазақстаннан Германия нарығына шығуға ниетті кәсіпкерлерге ақпараттық көмек көрсету, қазақ балаларына арналған жазғы лагерьлер ұйымдастыру туралы да бастамалар көтерілді.

Ал С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай оқырмандар конференциясы өтті. Кештің модераторы, С.Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай «Ә.Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің асқар тұлғасы» тақырыбында баяндама жасап, жазушының шығармашылық мұрасы туралы ой қозғады.

Конференцияның негізгі тақырыбы жазушының атақты «Қан мен тер» романына арналды. Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университет пен С.Торайғыров университетінің студенттері шығарма төңірегінде пікірталас өткізіп, өз ойларын ортаға салды. Білім алушылар бұл романның мазмұнының тереңдігі мен тарихи маңыздылығын жоғары бағалап, оның қазіргі жас ұрпақ арасында патриоттық сезімді қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, романның кітапханаларда үлкен сұранысқа ие екені де айтылды.

Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетіліп, «Ұлы қаламгер, кемеңгер тұлға» атты арнайы кітап көрмесі қонақтардың назарына ұсынылды.

Сонымен қатар Атырау қаласындағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әдебиет – ардың ісі» атты әдеби кеш өтті. Іс-шара барысында XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан суреткер мен қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы таныстырылды.

Кешке қатысқан студенттер жазушының кітапхана қорындағы шығармаларымен танысып, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.

Шарада Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ең танымал туындылары – «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» трилогиялары талқыланды. Бұл шығармалар қазақ әдебиетінің асыл қазынасына енген туындылар ретінде ерекше бағаланды.

Кітапхана әдіскері Мөлдір Серікқалиеваның айтуынша, «Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін рухани мұра болып қала бермек.

Жазушының еңбегін толық бағалау мүмкін емес, сондықтан бүгін біз оның шығармаларын талқылауды жөн көрдік. Мұндай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы жастарға өнеге көрсетеміз, - дейді кітапхана әдіскері.

Әдеби кеш жас оқырмандарға Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік беріп, қазақ әдебиетінің бай мұрасымен танысуға септігін тигізді.

Түйін: Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің заңғар шыңы, оның шығармалары бүгінгі және келешек ұрпаққа мәдениетіміздің байлығын жеткізуде ерекше маңызды. Жазушының туындылары әлі талай оқырманның жүрегіне жол тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жететіні сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға