Brexit-тен кейінгі он жыл. Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың қарым-қатынасы қалай өзгермек?

Brexit-тен кейінгі он жыл. Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың қарым-қатынасы қалай өзгермек?
Фото: penntoday.upenn.edu

Ұлыбритания Еуропалық одақтан шығу туралы шешім қабылдағанына он жыл толды. Осы уақыт ішінде екі тараптың сауда-саттық, экономика, білім беру және қауіпсіздік салаларындағы байланысы айтарлықтай өзгерді. Енді Лондон мен Брюссель бұрынғы қарым-қатынасты қалпына келтіруге ниетті.

20 қарашада Брюссельде Еуропалық одақ пен Ұлыбританияның екінші саммиті өтеді. Басқосуда тараптар бірқатар маңызды келісімге келуді көздеп отыр.

Биыл шілдеде Кир Стармердің отставкасынан кейін Ұлыбритания үкіметін басқаруға келген Энди Бернем Еуропамен байланысты нығайтуды сыртқы саясаттағы басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Саммит қарсаңында премьер-министр Brexit-тің қатаң шарттары үмітті ақтамағанын, ал екі тарап арасындағы қазіргі қарым-қатынас Ұлыбританияны толық қанағаттандырмайтынын айтты.

Саудадағы кедергілер жойылуы мүмкін

Ұлыбритания 2020 жылы Еуропалық одақтан ресми түрде шыққаннан кейін екі тарап арасындағы сауда талаптары күрделене түсті. Енді Лондон мен Брюссель осы кедергілерді біртіндеп жоюға кіріспек.

Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау талаптарын жеңілдететін санитарлық және фитосанитарлық келісімді пысықтап жатыр. Құжат қабылданса, 2028 жылдың 1 наурызынан бастап жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдердің басым бөлігі шекаралық тексеруден босатылады. Сондай-ақ арнайы сертификат алу қажеттілігі жойылады.

Бұдан бөлек, Ұлыбритания мен Еуропалық одақ көмірқышқыл газы шығарындыларына қатысты сауда жүйелерін біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпкерлерге шекарада қосымша көміртек алымын төлемеуге мүмкіндік береді.

Ал энергетика саласында тараптар әлі ортақ шешімге келген жоқ. Электр энергиясының бағасы Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналатын Ұлыбритания ортақ энергия нарығына қосылу арқылы тарифтерді төмендетуге мүдделі. Алайда Брюссель бұл үшін Лондоннан Еуропалық одақтың экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерін қолдау қорларына қаржы бөлуді талап етіп отыр. Келіссөздерді 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ келесі жылдың басында жасанды интеллект, кибербайланыс және цифрлық жеке куәліктер бойынша әріптестік бағдарламасы іске қосылмақ.

Жастарға жаңа мүмкіндік беріледі

Саммитте талқыланатын маңызды мәселелердің бірі – жастардың шетелде білім алуына және жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін Youth Experience Scheme бағдарламасы.

Бағдарлама аясында Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдерінің 18-34 жас аралығындағы азаматтары бір-бірінің аумағында үш жылға дейін тұрып, білім алып, жұмыс істей алады.

Тараптар бағдарламаның талаптарын 2028 жылдан кешіктірмей бекітіп, 2030 жылдың қаңтарында іске қосуды көздеп отыр. Қатысушылардың нақты саны әлі белгіленбегенімен, жыл сайын 80-100 мың жас осы мүмкіндікті пайдалануы ықтимал.

Сонымен қатар еуропалық студенттердің Ұлыбритания жоғары оқу орындарында білім алу ақысы да күн тәртібіне шығарылды.

Еуропалық одақ өз азаматтарының британдық студенттермен бірдей ақы төлеп оқуын қалайды. Алайда Лондон екі тарап арасындағы студенттер алмасу көрсеткішінің тең емес екенін алға тартып, бұл ұсыныспен келіспей отыр.

Қазір екі нұсқа қарастырылып жатыр. Біріншісі – еуропалық және британдық студенттер үшін оқу ақысын теңестіру, екіншісі – бакалавриат бағдарламаларының құнын едәуір төмендету. Бұл мәселені алты ай ішінде реттеу көзделген.

Қорғаныс саласындағы байланыс нығая түспек

АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуын қысқарту ықтималдығы және Украинадағы соғыстың жалғасуы Лондон мен Брюссельдің қорғаныс саласындағы байланысын күшейтуіне түрткі болып отыр.

Ұлыбритания Украинаға қаржылай қолдау көрсетуге арналған несие бағдарламасына қосылған. Енді тараптар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, дрондар мен оқ-дәрілер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Дегенмен қорғаныс өнеркәсібінде де келіспеушіліктер бар. Мәселен, Франция бәсекелестіктің күшеюінен қауіптеніп, британдық компаниялардың Еуропалық одақтың SAFE қорына қол жеткізуін шектеуді ұсынып отыр.

Бұдан бөлек, тараптар өндірістік қауіпсіздік, жеткізу тізбегінің тұрақтылығы және болат өнеркәсібін қорғау мәселелерін талқыламақ. Әлемдік нарықтағы болат өндірісінің шамадан тыс артуына байланысты екіжақты квота енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Заңсыз көші-қонмен бірлесіп күреседі

Саммитте көші-қон және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалмайды.

Брюссель бұған дейін Ұлыбританияда қылмыс жасаған Еуропалық одақ азаматтарын елден шығару шараларын тоқтата тұруды ұсынған. Алайда Лондон бұл талаппен келіспей, оны қорытынды құжаттың жобасынан алып тастауға қол жеткізген.

Енді тараптар азаматтарды депортациялау туралы бір-біріне алдын ала хабарлауға және сотталған адамдарды өз елдеріне беру тетіктерін қарастыруға уағдаласпақ.

Сондай-ақ үшінші ел азаматтарының соттылығы туралы электрондық ақпарат алмасуды кеңейту және Ла-Манш бұғазы арқылы мигранттарды заңсыз тасымалдауға қарсы күресте Еуропалық одақтың Frontex шекара қызметімен байланысты нығайту көзделген.

Брюссельде өтетін саммит Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шыққаннан кейінгі сыртқы саясатындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Дегенмен бірқатар мәселе бойынша тараптардың ұстанымы әлі де әртүрлі. Алдағы келіссөздер Brexit-тен кейін қалыптасқан қарым-қатынастың жаңа бағыттарын айқындамақ.

Оқи отырыңыз