БҚО-да 10 жасар баласын қоқыстан тамақ іздеуге мәжбүр еткен әйел ата-ана құқығынан айырылды

БҚО-да 10 жасар баласын қоқыстан тамақ іздеуге мәжбүр еткен әйел ата-ана құқығынан айырылды
Фото: AI көмегімен жасалды

Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы ұлын қараусыз қалдырған әйел ата-ана құқығынан айырылды. Жоғарғы соттың мәліметінше, бала мектепке бармаған, оқуды және жазуды білмеген, ал тамақ пен киімді қоқыс арасынан іздеуге мәжбүр болған. Бала туғаннан бері анасымен бірге тұрған. Әйел ішімдікке салынып, баласының тәрбиесі мен күтіміне тиісті көңіл бөлмеген.

Анасы мен баласы қараусыз қалған үйде тұрған. Бұл жерге бөгде адамдар жиі келіп жүрген. Ал бала осы уақытқа дейін мектепке бармаған, оқуды да, жазуды да үйренбеген. Оның тамақ пен киімді қоқыс арасынан іздеп күнелткені анықталған.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия араласқаннан кейін бала үш айға арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған.

2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы мен білім басқармасының бұйрығы негізінде ол облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген.

«Анам мені қайта алып кете ме деп қорқамын»

Балалар ауылына берілгеннен кейін анасы ұлымен байланыс орнатуға әрекет жасамаған. Сот отырыстарына да келмеген.

Сот процесіне қатысқан психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын мәлімдеді. Маманның қорытындысына сәйкес, оның анасына деген эмоциялық жақындығы жоғалған.

Бала анасынан қатты қорқатынын және оның өзін қайтадан бұрынғы өміріне алып кетуінен қауіптенетінін айтқан. Ал балалар ауылында өзін жақсы сезінетінін жеткізген. Мұнда оның таза төсегі бар әрі дұрыс тамақтанады.

Сот шешімі қандай?

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты әйелдің ата-аналық міндеттерін орындаудан қасақана жалтарғанын және өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын анықтады.

Сот әйелді ата-ана құқығынан айырды. Сондай-ақ одан баласын асырауға алимент өндіру туралы шешім шығарылды. Алимент баланың жеке депозиттік шотына аударылады. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз