Жаңалықтар

Бозоқ: Алтын Орда кезеңіне тән жерлеу орындары

Өркениеттің ордасы болған көне мекен
Бозоқ: Алтын Орда кезеңіне тән жерлеу орындары
31.10.2017 14:05 10279

Еуразия университетінің Бүкіләлем тарихы және археологиясы кафедрасының оқытушылары жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, Бозоқ қалашығының орны үш бөліктен – негізгі орталық және шет жағында орналасқан екі бөліктен тұрады. Деректерде олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалғаны жазылады. Археологиялық деректердің ішінде Бозоқтың Алтын Орда кезеңіне тән жерлеу орындары туралы ерекше атап өткен жөн.

Мұнда екі себеп бар. Тарихи деректерге жүгінсек, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған зооморфты өрнекпен әрленген ағаш қабығынан жасалған жебе қалтасы мен металл маскалар табылғаны айтылады. Мұндай бұйымдар Дешті Қыпшақтың батыс өңірлеріндегі қорғандық жерлеуде табылған. Бозоқ қалашығындағы тағы бір жерлеуде бас сүйектің бет жағын жабатын былғары маска табылған. 5 жерлеудің екеуінде ағаш қабығынан жасалған жебе қалталар шыққан. Оларда табылған 5-7 темір жебе ұштары жерлеу орындарын XIII - XIV ғғ тиесілі екені белгілі болған.  

Жебе қалталардың көлемі мен қалыптары Нұра - Есіл өзендері аңғарларында қазылған қорғандардан табылған бұйымдар арқылы  қалпына келтірілген. Бұл қалталар ағаш қабығынан жасалып, сүйекпен қапталған. Ондай қалталар XX ғасырдың 60 жылдары Целиноград ауданының Вишневка аулының түбінде және Тасмола шатқалында табылған. Бұл бұйымдар қыпшақ мәдени  кешеніне  жатады деп есептеледі. Ағаш қабығынан жасалған жебе қалталардың ұзындығы 68 см, ені 19 сантимертден 11 см аралығында, түбінде темір шегелермен бекітілген екі сопақша бөліктен құралған. Олардың сыртында үш қатардан сүйектен қиылған өрнектер байқалады. Вишневка ауылының түбінен табылған жебе қалтасының биіктігі 8,5 - 9,5 см, ені 4 - 4,5 см болады. Оюдың арғы жағы қара, қызыл және сары бояумен боялған.

Құс пен бұғы бейнесі

Көне деректерге сенсек, құс пен бұғы – ортағасырлық дала тайпаларында жиі кездесетін бейнелер. Зерттеушілердің пікірі, бейне сюжеттерінің түпқазығы  скиф – сақ дәуірінің бейнелеу әлемінде жатыр дегенге саяды. Екі мотив те түркітілдес көшпелілердің төтеміне жатады. Олардың жебе қалталарында бейнеленуі – оның иесіне сиқырлы, қорғаушы сипат берген деп болжаймыз. Ұшында өлім алып келетін жебелер салатын қалта өз әрленуімен бүркіттің жылдамдығы мен дәлдігін, маралдың байсалдылығы мен жайсаңдығын көрсеткен. Марал бейнесі әсіресе дала тұрғындарына жақын.


 

Тарихи деректер бойынша осы аймақтағы ақсүйектер жерлеуінің арасында қару-жарағымен бірге көмілген әйелдің де мүрдесі табылғаны жөнінде айтылады. Оның бейіті оңтүстік махалланың кіреберісінде  орналасқан. Осы фактінің өзі ол жерленген уақытта қалашықта ешкім тұрмағанын көрсетеді. Археологтарға тек металл, қыш және сүйек бұйымдар мен әшекейлер жетті, солардың өзі-ақ жерлеу рәсімін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Әйелдің қолдарында күміс білезіктер болған. Оң қолы күміс кесені ұстап жатты. Белдеуінің сол жағында ағаш қынаптағы темір қанжар ілулі болды. Қанжардың қасында темір найза табылды. Сүйектің аяқ жағында, табыттан тыс темір ауыздық табылды. Бас киімінен ағаш қабығынан жасалған цилиндр мен оған жабысқан каури раковиналары ғана сақталып қалған. Бас сүйектің екі жағынан сұрақ белгісі кейбінде соғылған табылды. Інжу жібек жіпке өткізілген. Олардың саны әр самай тұсынан 400-ге жуық. Кезінде олар әйелдің бас сүйегімен әшекейленген болса керек. Кей тұстарда інжу ромб тәріздес қалыпта жатып қалған, солар арқылы біз бас киімнің подвескаларын қалпына келтірдік.

Әйелдің мойнында моншақтар болған. Олардың арасында күміс, немесе інжу моншақтар бар. Ал негізгі болігі көк лағылмен көмкеріліп, күйдірілген қыштан жасалған моншақтар екені анықталған. Ортасында ұзындығы 2 см пеликеның тұмсығы тәріздес подвеска болса, олардың айналасынан құс қалыбына ойылған кішкене моншақтар табылыпты. Антропологтардың пайымдауынша, әйел 50 жасында көз жұмған.

Осы бір жерлеу мен ондағы бұйымдардың өзі Астана  аумағында XIII-XIV ғасырларда тұрған тайпалардың тарихы мен мәдениеті туралы көп ақпар бере алады. Біріншіден, жерленген әйелдің жоғары әлкуметтік тегі күмән туғызбайды. Оның бейітіне күміс кесе қойылса, өзі күміс әшекейлерге оранған. Бас киімі інжуге бай өрнектелген. Антропологтар әйелді тек ошақ қасында ғана отырып қоймай, сонымен бірге ерлермен бірге жорықтарға да қатысты деп жобалайды. Қанжар мен найзаға қарағанда, ол қатардағы жауынгер емес, жетекші жауынгер болғаны байқалады.

Бозоқ қалашығында жүргізілген қазба нәтижелерінің бірі осы жерде бұдан 700 жыл бұрын өмір сүрген «астаналық әйелдің» бейнесін қайта қалпына келтіру болды. Қалпына келтіру Мәскеудегі РҒА Антропология және этнология институтының Антропологиялық реконструкция лабораториясында жасалды. Бұл 2002 жылы оңтүстік махаллаға кіре берістің алдында ашылған әйел-жауынгердің қабірі болатын. Ол беті жібек матамен жабылған табытта жерленген.

Оның киімі жібек болған, тек ұсақ бөліктері ғана сақталған. Оның басында шлем тәрізді бас киімі болған, қолында күміс блезіктер, құлағында күміс сырға бар. Жанына темір найза, беліне бір жағына темір қанжар, келесі жағына күміс кесе, аяғында темір ауыздығы бар. Бұл әйел монголоид бейнесіне бет-әлпеті ерлерге тән. Жасы 50 шамасында. Оның жанына қойылған заттардың жиынтығына қарағанда, ол өз заманындағы ерлермен қатар әскери істерге қатысқан. Сонымен қатар өзінің әйелдік болмысын сақтаған. Мұны әшекей бұйымдар мен маржан тастармен безендірілген бай бас киімі дәлелдейді.

Алтын Орда ресми түрде ислам дінін 1312 жылы қабылдағаны тарихтан белгілі. Деректерге сенсек, бұл Өзбек ханның ел билеген уақытына тұспа-тұс келеді. Тарихта ислам көшпелі аристократияға білектің күшімен, найзаның ұшымен енгізілгені жазылады. Алайда исламың тарала бастауы сауда және миссионер арналары арқыла Х ғасырға тән екенін айта кеткеніміз жөн.  Мұсылмандану қалалардың өсуімен тығыз байланыста болды. Өзбек хан тұсында (1312-1341жж) Алтын Ордада қалалардың кенеттен өсуі байқалады. Қалаларда қоғамдық ғимараттар – мешіттер, моншалар, медіреселер салына бастайды. Сауда үлкен роль атқарады. Қалалардың қасында үлкен зираттар пайда бола бастаған.

Бозоқ қалашығының территориясында XII - XIV ғғ. мұсылман бейіттердің барлық түрі кездеседі. Аузы күйдіріліп жабылған бүйірден қазылған шұңқырлар ретінде тарихта қалып отыр.

Бозоқ туралы алғашқы тарихи мәліметтер патша армиясының офицері, геодезист И.Шангиннің естеліктерінде кездеседі. Зерттеу мақала 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында жарық көрді. Одан кейін Батыс пен Шығысты жалғаған ерте орта ғасырлық қала туралы тың деректер іздеумен 50-70 жылдарында Әлкей Марғұлан айналысты. Өкінішке қарай, Бытығай және Бозоқ қалаларына қатысты тарихи деректер тек еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген кезеңде ғана табылған болатын.

1998 жылы Бозоқ қаласының орнын анықтап, 1999 жылы алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Кемел Ақышев болатын. Ғалым Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалап, зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Академик, көрнекті археолог Кемел Ақышевтен кезінде Дихан Қамзабекұлы сұхбат алыпты. Академик сол сұхбатында Бозоқ туралы: «Бозоқ секілді қалашықтың орны – ел тарихының терең екенін түйсіну үшін керек. Кеңестен қалған «қазақтың оңтүстігінде ғана шаһарлар болған» деген түсінікті өзгерту үшін керек. Суы тұщы көлдің жағасы – қалың қамыс пен құрақ. Қамыс арасында су құстарынан аққу, қоңыр қаз, үйрек, ақ шағала, балықшы, барқылдақ мекен еткенін қазір де көре аласыздар. Бозоқ қалашығының айналасындағы жусанды жерлер Орықты-жон жазығының шығыс өңіріне қолтықтай кіретін Атбасар жазығының құрамына енеді. Орта ғасырларда Бозоқтың оңтүстік-шығысынан 2 шақырым жерден керуен жолы Омбы-Қызылжар – Көкшетау-Бурабай, одан әрі қарай Есілдің оң тармағы Қайрақты өзенінен – Ақмола, одан Нұра өзені арқылы Бытығайға дейін Құланөтпес, Кеңгір, Сарысуды жағалап Созақ-Сығанақ-Сауран арқылы Түркістанға дейін барған. Осы керуен жолының кейбір тұстарында жолаушылар аялдайтын тұрақтар болған ба деймін. Топографиялық зерттеу барысында Бозоқ қалашығына Есілден ауыз су тартылғанын аңғардық. Каналдың ұзындығы 5 шақырымға жетеді, ені 2 метрден асады. Қалашықтың қорғаныс жүйесі де кереметтей. Оның сыртқа шығатын және көрші бөліктерге баратын есіктері болған. Кварталдар бір-біріне жанаса орналасқандықтан үш жапырақты гүлге ұқсайды. Қалашықтың орталық бөлігінде, үш кварталдың түйіскен жерінде батыстан шығысқа қарай орналасқан тік бұрышты формадағы алаң бар. Мұның рухани, мәдени орын болғаны айдан анық»,- деген деректер келтіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға