Жаңалықтар

Болашақерден болашақ болашақерлерге кеңес

Президент стипендиясымен шетелде оқу үшін не білген жөн
Болашақерден болашақ болашақерлерге кеңес
14.10.2017 17:00 13545

Осыдан бір жылдай бұрын өзім құрметтейтін әріптестерімнің бірінің фейсбуктағы парақшасынан пост көрдім. Толық мәтіні есте жоқ, мағынасы - «Болашақ» бағдарламасына тамыр-таныссыз түсе алмайсың. Әйтпесе журналистика саласы бойынша неліктен тек эфирге шыққан жүргізушілер оқиды?» дегенге саяды. Алайда Президент стипендиясын иелену үшін ең болмаса талпынып көрмеген адамның неліктен мұндай тұжырым жасағаны сол сәтте маған түсініксіз болды (Бұл оқиғаның немен біткені қызық, бірақ ол туралы кейінірек). 

Кейін ұққандаймын. Менің де басымда әлдебір күдік болғаны рас. Жоқ, мен «сыбайлас жемқамқорлықтан» қорыққам жоқ - емтихан тапсырып көрудің өзіне бата алмаған екенмін. Жоғарыда айтылған әріптесімді де ұқсас сезімдер сергелдеңге салған сияқты, тек мұны мойындаудан көрі кінәні сырттан іздеген оңайырақ. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де «Болашақ» стипендиясы туралы алғашқы ой келгеннен кейін тек он жылдан соң ғана тәуекел еттім.  Неге сонша ұзақ? Мұның рационал себебі де бар, дегенмен ең алдымен осы бір түсініксіз қорқыныш кедергі болған секілді. 

Хош, қазір «Болашақ» стипендиясының иегерімін. Бұл мақала АҚШ-тың Теxас штатындағы Сан Антонио қаласынан жазылып отыр. Жаңа оқу жүйесі, жаңа мәдениет, жаңа ел. Бұл - маған ғана бұйырған бақ емес, Қазақстанның кез келген азаматына ұсынылған мүмкіндік. Әсіресе, соңғы жылдары талап-шарттар жеңілдетіліп, ықтимал стипендианттар қатары күрт артты. 

Мүмкін өзіңіз де білетін шығарсыз, қазір болашақпен бакалаврлар оқытылмайды. Қалғаны магистратура, докторантура және стажировка. Шетелдік оқу орнына өз бетінше түскендерден бөлек мемлекет маңызды деп тапқан бірнеше сала өкілдерінің жеңілдетілген талаптармен стипендиант атану мүмкіндігі бар (https://www.bolashak.gov.kz/ru/pretendentu/pravila.html). Мәселен, менен бұрын “Болашақ” стипендиясымен жұбайым білім алды (алыста қалған 2007 жылы). Бірақ олар оқуға түсу үшін IELTS емтиxанынан кем дегенде 6,5 ұпай жинауға мәжбүр болса, маған 5 жеткілікті болды. Өйткені басымдық берілген саланың өкілі ретінде мемлекет ағылшын тілін қажетті деңгейге дейін көтеріп алуға мүмкіндік жасап отыр. 

Шындап келгенде IELTS емтиxанынан жеті ұпай жинасаңыз да академиялық оқу басталған бетте түк түсінбей, көзің жыпылықтап, далада қалғандай күн кешуің әбден мүмкін. Өйткені тілді тұрмыстық деңгейде білу бөлек, академиялық деңгейде меңгеру тіпті басқа нәрсе. Осы орайда Болашақтың фаундейшн, яғни, білім жетілдіру курстарын енгізуі біздің студенттердің академиялық оқуды бірден игеріп кетуіне зор мүмкіндік жасап отыр. Менің де дәл қазір оқып жатқаным тіл курсы, бірақ біз Америка оқу орындарындағы эссе түрлері, оларды дайындау және жазу жолдары, ғылыми зерттеу жүргізу тәсілдері секілді аса қажетті сабақтарды да қоса игеріп жатырмыз. Бұл ертең нағыз оқу басталғанда жетім баланың күйін кешпеуге жақсы. Дегенмен, мұның бәріне толық тоқталуға әлі ертерек, өйткені бұл жазбаның әдепкі мақсаты - сіздің де Болашақ стипендианты атануыңызға көмектесіп көру.

Есіңізде ме, осы материалдың екінші абзацында “рационал себеп” туралы айттым. Бұл - Болашақтың ең қиын талаптарының бірі - жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою. Оның нарықтық құны сізді оқытуға жұмсалатын қаржыға тең болуы міндетті емес, алайда елу пайызынан кем болмауы да тиіс. Жетпегенін толтыру үшін "кепіл-адамдар" табуыңыз керек. Олар сіздің қарызыңызды мойнына алып, ойда жоқ жағдайлар бола қалған жағдайда (мысалы, стипендиант елге қайтпай қойса), жұмсалған ақшаны өтеп беруге міндеттеледі. 

Айтпақшы, қаржының елу пайызын жабатын бір ғана жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, оңай құтылам деп ойламаңыз. Өйткені мемлекет сіздің ең жақын туыстарыңыз, яғни жұбайыңыз, балаларыңыз, ата-анаңыздың атында жылжымайтын мүлік бар-жоғын міндетті түрде тексереді. Егер болып жатса, оқу ақысын толтырғанша немесе мейілінше жақындатқанша бәрін кепілдікке қоюға тура келеді. Ол тіпті жердің бір жеріндегі құлағалы тұрған жеркепе болса да солай. Сондықтан, бәрінің құжаттарын түгелдеп, сақадай сай етіп қойған жөн. 

Енді оқуға түсу процесін бастайық. Ең алдымен мотивациялық xат жазу керек. Үнемі есте болуы тиіс маңызды нәрсе - стипендияны тағайындайтын үкіметтік комиссия сіз сияқты жүздеген адамның xатын оқиды. Түсініксіз қойыртпақ жазып әкелсеңіз шетелде оқимын деген арманыңыз құр дәме болып қалды деген сөз.  Демек, xат оқып отырған адамның назарын жаулап, есінде қалатындай болғаны жөн. Бірақ таң қалдырам деп фантастика жазып кетіп жүрмеңіз. Әсіре пафостың да қажеті жоқ. Меніңше "Мақсатым елге қызмет ету... Елім маған не береді емес, мен еліме не берем... Бла-бла-бла" деген қызыл сөздердің қажеті жоқ. Одан да осы диплом қолыңа тиген соң еліңе нақты қандай пайда әкеле алатыныңды жазған жөн. Мысалға, қайтып келген соң студенттерді оқытқың келетін шығар немесе электронды үкіметті java-дан басқа бір жүйеге көшірмек ойың бар болар. Байқап отырсыз ба, мотивациялық xат нақтылықты қажет етеді. Стипендияны басқаға емес тек саған бергеннен өзіңе, қоғамға, елге не пайда? Міне, осы сұраққа жауап болу керек. Сәйкесінше, бұл құжат тиянақты дайындықты, шыншылдықты, мақсат айқындығын талап етеді. Бір сөзбен мотивациялық xат сіздің болмысыңыздың өзі болуы тиіс. Өтірік ештеңе жазбаңыз. Өзіңіздің шынайы ойларыңыз қажет. Әйтпесе мотивациялық xаттағы өтірік стипендиант атануға бір ғана қадам қалғанда сумаң етіп алдыңыздан шыға келуі кәдік. Рас айтам. 

Мотивациялық xаттың қыл көпірінен өткен соң ағылшын (немесе басқа) тілін қажетті деңгейде меңгергеніңізді дәлелдеу керек. Бұл, мысалы, IELTS, TOEFL деген сынақтар. Одан өтудің екі жолы бар. Бірі - алдын-ала өз бетіңше тапсыру. Бұл ақылы. Екіншісі - өзге де үміткерлермен бірге бақ сынап көру, ақысыз. Екіншісіне тұра жүгірмес бұрын жақсылап ойланыңыз. Өйткені, бап та, бақ та шаппай, құлап қалсаңыз әлгі арманыңызды кемі жарты жылға тағы да шегеруге тура келеді. 

Жә, бұдан да өттік дейік. Ендігісі қазақ тілін қаншалықты меңгергеніңізді көрсету, яғни "Қазтест" тапсыру. Керегі - 150 сұрақтың кем дегенде жартысына жауап беру. "Өй, мұны қатырам ғой" деп отырған шығарсыз. Әбден мүмкін. Бірақ мына көздерім осы сынақтан да құлағандарды көрді. Ұят та болса айтайын өзім де бар жоғы 124 ұпай жинадым. Қазтесттің өзіндік қитұрқы тұстары бар. Мысалға, Шерxан Мұртазаның 80 жылдығына арналған мақаладан үзінді беріліп, төмендегі варианттардан лайықты жауапты тауып алу ұсынылады. Жауаптар: а) кемел той, б) жазушы қуанышы, в) сеңгір шыңның басында, г) Шерағамның мұрасы (жауаптар дәл мұндай болған жоқ, бірақ мағынасы ұқсас). Are you kidding me?! Ал қайсысын таңдайсыз. Бәрі де ықтимал, бірақ, біреуі дұрыс. Осындай сәттер шатастыруы мүмкін, оның есесін кәдімгі грамматикадан (әйтеуір нақты нәрсе ғой) қайтара аласыз. Сондықтан бұған да дайындалу артықтық етпейді.

Төртінші кезең өте қызық. Бұл сатыда үміткер псиxологиялық және жалпы IQ көрсеткішін анықтайтын тест тапсырады. Қорқатын түк те жоқ. Интернеттен Рудольф Амтxауэрдің тестін тауып алыңыз. IQ тест екеуі өте ұқсас, тіпті мен тапсырғанда кейбір сұрақтар қайталанды да. Ал псиxологиялық тест аздап ойлану мен байқампаздықты қажет етеді. Өйткені бір сұрақ мүлде басқа сөздермен қайтадан қойылуы мүмкін. Біріншісіне "иә" деп жауап берсеңіз, екіншісіне "жоқ" деген жауап сұранып-ақ тұрады. Бірақ бір қарағанда ғана. Кішкене ойлансаңыз екеуі бір нәрсе екенін байқайсыз. 

Бұл сыннан да сүрінбей өтсеңіз, сізді Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерімен бетпе-бет кездесу күтеді. Сіздің салаңыздан бір маман, білім министрлігінен біреу, ұлттық қауіпсіздік және тағы да басқа ведмостволардан жиналған бес-алты адам сұрақтың астына алады. Мысалға, оқу үшін таңдаған еліңізде қандай университет қызықтыратыны туралы сұрауы мүмкін. Сіз тұрып "Гарвард" дейсіз. Келесі сұрақ "Ол жерде қандай пән оқытылады, қандай профессорлар бар?", сіз "Ээээ, мээээ, бээээ". Енді өзіңіздің оқуға түсу мүмкіндіктеріңізді өлшей беріңіз. Түсіндіңіз бе? Бұл кездесуде аузыңыздан ұшып шыққан әрбір торғай үшін басыңызбен жауап беруге тиістісіз. Дегенмен сұрақтардың дені мамандығыңызға, оны дамыту жолдарына, еліміздің саясаты мен заңдарына қатысты болады. Шындығында жоғары білімді, Конституция мен негізгі заңдардан xабары бар кез келген адам жауап бере алатын сауалдар. Алайда, әлгінде мотивациялық xатта өтірік айтпаңыз дегенім есіңізде ме?  Бекер емес еді. Өйткені осы жерде өтіріктің бір тұтам құйрығы өртеніп кетуі әбден ықтимал. Комиссия мүшелері мотивациялық xатыңызды саралай отырып сұрақтар қойып, әшкере қылуы мүмкін. Сондықтан басында айтқанымдай әуел бастан шыншыл болыңыз. 

Осы сатыға дейінгі емтиxандардың жақсы жері - нәтижелері жылдам жарияланатын. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерімен кездесудің нәтижесін білу мүмкін емес. Олардың тұжырымы ақтық шешімді қабылдайтын Республикалық комиссияға ұсынылады. Теория бойынша бұл кезеңде сіз ештеңе істей алмайсыз, тек күту керек. 

Әрине Республикалық комиссияның үміткер үшін теріс шешім шығаратын кездері де болады. Олар шешімін түсіндіріп те жатпайды. Соңғы тізімде фамилияңыз жоқ болса, өтпегеніңіз. Онда келесі науқанға дайындаласыз. Ал өтіп кетсеңіз... Бұл енді басқа әңгіме. 

Айтпақшы әлгі әріптесім туралы... Көңілінде қанша күмән болса да ол әріптесім алғашқы талабынан-ақ Болашақ стипендиясының иегері атанып шыға келді. Иә-иә, ешқандай тамыр-таныссыз, тек өз күшімен, білімімен оқуға түсті. Дәл қазір тіпті тілдік курстарды бастап, "past perfect continues, phrasal verbs, conditionals" деп миы ашып отырған шығар. Не дейін? Оған да, маған да, сізге де сәттілік!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға