Жаңалықтар

Болашаққа қадам: New Horizons Плутонның жанынан өтті

Кеше, яғни 14 шілде күні Астана уақытымен сағат 17-50 уақытында секундына 14 шақырым жылдамдықпен қозғалатын NASA New Horizons (Жаңа көкжиек) ғарыш аппараты Плутон ғаламшарына барынша жақындап, 12,5 мың шақырым қашықтықта ұшып өтті.
15.07.2015 04:49 7040

Болашаққа қадам: New Horizons Плутонның жанынан өтті

Кеше, яғни 14 шілде күні Астана уақытымен сағат 17-50 уақытында секундына 14 шақырым жылдамдықпен қозғалатын NASA New Horizons (Жаңа көкжиектер) ғарыш аппараты Плутон ғаламшарына барынша жақындап, 12,5 мың шақырым қашықтықта ұшып өтті. Бұл аппарат миссиясының ең белсенді фазасы еді. New Horizons Плутон мен серігі Харонды зерттеуге 9 тәулік жұмсайды. Осы уақыт аралығында ол бірнеше гигабайттан тұратын ғылыми мәліметтер жинап, одан әрі – Койпер поясына, Оорта бұлттарына және өзге де жұлдыздарға бағыт алады. 

Плутон ғаламшар ма?

Плутон тарихы оның ашылуына дейін басталған. ХІХ ғасырдың 40-жылдары ғалымдар Уранның артында тағы да ғаламшарлар бар екенін анықтаған. Олар орбиталық қозғалыстың ерекшелігіне назар аударды. Осының нәтижесінде бірден Нептун ғаламшары ашылды. Алайда Уран қозғалысы оның гравитациясына тағы бір әсер етуші бар екендігін көрсетіп тұрды. 1930 жылы ғалымдар ақыры Плутонды таба білді. Бұл ғылымның келесі бір белеске көтерлгендігін білдірсе керек. Бір қызығы, алғашында жаңа табылған ғаламшардың өлшемдері Юпитердікімен шамалас деп топшыланды.  

Плутонның төрт шағын серіктері. NASA cуреттері

Кейіннен, ХХ ғасыр бойы Плутон салмағы сан мәрте өлшеніп, барған сайын кішірейе берді. Ақыр соңында ғалымдар Плутонның Уран қозғалысына еш әсері жоқ екенін аңғарды. Өткен ғасырдың соңында астрономиялық техника мүмкіндіктері бір топ транснептундық объектілерді табуға мүмкіндік берді. Нептунның арғы жағындағы денелердің көбі Койпер белдеуіндегі астероидтар мен кометалар болып шықты. Бірақ та солардың кейбіреулері өлшемдері бойынша Плутонмен шамалас екені дәлелденді. Осы себепті ғалымдарда: «Табылған жаңа объектілердің бәрін ғаламшар дейміз бе, әлде Плутонды ғаламшар атағынан айырамыз ба?» деген диллемалық сұрақ туды.  

Халықаралық астрономиялық одақ (ХАО) Күн жүйесінде 6 ергежейлі ғаламшардың бар екенін мойындайды. Олардың біреуі (Церера) Марс пен Юпитер орбиталарының ортасындағы астероидтық белдеуде орналасқан. Плутон сияқты өзге ергежейлі ғаламшарлар Нептун орбитасының арғы жағында. Плутонның өзі 2006 жылы ХАО шешімімен ғаламшар атағынан айырылды, өйткені ғаламшарды анықтайтын критерийлердің бірі – ғаламшар өз орбитасы кеңістігінде доминант болуы тиіс. Бұл критерийді кейбір астрономдар қолдамайды. Осылайша, ХАО бойынша, Күн жүйесінде бар-жоғы 8 ғаламшар бар.

Плутонның беткі суреттері. NASA фотосы

Осыдан кейін Плутонға деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Ол әлі де Койпер белдеуіндегі ең ірі деле болып саналады. Сонымен қатар, ол өз серігі Харонмен бірге Күн жүйесіндегі бірегей қос ғаламшарды құрайды. Бұған ұқсас қос ғаламшар ретінде Жер мен Айды және Күн мен Юпитерді алуға болады. Мәселе негізгі дене мен серіктің салмағында. Іс-жүзінде Харон Плутонды айналмайды, олардың екеуі де кеңістіктегі бір нүктені айналады. 

Плутон мен Харон Күннен 30 (перигелийде) және 50 (афелийде) астрономиялық бірлік қашықтықта орналасқан. Олардың арасы 19 570 шақырымды құрайды. Бұл Жер мен Айдың қашықтығынан 20 есе аз. Плутонның диаметрі 2370 шақырым (20 шақырым ауытқушылықпен) болса, Харондікі – 1208 шақырым. Плутон Хароннан сегіз есе үлкен.

Астрономдардың айтуынша, New Horizons миссиясы аясында ергежейлі ғаламшардың салмағы нақты анықталды. Мұнымен қатар, жаңа мәліметтер Плутон тығыздығы біз ойлағаннан да төмен, ал мұз, керісінше, көбірек екендігін көрсетті.

New Horizons ғарыш аппараты

 НАСА New Horizons миссиясын жүзеге асыруға 600 миллион доллардан астам қаражат жұмсады. Аппарат 2006 жылдың 9 қаңтарында Канаверал мүйісінен Atlas V тасушы-зымыранымен ұшырылған болатын.

Бастапқы салмағы 478 килограмм, оның 77 килограмы жанармай. Плутонға жетер жолда станция бірнеше гравитациялық маневр жасап, бірқатар зерттеулер жүргізді. Мәселен, 2006 жылдың 13 маусымында аппарат 132524 APL шағын астероидынан 110 мың шақырым қашықтықта ұшып өтті. Дегенмен, сапардың негізгі бөлігінде ол гибернацияда болды.

NEW HORIZONS аппаратының құрал-жабдықтары. Сурет: Оңтүстік-батыс зерттеу орталығы, Джон Хопкинс университеті, NASA

Одан кейін?

New Horizons ғарыш аппараты Плутон мен Харонға барынша жақындаған соң, 30 минут ішінде 150 ғылыми зерттеу жүргізіп, 9 сағат ішінде Жерге ешқандай ақпарат жібермейді. Шамамен таңғы сағат 03:00 уақытында аппарат НАСАға Плутон жанынан сәтті өткендігі жайлы сигнал жібереді. Бұл сигнал Жерге 4,5 сағатта жетеді. Барлық жиналған ақпарат тек 16 айдан кейін алынады.

Плутон-Харон жүйесінен кейін НАСА ғалымдары станцияны Күн Жүйесінен тыс орбиталардағы, Койпер белдеуіндегі ергежейлі ғаламшарларды зерттеуге пайдаланбақ. New Horizons миссиясы өз жұмысын 2020 жылға қарай тоқтатады деп күтілуде. Плутон маңайында станция тұрақтай алмайды, оның жылдамдығы ғаламшар орбитасында қалу үшін тым жоғары.

Сурет: Lenta.ru

Сурет: Lenta.ru

Сурет: Lenta.ru

Сурет: Lenta.ru


Дәурен Омаров
Материалды әзірлеуде қолданылған сілтеме

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға