Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бокстан 5-16 шілде аралығында Индонезия астанасы Джакартада U19 және U23 санатындағы сары құрлық додасы өтеді.
Биылғы бәсекеге 26 елден 430 боксшы қатысады. 3-16 шілде аралығында бокстан Джакартада (Индонезия) өтетін U19 және U23 Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі анықталды.
Кімдер қатысады?
U23 ерлер санаты бойынша 2025 жылғы құраммен салыстырар болсақ, бірқатар боксшыларға екінші мәрте өз мүмкіндік беріледі. Атап айтар болсақ, Нұрбек Мұрсал (күміс жүлде), Нұрзат Оңғаров, Бексұлтан Боранбек, Аман Қонысбек екінші мәрте барса, 2 дүркін Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев кезекті мәрте өз мықтылығын дәлелдеуге тырысады.
Соңғы сәтке дейін 60 және 65 келіде баратын спортшылардың есімі белгісіз болып келіп, нәтижесінде Нұрасыл Төлебек пен Асылхан Көшербай мансаптарындағы ірі жарысына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Өнер Сейілхан, Ибрагим Бeтаев, Аслан Елдібайұлы да дебют жасамақ.
50 келі. Нұрзат Оңғаров
55 келі. Бексұлтан Боранбек
60 келі. Нұрасыл Төлебек
65 келі. Асылхан Көшербай
70 келі. Нұрбек Мұрсал
75 келі. Аман Қонысбек
80 келі. Өнер Сейілхан
85 келі. Темірлан Мұқатаев
90 келі. Ибрагим Бeтаев
+90 келі. Аслан Елдібайұлы
2025 жылы жігіттеріміз 3 алтын, 2 күміс жүлдеге ие болған еді. Бұл жарыс ерлеріміз үшін қазан айында өтетін Қазақстан чемпионаты алдындағы шешуші жарыс саналады.
19 жасқа дейінгі өрендер
Өткен жылы U22 құрамасын тізгіндеген Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев биыл U19 құрамасын бастап барады.
Жастар құрамасы наурыз айында ғана Дакардағы жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы үлестірілген Таиландтағы Futures Cup турнирінде 3 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлде еншілеген еді. Досжан Жұмақан, Олимпиада жолдамасының иегері Бибарыс Әшірбай, Хамза Мақсатұлы және т.б көпшілікке аты танылған отандастарымыз жауапты сында бақ сынайды.
Естеріңізде болса, U19 санатындағы ерлер 2025 жылы 1 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлде жүлде алған еді. 2026 жылдың басында ғана Моңғолия астанасы Ұланбатырдағы Азия чемпионатының жалпы есебінде Қазақстан құрамасы топ жарғандығын ескерсек, жанкүйерлердің осы жолы тек жоғары нәтиже күтетіндігі белгілі.