Жаңалықтар

Биылғы сайлау еліміздегі саяси трансформация процесі – сарапшылар

Алдағы президент сайлауы саясаткерлерді ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын қазақстандық әр азаматты қызықтырып отыр
Биылғы сайлау еліміздегі саяси трансформация процесі – сарапшылар
Фото: kior. kz 18.10.2022 16:23 2397

20 қарашада елімізде өтетін алдағы президенттік сайлаудың ерекшелігі мен рөлін саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері талқылады, деп хабарлайды El.kz «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды. Алдағы президент сайлауы саясаткерлерді ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын қазақстандық әр азаматты қызықтырып отыр.

Жиында Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбаев бұл іс-шара Тараз қаласының жастарына электоралдық тақырыпта өз хабардарлығын арттыруға және сарапшыларға сұрақтар қоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. Президенттің кезектен тыс сайлауы саяси жүйені қайта жүктеуге бағытталған бірқатар саяси іс-шараларды жалғастырып жатқанын айтты.

«Алдағы Президент сайлауы билік транзиті жағдайында болса, биылғы сайлау еліміздегі саяси трансформация процесі, конституциялық реформа қабылданған жаңа кезеңде өткелі отыр. Президентікке кандидат ретінде тіркелген әйел азаматтардың көбеюі де оң тенденция деп есептеймін. Қазіргі уақытта «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін үкімет» формуласын мықтап орнату үшін шешуші қадамдар жасалып жатыр. Парламент және мәслихат сайлаулары аймақтардағы саяси белсенділікті, сондай-ақ қоғамның лидерлерін анықтайды. Келесі жылдың күзінде, билік жүйесінің осы үш тармағы ашықтық, әділеттілік бақылау принципіне сай өтсе, жаңа саяси мәдениет орнатуға жол ашылады. Оған қоғам да, мемлекет те мүдделі деп ойлаймын», - деді ҚҚДИ сарапшысы Олжас Бейсенбаев.

Ал «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов кезектен тыс сайлау елдің одан әрі дамуына ықпал етіп, тұрақтылық орнататынына сенім білдірді.

«Сайлау науқаны кезінде қазақстандықтарға саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің, заңгерлердің кең ауқымды мәселелер бойынша пікірлері мен көзқарастарын танып-білуі маңызды. Президенттік сайлау негізінен қоғамды біріктіріп, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуы керек. Бұл саяси жүйенің жаңаруына серпін береді», - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов.

Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков өз сөзін Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық блогынан бастады.  Ол Мемлекет басшысының экономиканың басымдықтарын нақты белгілегеніне назар аударды.

«Халық жағдайының жақсаруы экономиканың дамуына байланысты. Сайлаудан кейін халықтың күтетіні – Президент атап өткен жаңа экономикалық саясаттың жүзеге асырылуы. Шикізатқа тәуелділіктен құтылу, жаңа технологияларды енгізу, сырттан инвестицияларды көбірек тарту – бұл негізгі атқарылуы тиіс жұмыстар», - деді спикер.

Президент сайлауы жазда өткен конституциялық реформаның заңды жалғасы деген саясаттанушы Бауыржан Серікбаев халық қазіргі саяси процестерге ерекше белсене араласып, оң өзгерістерді күтуде деп отыр.

«Бұл Президенттің барлық күш-жігері мен әлеуеті дәл бір мерзімге бағытталып, реформалар келесі мерзімге ауыстырылмай, толық көлемде жүзеге асырылуы үшін қажет», - деді саясаттанушы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға