Жаңалықтар

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Жас түлек – 2016
09.06.2016 03:07 7788

Бүгін елордадағы генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі түлектерінің мектеп бітіру рәсімі өтті. Биыл бұл оқу ордасынан 74 оқушы түлеп ұшты.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Салтанатты шарада түлектерге аттестатты ҚР Қарулы Күштері Бас штаб басшысының орынбасары генерал-майор Әмір Халықов, ҚР Қорғаныс министрлігі, білім және ғылым департаментінің басшысы Айгүл Төлембаева, ҚР Қарулы Күштері ардагері, генерал-майор Марат Нағұмановтар тапсырды.  

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Ата-аналардың бірі Еркеш Женатова мектеп басшылығына, оқу ротасының  командирлеріне, ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, алда үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге ақ жол тіледі. Ал, мектеп түлектерінің атынан сөз сөйлеген оқу үздігі Азамат Серғазин бүгінгі мектеп бітіру салтанаты армия генералы С.Нұрмағамбетовтің туған күнінде өткізіліп отырғаны  үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Елтай Задашев, «Жас ұлан» мектебінің биылғы түлегі:

– Бұл мектепке бесінші сыныптан бастап қабылдандым. Бастауыш мектепті Ақтөбе қаласында оқыдым. Басында біраз қиналғаным рас. Бала болдық қой, ата-анамызды, үйдің тамағын сағындық. Темірдей тәртіпке үйренісу оңай болмады. Ал, қазір осы оқу ордасында 7 жыл бойы тәлім алып, қанатымыз қатайды. Офицерлердің көз алдында есейдік. Өз болашағымды әскери саламен байланыстырғым келеді. Барлық ұлағатты ұстаздарыма алғысымды айтамын.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Жандос Тұрғанбек, «Жас ұлан» мектебінің биылғы түлегі:

– Бүгін ерекше толқып тұрмын. Өйткені, оқытушы апайларымыз бен бізге тәлім берген офицерлерді қимай тұрмын. Мұнда Алматы облысы, Көксу ауданы, Ақтекше ауылынан келген едім. «Жас ұлан» республикалық мектебіне келген соң, мен өзінің әр ісіне жауап беретін орнықты азаматқа айналдым. Өзім бөлімше командирі болғандықтан, басқалар үшін де жауап беріп үйрендім.

ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, 93 бал жинадым. Кішкентайымнан әскери адам болуды армандадым. Алдағы уақытта Алматыдағы әскери жоғары оқу орнына түскім келеді. Бүгін мені құттықтауға ата-анам мен кіші інім келді.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Жолдыбек Шынасылұлы, ата-ана:

– Мен бүгін кенже балам Әділеттің мектеп бітіру кешіне ОҚО, Ордабасы ауданы, Төрткүл елдімекенінен арнайы келдім. Әділет үйдегі жеті баланың кенжесі болғандықтан, сәл еркелеу болды. Біз оның әскери адам болғанын қаладық. «Жас ұлан» мектебіне 5-сыныптан бастап оқушы қабылдайды екен» деген ақпаратты газеттен оқып, оқуға жібердік. Әділет уданаралық, облысаралық іріктеуден сүрінбей өтіп, сәтін салып, мектепке қабылданды. Алғашында «оқи алмаймын» деп қиғылықты салатын болар деп қорқып едік. Қуанышымызға орай, сабақты бірден алып кетті. Өз ортасында белсенді, үлгілі оқушы болды.

Менің үлкен ұлым да әскери салада қызмет етеді. Ал, кенже ұлым ұстаздарының кеңесімен Ақтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы жоғары әскери авиация училищесіне түссем деп талпынып отыр. Ұлымның әр қадамына сәттілік тілеймін!

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

«Жас ұлан» республикалық мектебі ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 27 наурыздағы №309 Қаулысына сәйкес құрылған. 1999 жылы 4 қарашада ел Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен мектептің ашылу рәсімі болды. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері үшін болашақ әскери басшыларды мектеп қабырғасынан дайындайтын арнайы оқу орнын құру идеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына тиесілі. Мектепке Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетовтың аты берілді. Тәрбиеленушілер мектепке қазақ халқының аты аңызға айналған батыры, егеменді Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрінің аты берілгенін мақтан тұтады.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

2015 жылдан бастап мектепке қабылдау ережесіне өзгертулер енгізіліп, мектепке оқушылар 9 сыныптан бастап қабылданатын болды. «Жас ұлан» мектебі – әскери пәндерді және күшейтілген дене дайындығын,  мемлекеттік және шет тілдерін тереңдетіп оқытатын жалпы орта білім оқу мекемесі. Мұнда 446 тәрбиеленушіге білім беру қарастырылған.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

Қазір мектепте еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан келген тәрбиеленушілер, 14 ұлттың өкілдері білім алып жүр. Мұнда көп балалы және толық емес отбасылардың балалары, ата-аналары мүгедек, сонымен қатар, қамқорлыққа алынған тәрбиеленушілер де оқиды. Олар тәрбиеленушілердің жалпы санының 50 пайызын құрайды.

Биыл «Жас ұланнан» 74 түлек бітірді

2002 жылдан бері «Жас ұлан» мектебінен 700-дей ұлан бітіріп шықты. Түлектердің 80 пайызы ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ресей, Беларусь және Түркия елдерінің жоғарғы әскери оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл мектеп бітірген түлектер ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге ие болды. Мектептің орташа балы – 82,9 бал.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға