Жаңалықтар

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлінді

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлінді
Фото: © ОКҚ 10.07.2023 13:00 1410

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінген.

«Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына 18 744 грант бөлінді. «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген, - деді вице-министр.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Гранттар былай бөлінген:

Атырау облысы – 1500,

Маңғыстау облысы – 1500,

Ұлытау облысы – 300,

Жетісу облысы – 300,

Абай облысы – 500,

Шымкент – 400,

Түркістан облысы – 500.

Бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдарына бөлінген.

Биыл педагогикалық квота 47%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ алғаш рет ауыл шаруашылық және инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында пилоттық режимде арнайы квота бөлінді. Бұл гранттар өңірлік ЖОО-ларда орналастырылады. Жалпы, биылғы өзгерістердің басым бөлігі өңірлік ЖОО-ларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатыр, - деді Ерғалиев.

Грант конкурсына өтініштер қабылдау 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылады.

Алыс аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдау жүргізілетін болады. Сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі форматта – офлайн тапсырғысы келетіндер үшін ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.

Осы жерде мына маңызды нәрсені айта кетсем, құжаттарды кез келген ЖОО арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыға оқуға түсуді жоспарлап отырған ақтаулық түлек грантқа өтініш беру үшін Алматыға келмей-ақ, құжаттарын еGov арқылы онлайн немесе жергілікті ЖОО арқылы офлайн тапсыра алады, - деді вице-министр.

Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал жеті топқа квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35% болып бекітілген.

Жылдағыдай, білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланатын болады. ЖОО-ға құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға