Жаңалықтар

Биыл Астанада 26 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Биыл Астанада 26 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
Фото: © El.kz 16.08.2023 11:32 1011

Елімізде 1 сәуірден бастап жалпы орта білім беретін мектептерге 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау жүргізілуде. Елордада бүгінде 1-сыныпқа 26 650 бала қабылданды. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

1 қыркүйекте балалардың жалпы саны қала бойынша 255 мыңнан астам болады деп күтілуде. Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептер 1-сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша қабылдау комиссиялары жұмысын жүргізіп отыр, - деді Білім басқармасының басшысы.

1 тамызда құжаттарды электрондық үкімет egov.kz порталы арқылы қабылдау аяқталды. Дегенмен қазіргі таңда әрі қарай қабылдау жұмысы қағаз жүзінде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 10-сыныпқа қабылдау жұмысы да жалғасуда. Білім беру ұйымдарына 10-сыныпқа қызмет көрсету аумағында тұратын оқушыларды қабылдайды. Қабылдау білім алушының жеке өтініші немесе ата-анасы мен өзге заңды өкілдерінің өтініші, негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаты негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде білім беру ұйымдарының 10-сыныбына 8360 бала қабылданды, - деді Қасымхан Сенғазыев.

Қазіргі уақытта Астана қаласында 67 642 баланы қамтитын 505 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 100-і мемлекеттік, 402-сі жекеменшік және үшеуі ведомстволық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға