Қазақстанда бір мезетте қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Егер қылмыстық амнистия тәжірибесі елімізде бұрыннан бар болса, әкімшілік амнистия тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қолға алынбақ.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында қылмыстық амнистия шамамен 16,5 мың адамды қамтитынын алға тартты.
Барлығы 16,5 мыңға жуық адам қылмыстық амнистияға ілігеді. Тергеу сатысындағы 1200 адамның қылмыстық қудалануы тоқтатылады. Сондай-ақ 10 мыңнан астам сотталған азаматтың жаза мерзімі қысқартылып, шамамен 5 мың адам жазадан толық босатылады, – деді депутат.
Оның сөзінше, түзеу мекемелерінен және басқа да жазасын өтеу орындарынан шамамен 1500 адам босап шығуы мүмкін. Амнистия қылмыстық теріс қылық жасағандарға, ауырлығы жеңіл және кейбір орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталған азаматтарға қатысты қолданылады.
Ішкі істер министрлігі де амнистияның мақсаты қылмысқа кешірім беру емес, қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтардың қайта әлеуметтенуіне жағдай жасау екенін атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, амнистия адамгершілік қағидаттарына негізделген ерекше құқықтық акт болып саналады. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылық жасағанымен, түзелу жолына түскен азаматтардың қалыпты қоғамдық және экономикалық өмірге оралуына мүмкіндік беру.
ІІМ Заң және норма шығармашылық үйлестіру департаменті басшысының орынбасары Ермек Шүлденнің айтуынша, бұл шара қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді.
Қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға қатысты қолданылуы мүмкін, оның ішінде 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Заң жобасы қоғамға қайта бейімделуге дайын екенін дәлелдеген азаматтарға мүмкіндік беруге бағытталған. Сонымен бірге терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, азаптау және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар амнистияға жатпайды, – деді ол.
Кімдер амнистияға ілігеді?
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыстар үшін сотталғандар жазадан толық босатылуы мүмкін.
Ал орташа ауырлықтағы қылмыс бойынша келтірілген залал толық өтелген жағдайда азамат толық босатылады. Егер залал өтелмесе, жаза мерзімі қысқартылуы ықтимал.
Амнистияға жиі кездесетін мынадай қылмыс түрлері енуі мүмкін:
- ұрлық;
- мал ұрлығы;
- сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету.
Сонымен қатар кейбір экономикалық қылмыс бойынша да жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.
Кімдерге амнистия қолданылмайды?
Заң жобасы адам өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм фактілеріне қатысты ешқандай жеңілдік қарастырмайды.
Атап айтқанда:
- адам өлтіру;
- өзін-өзі өлтіруге итермелеу;
- денсаулыққа қасақана ауыр, орташа немесе жеңіл зиян келтіру;
- ұрып-соғу;
- азаптау;
- сталкинг;
- АИТВ жұқтыру;
- жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар;
- сыбайлас жемқорлық;
- терроризм мен экстремизм;
- қалыңдық ұрлау және дропперлік сияқты жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер амнистиядан тыс қалады.
Бұл қылмыстардың кейбірі жеңіл немесе орташа ауырлық санатына жатса да, ешқандай жағдайда амнистияға ілікпейді, – деді Снежанна Имашева.
Бишімбаев пен Перизат Қайратқа қатысты не белгілі?
Депутаттың айтуынша, қоғамда резонанс тудырған істер бойынша сотталған азаматтарға амнистия қолданылмайды.
Бұл баптар амнистияға мүлдем жатпайды, сондықтан жаза мерзімін қысқарту да қарастырылмаған, – деді ол Қуандық Бишімбаевқа қатысты сұраққа жауап бере отырып.
Сондай-ақ Перизат Қайрат та амнистияға ілікпейді.
Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін сотталған. Бұл бап амнистия аясында қарастырылмайды, – деді депутат.
Әкімшілік амнистия қандай айыппұлдарды қамтиды?
Алғаш рет өткізілгелі отырған әкімшілік амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.
Алдын ала есеп бойынша, тек полиция желісі бойынша ғана жалпы сомасы 17 миллиард теңгеге жуық 1 миллион төленбеген айыппұл амнистияға ілігуі мүмкін.
Амнистия 2026 жылғы 16 наурызға дейін төленбей қалған айыппұлдарға қатысты қолданылады.
Жеңілдік қарастырылатын құқық бұзушылықтар қатарында:
- қоғамдық орында мас күйде жүру;
- жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзуы;
- жол белгілері талаптарын сақтамау;
- тыныштықты бұзу;
- рұқсат етілмеген жерде темекі шегу;
- қауіпсіздік белдігін тақпау;
- көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану;
- жарамсыз жеке куәлікпен жүру;
- билетсіз жүру секілді құқық бұзушылықтар бар.
Ал бағдаршамның қызыл түсіне өту, жылдамдықты едәуір асыру сияқты қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Айыппұлды кешіру үшін өтініш беру керек пе?
Депутаттың айтуынша, азаматтарға ешқайда жүгінудің қажеті жоқ.
Айыппұлдардың басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде есептен шығарылады, – деді Снежанна Имашева.
Егер қандай да бір себеппен айыппұл есептен шығарылмаса, азаматтар уәкілетті органға, прокуратураға немесе сотқа жүгіне алады.
Депутаттың пікірінше, әкімшілік амнистияны толық жүзеге асыру процесі заң күшіне енгеннен кейін алты айға дейін созылуы мүмкін.