Бір қаланың тазалығы, сегіз баланың нәпақасы: көпбалалы әке Нұржанның бір күні қалай өтеді?

 El.kz/Арман МҰХАТОВ
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қалада таңғы қарбалас қыза түскен кезде бірі жұмысқа, енді бірі оқуға асығып, Астана көшелері тіршілікке тола түседі. Ал сол сәтте қала тұрғындарының көбі байқамайтын тағы бір еңбек күні басталады. Қолына қалам емес, алып техниканың тізгінін ұстаған Нұржан Тұрсынбай күн сайын елорданың тазалығы үшін жолға шығады.

Оның жұмысы көзге көп көріне бермейді. Алайда таза көше, әрбір шаңнан арылған жол жиегі, осындай еңбек адамдарының маңдай терінің нәтижесі. Нұржан үшін бұл жай ғана қызмет емес. Бұл – сегіз баласының несібесін тауып жүрген адал еңбек, ал қала үшін – күн сайын қайталанатын маңызды міндет.

Бірақ арнайы техниканың тізгінінде отырған азамат үйге оралғанда қандай әке? Сегіз баланың тәрбиесін қалай үйлестіріп жүр? Әкелер күні қарсаңында біз оны қызметкер ретінде емес, отбасының тірегі ретінде танып көруге тырыстық. 

Сегіз баланың әкесі Нұржан Тұрсынбай бүгінде «Астана Тазалық» мекемесінде машинист болып жұмыс істейді. Басқаратын техникасы қарапайым емес. Арнайы вакуумды машина жол жиегіндегі қоқыс пен шаңды өзіне тартып алып, көшелерді тазартады.

Басқаратын техникамыз жол шетіндегі қоқыстың бәрін өзіне тартып алады. Қаланың тазалығына осылай үлес қосып жүрміз, – дейді ол.

Нұржанның бұл саладағы тәжірибесі бір-екі жылмен шектелмейді. Алғаш рет «Астана Тазалыққа» 2004 жылы жұмысқа орналасқан. Кейін басқа салаларда еңбек етіп көргенімен, қайтадан осы кәсіпке оралған.

«Астана Тазалыққа» алғаш рет 2004 жылы жұмысқа орналастым. 2009 жылы басқа салаға ауысып, біраз уақыт түрлі жұмыстар істедім. Кейін 2025 жылы қайтадан осы ұжымға оралдым. Жалпы қала тазалығы саласындағы еңбек өтілім он жылға жуықтады, – дейді кейіпкеріміз.

Нұржан Тұрсынбай шетелде де еңбек етіп көрген. Бір жылдары Польшада халықаралық жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеп, Еуропаның бірнеше мемлекетін аралаған. Алайда оның айтуынша, ешбір ел туған жердің орнын баса алмайды.

Германияда да, Францияда да, Дания мен Норвегияда да болдым. Бірақ өз еліңе жететін жер жоқ екен. Қайда жүрсең де туған жерің тартып тұрады, – дейді ол.

Қала ұйықтағанда басталатын еңбек

Көпшілік таза көшені көреді. Бірақ сол тазалықтың артында қанша адамның еңбегі тұрғанын ойлай бермейді. Нұржанның жұмыс күні таңғы сағат сегізден кешкі тоғызға дейін жалғасады. Әуелі медициналық тексеруден өтеді. Одан кейін арнайы маршрут алады. Содан соң қаланың белгіленген көшелерін тазалауға кіріседі.

Бір күнде төрт рейс жасаймыз. Маршрутпен жүреміз. Қоқысты, шаңды тазалаймыз. Кешкі тоғызға дейін жұмыс істейміз, – дейді ол.

Қала тұрғындары үшін ең жайлы мезгіл көктем мен жаз болса, коммуналдық қызметкерлер үшін бұл уақыт ең жауапты кезеңнің бірі. Қыс бойы көшелерге құм мен тұз себіледі. Көктем келгенде солардың бәрін жинау қажет.

Қыстан кейін көктемде жұмыс көбейеді. Қала бір-екі ай лас болып тұрады. Құмды, тұзды түгел тазалаймыз. Соның бәрін жинап болғаннан кейін ғана көшелер жарқырап шыға келеді, – дейді Нұржан.

Күндізгі ауысымнан бөлек, түнгі жұмыс та бар.

Бір апта күндіз, бір апта түнде істейміз. Түнгі жұмыс қиындау. Бірақ қазақта «Оңай жерде нан жоқ» дейді ғой. Қиындығына да, жеңіліне де шыдап, бала-шағаның нәпақасын тауып жүрміз, – дейді көпбалалы әке.

«Бұл көшемен ертең өзім де жүремін»

Нұржан сөз арасында өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтынын бірнеше мәрте тілге тиек етті. Оның айтуынша, әр тазаланған көше үшін өзін жауапты сезінеді.

Маршрут бойынша бір жарым сағат жүру керек болса, мен тек уақыт өткізіп жүрмеймін. Көше тап-таза болғанша қараймын. Өйткені ертең сол жермен өзім де жүремін. Әр нәрсеге жауап беремін ғой. Сондықтан жұмысты селқос қарамай, адал істеуге тырысамын, – дейді.

Қала көшелерінде үлкен техниканы басқарудың өз қиындығы бар.

Кейде жүргізушілер түсінбей жатады. Бұрылып жатсаң араға кіріп кетеді, сигнал береді. Бірақ оған ашуланбаймын. Менің мақсатым – қаланың тазалығы. Жүйкемді құртпай, жұмысыты әріқарай жалғастыра беремін, – дейді Нұржан.

Оның айтуынша, қала тазалығы тек коммуналдық қызметкерлерге ғана байланысты емес.

Біз тазалаймыз. Бірақ тұрғындар да қоқысты кез келген жерге тастамаса жақсы болар еді. Сонда қала одан да таза болады, – дейді.

Сегіз баланың әкесі

Кешкісін жұмыс аяқталған соң Нұржан үшін тағы бір маңызды міндет басталады. Қала көшелерін тазалайтын машинист үйінің табалдырығын аттаған сәтте сегіз баланың әкесіне айналады.

Сегіз балам бар, бесеуі ұл, үшеуі қыз. Солардың амандығы мен болашағы үшін еңбек етіп жүрмін. Бар тапқанымыз бала-шағаның несібесі ғой. Аллаға шүкір, – дейді көпбалалы әке.

Сегіз баланы тәрбиелеп отырған отбасының негізгі асыраушысы ретінде Нұржанның мойнындағы жауапкершілік те аз емес. Оның айтуынша, қазіргі табыс отбасының барлық қажеттілігін толық өтеуге әрдайым жете бермейді.

Жасыратыны жоқ, кейде жалақы жетпей қалады. Сондықтан жұмыстан кейін қосымша такси жүргіземін. Балалардың қажеті күн сайын шығады ғой. Солай отбасының нәпақасын тауып жүрміз, – дейді ол.

Көпбалалы отбасы үшін баспана мәселесі де оңай шешілмеген. Нұржанның отбасы 2021 жылы «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы өз үйіне қол жеткізген.

Пәтердің құны 26,5 миллион теңге болды. Бағдарлама аясында қолдау алдық, қалған қаражатты өзіміз жинадық. Қазір сол үйдің ипотекасын төлеп келеміз. Ең бастысы – балаларымыздың өз шаңырағы бар, – дейді көпбалалы әке.

«Жұмыстан шаршап келіп, балаларды көргенде бәрі ұмытылады»

Нұржан үшін жұмыстан кейінгі ең үлкен демалыс – балаларының күлкісі.

Жұмыста қандай мәселе болса да, үйге алып келмеймін. Көңілді кіруге тырысамын. Кейде бір қызым бір тіземе, екіншісі екінші тіземе отырып алады. Сонда барлық шаршағаныңды ұмытып кетесің, – дейді ол.

Балаларына ең алдымен адамгершілік пен адалдықты үйретуге тырысатынын айтады.

Біреудің затын алмаңдар, өтірік айтпаңдар, қоқыс тастамаңдар деп үйретеміз. Қазір адамдардың өзі келіп «балаларыңызға жақсы тәрбие беріпсіздер» деп айтып жатады. Сол кезде қуанамыз, – дейді.

Әсіресе бауырмалдық қасиетке ерекше мән беретінін айтады. 

Әр баланың мінезі әртүрлі. Бірақ бәрі бір-біріне жанашыр болып өссе екен деймін. Ертең біз жоқ кезде де бір-біріне бауырмал болып жүргенін қалаймын, – деді.

Әңгіме барысында Нұржанның көзіне жас алған сәттері туралы да сөз болды. Ол анасы туралы айтқанда толқитынын жасырмады.

Балаларға үнемі ата-ананы құрметтеңдер деп айтып отырамын. Сол кезде өз анам есіме түседі. Анамнан айырылып қалғанбыз. Кейде балаларға айтып отырып өзім жылап кетемін, – дейді ол.

Болашақтағы арманы

Қазір Нұржан бар күшін отбасысына арнап жүр. Бірақ болашаққа қойған жоспары да бар.

Мал шаруашылығымен айналысқым келеді. Бұрын айналысқанмын, жақсы нәтиже болған. Болашақта кәсіп ашып, сол бағытта жұмыс істесем деймін. Бұл жұмыстар мәңгілік емес қой. Сондықтан алға қойған мақсат бар, – дейді.

«Әркім өз жұмысына адал болса...»

Сөз соңында Нұржан қоғамға айтар ойын жеткізді.

Әр адам өз жұмысына адал болса, бәрі жақсы болады. Ұрлыққа, арамдыққа бейім болмай, еңбегімен өмір сүрсе, ел де көркейеді. Біз өз жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Қазақ көбейсін, балалар аман болсын. Бар тілегіміз сол, – дейді ол.

Астана көшелерінде жүйткіген тазалық техникасын көргенде көпшілік оның рөлінде кім отырғанын біле бермейді. Бірақ сол техниканың ішінде сегіз баланың әкесі, отбасының асыраушысы, адал еңбекпен өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ азаматы отыр.

Ол күн сайын шаң мен қоқысты жинап қана қоймайды. Өз еңбегі арқылы үлкен қаланың тынысын таза ұстауға үлес қосып келеді.

Оқи отырыңыз