Астанадағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына салынған алып бүркіт муралы әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Ауқымды туындыны салуға суретші Олжас Ризабек 52 сағат жұмсаған. Бүгінде оның қоржынында Қазақстанның әр өңірінде салынған 60-тан астам мурал бар. Соңғы төрт жылдан бері осы өнерді негізгі табыс көзіне айналдырған муралист El.kz тілшісіне шығармашылық жолы, биіктіктегі жұмыстың қиындығы, мурал салудың машақаты мен оның бағасы туралы айтып берді.
Алғашқы тәжірибе Алматыда басталды
Олжас Ризабек – Шымкент қаласының тумасы. Бейнелеу өнері бойынша кәсіби білімді мектеп жасынан ала бастаған. 7-9-сынып аралығында Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатында оқыған. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы мектеп-интернат-колледжінде станоктық графика мамандығын меңгеріп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Көркем қыш» мамандығы бойынша білімін жалғастырған.
Бүгінде муралист ретінде танылғанымен, Олжас үлкен ғимараттардың қабырғасына бірден сурет сала бастаған жоқ. Оның алғашқы жұмыстары мектептер мен қоғамдық тамақтану орындарының ішкі қабырғаларынан басталған.
Басында мурал саламын деген мақсат болған жоқ. Ішкі қабырғаларға сурет салып жүрдім. Бірте-бірте жұмыстарымның көлемі үлкейіп, муралға келдім. Ал үлкен қабырғадағы алғашқы тәжірибем Алматыда болды. Ол өзімнің авторлық жұмысым емес, бұрыннан бар муралды қалпына келтіру жұмысына қатыстым, – дейді Олжас.
Содан бері суретші Қазақстанның көптеген өңірінде еңбек етіп үлгерген. Бүгінде Олжас Қазақстанның әр өңірінде 60-тан астам мурал салып үлгерген.
Солардың арасында Астанадағы алып бүркіт бейнеленген туындының орны бөлек. Әдетте ауқымды жұмыстарды көмекшілерімен бірге орындайтын Олжас бұл муралды жалғыз өзі салып шыққан.
52 сағатта салынған алып бүркіт муралы
Алып бүркіт – суретшінің осы уақытқа дейін өз қолымен салған ең көлемді муралы. Тоғыз қабатты ғимараттың қабырғасындағы жұмысты аяқтауға нақты 52 сағат кеткен. Бірақ бұл уақыт бір аптаға бөлінген. Оған Астананың құбылмалы ауа райы себеп болған.
Бірінші күні жаңбыр жауды. Екінші күні жұмыс істедім, кейін тағы екі күн жаңбыр жауып, тоқтауға тура келді. Таза жұмыс уақытын есептегенде 52 сағат шықты. Тоғыз қабатты ғимаратқа көтерілгенде, әрине, алғашында қорқыныш болады. Бірақ биіктікте жиі жұмыс істеген соң оған да үйренесің. Суретті салудың өзінен аса қиындық көрген жоқпын, – дейді муралист.
Бүркіт бейнесі автордың өз таңдауы болмаған. Тапсырыс беруші жұмыстың нобайын алдын ала бекітіп берген. Сондықтан суретшінің міндеті дайын идеяны алып қабырғаға дәл түсіру болған.
Мұндай жұмыста биіктіктен бұрын сыртқы жағдай көбірек кедергі келтіреді. Әсіресе әр өңірде жұмыс істейтін муралист үшін ауа райынан бөлек, ғимараттың маңы мен қабырғаның жағдайын да ескеру маңызды.
Бір қалада жел қатты соғады, екіншісінде аптап ыстық, енді бірінде жаңбыр жиі жауады. Кейде қабырғаға жақындауға ағаш кедергі болады, кейде көтергіш техника қажетті жерге жете алмайды. Ал қабырғаның үлкендігі бізге қиындық емес. Ең көп уақыт алатыны – оның жағдайы. Кейде суретті үш күнде салып шығамыз, бірақ қабырғаны дайындаудың өзіне бес күн кетуі мүмкін, – дейді ол.
Бір мурал қалай жасалады?
Көпшілік ғимарат қабырғасындағы дайын суретті көргенімен, оған дейін атқарылатын жұмыс аз емес. Муралдың нобайын әзірлеп, тапсырыс берушімен келіскеннен кейін суретшілер қажетті материалдарды дайындайды. Олжас пен оның командасы Қазақстанның қай қаласында жұмыс істесе де, бояу мен басқа да қажетті заттарды Алматыдан алдырады.
Жұмыс қабырғаны тазалаудан басталады. Алдымен оның босап, қабыршақтанып тұрған бөліктері темір щеткамен алынып тасталады. Одан кейін қабырғаға арнайы астар жағылып, бояуға дайындалады. Бұл бояудың қабырғаға жақсы сіңіп, суреттің ұзақ сақталуына көмектеседі.
Суретшілер жұмыс барысында бояу жаққыш, әртүрлі қылқалам, ауа қысымымен бояу шашатын құрылғылар мен бүріккіш бояуларды қатар қолданады. Ал жұмыстың соңында қажет болған жағдайда муралдың сыртына қорғаныш қабаты жағылады.
Дұрыс дайындалған қабырға мен сапалы материал муралдың ғұмырын ұзартады. Олжастың айтуынша, мұндай туынды орта есеппен 6 жылдан 12 жылға дейін сақталады. Оның қанша уақыт бастапқы қалпын жоғалтпай тұратыны қабырғаның жағдайы мен сыртқы ортаға да байланысты.
Олжастың тәжірибесінде бес қабатты ғимараттағы бір муралды қолайлы жағдайда төрт күн шамасында аяқтауға болады.
Жұмыстың қанша уақытқа созылатыны суретшінің тәсіліне де байланысты. Әркімнің өзіндік әдісі бар. Ауа райы қолайлы болса, бес қабатты үйдегі муралды төрт күнде бітіреміз. Ал жаңбыр немесе жел кедергі келтірсе, жұмыс алты-жеті күнге созылады, – дейді суретші.
Бес қабатты үйдегі мурал үш миллион теңге тұрады
Мурализм Олжас үшін шығармашылықпен қатар тұрақты кәсіпке айналған. Суретші соңғы төрт жылдан бері негізгі табысын осы саладан тауып жүр.
Муралдың құны оның қай қалада салынатынына емес, ең алдымен ғимараттың көлеміне қарай есептеледі. Олжастың айтуынша, бес қабатты үйдің қабырғасына сурет салу үш миллион теңге шамасында тұрады. Қабат саны артқан сайын баға да өседі.
Мұндай ауқымды жұмыстарға тапсырыстың басым бөлігін жергілікті әкімдіктер береді. Муралдың тақырыбы мен нобайы тапсырыс берушімен алдын ала келісіліп, содан кейін ғана қабырғадағы жұмыс басталады.
Дегенмен тапсырыс құны мен суретшінің таза табысын шатастыруға болмайды. Өйткені жалпы соманың едәуір бөлігі жұмысты ұйымдастыруға жұмсалады.
Үш миллион теңгенің ішіне бәрі кіреді. Салық төлейміз, басқа қалаға жетуіміз, сол жерде тұруымыз керек. Көтергіш техникаға да қаражат жұмсалады. Сондықтан тапсырыстың толық сомасы суретшінің табысы болып есептелмейді, – дейді Олжас.
Қазақстанда муралға деген сұраныс та артып келеді. Суретшінің сөзінше, бүгінде елдің әр өңірінде мұндай жұмыстарға тапсырыс бар, сонымен бірге осы бағытта еңбек ететін мамандар да көбейген.
Төрт жылдан бері негізгі табысымды муралдан тауып келемін. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай жұмыстар салынып жатыр. Тапсырыс берушілер де, мурал салатын суретшілер де көп, – дейді ол.
«Мурал сол жердің тарихынан сыр шертуі керек»
Олжастың жұмыстарының бірі Өскеменде орналасқан. Қазақстан туын ұстап тұрған жастар бейнеленген «Әділетті Қазақстан!» муралы Мемлекеттік рәміздер күніне орай салынған. Туындының мазмұны жергілікті әкімдікпен бірге талқыланып, негізгі идея ретінде отансүйгіштік тақырыбы таңдалған.
Суретшінің түсінігінде муралдың міндеті сұр қабырғаны түрлі түске бояумен шектелмеуі керек. Қоғамдық кеңістіктегі мұндай туындылар сол өңірдің тарихы мен құндылықтарын бейнелегенде ғана мазмұнды бола түседі.
Әр муралдан сол қаланың тарихы көрініп тұрғанын қалаймын. Оған қараған жастарға ой салып, рухын оятса жақсы. Мәселен, белгілі бір өңірдің батыры бейнеленсе, өтіп бара жатқан адам оны көріп, сол тұлғаны еске түсіреді. Мен үшін муралдың осындай мағынасы болғаны маңызды, – дейді муралист.
Олжас тек ғимараттардың сыртқы қабырғаларын әрлеумен шектелмейді. Командасымен бірге музейлердің ішкі кеңістігін безендіріп, диорамалар мен түрлі жәдігерлер әзірлейді. Сондай-ақ мектептер мен мейрамханалардың қабырғаларына сурет салады.
Мурал салмаған екі қала қалды
Бүгінде Олжас Қазақстанның көптеген өңірінде 60-тан астам мурал салып үлгерген. Оның ендігі мақсаты – елдің барлық қаласында өз жұмысын қалдыру. Бұл мақсатының орындалуына екі қала ғана қалған.
Қазақстанның барлық қаласында мурал салғым келеді. Қазір оған жетуге аз қалды. Мурал салмаған екі қалам ғана бар – Қарағанды мен Қостанай. Қалған өңірлерде жұмыс істеп үлгердім, – дейді Олжас Ризабек.