Бір монетасы 300 мың теңгеге бағаланады: нумизмат коллекциясындағы құнды жәдігерлерді көрсетті

Бір монетасы 300 мың теңгеге бағаланады: нумизмат коллекциясындағы құнды жәдігерлерді көрсетті
Фото: El.kz коллажы

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне биыл 33 жыл толды. Осы уақыт ішінде төл ақшамыздың сан түрлі үлгісі жарық көріп, олардың кейбірі бүгінде коллекционерлер іздейтін құнды жәдігерге айналды. Тіпті күнделікті қолымызда жүрген қарапайым монеталардың арасынан да бағасы номиналынан бірнеше есе жоғары тұратын түрлері кездесуі мүмкін. Ұлттық валюта күніне орай El.kz тілшісі астаналық нумизмат Әсет Тынымбаймен әңгімелесіп, сирек монеталардың құны, коллекционерлер арасындағы сұраныс және ескі ақшаларды бағалау жолдары туралы сұрады. 

Нумизматикаға қызығушылық неден басталды?

26 жастағы Әсет Тынымбай – Қызылорда облысының тумасы. Қазір Астанада тұрады. Мамандығы – сәулетші-жобалаушы. Негізгі жұмысынан бөлек, бос уақытында монеталар мен банкноттар жинаумен айналысады.

Нумизматикаға қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол кезде қолына түскен ескі ақшаларды сақтап, шағын коллекция жинаған. Алғашқы жәдігерлері Кеңес Одағы кезеңіндегі және көршілес мемлекеттердің қағаз ақшалары болған. Алайда уақыт өте бұл қызығушылығы бәсеңдеген.

Араға бірнеше жыл салып, студент кезінде нумизматикаға қайта ден қояды. Бұған 2020 жылдары қағаз 200 теңгеліктердің айналымнан біртіндеп сирей бастауы түрткі болған.

2006 жылғы «Бәйтерек» сериясындағы 200 теңгелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай
2006 жылғы «Бәйтерек» сериясындағы 200 теңгелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай

Сол кезде қағаз 200 теңгелерді іздеп, жақын маңдағы дүкендерді араладым. Қолында сақтап қалған адамдардан сұрап, монетаға айырбастап алатынмын. Кейін басқа номиналдарды да іздей бастадым. Осылайша бала күнгі қызығушылығым қайта оянды, – дейді Әсет.

Содан бері алты жылдан астам уақыт өткен. Осы аралықта оның коллекциясы едәуір толыққан. Дегенмен қанша монета мен банкнот жинағанын нақты есептемеген. Өйткені кейбір үлгілер бірнеше данадан кездеседі. Артықтарын сатып немесе басқа коллекционерлермен айырбастап отырады.

Бүгінде коллекциясының басым бөлігін Қазақстанда шығарылған ақшалар құрайды. Шетелдік валюталар да кездескенімен, әзірге оларға басымдық бермейді.

Мен үшін монетаның сыртқы әдемілігі ғана маңызды емес. Сондықтан көзге түскеннің бәрін жинай бермеймін. Алдымен Қазақстанның монеталары мен банкноттарын мүмкіндігінше толық жинағым келеді. Өз еліміздің ақшаларының өзі жетіп жатыр. Шетел валюталарына кейін де уақыт табылар, – дейді нумизмат.

Фото: Әсет Тынымбай
Фото: Әсет Тынымбай

89 мыңға алған монетасы қазір 300 мың теңге тұрады

Әсет Тынымбайдың коллекциясындағы бағалы жәдігерлердің қатарында «Байқоңыр» мен «Көкбөрі» монеталары бар. Соның бірі – «Байқоңырды» ол алғаш шығарылған кезде банктен 89 мың теңгеге сатып алған. Қазір бұл монета коллекционерлер арасында шамамен 250-300 мың теңгеге бағаланады.

Нумизматтың айтуынша, коллекциялық ақшалардың құны тұрақты болмайды. Уақыт өте белгілі бір үлгіге қызығушылық артып, оны табу қиындаса, нарықтағы бағасы да өсуі мүмкін.

Дегенмен ол коллекциясындағы барлық жәдігерді өмір бойы сақтауды мақсат етпейді. Кейбір монеталарды сатып, орнына өзінде жоқ басқа үлгілерді алады.

Егер бір монетаны кейін басқа жерден қайта сатып ала алатынымды білсем, оны жақсы бағаға сатуға қарсы емеспін. Ал еш жерден оңай табылмайтын, өте сирек жәдігер болса, сақтап қалуға тырысамын. Мен үшін ең маңыздысы – оның қаншалықты тапшы екені, – дейді ол.

Әсет осы уақытқа дейін нумизматикаға қанша қаражат жұмсағанын нақты есептемеген. Бірақ табысының едәуір бөлігін коллекциясын толықтыруға арнағанын айтады.

Оның сөзінше, монета жинау тек шығынды қажет ететін хобби емес. Бұл іспен айналыса жүріп, қосымша табыс табуға да мүмкіндік бар.

Мысалы, қолымда бір монетаның үш данасы болса, біреуін өзіме қалдырамын. Екіншісін сатып, ақшасына коллекциямда жоқ басқа монетаны аламын. Үшіншісін біреумен айырбастаймын. Осылайша бір жағынан коллекциям толығады, екінші жағынан артық дүниелер де кәдеге жарайды, – деп түсіндірді нумизмат.

Қазақстандағы ең сирек әрі қымбат теңгелер қандай?

Қазақстанда шығарылған монеталар мен банкноттардың арасында бүгінде табылуы қиын, коллекциялық құны жоғары үлгілер бар.

Әсет Тынымбай ерекше атап өткен жәдігерлердің бірі – теңгенің 20 жылдығына арналған, салмағы екі келі болатын алтын монета. Оны Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінен көруге болады.

2006 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай шығарылған 5000 теңгелік естелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай
2006 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай шығарылған 5000 теңгелік естелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай

Ал сирек банкноттардың қатарында 2006 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай шығарылған 5000 теңгелік естелік ақша бар. Ол Әл-Фараби бейнеленген банкноттар сериясының негізінде дайындалған.

Қазақстандық коллекциялық монеталарға шетелдік нумизматтар да қызығушылық танытады. Әсіресе көршілес Ресейдегі коллекционерлер арасында отандық монеталарға сұраныс бар.

2018 жылы шығарылған «Көкбөрі» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай
2018 жылы шығарылған «Көкбөрі» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай
2017 жылы шығарылған «Тасбақа» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай
2017 жылы шығарылған «Тасбақа» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай

Шетелдік коллекционерлер біздің монеталарымызды да жинайды. Мысалы, «Көкбөрі», «Тасбақа», «Тұмар», «Алтын дән даласы» сияқты үлгілерге қызығушылық жоғары. Қазақстанда шығарылған басқа да көптеген коллекциялық монеталар халықаралық нарықта сұранысқа ие, – дейді Әсет.

Қалтаңыздағы 100 теңге ерекше бағалануы мүмкін

Коллекционерлер үшін тек бағалы металдан жасалған немесе бірнеше ондаған жыл бұрын шығарылған монеталар ғана құнды емес. Кейде күнделікті айналымдағы ақшалардың арасынан да ерекше үлгілер табылады.

Өндірістік ақауы бар 500 теңгелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай
Өндірістік ақауы бар 500 теңгелік банкнот / фото: Әсет Тынымбай

Олардың бірі – өндірістік ақауы бар монеталар мен банкноттар. Мұндай ақшалар негізінен сапа бақылауынан өтіп, айналымға жіберілмеуі керек. Алайда кейбірі қолданысқа түсіп кетеді.

Өндірістік ақауы бар, толықтай ақ металдан соғылған 100 теңгелік монета (сол жақта) және қалыпты үлгісі (оң жақта) / фото: Әсет Тынымбай
Өндірістік ақауы бар, толықтай ақ металдан соғылған 100 теңгелік монета (сол жақта) және қалыпты үлгісі (оң жақта) / фото: Әсет Тынымбай

Әсет Тынымбай осындай монеталарды да жинайды. Оның коллекциясында әдеттегі екі түсті 100 теңгеліктің орнына тұтас сары немесе ақ түсті металдан соғылған үлгілер кездеседі.

Ақауы бар монетаны кез келген адам байқамай жұмсап жіберуі мүмкін. Сондықтан коллекционерлер қолына түскен ақшаларды мұқият қарайды. Мен мұндай үлгілерді көбіне басқа адамдардан сатып аламын. Әлеуметтік желідегі парақшаларымда іздеп жүрген монеталарымды көрсетіп, сатып алуға дайын екенімді хабарлап отырамын, – дейді ол.

2003 жылы теңгенің 10 жылдығына орай шығарылған «Теңгеге 10 жыл» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай
2003 жылы теңгенің 10 жылдығына орай шығарылған «Теңгеге 10 жыл» коллекциялық монетасы / фото: Әсет Тынымбай

Айналымдағы мерейтойлық монеталардың да коллекциялық қызығушылық тудыратын түрлері бар. Нумизмат соның бірі ретінде 2003 жылы шығарылған «Теңгеге 10 жыл» монетасын атайды.

Үйдегі ескі ақшаны қымбатқа сатуға бола ма?

Көптеген отбасында Кеңес Одағы кезеңінен қалған рубльдер немесе Қазақстанның алғашқы теңгелері әлі күнге дейін сақтаулы. Кейбір адамдар мұндай ақшалар уақыт өте қымбаттайды деп ойлайды. Алайда нумизмат ескі банкноттың бәрі бірдей жоғары бағаланбайтынын ескертеді.

Мәселен, көп таралған кеңестік қағаз ақшалардың басым бөлігі коллекционерлер үшін аса сирек саналмайды. Өйткені олар әлі күнге дейін көптеген адамның қолында бар.

Бір зат неғұрлым көп болса, оның бағасы да соғұрлым төмен болады. Ал табылуы қиын дүниенің құны жоғарылайды. Сондықтан үйде жатқан кез келген ескі ақшаны қымбат жәдігер деп қабылдауға болмайды. Алдымен оның қаншалықты сирек кездесетінін анықтау қажет, – дейді Әсет.

Коллекциялық құнға әсер ететін тағы бір маңызды фактор – ақшаның сақталу жағдайы. Бүктелмеген, жыртылмаған, түсі оңбаған және бастапқы қалпын сақтаған банкноттар көбірек бағаланады.

Нумизматтың өзі де бала кезінде тозған ақшаларды жинаған. Қазір мұндай үлгілерден гөрі мінсіз күйінде сақталған банкноттар мен монеталарды таңдауға тырысады.

Тәжірибелі коллекционерлер көбіне жаңа қалпын сақтаған ақшаларды іздейді. Ал қатты тозған, бүлінген банкноттарға сұраныс төмен. Сондықтан ондай ақшаларды сатамын деп әуре болғанша, естелік ретінде сақтап қойған дұрыс, – дейді ол.

Сирек монеталардың бағасы қалай анықталады?

Қазақстанда нумизматтар мен бонистердің саудасы көбіне арнайы клубтарда, коллекционерлер жиналған топтар мен жабық чаттарда жүреді. Мұнда монеталар мен банкноттар сатылып қана қоймай, өзара айырбасталады.

Бұл нарықта барлық жәдігерге бірдей белгіленген тұрақты баға жоқ. Белгілі бір монетаның құны оның сиректігіне, сұранысқа және сақталу жағдайына байланысты өзгеріп отырады.

Әсеттің айтуынша, интернеттегі хабарландыруда көрсетілген бағаға қарап, монетаның нақты қанша тұратынын анықтау қиын. Өйткені сатушылар өз тауарларына қалаған бағасын қоя алады.

Қазір ескі ақша сату үшін арнайы орын іздеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға немесе OLX-ке хабарландыру жарияласаңыз жеткілікті. Бірақ алдымен тәжірибелі коллекционерден бағасын сұрап алған жөн. Өйткені интернетте әркім өз қалауынша баға қояды. Бірақ бұл монетаның нақты нарықтық құнын көрсетпейді, – дейді нумизмат. 

Ол қымбат коллекциялық монета сатып алғанда оның түпнұсқалығына да назар аударуға кеңес береді.

Әсет Тынымбайдың айтуынша, ол осы уақытқа дейін Қазақстанның коллекциялық монеталарының жалған нұсқаларын кездестірмеген. Дегенмен ақша сатып алғанда оның түпнұсқалығына назар аудару маңызды.

Жалған банкнотты кейде қағазының сапасынан-ақ байқауға болады. Сондай-ақ қорғаныс элементтерін мұқият тексерген жөн, – дейді нумизмат.

«Теңге – тәуелсіздігіміздің белгісі, тарихымыздың айнасы»

Биыл Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енгізілгеніне 33 жыл толды. Осы уақыт ішінде теңгенің дизайны бірнеше рет өзгеріп, түрлі мерейтойлық және коллекциялық монеталар шығарылды.

1993 жылы айналымға енгізілген Қазақстанның алғашқы банкноттары / фото: Әсет Тынымбай
1993 жылы айналымға енгізілген Қазақстанның алғашқы банкноттары / фото: Әсет Тынымбай

Әсет Тынымбай тарихи тұрғыдан ең маңызды банкноттар ретінде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қағаз ақшаларын атайды. Өйткені олардың бетінде Әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан және Абылай хан сияқты тарихи тұлғалар бейнеленген.

Алғашқы банкноттарымыздың бір ерекшелігі – олар арқылы ұлт тарихындағы тұлғалар дәріптелді. Қазір сол ақшаларды сағынышпен еске алатындар аз емес. Тіпті бұрынғы үлгілер қайта шығарылса екен деген пікірлерді де естимін, – дейді коллекционер.

Нумизматтың пікірінше, теңгенің құндылығын тек сатып алу қабілетімен немесе коллекциялық бағасымен өлшеуге болмайды. Оның ел тарихындағы орны әлдеқайда терең.

Әлемде өз ұлттық валютасы жоқ мемлекеттер де бар. Сондықтан төл теңгеміздің тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы ерекше. Нумизмат ретінде мен оны жай төлем құралы емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін сақтайтын жәдігер деп қабылдаймын. Әр монетаның өз тарихы, өзіндік мәні бар. Бүгінгі теңгелеріміз келешек ұрпаққа қалатын мұра. Өйткені теңге – тәуелсіздігіміздің белгісі, тарихымыздың айнасы, – деп түйіндеді Әсет Тынымбай.

Оқи отырыңыз