Жаңалықтар

«Білім тарихы» музейі

Музей
03.11.2015 09:46 6773

2014 жылдың 26 қыркүйегінде Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылымдық бөлімше ретінде Қазақстанның Білім тарихы музейі ашылды.

Музейді ашу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың идеяларынан туған.

«Білім тарихы» музейі

Оған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Калкеева,  тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ибраева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Д.Айтмағамбетов, тарих ғылымдарының кандидаты, ұлттық сурет галереясының бас ғылыми қызметкері Б.Санақұлова, «Жазу тарихы» музейінің бас маманы С.Мұхамедиярова сынды белгілі ғалымдар белсенді атсалысып, ғылыми тұжырымдамасын жасады және музейдің толық экспозициялық кешенін құрастырды. Сондай-ақ экспозицияға университет ғалымдары Д.Қамзабекұлы, С.Аққұлы, Ә.Мүминов, Қ.Сақ,  Н.Белекұлы, Ж. Артықбаев, К.Шарипова т.б. ғалымдардың жеке қорынан алынған суреттер мен құжаттар да алғаш рет ұсынылып отыр. Сонымен қатар Семей өлкетану музейінен, Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің музейінен, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының қорынан сирек кітаптар мен мерзімді басылымдар алынған. Әсіресе қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларының түпнұсқасы, ХVІІІ-ХІХ ғасырда жарық көрген кітаптар, ХІХ ғасырдағы жазу машинкасы, Семейдегі учитель семинариясында 100 жылдан бұрын соғылған жез қоңырау, Ә.Марғұланның экспедицияға шыққанда алып жүретін дипломаты, К.Ақышевтің дүрбісі мен фотоаппараты, Н.Құлжанованың редикулі және т.б. тарихтан сыр шертетін жәдігерлер музейге келушілердің  көзайымына айналды.

Музейді ашудағы мақсат – ұлан-ғайыр территориялық аймақта ғасырлар бойы қалыптасып, сақталған мол мәдени-ағартушылық құндылықтарды жинақтай отырып, ғылыми сұрыптаудан өткізу арқылы жұртшылыққа насихаттау. Өйткені, білім – әлемдегі өркениетті дамыған елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші мен негізгі басыңқы бағыты болып табылады.

Негізгі міндеттеріне келетін болсақ:

Қазақстанның білім беру жүйесінің тарихын музейлік жәдігерлер арқылы көпшілікке таныстыру;

Қазақстан Республикасының Ата Заңын, Заңдарын, мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді, білім, ғылым, мәдениет құндылықтарын арттыруды, ұлтаралық келісімді сақтауды әрбір азаматтың қастерлі борышы ретінде ұлықтау;

Кәсіптік бағдар беру мен мамандық таңдауда жастарға дұрыс жол сілтеу;

Білім алушылардың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру;

Бәсекеге барынша қабілетті жас мамандар даярлауға лайықты үлес қосу;

Профессор-оқытушылар құрамының, студенттердің ізденістері дәйектеген биік технологияларды өмірге енгізу, жұртшылыққа таныстыру;

Тәрбие мен білім берудің мемлекет мүддесіне, уақыт талабына, жеке тұлға қабілетіне сай келуіне жағдай жасау;

 

«Білім тарихы» музейі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы қол жеткізген озат тәжірибесі мен жетістіктерін насихаттау болып табылады.

Музейдің функционалдық қызметі жағынан алып қарағанда, осы бағыттағы әлемдік музей орталықтарының тәжірибесін ескере отырып, қазіргі заман талабына сай үрдісіне толық жауап береді.

Музей қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңы, университет жарғысы қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді.

Тұжырымдаманың негізінде музей құрылымы ағарту саласын қамтитын мындай 6 бөлімнен тұрады: «Ежелгі түрік кезеңіндегі VІ-VІІІ-ХІV ғасырлардағы ескерткіштер (педагогикалық қыры); ХV-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ ақындары мен жырауларының ағартушылық көзқарасы; Қазақстанда ғылыми педагогикалық ойдың туындау кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басы); Қазақстаннның білім беру мен ағартушылық саласына шет елдік ғалымдардың қосқан үлесі; «1917-1990 жж. Кеңес кезіндегі ғылым мен білім берудің дамуы»; 1991 жылдар мен қазіргі кезеңге дейінгі жаһандану жағдайындағы білім беру мен ғылым» секілді қомақты бөлімдерден тұрады.

«Білім тарихы» музейі

Экспозициялық кешеннің негізгі бөлігі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бүгінгі таңдаңдағы білім, ғылым, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері оқу орнының құрылған уақытынын бергі кезден қамтылды. «Білім тарихы» музейі экспозициясының композициялық құрылымын толтыруда  бейнелі, сюжеттік, жазба, көрнекі құрал-жабдықтар мен тарихи жәдігерлерді ұдайы ізестіру мен жинақтау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі деу лайықты. Музейді ұйымдастыру барысында қыруар жұмыс атқаралды, десек-те музей жұмысы күнделікті ізденісті, еліміздегі білім-ағарту саласының жаңалықтарынан хабардар болуды қажет етеді.  Экспозиция кешеніне қойылатын әр зат пен тарихи құжаттар, фотолар,  көшірмелер тырнақтап жинақталып келеді.  Еңбектің нәтижесінде музей қоры құнды кітаптармен, деректі құжаттармен, баға жетпес экспонаттармен толығуда. Атап айтсақ, «Циркуляр по Западно-Сибирскому учебному округу», 1889, «Памятная книжка Западно-Сибирского учебного округа на 1909 год», Томск, 1909. «Образование» педагогический научно-популярный журнал. С-Петербург, 1898. «Спутник просвещенца общественника», «Работник просвещения» т.б. сияқты кітап, газет-журналдармен толығуда.  Музей қонақтары күнделікті музейдегі телеэкраннан еліміздің елеулі ұстаздары Социалистік Еңбек Ері Р.Нұртазина, соғыс ардагері К.Нұрғалиев туралы документальді фильмдерді, қазақ ағартушылары мен репрессия құрбандарын есте сақтау үшін дайындалған слайдтарды көре алады.  

Одан бөлек, қазіргі кезде ҚР білім саласын басқарған тұлғаларға арналған экспозиция дайындық үстінде. Қилы кезеңдерде білім беру саласын қалыптастырып, одан әрі дамыту үдерісінде кездескен қиыншылықтар мен тосқауылдарға қарамастан, қасқая тұрып елінің ертеңі үшін жанталаса қызмет еткен ұлт зиялылары қашан да құрметке лайық.

ХХ ғасырдың басы көтерілістер мен төңкерілістер, революциямен басталып, 30-шы жылдары ашаршылық пен тоталитарлық режимнің репрессиясымен жалғасты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, 1945 жылы аяқталғанымен соғыс кезі мен соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдар елдің еңсесін көтеріп, ес жинауына оңай тиген жоқ. Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру шарасы, Кеңестер Одағының Коммунистік Партиясы съездерінің шешімдеріне бағынышты ахуалда күн кешкен Қазақ Кеңестік үкіметінің жүйесін сол кезеңдердегі басқарған басшылардың, оның ішінде Білім-ағарту саласын басқарған Халық ағарту комиссарлары, Білім министрлерінің атқарған еңбектері орасан зор. Күні бүгінге дейін Білім министрлігі өзінің ресми аталуын бірнеше мәрте ауыстырған, ізденіс пен зерттеу нәтижесінде Қазақстанның Оқу-ағарту, Білім саласын басқарған 40 министрдің өміріне, ел алдындағы мақсұт-мүддесіне шолу жасалып, жеке жинақталуда.

«Білім тарихы» музейі

Әсіресе, 1919 жылдан 1938 жыл аралықтарында Білім саласын басқарған 12 Халық ағарту комиссарларының барлығына «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, абақтыға қамалып, ату жазасына кесілгендіктері жан түршігерлік жәйт. Кейіннен Кеңес Одағы тұсында жазылған оқу саласына қатысты тарихи – құжаттық материалдарды ақтарып отырып, Кеңес үкіметі орнаған кездердегі сауатсыздықты жою мен алғашқы кеңес мектептері туралы статистикалық көрсеткіші бар мәліметтерді тапқанымызбен, сол кездегі Халық ағарту комиссарларының бірде-біреуінің фамилияларының кездеспеуі «Халық жауы» деген штамптың елдің әбден зәресін алғандығының айғағы.  Соған қарамастан, өздерін не күтіп тұрғанын ерте ме кеш пе сезіп білгенменен, көзі ашық, көкірегі ояу Халық ағарту комиссарлары ұлтының, сауатты да салауатты болашағы үшін  аянбай терін де, қанын да төгіп кеткендігі өмір шындығы. Ізденіс барысында, Қазақстанның Білім-ағарту саласын басқарған және осы салада еңбек еткен ұстаздардың  ұрпақтарымен, ағайын-туғандарымен байланыс орнатып, көзкөрген замандастарының естеліктерін, ақпарат көзін барынша қамтуға ден қойдық.  Нәтижесінде, Ілияс Темірбековтің жиені Гауһар Шаңғытбаева, Әмір Қанапиннің ұлы Олег Қанапин, Тұрғынбек Қатаевтың қызы Райхан Қатаева, Алматы мемлекеттік көлік және коммуникация колледжінің директоры  Бекмұханбетов Қуандық Сергейұлы, Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің басшысы Ханбибі Есенқарақызы, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімшілігі, Шахин Аққанат Әліпбекұлы,   құнды деректер мен бұрын ешқайда жарияланбаған отбасылық архивте сақталған фотосуреттермен, құжаттармен, құнды ақпараттармен бөлісіп, музей қорының толығуына үлес қосуда. Бұл азаматтарға алғысымыз шексіз.

«Білім тарихы» музейі

Білім тарихы музейі «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудың, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттаудың ерекше үлгісі.


Сымбат Мүталапханқызы,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға