Биыл түлектердің диплом тапсыру рәсіміндегі видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әсіресе, 50 жасында университет бітіріп жатқан Бағлан Нұрбаеваға көпшілік тәнті болды. Сөйтсек, ел ішінде білім алудың ешқашан кеш емес екенін дәлелдеп жүргендер көп екен.
85 жастағы студент оқуын жалғастырды ма?
Медбике Бағланның әсері оқиғасын көріп, желі қолданушыларының пікіріне назар аудардық. «Менің мамам 51 жаста, биыл диплом алады», «оқу ешқашан кеш емес, мен де оқуға түсуге бекініп отырмын» дейтін пікір көп екен. Расымен, білім алудың ерте-кеші жоқ екенін 85 жасында ҰБТ тапсырған Нұрихан әже дәледеп берген-ді. Алайда компьютермен жұмыс істеу дағдысы жоғынан тесті дұрыс тапсыра алмады. Кейіннен сәтін салып, Нұр-Мүбарак университетінің Исламтану мамандығына түседі. Сонда ел шулап, «бала бағып, немере бағып отырмай ма?» десті. Сонда Нұрихан әженің ұтымды жауабы есте қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бала бақпай ма, немере бақпай ма деп жатқандар бар. Немерені де, баланы да бақтым. Ендігі арманым – тереңдеп оқу, – деген еді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.
Арада бір жыл уақыт өтті. Оқуға құштар әженің жағдайын білгіміз келіп, университет өкіліне хабарластық. 1-2 күн дегенде жауабын алдық. Өкінішке қарай, әже оқудан шығып кетіпті.
Оқуды белгілі себептермен жалғастырмай, шығып кетті, – деді олар.
47 жасында ҰБТ тапсырды
Дегенмен 85 жастағы студент талайдың ішкі шырағын жағуға көмектескені анық. Сондай бір оқиғаны Ақтөбе қаласының тумасы, музыкант Ботакөз Нұрғалиева айтып берді. Оның анасы 47 ҰБТ тапсырып, оқуға түскен.
Анам биыл 1 курсты бітірді. Аты-жөні – Асылзат Нұрғалиева, Арал қаласының тумасы. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Оралдағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің дәстүрлі ән факультетінде білім алып жүр. Оқуға түсу оңай болған жоқ. Қаншама жылдан кейін тест тапсыру кім-кімге болмасын қиын. Мен Астанада тұрамын. Екеуміз күнде бейнеқоңыраумен сөйлесіп отырып, тест тапсырмасын орынадық. Әйтеуір, шекті балл жинап, ақылы бөлімге оқуға түсті, –дейді Ботакөз Нұрғалиева.
Оның айтуынша, анасын көндіруге біршама уақыт кетеді. Төрт жылдың көзді ашып-жұмғанша өтіп кететінін түсіндіреді. Кәсіби білім алудың ешқашан кеш емесін айтып, оқу ақысын уайымдамай-ақ қоюын өтінеді. Өмірін қызын өсіріп-жеткізуге арнаған жалғызбасты ананың арманын орындағысы келеді
Анам бала кезінен әнші болуды армандайды. Музыка мектебінде оқып, домбыра сыныбын бітіреді. Көптеген іс-шарада өлең айтып, домбыра тартады. Бірақ ерте жасынан әке-шешесінен айырылып, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмайды. Одан кейін жеке өмірінде жолы болмағаны тағы бар. Анам мені бағу үшін күндіз құдалықта домбырамен жыр-терме айтып, қонақтарды күтті. Кешке тойханаларда эстрадалық ән айтып, ақша тапты. Ол кезде фонограмма жоқ, 2-3 сағат жанды дауыста ән шырқайды. Сөйтіп, әншілікпен мені өсріп жеткізді, нан тапты, – дейді ол.
Асылзат Нұрғалиева тағдырдың түрлі сынағына қарамай, қызына жоғары білім беруді ойлайды. Өзі жетпеген жетістікке қызының жеткенін қалайды. Арада бірнеше жыл өткенде қызы Ботакөзге анасының гештальтін жабу туралы ой келеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Анам мені оқыту үшін қолынан келгенін жасады. А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжін бітірдім. Одан кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бакалаврын, магистратурасын бітірдім. Қазір тұрмыстамын, екі балам бар. Енді менің кезегім келді деп ойлаймын. Оқуға түсуіне себепші болдым. Әлі де жас екенін айттым, диплом барлық жерде керек екенін түсіндірдім. Оқу ақысын мойныма алып, алаңдамай сабақ оқуын өтіндім. Арманына бір қадам болса да жақындап, қазіргі тілмен айтқанда гештальт жапса деймін. Алда анамның дипломына сүйінші сұраймын ба деп жүрмін, – дейді музыкант Ботакөз Нұрғалиева.
32 жылдан соң арманын орындады
Кейіпкеріміздің оқиғасын оқып отырып, арманды орындауға ешқашан кеш емесін ұғамыз. Мәселен, Кеген ауданы, Шырғанақ аулының тумасы Бағлан Нұрбаева да қалауын орындауды кейінге қалдырса да, діттеген мақсатына жетеді. Биыл өзі армандаған ҚазҰУ-дың жалпы медицина факульетін бітіреді.
Негізі, 19 жасында Алматы қаласындағы республикалық жоғары медициналық колледждің дипломын алады. 1994 жылы еңбек жолын бастап, 1 қалалық ауруханада медбике болып жұмыс істейді. Сөйтіп жүргенде арада 20 жыл уақыт өтеді.
Мектеп бітірген кезде ҚазҰУ-ға оқуға түссем деген арманым болған. Алайда тоқырау кезінде отбасы жағдайыма байланысты оқуға түсе алмадым. Қазір екі қызым бар, жалғызбасты анамын. Үлкен қызым – 30 жаста, кішісі – 19-да. Үш немерем бар. Балаларымды аяқтан тұрғызу үшін екі-үш жерде жұмыс істедім. Қазір 7-аурухананың жанындағы мамандандырылған бөлімнің аға мейірбикесімін, – деді Бағлан Нұрбаева.
Кіші қызы Әйгерім қазір Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу университетінің 2 курсын аяқтаған. Олар анасының оқуын жалғастырамын деген шешімін қолдап, қуаттаған. Заман талабына сай жоғары білім алып, лайықты жалақыға іліккенін қалаған.
Басында оқуға үйренісе алмадым. Жас мамандар сабақ береді. 2000-2001 жылғы қыздармен бірге дәріс тыңдаймын. Сабақтың көбін компьютермен оқимыз. Сол дағдыны меңгеруге біраз уақыт жұмсадым. Сөйтіп, айналасы 5-6 айда қатарға ілесіп кеттім. Стационарда 20 жыл жұмыс істегеннен кейін практикалық тәжірибем сабақта көп көмектесті. Емтихан, тест кезінде практикадағы білімім кәдеге жарап, жауап беруге қиналғаным жоқ, – деді Бағлан Нұрбаева.
Осылайша, кейіпкеріміз 47 жасында үлкен қадам жасап, 50 жасында диплом алады. Оның айтуынша, қайта мантия кигенде мектепті бітіргендей ерекше сезім бойын билейді. Жастық шағы есіне түсіп, өткенге қайта оралғандай болады. «ҚазҰУ-да оқысам» деген бала арманының орындалғанына қуанады.
Бағлан Нұрбаева мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Заман талабына сай жалақы алу үшін ЖОО дипломы керек. Алда магистратураға тапсырып, білімін жетілдіруді көздейді. Қыздары болса, анасын қодайтынын, өздері де білім алу жолында аянбайтынын айтады.