Жаңалықтар

Бибігүл Төлегенова

Қазақтың бұлбұлы
Бибігүл Төлегенова
06.02.2017 14:57 8874

Менің фамилиям нағашылар жағынан шыққан. Әкемнің нағашысы Нәби деген кісі, ол кісінің әкесінің аты – Төлеген. Құжаттарда Телегенов болып жазылып кетіпті.

Әнге әуестігім әкемнен болса, ал дауы­сым, әрине, анамнан ауысқан. Ол кісілердің өзін ән табыстырған. Әкем бір күні Семейдің көше­сінде келе жатса ауладан ән естиді. Тыңдап біраз тұрады. Жас қыздың дауысы. Бір әннен кейін бір әнді сызылтады. Есікті ашып, аулаға кіреді... Сол ән айтқан қыз бала менің мамам екен. Әкем мамамның әніне ғашық болып, ақыры алып қашады.

Cемейдегі ет комбинатының жұмысшы­лары тұратын барактардағы біздің көршіміз Буров деген кісі еді (есімін ұмытып қалдым), өзі баян, әйелі гитара тартатын, ал балаларының шекті аспаптарда ойнамайтыны жоқ. Сол үйде сен­бінің кеші сайын "концерт" болады да жата­ды. Әкем мен шешем қалмайды. "Ах ты, степь широкая" деп қоңыр дауысымен (кейін ойласам - баритон екен) папам бастайды, бір кезде мамам шығады: "Струны звонки, серебристы, хорошо под них поешь, а на свадьбу за гармош­кой обязательно придешь..." деп сызылтып. Бір кезде ортаға мені шақырады. Табуреткаға тұрып алып, "Зачем тебя я, милый мой, узнала..." деп жіңішке дауысыммен шырылдаймын... Сол күндерді ойласам қазір де жылағым келеді. Нағыз бақыттың бағы екен ғой балалық шақ!

Отаншылдық деген алдымен Отаныңды білуден басталады, білу деген көруден басталады.

«Халық жауының баласы» деген таңбаның әсе­рін мен де біраз се­зін­­дім. 1965 жылға дей­ін ешқандай шет­елге шығып көрген емес­пін.

Соғыс жылдары мені көп нәрсеге үй­ретті. Әсіресе, еңбекке, ауыр еңбекке қарша­дайымнан аралас­қаным өмір бойына маған кө­мектесіп келеді. Ән­ші­лік – азап жұмыс. Әнші бо­ламын деген адам өзін өзі аямауы керек. "Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың" дейді ғой қазақ. Мына жасымның өзінде мен тіпті қо­наққа бара жатсам да үйде дауы­сымды баптап аламын. Орысша мұны "распеться" дейді. Ол қонақта менен ән ай­туды сұрамауы да мүм­кін, сұрамаса мейлі, ал сұрап қалса дауысың ба­бында тұрмаса ұят бо­лады.

Әншілердің арасында айты­латын "Дауысыңды бір күн бап­та­ма­саң өзің сезесің, екі күн баптамасаң көр­шілерің сезеді, үш күн баптамасаң тыңдаушы сезеді" деген сөз бар. Сол рас сөз. Жалпы, әншілер - траге­диялық тұлғалар. Жай адам бір рет өлсе, әнші адам екі рет өледі. Алды­мен дауысынан, яғни әнінен айы­рылғанда өледі. Одан кейін кәдімгі жұрт сияқты жанынан айырылғанда өледі. Солай болғандықтан әншілік өмірімізді ұзартайық деп жанталасып жүреміз.

Жас келе дауыс өзгермей қоймайды. Бұрынғыдай фа-минорда айтсам мен бір күні сахнада тұрып үзіліп кетермін. Қазір "Бұлбұлды" ре-минорда айтамын. Ре-минорда орындаудың да өзінің бояулары, өзінің артықшылықтары бар. Оны тыңдаушы халқым бағалап жүр деп ойлаймын.

...Маған Галина Иосифовна «дауысың тамаша екен. Саған консерваторияға барып оқу керек» деді. "Мен онсыз да консерві цехында жұмыс істеймін ғой", деймін... Ол кісі жымиып күліп қойды. Сөйтсем, мен консерватория консерві жасауды оқытатын жер екен деп ойлаппын...

Галина Иосифовна менің өмірімді өзгертіп жіберген адам. Алғаш көрген шын мәніндегі, сөздің толық мағынасындағы интеллигенция өкілі де мен үшін сол кісі еді. Мұндайлық жүрегі кең адамды мен кейін де сирек кездестірдім. Гали­на Иосифовна менімен күн сайын дерлік вокал сабақтарын өткізіп отырды. Дикциядан, арти­куляциядан бастап, айналасы 2-3 айдың ішін­де дауысымды орнына қойып берді. Шаля­пин, Нежданова, Собинов туралы неше түрлі әңгімелер естідім, Пушкин, Лермонтов, Есенин поэзиясының сұлулығын мен алғаш рет сол кі­сінің өлең оқуынан сезіндім, Француз револю­циясы, Маркстің өмірі жайындағы ғажайып сырларға қанықтым. Галина Иосифовна мені ән мәтіндерін терең ұғынуға үйретті.  

Консерві цехында жұмыс істеп жүргенімде Игорь Анатольевич Лебедев деген бір тамаша кісі цех бастығы болды. Менің ән салғанымды сондай жақсы көреді. Айқайлап ән айтып жүріп, ара-арасында кейде брак та жіберіп қоямын. Ондайда "Мына артисткадан құт­қаратын біреу бар ма? Жіберейікші оқуға осыны" деп әзіл-шынын араластырып айтады.

Ақыры қалалық комсомол комитеті мені Алматыға, "про­слушиваниеге" жіберу жөнінде шешім шы­ғарды. Бұл 1948 жылдың көктемі еді. Жасым 18-ден жаңа асқан. Алысқа ешқайда шықпағанмын, пойызға отырып көрмегенмін. Терезеден мойнымды шығарып, жол жиегіндегі бағандарға қараймын да отырамын. "Бұл баған­дар қайда барады, бір кезде біте ме?" деп ойлай­мын.

Республикалық олимпиадада көзге түсіп, кон­серваторияға қабылданғаннан кейін оқымаймын деп қиғылық салғаным да бар емес пе?! Сондағы ойым –Семейге қайтып барып, консерві цехындағы жұмысымды жалғастыру, ақша тауып, мамама, әпке-сіңлілеріме қарасу. Ақыры мені сүйрелегендей етіп отырып Комсомолдың орта­лық комитетіне алып барды. Дымшиц деген хат­шы бар екен. Сол маған айтады: "Түсінсеңші, бұл сенің дауысың емес, бұл халықтың дауысы, бұл мемлекеттің игілігі" дейді. Тіпті болмаған соң "Осыдан оқымасаң сені сотқа береміз" дегенге шықты. Шошып кеттім. Кейін бәрін түсіндім ғой.

1948 жылы алманың шығымы керемет болғаны есімде. Жаңбыр жауғанда таудан аққан алмалар арық-арықтан асып кететін. Гоголь мен Фурманов көшелерінің қиылысында екі қабатты барак жатақханамыз болды. Бірақ мен онда ұзақ тұра алмадым. Бірінші курста-ақ тұрмысқа шы­ғып кеттім. "Сен қыз оқуға бара жатқан жоқсың, сен қыз Алматыға байға тиюге бара жатырсың" деп бөжіп қалған мамамның сөзі тура келді де қойды...

Менің отбасылық өмірде жолым болмады. Үш рет тұрмыс құрдым. Үш күйеуімнен де бақыт таба алмадым. Жалпы, "Ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе?" дегендей, әйел адамның жұлдызы неден жана­тынын айту қиын. Біреу бақытын отбасынан та­бады, біреу өзінің бой­ы­нан табады. Мен өз бақытымды өзімнің бой­ымнан, яғни өне­рім­нен таптым.

Негізінде, мен бала­лар­ды сондай жақсы көремін. Отбасы­лық өмірім көңілдегідей болғанда кемі бес балалы болар едім деп ойлай­мын. Құ­дайға шүкір, балаларымның бәрі жақ­сы өсті. Гастрольде айлап жүргенімде біріне бірі қарап, бірін-бірі тәрбиелеп жататын. Бала­ла­рым­ның ешқайсына ерекше жағдай жасайын, көмек­тесейін деп бірде-бір каби­нетке кіріп көрген емес­пін.

Менің дауысымды қалпына келтірген адам Надежда Николаевна Самышина. Мен ол кісіні өмірден өткенінше (99 жасында қайтты) "Моя вокальная мама" деп ардақтаумен болдым. Екі жыл бойына мені ауру адамның режіміне салып қойды. Екі жыл бойы ауыз аштырмады. Екі жыл бойы қатты қиналдық. Оның есесіне консерва­тория бітірген жылы мені бірден опера театрына жұмысқа қабылдады! Міне, нағыз ұстаздың құдіреті осындай.

Мен кішкентай күнімнен басымнан сөз асырмай өсіп едім. "Халық жауының" баласы деген соң тұрғыластарыңның, құрбыластарың­ның ащы сөзі тиіп қалатыны болады, сондайда есесін қалайда қайтаруға тырысасың.

Өнер ортасы, қазақы орта мені ана тілімнің бар байлығын бі­лу­ге, туған халқымның ғажап мінездерін бойыма сіңіруіме көмектесті. Кілең орыс тілді ортада өс­тім ғой Семейде. Күләш апай: "Әй, қыз, сен қа­зақ­шаңды дұрыста" деп қоятын. Қазақша тілімді жөндеуге радионың да көп жәрдемі тиді. Нұт­фолла, Қуандық, Мұқа­ға­ли­лардан ана сөздің де, мына сөздің де мағына­сын сұрап ала беретінмін. Жүсіпбек ағайдың тіпті мазасын алатынмын. Менің мына өмірдегі ең бақытты сәттерімнің бірі – Жүсіпбек ағайдың бір концерттен кейін: "Шы­ра­ғым, "Гауһартасты" тірілттің. Ризамын" деп көзіне жас алып тұрып бата бергені. Сол сәтте өзімнен өзім күбірлеп: "Жүсекеңнен бата алсаң онда әнші болғаның" дегенмін.

Мен концертпен бармаған аудан жоқ шығар деп ойлаймын Қазақстанда. Атақтың, орденнің бәрін сонда жүргенде алдым. Қазақстанның халық әртісі, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы, Еңбек Қызыл Ту ордені, Ленин ордені... бәрі бірінен кейін бірі келіп жатты. Ең бастысы – менің көп қырлы, көп сырлы әнші ретінде қалыптасуыма бар жағдай жасалды. Операда өзіңе тиген партиялардан басқа ештеңе айта алмайсың ғой. Филармониядағы жұмыс маған қазақ әндерінің бар сұлулығын, бар сыр­лы­лығын айқара ашуға мүмкіндік берді. "Баян­ауыл", "Бір бидай арпа", "Жалғыз арша", "Бір бала", "Илигай", "Шилі өзен", "Бурылтай", "Айнамкөз", "Гәкку", "Қазақ вальсі", "Қайық­та", "Тербеледі тың дала", "Қуанамын", "Жан сәулем"... Ой, санап тауысу мүмкін емес ғой.

Бір күні Шымкентке гастрольге бардық. Паркте, ашық эстрадада концерт бердік. Күн күйіп тұр. Алдымда ән айтып шыққан Бақыт Әшімова маған келіп, "Мен зорға шыдадым, сен күліп жіберме, алдыңғы жақта бір божбан қарап отыр, жай отырмай, графинмен су ішіп отыр..." деп ескертіп кетті. Кезегім келіп, сахнаға шығысымен-ақ бірден жаңағы кісіге көзім түсті. Нағыз божбан қара. Әбден терлеген. Әнде шаруасы жоқ. Ауық-ауық графиннің аузынан су ішіп қояды. Бір кезде Бақыт көргеннен де асырып жіберді: жаңағы графиндегі суын енді басына құя бастады... Бұған шыдау қиын еді. Әнімнен жаңылып, тіпті күліп жібердім.

Опера театрында мен алғашқы жылдардың өзінде "Қыз Жібектегі" Жібекті, "Алпамыстағы" Гүлбаршынды, "Еңлік Кебектегі" Еңлікті, "Риголлеттодағы" Джильданы, "Травиатадағы" Виолеттоны, "Дон Жуандағы" Церлинаны сахнаға шығардым.

Біз мына тәуелсіз­дік­тің қасиетін, бүгінгі өміріміздің қадірін білуі­міз керек.

Сахнадан "Бұлбұлды" айтудан қалған күні кетемін.

(Материал Бибігүл Төлегенованың Сауытбек Абдрахмановқа ("Егемен Қазақстан", 20.03.2010) берген сұхбаты негізінде әзірленді)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға