Жаңалықтар

Беймәлім Алаш: Алаштықтардың бізге белгісіз қыр-сыры

Беймәлім Алаш: Алаштықтардың бізге белгісіз қыр-сыры
Фото: Жеке мұрағат 07.12.2023 18:00 4880

Алаштанушы ғалымдар ұлттық рухани болмысымызды, ұлттық идеологияны қалыптастыру жолында Алаштықтар идеясын темірқазық жұлдызындай жолбасшы етіп алуымыз қажет екенін айтады. Мәселен алаштанушы ғалым, «Алаш» зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахманның айтуынша, алаштықтардың қазақ қоғамы үшін ашылмаған қыр-сыры әлі де бар екен. Тәуелсіздік алғалы бері Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері туралы зерттеліп келе жатқанымен, әлі де зерттейтін, зерделейтін көмескі тарихымыз көп.

- Сол кездегі саяси элита өкілдері Ұлттық автономия құруға қарсы болды, алаштықтар идеясымен олар келіспеді дейтін тарихшылар мен зерттеушілер бар. Сәкен Сейфуллин, Көлбай Тоғысов сияқты ұлт зиялылары Алаш тұлғаларымен қырғи-қабақ болды ма? Олардың арасындағы талас-тартысқа не себеп болды?

- Мұрат ортақ болғанымен, оған жету жолын әркім өзінше жорыды. Әлихан Бөкейхан бастаған қалың топ ұлттық-демократиялық бағытқа ден қойды. Алаш партиясын құрып, Алаш автономиясын тіктеді. Ал Көлбай Тоғысов, Мұқан Әйтпенов деген азаматтар социал боламыз деп өзінше бөлек жол тапты. Алашқа қарсылықтан большевик болып кетті. Оған Нұрғали Құлжан қосылды. «Тіршілік» газетін шығарған Сәкен Сейфулиндер социалшыл болса да Көлбайды жақтырмай, отау шығып ол кетті. Түркістан жақта Серәлі Лапин, Оралда Бақытжан Қаратай секілді тұлғалар Алашқа қарсы болып, саясат көрігін қыздырды. Өскеменде Әміре Айтбақин деген дәрігер болды. Оқыған, көзі қарақты адам. Сөйте тұра, Әлихан Бөкейхан көтерген «бостандық», «теңдік» ұранына теріс қарап, жеке автономияға қарсы шықты. Дербес ел бола алмаймыз деді. Осы тектес саяси ұстанымға қоса, жеке пендешілік те қабаттасып кеткен қатпары қалың қайшылықтар өмір сүрді о заманда. Мұны сол дәуірдің тарихи фонымен бағалау керек.

- Алаш қайраткерлері құрғысы келген ұлттық мемлекет қандай еді? Сол туралы айтып беріңізші...

- Алаш зиялылары құрғысы келген мемлекет ең әуелі теңдікке, әділдікке негізделген мемлекет. Оны мынадан анық байқауға болады: 1917 жылы желтоқсанда Алашорда төрағалығына сайлау өтеді. Шараға үш адам: Әлихан Бөкейхан, Айдархан Тұрлыбай және Бақтыкерей Құлман түседі. Үшеуі де салмағы бар ірі, кесек тұлға. Нәтижесінде Әлихан басым дауыспен жеңеді. 1917 жылға дейін саяси көсемдігімен, топ бастайтын серкелігімен танылған Әлихан Бөкейхан сайлаусыз-ақ жол аша алар еді. Алайда әділеттің ақ жолынан адаспай, демократиялық ұстында сайлаумен келді. Топ алдында сыналудан қашпады. Енді мына парадоксты қараңыз, Кеңес үкіметі ыдырап, жаңа мемлекетке басшы болу таңдауы туған бертінгі заманда бұл әділдік сақталды ма?.. Демек біз ғасыр бұрынғы деңгейден кері шегініп кеттік.
Екінші бір мысалды 1911 жылы жазылған «Қазақ елінің уставынан» көреміз. Алғашқы Ата Заң деп бағаланатын бұл құжат 4 тарау, 28 баптан тұрады. Соның бірінші тарауының бірінші бабы: «Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел», – деп жазылған. Алаш арыстары халық билейтін демократиялы ел құруды мақсат тұтты. Және қазақи ерекшеліктері болғанын көздеді. Жерді сатуға қарсы тұрып, президенттің билігін екі реттен асырмайтындай етіп шектеді. Бұл өрелі ұстанымға біз 100 жылдан кейінгі қазіргі күнде де жете алмай отырған жоқпыз ба!? Сондықтан бүгінгі таңда біздің мемлекет құрудағы тағанымыз осы Алаш жолы болу керек.

- Әлихан, Ахмет, Міржақып, тұлғасы көпшілікке кеңінен танымал. Аттары беймәлім тағы қандай Алаш зиялылары бар? Олардың ұзын саны неше?

- Біз аттарын білмейтін тұлғалар өте көп. Қазір Алаш қозғалысына қатысқан, жақтас болған үш мыңның үстінде алаштықтың есімі анықталып отыр. Ал біздің қоғам осы 3000 адамнан қаншасын таниды? Алаш қозғалысының бастауы саналатын 14500 адам қол қойған тарихи құзырхат бар. Оған кімдер қол қойды? Немесе Ахмет Байтқұрсынұлы басқарған Білім комиссиясының ықпалымен 1922-1928 жылдары 490 кітап жарық көрді. Бұл нендей кітап және оны кімдер жазды? Жапон жансызы деп атылып кеткен 25 000 адам тағы кім? Осындай жауабы жоқ сұрақтар өте көп бізде. Ал Израил астанасында Холокост кезінде қаза тапқан еурейлердің мемориалдық қабырғасы бар, онда өлген адамдардың түгел дерлік тізімі жазылған. Украина да 1932 жылғы аштықты геноцид ретінде жариялап, әлемдік қауымдастықта мойындатты. Тура сол аштық бізді де шарпыды. Бірақ біз геноцид ретінде жариялай алмай отырмыз. Тіпті әлемге мойындатуды айтпағанда, қолымызда қай болыстан кімдер көз жұмды деген де тізім жоқ. «Өткеннен өнеге алмаған болашағын болжай алмайды» деген ұлы сөз бар. Қалай болғанда да бұл ақтаңдақтар анықталып, қоғам санасы жаңғыруы керек. Отарсыздану осылай ғана жүзеге асады.

- Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған алаштықтардың өз жанын аман алып қалатын мүмкіндіктері болды ма?

- Негізі аман қалуға, басын арашалап алуға мүмкіндіктері болды. Саналы түрде бас тартқан азаматтар. Олар Кеңес Үкіметі жағына шығып, ымырамен жұмыс істегеннен кейін жүзден астам оқулықтар жазылды. Химия, астрономия, математика сияқты оқулықтар жазды. Олар қазақтың ғылымын осындай деңгейге көтерді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға