Жаңалықтар

Бетпақдала аңызы

Бетпақдала аңызы туралы көп естиміз, бірақ «Бабалар сөзіндегі» мына қызықты оқиға да оқуға тұрарлықтай.
22.10.2015 07:13 24285

Бетпақдала аңызы туралы көп естиміз, бірақ «Бабалар сөзіндегі» мына қызықты оқиға да оқуға тұрарлықтай.

Бетпақдала аңызы

Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде жоңғар әскерлері бас қосып жиналып, қазақ жерін толық жаулап алу үшін жорыққа шығады. Көптеген күндер бойына сапар шеккен әскерлер қарсылық көрсететін қалың қосын кездесе қоймапты. Бірте-бірте қажыған жау жасақтары ас-су таба алмай қиналыпты.

Өздерінше мәслихат құрған олар он мың жасақты арнайы аттандырып, қалғандары қос тігіп, кең өлкеге жайғасыпты. Арада айдан астам уақыт өткенде сол қосыннан екі-ақ адам қайтып оралыпты. Қалмақтың батыры: «Қазақ жасақтарына кезігіп, осындай күйге душар болдыңдар ма?» дегенде, жаңағы екеуі былай депті: «Біз ешқандай жасақ кездестіргеніміз жоқ, бірақ бір ен далаға түсіп, оның шеті мен шегін таба алмай ішерге су, жерге тамақ болмай, аштықтан-шөлден екеумізден басқасы майып болды», - деп жауап беріпті.  

Осы әңгімені естіген қалмақ батыры бір мергеніне бес жүз жасақты қосып беріп, жаңағы екі адамды алдарына салып, өлгендерді көріп келіңдер деп жібереді. Қосын даланы тапқанымен өлген адамдарды кездестіре алмайды.

Сөйтсе, қырылған әскердің үстінен құм басып тастаған екен. Қайтып келген жаңағылар қалмақтың батырына: «Өзі құм дала екен, өзі жазық екен, өзі бетпақ екен. Қырылған әскерлерді көре алмадық», - дейді. Содан бері жаңағы өлке «Бетпақдала» атанып кетіпті.

(Бабалар сөзі)

Бетпақдала туралы дерек:

Батыстан шығысқа қарай 500 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 км аумаққа созылған. Ауданы 75 мың шаршы шақырым шамасында. Бетпақдала үстіртті шөлінің орташа абсолюттік биіктігі 300-350 м. Абсолюттік биіктігі 200-300 метрдей болатын көлемді оңтүстік-батыс бөлігі жазық, ал абсолюттік биіктігі 400-700 метрдей солтүстік-шығыс бөлігі қыратты.

Шу өзенінің терістігі мен Сарыарқаның арасында жатқан тылсым даланы халқымыз ертеден-ақ Бетпақтың даласы деп келген: жазы ыстық, қысы қатал сусыз, табиғаты өмір сүруге қолайсыз болғандықта да Бетпақтың даласы атанғандығы өзінен-өзі белгілі сияқты. Қазақта "бетпақ" деген байырғы сөз бар. Оның мағынасы бетсіздік. Ұятсыз, бетсіз адамды, әсіресе әйелді, ауылды жерде күні бүгінге дейін "бетпақ" деп ұрысады. Мұның арғы негізі "бет" және "бақ" деген екі сөзден құралады. "Бет" - кәдімгі бет, "бақ" - бағу, қаару. "Бетпақ" деген сөз "бет бақтырмайтын ұрысқақ" немесе "бет қаратпайтын суық, бет қаратпайтын ыстық" деген ұғымнан болуы керек. Өйткені, Бетпақтың төңірегін мекендеген елді сан ғасыр бойына бет бақтырмай, ішіне кіргізбей келгендігі рас. Дегенмен көшпелі халық өзі өмір сүрген ортаның табиғатын терең үйреніп оны шаруашылық мақсатына пайдаланған. Бетпақтың даласы бір қарағанда шөпсіз шетсіз қу дала болып көрінгенмен онда өсетін майда от малға жағымды. Бетпақта жайылған малдың еті өте дәмді, әрі "шыны" болып, майлы етті көп жей алмайтын болған. Бетпақта өсетін шөптердің негізгі түрлері саған, ебелек, боз жусан, майда қара жусан, май жапырақ, теріскен, қырықбуын, күйреуік, бүйірқұм, жауқазын, шытыр, ноқатек. Ноқатекке малды өте сақтықпен жайған. Өйткені ноқатекті көп жеген мал жарылып кететін болған.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға