Жаңалықтар

Берік Әбдіғали: Бүгінгі таңда жалпыұлттық екі жүзге жуық, өңірлік бес жүзге жуық қасиетті жерлер тізімі жасалды

Берік Әбдіғали: Бүгінгі таңда жалпыұлттық екі жүзге жуық, өңірлік бес жүзге жуық қасиетті жерлер тізімі жасалды
14.06.2019 14:52 5245

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу туралы тапсырмасына орай «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен еді.

Біз де осы жоба аясында орталықтың жетекшісі, тарихшы Берік Әбдіғалимен сұхбаттастық.

— Берік аға, «Сакралды Қазақстан» ба, «Киелі Қазақстан» ба? Әр жерде әртүрлі аталып жүрген сияқты.

— Ресми түрде «Қасиетті Қазақстан» деп аталады. Бастапқы кезде ауызекі тілде сакралды делініп, аралас айтылып кеткен ғой. Негізі қасиетті, яғни, «Қасиетті Қазақстан» деген дұрыс.

Жалпы сакралды деген сөз әулиелі, киелі деген ұғымды білдіреді ғой. Бір кездері діни сөздерге қатысты айтылған, дәлірек айтқанда, құдайға байланысты қолданылатын болған. Кейін ол ғылыми термин болып қалыптасты.

Сакралды (ағылшынша sacral және латынша sacrum – қасиетті, құдайға қаратылып айтылады) сөзі – кең мағынада – құдайға, дінге, көкке, тылсым дүниеге, мистикаға, әдеттегі заттардан ерекшеленетін заттарға, кейбір ұғымдарға, құбылыстарға қатысы бар.

Қазақша киелі, қасиетті, қастерлі, әулиелі, әруақты деп тізбектеліп кетеді. Қазақ елінің киелі жерлеріне тоқталған соң, оның үстіне қазақ киелі деген сөзді әр нәрсеге қолдана бермейтін халықпыз ғой, қасиетті дұрыс болады деген тоқтамға келдік. Сонымен қатар жобада тек қана бір дінге, салт-дәстүрге ғана емес, сонымен қоса қазіргі ескерткіштерге, басқа ұлттың, діннің ескерткіштеріне, тарихына байланысты жерлер бар болғандықтан, жалпыға саятын ортақ ұғымды алдық.

Қасиетті жерлер географиясы қасиетті, киелі, қастерлі, сондай-ақ қасіретті жерлерді қамтыды. Бұл арада түсінікті болу үшін айта кететін тұс – қасіретті жерге тарихымыздан белгілі отызыншы жылдардағы зұлматқа байланысты ескерткіштер және осы сияқты басқа да ескерткіш жатады.

Жобаның арқасында халық Қазақстандағы қасиетті жерлерді толық білетін болады. Оның тарихымен танысады. Барып көруге деген қызығушылығы туындайды. Әркім туған жердің тарихына, белгілі бір нысанға байланысты мәліметтермен қамтылады.

1505962543_article_b.jpeg

Фото: egemen.kz

— «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы 2017 жылы бастау алғаны белгілі. Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

— Елбасының бастамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды және аталған жылы 15 мамырдан жұмысын бастады. Мақсаты – Қазақстандағы қасиетті тарихи жерлерді, нысандарды, орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру, жалпыға насихаттау.

Ал енді айтылған жобаны күтілген деңгейде сапалы атқару үшін орталықта ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды. Құрамына жергілікті өлкетанушылар, этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері кірді. Өңірлерде де облыстық мәдениет басқармаларының төңірегінде жұмыс топтарын құрдық.

Кеңес ең алдымен әдістемелік нұсқау дайындауға кірісті. Ол өңірлердегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың жолын айқындау үшін әзірленді. Яғни, әдістемелікте қай жерлерді киелі, қасиетті деп айта аламыз, оны қалай анықтаймыз деген сұрақтарға жауап қарастырылды. Бұл жөнінде өзара пікір алмасып, ақылдастық.

Әдістемелік нұсқау өңірлерге таратылып, құрылған топтар ақпарат жинады. Бұл тұрғыда алдымызда бірнеше жол тұрды. Біздің бірінші кезекте ұстанғанымыз ғылыми жол болған жоқ, өйткені ғылымның түсінігі бөлектеу. Біз халыққа сүйендік – халық бұрыннан киелі деп жүрген жерлерді, күні бүгінге дейін толассыз баратын орындарын, оның басына түнеп, ем-шара жасап жүрген жерлерді түгендедік. Оның тарихымен, аңыз-әпсаналарымен, шығу тегімен таныстық. Заман өзгерсе де, мемлекет өзгерсе де, өңірлердегі тарихи орындар өзгермейді қашанда.

Халық өзі әулие деп таныған жерлердің қасиеті неде екеніне ғылым жауап бере алмайды. Мысалы, халықтың өзі күшіне, қасиетіне, әулиелігіне сенетін бір тас, бұлағы болады. Өздері соның басына барып қонады, Алладан, әруақтан тілек тілейді. Әрі сол тілектері қабыл болып жатады. Ол қалай қабыл болып жатқанын біз де, ғылым да түсіндіре алмайды. Мысалға, бір әйел құрсақ көтере алмай, дәрігерлер үмітсіз қалдырған. Ол болса әулиелі жерге түнеп, дұға келтіріп еді, тілегі орындалды. Бір жағынан мистика сияқты. Бірақ қазақта бұл қалыптасқан дәстүр және ақиқатқа саятын дәстүр.

Ғылымда энергетикалық, яғни, энергетикасы өте жоғары жерлер деген ұғым бар. Оның өзін нақты дәлелмен түсіндіре алмайды, бірақ ондай жерлер бар екенін жоққа шығармайды.

Энергетикалық жерлер – бұл жоғары немесе кейде азғантай маңызды энергетикалық өрістерге ие географиялық аймақтар. Бұндай жерлер бүкіл әлемде бар. Мысалы, бүкіл мұсылман қажылаққа баратын киелі жер – Мекке сондай энергетикасы өте жоғары жерге жатады. Сол сияқты әрбір діннің, қоғамның, ұлттың, әр адамның өзіне тиесілі киелі жерлері болады. Жекелеген адамдар ата-бабасын, тұрған ауылын немесе өзінің балалық шағында есінде қалған жерлерді қасиетті деп қабылдайды. Бұл туралы француз тарихшысы, ғалым Пьер Нора өзінің «Места памяти» деген монументалды еңбегінде атап көрсеткен. Ол философия, психология, мәдениеттану аясында пайда болған ұғымдар.

Археологтардың, географтардың, саясаттың, әлеуметтанудың әрқайсысына тән өзінің ұғымы болады. Тіпті қоғамға ықпал ететін саяси нысан, жерлер бар. Кейде қолдан жасап та алады. Кеңес заманында Ленин жатқан кесенені киелі деп білді. Мәскеуге барғандар кесененің жанынан өтпей кетпейтін. Міне, үкімет пен партия қанша дінді жоққа шығарса да, бәрібір өздеріне сондай сакралды орынды ашып алды.

Қазіргі уақытта біз Астана-Бәйтерек, Қазақ елі монументі, Мәңгілік Ел салтанатты аркасын қасиетті жер деп танып отырмыз. Біз үшін олар құнды. Аталған нысандар ел тәуелсіздігінің нышаны, белгісі. Маңыздылығы – оқиғалық мәнінде.

41.jpg

Фото: astana. citypass.kz

Қасиетті жерлердің тарихи көнелігі, ғимараттың архитектурасының керемет болуы, әйтеуір қандай да бір құндылығы бар болғандығы емес, мәндік үлесінде. Мақсатымыздың тағы бір бағыты – имандылықты, адамгершілікті, елге қызмет еткен, елдің бірлігі мен тұтастығы үшін күрескен, тарихымыздағы ұлт мақтаныштарын, күрескерлерімізді насихаттау. Қоғамға, мемлекетімізге елеулі еңбек еткен тұлғалардың жатқан жері, ұлтымызға әсер еткен жерлерді таныту. Тарихи шайқастарды да қостық – Бұланты, Аңырақай, Орбұлақ.

189.jpg

Фото: e-history.kz

1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандарын да сырт қалдырмадық. Алаш арыстарын, батырларымызды барынша қосып шықтық. Бұл алдымен батырлық, ержүрек рухымызды насихаттау үшін маңызды. Үлгі болсын, жас ұрпақ білсін, келер ұрпаққа аманат болсын деген ниетпен хан, билерімізді бірінші кезекте қарастырдық. Сонымен қатар өте көне заманнан келе жатқан археологиялық ескерткіштер, тасқа салынған суреттер бар тізімде. Ұмытылуға шақ қалған қасиетті нысандар – Берел, Есік қорымы мен Алтын адам бар. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес, энциклопедиядан әбден танысуға болады.

1553514319_article_b.png

Фото: egemen.kz

— Жоба аясында ұйымдастырылған экспедиция туралы айта отырсаңыз.

— Бірінші экспедиция 2017 жылы өңірлерге шықты. Сапар барысын өңірлік комиссиямен, оның ішінде өлкентанушыларға сүйеніп жасадық. Тарихшылар, археологтар, жазушылар ғылыми мәліметтерді, өлкетанушылар халық арасындағы мәліметтерді жинап, саралады. Жиналған мәліметтерге сүйене отырып, міндетті түрде ғалымдардың, тарихшылардың, зерттеушілердің еңбектерін қарап шықтық. Бірінші – халық, екінші – ғылым: басты ұстаным. Қасиетті Қазақстан географиясына енетін нысандарды қағаз жүзінде пысықтадық. Барған жерлерімізде қосымша экспедицияларға барып, 2017 жылғы алғашқы тізімді мақұлдадық. Сондай-ақ карта жасау жұмысы мен ролик әзірлеу жұмыстары жалғасын тауып жатты.

Жалпы орталықтың міндеті – ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу. Негізгі жұмыстар өңірлерде жүрді. Әкімшіліктер, кәсіпкерлер атсалысып, абаттандыру жұмысын да ұйымдастырды.

Анықталған тізімдер бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Мектептерде, жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдарда насихатталуда. Туристер де барып жатыр. Министрліктер де өз тараптарынан тиісті жұмыстарды іске асыруда. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өлкетану» кітаптарын шығарды, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейнероликтер түсірді. Мақала да жазылып жатыр. Яғни, жобаның бастамасында орталық органдар атқарылатын жұмыстарды қолға алды, әрі қарай өңірлерде жалғасып жатыр.

— Энциклопедияға тоқтала кетсек...

— 2017 жылдан 2021 жылға дейін бес томдық энциклопедия шығаруды жоспарладық. Алфавиттік жүйеде Алматы, Астана қаласы, Алматы, Ақмола облыстарының қасиетті жерлері енгізілген энциклопедия шығарылды. Бұл энциклопедияның форматы бөлек, ол жерде тек тізім ретінде берілмеген. Қасиетті жерлерге қатысты аңыздар, әңгімелер, зерттеулер, жер-су аттары, ескерткіштер бар. Соның бәрі кеңінен тарқатылған.

009-1-3.jpg

Фото: apgazeta.kz

2018 жылы тағы да тізім бойынша Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары, Маңғыстау қамтылды. Энциклопедия өңірлерге таратылды. Негізінде біз энциклопедияны жазбаймыз, біз ғылыми жағынан жетекшілік еттік. Оны әр өңірдің өлкетанушылары өздері жазды. Үдерісінде жетекшілік етіп, талқылап, ақылдасып шығардық.

Биыл үшінші томы қолға алынды. Оған Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстары кіреді. Сөйтіп жыл арттырып, 2021 жылға дейін толық қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Бұнымен жұмыс аяқталмайды. Өңірлерде өздерінің жеке энциклопедиясын шығару көзделген.

Бұл іске шетелдік әріптестеріміз де атсалысып жатыр. Ресей, Қырғыз, Түркияда біздің нысандарды зерттеу жұмыстары қолға алынған. Мысалы, «Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени кешенін алып қарасақ, оның архитектурасы бірден көзге түседі. Ал енді оның қасиеттілігі неде деген сұрақты кеңінен ашуымыз керек. Ол бұрыннан келе жатқан бүкіл түркі әлеміне ортақ қасиетті нысан болып табылады.

27-v-foto.jpg

Фото: nationalgeographic.kz

Жалпы жұртшылық қасиеттілігін, киелілігін білетін беймәлім нысандарды насихаттауға көбірек мән беріп жатырмыз.

Өңірлердегі халықтың тағзым ететін, зиярат ететін жерлерін баршамыз біліп, ұлттық бірегейлікті асқақтату керек. Сол үшін де әркім өз облысындағы қасиетті жерлерді ғана біліп қана қоймай, басқа облыстарға тиесілі орындарды көргені дұрыс. Оны жоба аясындағы жұмыстар арқылы білуге болады.

Мысалға, Оралдағы Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты өте қасиетті жер. Сол сияқты Атырау, Ақтөбе, еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінде қасиетті жерлер бар. Барған кезде халық соны танитындай, білетіндей ортақ қасиетті жерлердің тізімі белгілі болуы керек. Жобаның діттегені сол.

IMG_1713.jpg

Фото: ibirzha.kz

Құндылықтарды насихаттау дегеніміз – қоғамды рухани құндылықты бағалай білуге ояту. Өкінішке орай қазіргі уақытта рухани құндылық екінші кезекте қалып барады, материалдық құндылықты бірінші орынға қоятын қоғам қалыптасты. Көпшілік баюды мақсат етеді. Рухани мүддені жат қылықтар басып кетті. Суицид, педофилия, жат ағымдағы дін деген етек алып барады. Бұл – рухани жұтаңдағанымыз.

Бұл жоба сырттан келіп жатқан жағымсыз дүниелерге төтеп беруге ықпалын тигізсе екен деген тілегім бар. Жат қылықтар дінді, басқаны жамылып келеді деп айтқанымдай, ол біздің дінді, дәстүрімізді, наным-сенімімізді жоққа шығарады. Жобаның көмегімен соған төтеп берсек екен. Өз басым жобаның басы-қасында жүргендегі мақсатым – рухани құндылыққа мән беру, жалпының назарын соған аударту. Әр нысанның қаншалықты керемет, көне дегеніне емес, оның біз үшін маңыздылығын анықтау.   

— Қасиетті жерге жүз нысан кірген екен...

— Бастапқыда шартты түрде жүз нысан тізімі жасалды. Бірақ оның ішіне бірнеше нысан кіреді. Мысалы, Маңғыстау жерасты мешіттері дейміз де, соның қасына қанша жер бар болса, соны тізіп шығамыз. Бүгінгі күнге жалпыұлттық екі жүзге жуық, өңірлік бес жүзге жуық қасиетті жерлер тізімін жасадық.

Тізім мақұлданды, енді бекіту үшін Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынды. Тізім бекітілген соң сондағы нысандар ресми түрде мемлекеттің қамқорлығына алынады. Төлқұжаты жасалады.

Қасиетті нысандар бес топқа бөлінді: бірінші, ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар. Екінші, археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған орта ғасырлық қалалар кіреді. Үшінші, діни және ғұрыптық орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және орта ғасырлардағы, сонымен бірге XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды. Төртінші, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың батырлары, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор жерлер. Бесінші, саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар. Қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары.

Кейбіріміз әулие бұлақ, әулие тал, әулие үңгір десе, оны мәдени ескерткіштерге жатады деп ұғынамыз. Олар табиғиға жатады.

— Биылғы жылы экспедицияға шықтыңыздар ма?

— Биылға әлі шыққан жоқпыз, бірақ өңірлер бойынша ұйымдастырылып жатыр. Бізде жоспарланып тұр. Білім және ғылым министрлігіндегі арнайы ғылыми кеңестен грантты ұттық, келесі жылы жүзеге асырмақшымыз.

Бұл экспедицияда ел аузындағы әңгімелердің негізінде халық киелі жерлерді қалай қабылдайтынын, неге оны қасиетті деп атайтынын зерттесек деп отырмыз. Жалпы қоғамда киелі жерлер туралы ойын анықтаймыз. Өйткені қасиетті жерлер жұртшылыққа ықпал етеді. Адам баласы ондай жерлерге үміттеніп барады.

Өкінішке орай бізде қазір қолдан жасалған жерлер де бар. Бірдеңені ойлап тауып, оны киелі етіп қояды. Ырымшыл халықты алдап, ақша жасайды. Бұндай жайт Жамбыл облысында, оңтүстік өңірінде кездесті. Көп болып сондайдың алдын алып, болдырмау керек. Шын мәнінде тарихы бар, маңызы бар қасиетті жерлерді халыққа жеткізіп, қолдан жасалғанға шектеу қоямыз.

— Берік аға, сізбен бүгін кездесіп, осы тақырыпта әңгіме өрбітіп отырғаныма разымын. Бұл қызықты тақырып, аталмыш жоба таптырмайтын, құнды есептеледі. Жастарға қызықты екеніне сенімім мол. Білікті мамандар осы жобаны бір жүйеге келтірсеңіздер, келер ұрпаққа үлкен танымдық дүние болып қалары сөзсіз. 

Ал енді бір сөзіңізде роликтер шығарылып жатыр дедіңіз. Негізі құлақпен мың рет естігенше, көзбен бір рет көргенге не жетсін. Бейнематериалдарды қайдан көруге болады?

— Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қырық шақты роликтер түсірілді. Әлеуметтік желілерде тарату үшін және көру үшін оңтайлы. Биыл да қолға алмақпыз. Одан бөлек телеарналарда бағдарламалар да шығып жатыр.

Біз көбірек әлеуметтік желілерге мән бермекшіміз. Бір минуттық роликте мазмұнды ақпарат орын алады. Әрі сол арқылы адамдардың қызығушылығын оятуды мақсат етеміз. Насихаттаудың басқа да формаларын іздеп, қарастырып жатырмыз. Бұған дейін түсірілген роликтерді әлеуметтік парақшалардан көруге болады.

— Еліміздің киелі жерлерінің арқасында туризмді дамытудың әлеуеті қандай?

— Әлем бойынша тауап етуге, қажылыққа бару туризмі дамыған. Бізде халық Түркістанға көп барады. Ол да өз алдына кішігірім қажылық. Маңғыстауға, Бекет атаға, Павлодардағы Мәшһүр-Жүсіпке, Қоңыр әулие үңгіріне де көптеп барып жатады. Алматы, Шығыс Қазақстан аймағында адам баратын жерлері жетерлік. Бұрыннан халық баратын жерлерді жергілікті әкімшілік қамқорлығына алған.

1483414120.jpeg

Фото: lada.kz

Кәсіпкерлер де сауап үшін қолдан келген көмектерін жасап жатыр. Ақырындап туризмнің дамуына үлесі қосылып келеді. Жалпы аяқ алысымыз қарқынды.

— Аталмыш жоба бес жыл мерзімге арналған ғой. Күтілетін нәтижесі қандай?

— Басты мақсатымыз қоғамға жеткізу, насихаттау болса, нәтижесінде білікті мамандардың көмегімен халық шынайы ақпаратпен қамтылады. Рухани құндылықтың өзектілігін ұғынады. Қасиетті деп танылған жерлерге бару жиілейді. Осыдан туған жерге деген сүйіспеншілік артып, патриотизм дамиды.

Өзіміз білетіндей, «Туған жер» бағдарламасы бар. Оның аясында қасиетті жерлер жобасы ауылға жасалған көмек болады. Қазір қала мен ауылдың арасы алшақтап кеткен сияқты. Әрбіріміз ауылға мүмкіндігімізше, қолымыздан келгенше көмектесуіміз керек. Материалдық көмек болмаса да, мектепке барып лекция оқып, ауылдастарға ас беріп, тіпті ауызашар ұйымдастырса да, қандай тамаша болар еді! Сондай-ақ балаларды ауылға жиірек апарып, қасиетті, киелі жерлерді көрсету керек. Қысқасы, ауылмен рухани байланыс, ұрпақ сабақтастығы үзілмеуі керек.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы былтырғы жылы «Қазақтану» жобасын бастаған болатын. Оның басы-қасында өзіңіз де жүрдіңіз. Осы жоба аясында әңгіме өрбітсек.

— Иә, дұрыс айтасыз, өзім қатысқанмын. «Қазақтану» өте тамаша жоба! Оның мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайтып, Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік ұстанымдарын дәріптеуге бағытталған.

Бұл жобаның негізгі идеялары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарих саласы бойынша жазылған еңбектерінде нақты көрсетілген.

Менің ойымша, қазақтану дегенде, қазақ ұлты бұл жобаны бірінші кезекте өзі білуі керек, өйткені жаһандану заманында қазақтардың өзі ежелден келе жатқан дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ұмытып бара жатқандай. Қазақстанда тұратын басқа ұлттарға жеткізу керек. Әрине бәрі бірден бола қоймайды. Бірақ ұлттар қазақ тілін жетік меңгеріп кетпесе де, қазақты тануы керек. Қазақтың тарихын, тағдырын, дінін, ділін білуі керек. Қазақты таныған сайын халқымыз бір-біріне жақындаса береді. Қазақтың болмысын таниды. Осының арқасында ынтымақ нығая түседі. Жалпы елдің тұрақтылығы мемлекеттің негізгі ұлтына байланысты.

Бұл жобаны халық арасында кеңінен насихаттау қажет. Болмысымызды мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен танытуымыз керек. Әсіресе өскелең ұрпаққа жеткізу үшін мектепте белсенді насихаттау керек. Бұл жобаны өз тарапымнан қолдаймын.

79e5c09d32fed1c436391842b96dc82c.jpg

Фото: assembly.kz

— Қазақстан көпұлтты мемлекет дейміз ғой. Этностарға арналған «қасиетті жерлер» тізіміне енген жерлер бар ма?

— Бұл жалпы жоба болғандықтан, барлық ескерткіштер ескерілді. Мысалға айтар болсам, Алматыда Вознесенск кафедралы шіркеуі, Солтүстік Қазақстандағы ХІХ ғасырдан бергі және Қызылордадағы шіркеулер енгізілді. Өңірлік тізімде де қасиетті жерлер бар, Жаркенттегі ұйғырлардың мешіті бар. Белгілі бір ұлт «мынау біз үшін қасиетті» десе, оған шектеу жасаған жоқпыз. Бірақ ондай жерлер көп емес.

20190428104946.jpg

Фото: inform.kz

Вознесенск кафедралы шіркеуі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізімінен табылғанына Алматыдағы діни қызметкерлер өздері таңданып, разы болып жүр дейді.

— Берік аға, әңгімеңізге рақмет, жобаның сәтті аяқталуына тілектеспіз!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға