Бензинмен жүретін көлік пе, әлде электрокар ма? Қазақстандықтар нені таңдайды

Бензинмен жүретін көлік пе, әлде электрокар ма? Қазақстандықтар нені таңдайды
Фото: AI көмегімен өңделді

Қазақстанда жеңіл автокөліктер арасында бензин – әлі де негізгі отын түрі.

Кейінгі жылдары электромобильдер саны артқанына қарамастан, бензинмен жүретін көліктердің үлесі де біртіндеп өсіп келеді.

2026 жылғы маусымдағы дерек бойынша, елде тіркелген жеңіл автокөліктердің 88 пайызы бензинмен жүреді. Energyprom.kz мәліметінше, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 87,7 пайыз болса, 2022 жылғы маусымда 86,7 пайыз болған.

Қазір Қазақстанда шамамен 5,1 млн жеңіл автокөлік тіркелген. Соның 4,4 млн-ға жуығы бензинмен жүреді.

Ал аралас отын пайдаланатын көліктер үлесі, керісінше, азайған. Төрт жыл ішінде олардың көрсеткіші 9,1 пайыздан 7,3 пайызға төмендеді. Дизельді көліктердің үлесі де 2 пайыздан 1,7 пайызға дейін қысқарған.

Электромобильдер саны артып келеді

Бензинді көліктер басым болғанымен, Қазақстанда электромобильдер саны жыл сайын көбейіп келеді. 2026 жылғы маусымда елде 25,3 мың электрокар тіркелген. Бір айдың өзінде олардың қатары тағы 620 көлікке толықты.

Дегенмен электр қуатымен жүретін машиналар әзірге елдегі жеңіл автокөліктердің небәрі 0,5 пайызын құрайды.

Электромобильдердің басым бөлігі Алматыда шоғырланған. Елдегі барлық электрокардың 63,2 пайызы осы қалада тіркелген. Алматыдағы жалпы жеңіл автокөлік паркінің 2,5 пайызын электрлі көліктер құрайды. Астанада бұл көрсеткіш – 0,7 пайыз, Шымкентте – 0,4 пайыз.

Электромобильдерге арналған инфрақұрылым да біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір Қазақстанда 642 қуаттау станциясы бар, оның 400-і Алматыда орналасқан.

Маңғыстауда жағдай өзгеше

Өңірлер арасында автокөлік паркінің құрылымы айтарлықтай ерекшеленеді. Соның ішінде Маңғыстау облысында бензинмен жүретін машиналардың үлесі небәрі 49,4 пайызды құрайды. Ал аралас отын пайдаланатын көліктер үлесі 47,6 пайызға жеткен.

Шығыс Қазақстан облысында, керісінше, бензинді көліктердің үлесі 94,1 пайызды құрайды. Абай облысында бұл көрсеткіш – 93,9 пайыз, Астанада – 92,8 пайыз.

Дизельді жеңіл көліктер аса көп емес екен. Олардың ең жоғары үлесі Алматыда тіркелген – 3,1 пайыз. Одан кейін Атырау облысы – 3 пайыз, Алматы облысы – 2,6 пайыз және Жетісу облысы – 2,4 пайыз.

Бензин бағасы бір жылда 15 пайыз өсті

Қазақстандағы көліктердің басым бөлігі бензинмен жүретіндіктен, жанармай бағасының өзгеруі миллиондаған жүргізушінің шығынына тікелей әсер етеді.

2026 жылғы шілдеде АИ-92 бензинінің бағасы былтырғы шілдемен салыстырғанда 15 пайыз өскен. Ал бір жыл бұрын оның жылдық қымбаттауы 5,9 пайыз болған.

Жоғары октанды бензин түрлері одан да жылдам қымбаттаған. АИ-95 және АИ-96 бағасы бір жыл ішінде 17 пайыз, АИ-98 – 13,8 пайыз өсті. Дизель отыны 10,5 пайыз қымбаттады.

Ал 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда баға өсімі біршама төмен. Биылғы шілдеге дейін АИ-92 – 4,5 пайызға, АИ-95 және АИ-96 – 4,8 пайызға, АИ-98 – 6,4 пайызға қымбаттаған. Дизель отынының бағасы 2,5 пайызға, автогаз 1 пайызға өсті. Электромобильдерді қуаттауға жұмсалатын электр энергиясының құны 2,3 пайызға артқан.

Тек шілде айының өзінде АИ-92 бағасы 1,7 пайызға, дизель отыны 1,1 пайызға өсті. АИ-98 – 0,7 пайызға, АИ-95 пен АИ-96 – 0,3 пайызға қымбаттаған. Автогаз бағасы небәрі 0,1 пайызға көтерілсе, электромобильдерді қуаттауға арналған электр энергиясының құны өзгермеген.

Осылайша, Қазақстанда бензин автокөліктер үшін негізгі отын түрі болып қала береді. Алайда бензин мен дизель бағасының газ бен электр энергиясына қарағанда жылдамырақ өсуі алдағы уақытта көлік таңдауда отын шығынының маңызын арттыруы мүмкін.

Оқи отырыңыз