Жаңалықтар

Белгілі сатирик Көпен Әмірбек өмірден өтті

Сатирик 72 жасында өмірден озды
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек өмірден өтті
Фото: informburo.kz 09.11.2022 18:11 8687

Танымал журналист, сықақшы Көпен Әмірбек дүниеден өтті. Бұл туралы "Қазақ радиосының" директоры Дулат Абибуллаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

"Белгілі сатирик, журналист, Қазақ радиосының ардагері Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақ радиосы ұжымы мен жеке өз атымнан марқұмның бауырлары мен жақындарына және туыстарына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды ол.

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, "Правда" баспасынан шыққан "Надейся и жди", "Крохотные звезды" атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған.

Саяси сатиралық "Ара-Шмель" журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактор, ғылыми-техникалық "Білім және еңбек" журналында жауапты хатшы, "Қазақ әдебиеті" газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, "Егемен Қазақстан" газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеді. 

Көпен Әмірбек "Қымызхана", "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ, өзі құрған "Көпен келе жатыр!..." атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған. Оның "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары бар.

Бұған дейін сайтымызда Көпен Әмірбекті көптен ерекшелейтін қасиеттері туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға