Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов Қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Барлық мән-жай тергеу аясында анықталады. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында.
Премьер-министр бұл жағдай «Самұрық-Қазына» қорының бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз болмауы керегін атап өтті.
«Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», – деді Олжас Бектенов.
Оның мәлімдеуінше, Қорға қарасты барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Даму стратегиясы өзгермейді, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
Сондай-ақ инвесторлар, кредиторлар, банктер мен халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақытылы әрі толық көлемде орындалады.
Бектенов орын алған жағдай корпоративтік басқаруды нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап ететінін айтты.
Осыған байланысты Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейту жоспарланып отыр. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, жетілдіріледі.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мүдделер қақтығысын анықтау, шешім қабылдау процесінің ашықтығын арттыру және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту мәселелеріне басымдық беріледі.
Премьер-министрдің сөзінше, басты мақсат – жекелеген құқық бұзушылықтарға ден қою ғана емес, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
Үкімет Қордың стратегиялық бағыты өзгеріссіз қалатынын және Қазақстанның халықаралық инвестициялық әрі қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала беретінін растады.