Жаңалықтар

Баспасөз беттеріндегі жаңа сөздердің қолданылу аясы

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы әрбір ақпарат қоғамдық санаға әсер етуге бағытталуы тиіс
Баспасөз беттеріндегі жаңа сөздердің қолданылу аясы
10.09.2017 17:51 6692

Қандай да бір қоғамдық өмірде тілдік құралдарды пайдаланудың әлеуметтік ерекшелігі мол. Тіл дамуының заңдылықтарын анықтау үшін қоғам мүшелерінің коммуникативтік қажеттіліктерін айқындап, қоғам дамуын бейнелейтін тілдік бірліктерін мәнін түсіне білу қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы әрбір ақпарат қоғамдық санаға әсер етуге бағытталуы тиіс. Сондықтан коммуникативтік актіге қатысушылар бір-бірін толық түсіну үшін ақпараттың мәнділігін тең дірежеде ұғыну қажет. Яғни тілдің функционалдық жағын зерттеу кезінде оның қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамумен тығыс байланыстылығына баса назар аударған дұрыс. БАҚ-тың негізгі функцияларына ақпараттық функциясын жатқызамыз. Яғни, әртүрлі факт, уақиға жөнінде хабар беру, факт, уақиғаны баяндай отырып оған түсінік (комментарий) беру; факт, уақиғаға баға беру сияқты мәтіндедегі жаңа қолданыстар талданды. Танымдық және ағартушылық функция – мәдени, тарихи, ғылыми ақпарат беру арқылы БАҚ өзінің оқырмандарының, тыңдармандарының және көрермендерінің білім қорын байыптады, осымен байланысты ғылым, ағарту, тарих, мәдениет тақырыбындағы кейбір хабар, жарияланымдардың мәтіні жаңа сөздердің нормалану тұрғысынан қарастырылды. Ықпал ету фунциясы – оқырман, тыңдарман, көрермендердің іс-қимылына, түсінігіне ықпал, әсер етеді. Тілдің коммуникация қызметімен байланысты тіл білімінде коммуникативтік-прагматикалық бағыт дамыды. Коммуникациямен прагматика тіл бірліктерінің қолданыс үстіндегі қызметін қарастырады. Прагмалингвистика тіл бірліктерінің әсер етуі әртүрлі мақсатта жұмсалу мүмкіндігін, шегін анықтауға ұмтылады. Сондықтан да уәжі бар сәтті қолданыстағы жаңа сөз бірліктері де зерттеуде прагматикалық мақсатта жұмсалуларына қарай топтастырылып көрсетілді.

Қазақ тілінің лексикалық қоры қазіргі кезеңде жаңа қолданыстармен толығу үстінде. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкес тілімізде инвестор, ұялы байланыс, лимит, супермаркет, несие, өркениет, интернет, меценат, тірі тауар, ипотека т.б. тәрізді атаулар белсенді қолданыла бастады. Мысалы, «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің 2005 жылғы 16 сәуірдегі нөміріндегі мақалада: «Қаладағы іргелі дүкендерді тексеру барысында анықталған тағы бір нәрсе, ол – супермаркеттерде мамандығы тауартанушы адамның жоқтығы» делінсе, аталмыш жылдың 5 мамырында «Жас Алаш» басылымында жарық көрген мақалада: «Интернет бағасының өзгеруі компанияның интернетті элиталық бағыттан жалпыхалықтық қызмет түріне айналдырып жатқанын дәлелдейді» деген жолдар кездеседі. Сондай-ақ:

«Қазіргі талқылау барысында тағы да сол лимиттерге қаржы басымырақ бөліну керек дегенді ұсынып отырғандар жеткілікті» (Айқын 16.04.05), «...конвенцияға қол қойған Қазақстаннан «тірі тауарды» шетелге шығарумен айналысатындар 1998 жылдың 17 желтоқсанынан бері қолданысқа енген «Неке және отбасы»заңын көлденең тартады» (ЖА 2.06.05), «Инвесторлар Бішкекте қырғыздардың ең ірі ұялы жүйесінің сатылымы келісіміне қол қойға соң, «өз қызметтерін осы аймақта ұзақ мерзімге ары қарай жылғастыра беретіндіктерін айтты» (Айқын 16.04.05) деген сөйлемдерден мұндай қолданыстардың белсенді коммуникативтік қызметін айқын аңғарамыз.

Қазіргі кезде ғылым өз дамуының жоғарғы сатыларына көтерілген. Оның дамуын айқындайтын негізгі принциптердің бірі – публицистикалық стиль. Қазақ тіліндегі баспасөздердің стильдік ерекшеліктері туралы сөз қозғағанда көңіл аударарлық нәрсе – аударма мәселесі. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге ерекше мән беріп келеді. Мысалы, аудиторияны – дәрісхана, компенсацияны – өтемақы, пенсияны – зейнетақы, денежное пособиені – жәрдемақы, премия – сыйлықақы, письменный памятникті – жәдігер, архивті – мұрағат, музейді – мұражай, путевканы – жолқағаз, квитанцияны – түбіртек қағаз деп қолданып жүр. Дегенмен кейбір тұстарда анықтап алатын жәйттер де кездеседі. Қазақ тілінің лексикалық қорында бұрыннан нормааға сай қолданылып жүрген құрт ауру деген атпен белгілі аурудың атауы қоғамдық сананың барлығына түсінікті болғанымен туберкулез деп ғылыми түрдегі атаумен берілетін жағдайлар кездеседі. Мысалы, ондағы туберкулезбен ауыратындардың саны 12 пайызы қысқарды делінгенімен, проблема әлі жетерлік (Айқын 16.04.05). Егер автор контексте ғылыми тұрғыдағы атауын да көрсетіп кеткен дұрыс секілді. Мысалы, Өйткені оны зертханалық тексеру барысында жылауық құрт (эхинококк) табылды (Айқын 16.04.05) деген сөйлемнен осындай принципті аңғаруға болады. Сондай-ақ тілдік қолданыста жиі кездесетін глобализация терминінің қазақша аудармасы да әртүрлі вариантта қолданылып жүр. Өйткені, глобализация (ғаламдастыру) дегеннің беті қатты қауіпті («Дала мен Қала». 27.05.05) деген сөйлемде бұл терминді ғаламдастыру деген атаудың баламасы ретінде берсе, қазақ тілінде жаһандану, жаһандандыру тәрізді баламалары да кездеседі.

Қорыта келгенде, егемендік жылдардан бастап баспасөзімізге еніп кеткен жаңа сөздерді тіл мамандары да, журналистер қауымы да жатсынбайтынын жоғарыда келтірілген мысалдардан-ақ оңай байқауға болады. Ал, БАҚ аясында қолданылған сөздердің халыққа сіңіп кетуі уақыттың еншісіндегі дүние.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға