«Бәрі сияқты болғым келмейді»: 60 жаста ерекше стилімен көзге түскен Шолпан Бадалиева

«Бәрі сияқты болғым келмейді»: 60 жаста ерекше стилімен көзге түскен Шолпан Бадалиева
Фото: El.kz коллажы

Шолпан Бадалиева ашық түсті киімдері, ерекше бас киімдері мен әшекейлері арқылы бірден көзге түседі. Бүгінде 60 жастағы Шолпанды әлеуметтік желідегі оқырмандары да осы стилі арқылы таниды. Алайда оның мамандығы сәнмен байланысты емес. Ол заңгер мамандығын меңгеріп, кейін ұстаздық еткен, жылжымайтын мүлік саласында да жұмыс істеген. Кейін астрологияға қызыға бастаған. Кейіпкеріміз El.kz тілшісіне ерекше стилінің қалай қалыптасқанын айтып берді.

Әкесінің қалауымен заңгер болды

Шолпан Бадалиева Түркістан облысындағы Шолаққорған ауылында туып-өскен. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, білім ордасын алтын медальмен аяқтаған.

Бітіру кешіне де ерекше дайындалып, сол күнге арнайы көгілдір шифон көйлек тіктірген. Алайда дәл сол кезде әпкесінің баласы ауырып қалып, оған көмектесу үшін басқа қалаға кетуге тура келеді. Осылайша көптен күткен кешіне қатыса алмай қалады.

Ол кезде қатты өкпеледім. Кешті ерекше күткен едім. Бірақ жылдар өте келе отбасы мен үшін әрқашан бірінші орында болғанын түсіндім. Бәлкім, өмір маған ненің маңызды екенін сол кезден-ақ көрсеткен шығар, – дейді ол.

Мектептен кейін Шолпан әкесінің қалауымен заңгер мамандығын таңдайды. Әкесі қызының болашақта сот болғанын қалаған.

Ол сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) заң факультетіне түседі. Үшінші курста оқып жүргенде-ақ арбитраждық сотта жұмыс істей бастаған.

Әкем менің сот болғанымды қалады. Мен де оның арманын орындағым келді. Үшінші курста жұмыс істеп, алғаш рет өз еңбегіммен ақша таптым. Қаржылай ешкімге тәуелді емес екеніңді сезіну мен үшін үлкен жетістік еді, – дейді Шолпан.

Университетті аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады. Бірақ кейін басқа салаларға да бет бұрған. Бес жыл жоғары оқу орнында сабақ беріп, одан соң жылжымайтын мүлік саласында еңбек етеді.

Ұстаздық еткен жылдары адамдармен жұмыс істеудің өзіне жақын екенін түсінген.

Сабақ бергенді жақсы көрдім. Білгеніңді басқа адамға түсіндіріп, оның нәтижесін көрген ұнайтын. Адамның дамып, өзіне сенімді бола бастағанын байқағанда қуанатынмын, – дейді ол.

Ал жылжымайтын мүлік саласы оған келіссөз жүргізуді, түрлі адаммен тіл табысуды, олардың сұранысын түсінуді үйреткен.

Астрологияға қызығушылығы қалай басталды?

Бірнеше салада өзін сынап көрген Шолпан кейін астрологияға қызыға бастайды. Оған адамдардың мінезі неге әртүрлі болатыны, бір адамның қалауы мен өмірге көзқарасы екіншісіне неге ұқсамайтыны қызық болған.

Алғашында мұның бәрі жай ғана қызығушылықтан басталған. Кейін осы бағытта көп оқып, зерттей келе өзіне де басқа қырынан қарай бастағанын айтады.

Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан
Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан

Мен үшін астрология болашақты болжап беру емес. Керісінше, өзімді түсінуге көмектескен бағыт болды. «Мен кіммін?», «шын мәнінде не қалаймын?», «неге біреудің түсінігіне сай болуым керек?» деген сұрақтарды өзіме жиі қоя бастадым, – дейді Шолпан.

Осы ізденіс оның киінуіне де әсер еткен. Бұрын тым ашық көрінетін түстерді гардеробына қосып, киімдерін түрлі аксессуарлармен үйлестіре бастайды. Фуксия, қанық жасыл, көк, қызғылт түстер, шляпа мен кепка, ерекше әшекейлер мен сөмкелер біртіндеп оның стиліне айналған.

«Бәрі сияқты болғым келмейді»

Қазір Шолпан киім таңдағанда жасына емес, өз қалауына қарайды. Бір күні жасыл киіммен шықса, ертеңіне фуксияны таңдауы мүмкін. Оған өзгелердің «60 жаста бұлай киінуге бола ма?» деген пікірі де кедергі емес.

Бәрі сияқты болғым келмейді. Киіну мәнерімнің өзіндік ерекшелігі болғанын қалаймын. Бүгін ашық жасыл кисем, ертең фуксияны, одан кейін қанық көк түсті таңдауым мүмкін. Мұны біреуге ұнау үшін емес, өзіме ұнайтындықтан киемін. Ең бастысы – өзімді сол киімде жақсы сезіну, – дейді ол.

Шолпан үшін стиль қымбат киіммен немесе белгілі бір брендпен өлшенбейді. Киім адамның өзіне жарасып қана қоймай, оның ішінде өзін еркін сезінуі керек деп есептейді.

Өте қымбат киім киюге болады. Бірақ оның ішінде өзіңді жайсыз сезінсең, ол сенің стилің емес. Кейде қарапайым киіммен-ақ өзіңді әдемі әрі сенімді сезінесің. Мен үшін стиль деген – осы, – дейді кейіпкеріміз.

Әлеуметтік желіні Шолпан 2016 жылдан бері жүргізіп келеді. Алғашында парақшасын жұмысқа қатысты ақпарат бөлісу, адамдармен байланыста болу үшін ашқан. Кейін күнделікті өмірін, киіну үлгісін де көрсете бастаған.

Қазір оның жаңа образдарын күтіп отыратын әйелдер де бар.

Кейде «бүгін қандай киім киесіз?», «қандай образ болады?» деп сұрайды. «Сізге қарап ашық түсті киіне бастадым», «өзіме көбірек көңіл бөлетін болдым» деп жазатын әйелдер де бар. Осындай сөздер маған қатты ұнайды. Бір әйелге болса да өзіне сенімді болуға көмектессем, соның өзі жақсы нәтиже, – дейді Шолпан.

Әрине, оның киіну үлгісін бәрі бірдей қабылдай бермейді. Бірақ жағымсыз пікірлерді көңіліне жақын алмайды.

Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Біреуге киімім ұнайды, біреуге ұнамайды. Оған қалыпты қараймын. Мен ешкімге «мен сияқты киініңдер» деп айтпаймын. Өзіме ұнайтын киімді киемін. Өз таңдауым үшін өзім жауап беремін, – дейді ол.

«Өзіңе көңіл бөлуге жас кедергі емес»

Бүгінде Шолпан отбасымен Астанада тұрады. Кенже ұлы да елордада дүниеге келген. Қазір оның салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған өз клубы бар. Адамдарға дұрыс тамақтану, денсаулыққа көңіл бөлу және дене бітімін қалыпқа келтіру бойынша бағыт береді.

Бұл салаға келгеніне 15 жыл болған. Алғашында өзінің және отбасының денсаулығына көңіл бөлу үшін бастаған ісі кейін тұрақты жұмысына айналған.

Оның айтуынша, осы жылдары адамның салмақ тастауы тек сыртқы өзгеріс емес екенін байқаған. Өзіне көңіл бөліп, нәтижесін көрген адамның сенімі де арта түседі.

Менің мақсатым – адамға тек салмақ тастауға көмектесу емес. Әйел өзіне көңіл бөліп, айнадағы бейнесі өзіне ұнай бастағанда көңіл күйі де өзгереді. Өзіне деген сенімі артады. Мен үшін осы маңызды, – дейді ол.

Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан
Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан

Өзі де 60 жасқа келген соң өмір салтын өзгерту немесе бұрын ұнатқан дүниелерден бас тарту керек деген пікірмен келіспейді.

Менде «60-қа келдім, енді өзіме қараудың қажеті жоқ» деген ой мүлде болған емес. Керісінше, жас ұлғайған сайын өзіңе көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Денсаулығыңды күту, дұрыс тамақтану, қозғалу, әдемі киіну – мұның бәрі өзің үшін керек, – дейді Шолпан.

Жас ұлғайған сайын Шолпанның өмірге деген көзқарасы да өзгерген. Бұрын көп нәрсеге асығып, алдына нақты мақсаттар қойса, бүгінде әр кезеңнің өз мүмкіндігі бар деп есептейді.

Жас кезімізде бәріне үлгеруіміз керек сияқты асығамыз. Білім алу керек, тұрмысқа шығу керек, бала өсіру керек, мансап құру керек, үй алу керек. Ал уақыт өте келе өмір белгілі бір жаста тоқтап қалмайтынын түсінеді екенсің. 60 жаста да армандауға, жаңа нәрсе бастауға, әдемі киінуге болады, – дейді ол. 

«Біреудің пікірінен қорықпаймын»

Жылдар өте Шолпан өз қалауына көбірек мән беріп, өзгелердің пікіріне тәуелді болмауды үйренгенін айтады.

Қазір ашық түстерден қорықпаймын. Біреудің пікірінен де қорықпаймын. Жаңа нәрсе бастауға жасым кедергі емес. Алда әлі саяхаттағым, жаңа нәрселер үйренгім, жаңа адамдармен танысқым келеді. Әлі де өзімді таңғалдырғым келеді, – дейді ол.

Оның ойынша, жас ұлғайған сайын жиырмадағы қалпыңды қайтаруға тырысқаннан гөрі, өзіңді қазіргі қалпыңда қабылдай білу маңызды.

Жиырма жастағы өзіңді қайтаруға тырысу міндет емес. Керісінше, жыл өткен сайын өзіңнің қандай адам екеніңді жақсырақ түсіне бастайсың. Менің стилім де жасыма байланысты емес. Менің стилім – мінезім, батылдығым, еркіндігім, – дейді Шолпан.

Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан
Фото: Шолпан Бадалиеваның жеке мұрағатынан

Шолпан үшін жас – адамның қалауы мен жоспарына кедергі емес. Ол алдағы уақытта да жаңа нәрсе үйреніп, саяхаттап, өзін түрлі бағытта сынап көргісі келетінін айтады. Өз қатарындағы әйелдердің де жасына бола көп нәрседен бас тартпағанын қалайды.

Әсіресе «ең жақсы жылдарым өтіп кетті» деп ойлайтын әйелдерге айтарым – жасқа қарап өзіңізді шектемеңіз. Жас – кедергі емес, керісінше, осы күнге дейін жинаған тәжірибеңіз. Кез келген жаста армандауға, жаңа нәрсе бастауға болады, – дейді Шолпан Бадалиева.

Оқи отырыңыз