Жаңалықтар

Банк қызметкері клиенттің ақшасын ойынға салып жіберген

Ер адамның сөзінше, оның банк шотындағы 310 000 теңге ақшасы жоғалып кеткен.
Банк қызметкері клиенттің ақшасын ойынға салып жіберген
Фото: elorda.info 29.07.2022 02:39 1815

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетауда банк менеджері клиенттің ақшасын жымқырып, ұтыс ойнына салған, деп хабарлайды El.kz.

26-шілде күні Көкшетау қалалық полиция басқармасына 52 жастағы қала тұрғынынан арыз түскен. 

Ер адамның сөзінше, оның банк шотындағы 310 000 теңге ақшасы жоғалып кеткен. Бұл ретте зардап шегуші банктегі ақшасын қандай да бір шотқа аудармаған және алаяқтар да хабарласпаған. 

Осыған байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. «Anti – fraud» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Көкшетау қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері осы қылмысқа күдікті 19 жастағы банк менеджерін анықтады. 

– Белгілі болғандай, ол биылғы жылғы шілденің 14-де зардап шегушіге несие рәсімдеу бойынша қызмет көрсеткен. Қызметтік жағдайын пайдаланып, күдікті банктік ақпараттық жүйеде айла-шарғы жасау арқылы клиенттің жеке шотындағы 310 000 теңгені өзінің букмекерлік кеңседегі есеп-шотына аударған. Кейін ұрланған ақшаны ұтыс ойнына салып, одан ұтылып қалған. Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындады, қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр, - деді ведомстводан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға