Баланың көру қабілеті неге нашарлайды? Ата-ананың 5 қателігі

Бүгінгі таңда балалардың көру қабілетінің нашарлауы – жаһандық мәселелердің біріне айналып отыр. Смартфон мен планшетке тәуелділік, оқу жүктемесінің артуы, көзге дұрыс күтімнің болмауы – бәрі бала денсаулығына тікелей әсер етуде. Жақыннан көру (миопия), астигматизм, амблиопия сияқты диагноздар бұрын тек жасөспірімдерге тән болса, қазір олар балабақша жасындағы бүлдіршіндерден де жиі анықталып отыр.
Ата-аналардың басты мақсаты – баласының көруін сақтау. Алайда көп жағдайда жақсы ниетпен жасалған әрекеттер, мысалы ерте оқытуға тырысу, гаджеттерді «сыйлыққа» айналдыру немесе көзілдіріктен бас тарту — баланың көруіне зиян тигізіп жатады. Сонымен қатар, ақпараттың көптігі ата-аналарға шындық пен мифті ажыратуды қиындатып жіберді.
Осы ретте біз офтальмолог Игорь Азнаурянның сұхбатын ұсынамыз. Дәрігер ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді, смартфон мен планшеттің нақты зиянын және көруді сақтау жолдарын анықтап берді. Егер сіз де балаңыздың көруі жайлы алаңдасаңыз — бұл сұхбат сіз үшін.
– Балаларды ерте оқыту көзге зиян деп жатады, пікіріңіз қалай?
– Бұл сұрақ өте өзекті. Баланың көру жүйесі шамамен 3–4 жасқа дейін толық жетілмейді. Бұл кезеңде көздің фокус жасау, қозғалысты қадағалау, бейімділік (аккомодация) сияқты функциялары әлі әлсіз болады. Ерте жаста әріп үйрету, ұзақ уақыт бойы ұсақ заттарға қарату, сурет салу сияқты әрекеттер көзге шамадан тыс жүктеме береді. Бұл әсіресе генетикалық тұрғыда әлсіз көру жүйесі бар балалар үшін қауіпті. Әрине, баламен дамытушы ойындар ойнау пайдалы, бірақ олар визуалды емес, кеңістіктік немесе қимылдық сипатта болғаны дұрыс. Бастысы – көзге тұрақты емес, әртүрлі бағыттағы жеңіл жүктемелер болуы керек.
– Үй тапсырмасын орындағанда үзіліс жасау не үшін қажет?
– Көздің бұлшықеттері де дененің басқа бөліктері сияқты шаршайды. Үзіліссіз оқу кезінде көз бір ғана нүктеге тұрақтап, кірпікшелі бұлшықеттер (аккомодация жүйесі) тоқтаусыз жұмыс істейді. Бұл көздің тез шаршауына, кейіннен аккомодациялық спазм мен миопияға алып келуі мүмкін. Мектепте баланың көзі алысқа – тақтаға, жақынға – дәптерге ауысып, бұлшықеттер үнемі жаттығу жасап тұрады. Ал үйде бұл қозғалыс жоқ. Сондықтан әр 40–60 минут сайын көзді алысқа қарату, серуендеу немесе үй жұмысын ауыстыру – көруді сақтау үшін маңызды.
– Смартфон мен планшет көруді бұза ма?
– Иә, смартфон мен планшетті ұзақ уақыт бойы, дұрыс емес жағдайда қолдану балалардың көру қабілетіне айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Бірақ бұл құрылғылардың өзі емес, оларды қаншалықты жиі, қалай және қандай жағдайда қолдану – көзге түсетін жүктеменің негізгі көзі.
Біріншіден, балалар гаджеттерді көзге тым жақын ұстап отырады. Ұсақ экранға ұзақ үңілу көздің кірпікшелі бұлшықеттеріне тұрақты жүктеме түсіріп, оның салдарынан аккомодациялық спазм (фокус жасаудың бұзылуы) және кейіннен миопия (жақыннан көру) дамуы мүмкін. Сонымен қатар бұлшықеттер үнемі бір қашықтыққа ғана фокус жасап жұмыс істегендіктен, көру икемділігі әлсірейді.
Екіншіден, экранға қараған кезде жыпылықтау жиілігі азаяды – қалыптыда адам минутына 15–20 рет жыпылықтаса, смартфон алдында бұл сан 5–7 ретке дейін төмендейді. Нәтижесінде көздің шырышты қабаты құрғайды, «құрғақ көз синдромы» пайда болады. Бұл көздің ашып, қышып, қызаруына, көрудің бұлыңғырлануына алып келеді.
Үшіншіден, гаджеттерден бөлінетін көк жарық (blue light) — көзге өте зиян сәуле. Ол көздің тор қабығына дейін жетіп, фоторецептор жасушаларды зақымдауы мүмкін. Сонымен қатар бұл жарық мелатонин гормонын тежеп, баланың ұйқы режимін бұзады, жүйке жүйесіне салмақ түсіреді. Кешкі уақытта гаджет қолдану — әсіресе қауіпті.
Төртіншіден, гаджеттерді қолдану көбіне қозғалыссыз күйде өтеді, бұл көзге статикалық визуалды стресс туғызады. Балалар экранға телміріп отырып, қимылдамайды, көру бағыты өзгермейді, қашықтық пен жарық бірдей – осындай бірсарынды жүктеме көздің бейімделу мүмкіндігін төмендетеді.
Бесіншіден, гаджеттер көрумен қатар баланың омыртқасына, ұйқысына, зейініне және жүйке жүйесіне де теріс әсер етеді. Ал бұл жанама түрде көруді де нашарлатуы мүмкін, өйткені көз – орталық жүйке жүйесінің тікелей жалғасы.
Не істеу керек?
- 5 жасқа дейін — экран уақыты мүлде болмағаны жөн немесе өте шектеулі болуы керек;
- 6–10 жас аралығы — күніне 30–60 минуттан аспауы керек;
- Әр 20 минут сайын 20 секунд алыстағы нысанға қарау («20–20–20» ережесі);
- Экран мен көздің арасы кемінде 35–40 см болу керек;
- Жарық табиғи және жеткілікті болуы тиіс;
- Экран алдында отырғанда дене қалпы дұрыс сақталуы шарт — экран көз деңгейінен төмен болмауы керек.
– Аадамдар арасында көзілдірік көруді нашарлатады деген сенім бар, бұған не дейсіз?
– Бұл – ең жиі кездесетін қате түсініктердің бірі. Көзілдірік – көруді нашарлататын емес, түзейтін құрал. Егер бала дұрыс көрмей тұрса, миға бұрмаланған кескін жетеді, бұл көзді дұрыс дамытпайды. Ал көзілдірік бұл мәселені шешеді. «Көз жалқауланады» деген түсінік – миф. Керісінше, дұрыс түзетілген оптика арқылы көру мүшелері белсенді жұмыс істей бастайды. Уақытылы тағылған көзілдірік кейбір аурулардың (мысалы, амблиопия) дамуына жол бермейді.
– Ал көзілдірікті ұзақ тағу зиян ба?
– Егер көзілдірік дәрігердің кеңесімен, дәл рецепті бойынша таңдалса – оны ұзақ тағу зиян емес. Көп жағдайда балаларда көзілдірік уақытша тағайындалады, себебі мақсат – көруді тұрақтандыру. Миопия, астигматизм, гиперметропия сияқты жағдайларда көзілдірік тағу арқылы көзге түсетін артық күш азаяды. Кей ата-аналар баласы көзілдірікке «үйреніп кетеді» деп қорқады, бірақ бұл табиғи процесс. Көру дұрысталған соң, кей жағдайларда көзілдіріктен бас тартуға болады (мысалы, лазерлік түзету кезінде). Бірақ бұл – дәрігер шешетін мәселе.
– БАД пен жаттығулар көмектесе ме?
– Жоқ, олардың ғылыми дәлелденген әсері жоқ. БАД құрамындағы лютеин, черника сығындысы сияқты компоненттер көзді нығайтады деген түсінік – жарнамалық трюк. Иә, бұл заттар пайдалы, бірақ олар аурудың алдын алу мен емдеуде шешуші рөл атқармайды. Көз жаттығулары да кей жағдайларда бұлшықет шаршауын азайтуы мүмкін, бірақ миопияны тоқтату немесе көруді қалпына келтіру үшін жеткіліксіз. Егер көру нашарласа – нақты диагноз қойып, заманауи аппараттық, медикаментоздық немесе лазерлік әдістер қолдану керек. Дәлелденбеген емге уақыт жоғалтпаған жөн.
– Баланың көруі жақсы болса да, дәрігерге бару керек пе?
– Міндетті түрде. Себебі бала көрудің нашарлағанын өзі байқамауы мүмкін, әсіресе бір көзі нашар, ал екіншісі жақсы көрсе. Көз патологияларының көбі симптомсыз дамиды. Мысалы, астигматизм немесе амблиопия сырт көзге білінбейді. Уақтылы анықталмаса, бұл жағдайлар түзетуге келмей қалуы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулер өте маңызды: 1 айда, 6 айда, 1 жаста, 2, 3, 6 жаста және мектепке дейін – кемінде 1 рет. Бұл балаға болашақта сапалы көру мүмкіндігін сақтап қалуға көмектеседі.
– Көру қабілеті тұқым қуалайды ғой...
– Иә, көру патологияларының басым бөлігі тұқым қуалайды. Мысалы, егер ата-аналардың бірі жақыннан көрсе – балада бұл жағдайдың даму ықтималдығы 50%. Екі ата-анада да миопия болса – 80%-ға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан мұндай отбасыларда баланың көруін жиі тексеріп отыру керек. Алдын алу ретінде визуалды жүктемені дұрыс бөліп, дұрыс жарықпен, дұрыс қашықтықта жұмыс жасау маңызды. Балаларға далада көбірек уақыт өткізу ұсынылады – бұл көздің табиғи жаттығуы.
– Көру қашан тұрақты деп есептеледі және оны емдеуге бола ма?
– Көру тұрақты деп миопия кемінде үш жыл қатарынан өзгермеген жағдайда есептеледі. Бұл кезде емдеудің келесі кезеңіне – лазерлік түзетуге көшуге болады. Бірақ оған дейін офтальмолог арнайы бақылау жүргізіп, динамиканы анықтауы тиіс. Егер көру жыл сайын нашарлап жатса, оны аппараттық немесе медикаментоздық әдіспен тұрақтандыру қажет. Баланың жасы мен жағдайына байланысты ем тәсілі әртүрлі. Кей жағдайда арнайы линзалар немесе түнгі линзалар (ортокератология) қолданылады.
– Балаларға лазерлік түзету жасауға бола ма?
– Балаларға лазерлік түзету әдетте жасалмайды. Себебі көз алмасының өсуі 18 жасқа дейін жалғасады. Миопия тұрақталмайынша, лазерлік түзету жасау тиімсіз. Егер түзету жасалғанымен, көру қайта нашарлауы мүмкін. Сондықтан лазерлік түзету – тек тұрақты миопия кезінде, жасы 18-ден асқан соң және толық тексеруден кейін ғана ұсынылатын әдіс. Ол қауіпсіз, бірақ дұрыс көрсеткіштермен ғана орындалуы тиіс.
– Баланың көруі нашарлағанын қалай байқауға болады?
– Ең жиі байқалатын белгілер мыналар:
- Бала кітапты немесе дәптерді тым жақыннан оқиды;
- Теледидарды жақындап көреді, көзін сығырайтады;
- Почеркі өзгереді – ірі, қисық болып кетеді;
- Бас ауруы, көздің шаршауы, жылауықтық пайда болады.
Бұл белгілердің біреуі байқалса да, офтальмологқа жүгіну қажет. Себебі бұл ерте кезеңдегі симптомдар.
– Көруді сақтау үшін ата-аналарға 3 нақты кеңес айтыңызшы....
- Көзге шамадан тыс салмақ түсірмеңіз: оқу мен ойын арасындағы тепе-теңдікті сақтаңыз.
- Гаджет уақытын шектеңіз: экран алдында күніне 1 сағаттан артық отырмасын.
- Жыл сайын офтальмологқа барыңыз: симптом болмаса да, бұл – көзді сақтаудың жалғыз жолы.
