Жаңалықтар

Багира мен Бонидің вальсі

Елімнің жүрегі - Астана!
05.07.2016 06:12 4834

Керік пен мүйізтұмсықтың вальсін көргіңіз келе ме? Ендеше,  Астана циркіне баруға асығыңыз!

Багира мен Бонидің вальсі

2 шілдеде елордалық циркте «Азия жаңғырығы» ІХ халықаралық цирк өнері фестивалі басталды. 7 шілдеге созылатын ауқымды мәден шарада Астананың тұрғындары мен қала қонақтары әлемнің 8 елінен келген майталман әртістердің өнерін тамашалайды. Мұнда көрермендерге бұрын-соңды қойылмаған ерекше нөмірлер ұсынылады.

Багира мен Бонидің вальсі

Мерекелік шараның алдында өткен баспасөз мәслихатында фестивальде қазақстандық және шетелдік цирк әртістерінің әзірлеген тосынсыйлары туралы көптеген қызықты мәліметтер айтылды. «Астаналық цирктің» бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов Беларусь, Голландия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркменстан және Эфиопия елдерінен келген қонақтар есте қаларлық жарқын қойылымдар ұсынатынын айтты. Қазақстандық өнерпаздардың да шеберлігі қонақтардың өнерінен бір мысқал кем түспейді.

Багира мен Бонидің вальсі

Ең қызығы, биыл Астананың туған күніне сонау ып-ыстық Африка жерінен  экзотикалық жануарлар – Багира керік мен Бони мүйізтұмсық, үйретілген жануарлар мен маймылдар арнайы келіп отыр. Ресейлік цирктің жануарларды үйретушісі Роман Гормаш бізге төрт аяқты әртістер аренада вальс билеп, залдағы көрермендердің көңілін аулайтынын баяндады. Бұныңыз аздай, Багира керік цирк тамашалауға келген сұлулардың бірін сүйіп алады екен! Міне, керемет! Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жағдай күлкілі көрінгенімен, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайды. Қыздарға «көз тастайтын» керіктің еркін жүріп-тұруы үшін астаналық цирк қызметкерлері есікті үлкейтіп, кейбір кедергілерді алып тастап, барынша жағдай жасаған.

Багира мен Бонидің вальсі

Бұл күндері мотоцикл мінген эквилибристтер, арқанмен жүретін әртістер мен акробаттар кеш көркін қыздырады. Эфиопиялық әртістер орындайтын күрделі икарийлік ойындар да цирк мерекесінің басты жаңалықтарының бірі болмақ.


Әзірлеген Жансая Төлеген

Сурет: Астана қалалық Мәдениет басқармасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға