Жаңалықтар

БАҚСЫ

БАҚСЫ
28.08.2014 13:03 5465

БАҚСЫ (“шағатай” тілінде бақшы) — ежелгі түсінік бойынша тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық, т.б. ерекше қасиеттері бар адам. Б-лық ертедегі шаман дінінен сақталған ұғым. Ол кезгі сенім-нанымда: жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп-біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем — фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерді басқаратындарын аруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратындарын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша Б. — әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Б-ның “жын-рухтарының” аты болады. Жекелеген индивидиум ретінде қажетті кезде олар өз Б-сының алдында әйел, шал, қыз, т.б. бейнелерде тізіліп тұрады-мыс. Б. сол шақырған жындарының “көмегімен” гипноздық өнер де көрсете алады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5 — 10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай кесіліп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп, кірпіш үйдің қабырғасы қақ айырылады. Көрермен жұрт мұның бәрі Б. шақырған “жарғыш жындардың” әрекеті деп біледі. Қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды, өткір пышақпен өз мұрнын өзі “кесіп” тастайды. Ақыр аяғында денесінде бір де бір жара, не сызат, белгі қалмайды. Әйел Б-ны халық “елті” деп те атаған.  Б-ларға тән айрықша қасиеттердің бірі — емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психологиялық емдеу тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, “жынын шақырып” зікір салу немесе гипноздық, жонглерлік, т.б. “керемет” көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырады, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек.   Б-лар емшілікпен қатар балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. 5 ғ-дағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты Б-лар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын Б-лар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген.

Түркі-моңғол бақсылары бас киімді көбіне Америка құрлығындағы үндістердің көсемдері киетін “тымаққа” ұқсас етіп, құс қауырсындарынан қадап жасайды. “Жындармен” күрескен кезде Б-лардың киімдері сауыт ретінде түрлі тылсымдық рөл атқарады; Б-лық тұқым қуалайды, ол адал, жаны таза, иманды адамдарға қонады, өз жолын дұрыс ұстай алмаса “қасиеті таяды” немесе “бақсылық буып” кемтар болып қалуы да мүмкін делінеді. Қазақта ең атақты Б. бағаналы Қойлыбай — барлығының пірі, қорғаушысы. Онан соң бағаналы Балақай Б., Жанақ Б., Көкшетау даласында Шөмен Б., т. б. болған. Б-ны басқа тілдерде: шаман, экстрасенс, мистик, йога, спиритуалист, т.б. деп атайды. Қазақ жеріне мұсылман діні ене бастағаннан кейін ел өмірінде Б-лардың алатын орны мен рөлі төмендеді. Коммунистік идеология кезінде Б-лыққа мүлде жол берілген жоқ. Б. және Б-лық өнері туралы кейбір мәліметтер П.С. Паллас пен П. Рычковтың экспедиция жазбаларында (18 ғ.), бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823 — 55), қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835 — 65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795 — 1881) еңбектерінде кездеседі.

Әдеб.: Уәлиханов Ш., Таңдамалы шығармалары, А., 1985; Қазақ бақсы-балгерлері, А., 1993.А. Алдашев, Д. Омаров

Қазақстан Энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға